Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Білгенге маржан 2620 2 пікір 11 Тамыз, 2023 сағат 13:50

Біз – қазақ ежелден... (соңы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден... 

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

35.

1723 жылғы ерте көктемде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген апатқа, күйреуге ұшырады. Тұтқынға түскен орыс экспедициялары мүшелерінің, сондай-ақ қашқын орыс солдаттарының көмегімен зеңбірек құюды, өзге де соғыс өнерін үйренген, қытаймен бітім жасасып, тек қазақпен соғысуға мұқият әзірленген жоңғарлардың жойқын соққысы күтпеген жерден, қапияда тиіп, халықты қатты есеңгіретті. Бұл кездегі басқыншылар әскерінің шапқыншылығы жасалған бағыттар жайында,  зерттеушілердің (А. Левшин, М.Тынышбаев, Қ.Мамырұлы) еңбектеріне сүйене отырып, «Қазақстан тарихының» үшінші кітабында былай деп жазылды:

«Жоңғарлар ірі-ірі жеті сына сияқты қозғалып, 70 мың адамнан тұратын әскермен шабуыл жасады. Мәселен, Цеван-Рабтанның баласы Галдан-Церен 10 мың әскермен Балқашқа және одан әрі Қаратауға қарай аттанды. Қонтайшының інісі Құлан-Батур Алтайға және Көктал өзенінің бойына беттеді. Қонтайшының немересі Әмірсананың жасағы Нұра өзені алабына бағыт алды. Галдан-Цереннің екінші баласы Цеван-Доржы Ыстықкөлге бағыт ұстады. Нойон Дода-Доржым Шу өзеніне қарай ұмтылды. Цеван-Рабтанның өзі Іледен өтіп, Жетісудың оңтүстігіне қарай жылжыды. Басып кіруге жалпы басшылықты Цеван-Рабтанның ағасы Шона-Доба жүзеге асырды»[1].

Жоңғарлардың мол күшпен қапыда шабуылдауы салдарынан қазақ халқы тарихи қасіретке – босқындыққа, «ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Оңтүстік Қазақстанды мекендеген көптеген қазақ рулары Тынышбаев бойынша  – Ұлы жүз бен Орта жүздің арғындардан басқалары Орта Азияға – Самарқан мен Бұхараға, Кіші жүз – Хиуаға қашты[2]. Левшин Ұлы жүз және Орта жүз қазақтарының біразы Ташкент сыртына, Ходжентке қарай, Қаратегин ауданы мен Ферғанаға, Памирге дейін; Орта жүз руларының көпшілігі Самарқанға; ал Кіші жүз рулары Хиуа мен Бұқараға босқанын айтады[3].

Тарихи қайғы-қасірет халық жадында  мынандай өлең жолдары бар «Елім-ай!» әнімен сақталып қалды:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айрылған жаманекен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

 

Мына заман қай заман? Бағы заман.

Баяғыдай болсайшы тағы заман,

Атадан ұл, енеден қыз айрылды,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

 

Мына заман қай заман? Қысқан заман,

Бақыт құсы алаштан ұшқан заман,

Көк аспаннан топырақ пен шаң борады,

Күні суық қаңтардан, қыстан жаман.

 

Қош, аман бол, Қаратау, атам өлкем,

Төрт түлік пен ел екен жердің көркі,

Бақ, байлықпен даңқты алаш ұлы,

Қайсы жұрттың болар-ау келекесі.

 

Қош, аман бол, Қаратау, ел өлкесі,

Жердің, кетер ел ауса, берекесі,

Ханзадай, ханшадай өскен ұл-қыз,

Қайдан енді табады берекесін[4].

Осы шақта «жеке басының қасиеттері, қазақ қоғамының ішкі өмірін терең сезінуі, адамдарды біріктіре білуі Әбілқайыр ханды ерекше тұлға етіп көрсетті»[5]. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы күшті және орталықтандырылған қарсылық ұйымдастыра білді. Еркі мен рухын жасытпаған қазақтар 1724 жылдың өзінде-ақ Әбілқайыр-баһадүр-ханның басшылығымен алғашқы жеңістерге жетті. Осы жылдың оқиғасы жайында Флорио Беневени былай деп жазған еді: «Шона-Лоузан Әбілқайырмен соғыста қазақтардың 12 ұлысын қол астына қаратып, Түркістан қаласын басып алды. Әбілқайыр күш жинап, аз уақыттың аралығында-ақ Түркістан қаласын өзіне қайтарып алды»[6].

Қазыбек бек жоғарыда келтірілген, Ордабасыдағы үлкен кеңестің аяғы Әбілқайырды үш жүздің қолына қолбасшы етіп сайлады, бірақ оны қазақтың бәрінің ханы деп жарияламады деген хабарын: «Өйткені оның хан сайлануына Әйтеке қарсы болды», –  деп сабақтайды. «Жалпы, Әйтеке төреден болатын хандарға қаны қас еді, – дейді ол одан әрі. – Онысы дұрыс та болатын. Олардың ойлайтыны халықтан бұрын өз қамы еді». Тап сол тұстағы қан майдан кешіп жүрген хандар жайында солай сөйлеуді жала демеуге болмас, бұл, ыңғайы, көшірмешілер қолымен жасалған кейінгі жікшілдер пікірі болса керек. «Тағы бір әбестігі қалмақтан қатын алуға құмар-ды. Мұны билер бөлек қалып аталы сөз айтқанда да Әйтеке ашық кетті» – қайран қаларлық критерий... Мұндай өлшем сол заманда айтыла қойды ма екен?!.

«Оған ұлы жүздің ханы Жолбарыс та, Орта жүз ханы Сәмеке де бәрібір келісім бермес еді», – дейді Қазыбек бек естелігінде. – Неге? Жолбарыс – 1720, Сәмеке – 1724 жылы өз жүздеріне хан сайланды, ал Әбілқайыр 1710 жылдан Кіші жүз ханы, 1719 жылдан қазақ хандары ішіндегі аға хан. Ол жоңғарлардың алапат шапқыншылығы басталғанда, еңсесін түсірмей, қазақ басына батыс пен терістіктен төнген қатерді де дәл болжап, батыл да шұғыл әскери қимылымен сол қауіптің алдын ала білген ірі қолбасшы. Артынша оңтүстіктегі қазақ астанасы мен оған іргелес қалаларды басқыншылардан азат ете алған. Ендеше өзінен қай жағынан да кіші хандардан қандай қарсылық көрсетілуі мүмкін?

«Келісім ұрысты аяқтап, қазақ даласы қалмақтан тазарғанда, бүткіл қазаққа белгілі батырды хан көтермек болып келісті»[7]. – Бекер сөз. Хандардың ханы бар болатын, ол ұлы хан – Әбілқайыр баһадүр еді. Сондықтан Ордабасы құрылтайы оны сол аға хан лауазымын үстемелей түсетін әскери бас қолбасшылыққа сайлай отырып,  отан қорғаудың өзекті  мәселелерін қарады.

Қазақ жүздерінің біріккен армиясына Бас қолбасшы сайлап алғаннан кейінгі азаттық жолындағы шайқастардың бірін Қазыбек бек былай суреттейді: «1104-жылы Сарысу бойындағы Айран төгілген деген жердегі соғысқа қазақтан тура 44 мың адам қатысты. ...Майдан төрт жерде жүріп жатты. ...Біз Жетісулықтар араласқан ұрысты ғана анық байқап, ішінде болдым. Жолбарыс хан шатыры Бұланты дейтін кішкентай, Сарысудың батысындағы өзен бойында еді. Онда күні-түні бірдей Төле би тапжылмай ұрыс барысының мағлұматын біліп отырды».

Естелікте хижрамен көрсетілген жылдың жасандылығына назар аудармай-ақ қояйық,  бірақ, мәтіннен  байқалатындай, әңгіме «1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде», «Бұланты және Білеуті өзендерінің аралығында» жатқан, Қарасиыр деп аталатын кең жазықта болған шайқас жөнінде айтылған. Онда бас қолбасшы Әбілқайыр ханның жалпы басшылығымен Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы, Қанжығалы Бөгенбай ынтымақты қимыл жасап, Отан соғысындағы аса маңызды жеңістің біріне қол жеткізді[8].

«Сөйтіп, біз қамаған төрт жарым мың қалмақтан тірі кеткені аз болды, – дейді Қазыбек бек сол шайқас жайында. – Нақ осындай соғысты Қабанбай қолы да, Бөгенбай қолы да салды. Олардың қорасынан да тірі қалмақ шықпады. Тек қаша ұрыс салмақ болған Әбілқайыр қолы жауды бытыратып алды. Дұшпанның ұрысқа кірмеген қолы енді быт-шыт болып бет-бетіне қаша бастады. Өрге қашқанының артынан біз түстік, шығысқа қашқанына Қабанбай қолы, терістікке қашқанына Бөгенбай қолы түсті. Батысымызда Әбілқайыр соғысып кетті. Бірақ осыдан кейін Әбілқайыр да, оның әскерлері де бұдан былай бұл жаққа қайта оралмады». – Тарихи шындықтан алшақ «дерек».

Автор мұнымен де тынбай, «естелігін»: «Әбілқайыр жолшыбай Жан, Бал, Бол ұрпағының кейбір ауылдарына шабуыл жасап, барымталап, батыс бетке тартты, – деген қисынсыз долбармен сабақтайды. – Ұлытаудың батыс бетіндегі Найман – Мендіқара ауылын, атам заманнан келе жатқан қара қазақ – азғантай, өспей қалған ру Мойын мен Қарашорды шауып, малын талап, адамдарын өлтіріп, күңірентіп кеткенінен бүкіл қазақ даласы хабардар болды. Бұған ызаланған Бөгенбайды, Өтегенді, Қабанбайды, Сеңкібайды Төле мен Қазыбек зорға басты. «Алдымен жау тентектерін жояйық, өз тентегімізге сонан соң келейік», – десті екі би. Төртқара Айтық би Төле мен Қазыбекке хат жазыпты: «Әбілқайырдың есерлігін естіп, екеуіңіздің алдыңызда өлмегенім қара жер болып жатырмын. Науқасым содан бері меңдеп кетті», – депті онда. ...Батырлар қанша ашынғанымен, қаншалықты ызаланғанмен, ағаларына қарсы келмеді, екі би тентектікке кешірімділікпен қарады». – Өте қарадүрсін, қолдан қиыстырылғандығы көзге ұрып тұрған ертегі-мағлұмат. Өкінішті.

«Ақыры жарымжан Болаттың орнын көздеген Әбілқайыр оның орнына 1108-ит жылы оның ұлы Әбілмәмбет сайланып кеткен соң, мені ұлы хан жасамады деп өкпелеп, майданнан шегініп Ырғыз асып кетті». – Жалған. Біріншіден, автор хижрамен көрсеткен дата 1697 жыл болар еді, екіншіден, автордың бір заманғы көшірмешілерінің бірі және ХХІ ғасырда өткен конференцияның баяндамашысы меңзеген (1108+622) 1730 жылы ондай оқиға өмірде орын алмаған. Сондықтан да,  сол жылдардың шынайы куәгері ондай өтірікті жазып қалдыруы мүмкін емес...

«Арада бір жыл өткенде, ол қатын патша Аннаға хат жолдап, соның құзырына қарады. Дәмесі тым зор болды. Патша арқылы бүкіл қазақты өзіне бағындырмақ еді. Бірақ бұл бір Бек баласының ойы емес-ті. Кейін Әбілқайырдың хатын пайдаланған Ересей Ор мен Електінің бойына қамал орнатқан сон, Әбілқайырды керек ете қоймады»[9].

Тарих ғылымына бүгінде кеңінен мәлім деректер естелік авторының бұл әңгімесіне күдікпен қарауға мәжбүр етеді. Біріншіден, Бұланты  шайқасынан кейін «Әбілқайыр да, оның әскерлері де бұдан былай бұл жаққа қайта оралмады» деген хабар оқырманды теріс мағлұматымен мүлдем адастырады. Әбілқайыр хан бас қолбасшы ретінде 1930 жылғы даңқты Аңырақай шайқасын жеңіспен аяқтағанша, Отан соғысы майдандарын тікелей өзі басқарып, үйлестіріп жүрді. «Қазақстан тарихының» соңғы басылымында: «Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті», – деп жазылған[10].

Екіншіден, оны «жарымжан Болаттың орнын көздеген» деп кінәлауы да шындықтан алшақ жатыр, Болат ол кезде өмірде жоқ (ол жоңғардың жойқын  шапқыншылығы басталған жылы дүниеден өткен), әрі ол да, Әбілмәмбет те – бар болғаны Орта жүздің ханы болған, ал сол шақта Әбілқайыр әскери қайраткер ретінде кеңінен танымал, жасы да үлкен, беделі де бәрінен жоғары аға хан болатын.

Үшіншіден, автор «арада бір жыл өткенде, ол қатын патша Аннаға хат жолдап, соның құзырына қарады» деп, мәселені тым үстірт пайымдайды, әрі оның: «Дәмесі тым зор болды. Патша арқылы бүкіл қазақты өзіне бағындырмақ еді» дегені көзі қарақты, мемлекеттік құрылысқа білімділікпен, айық көзбен қарай алатын адамның сөзіне ұқсамайды. Әбілқайыр ханның орыс мемлекетінің протектораты болуға көнуі сыртқы жау соған мәжбүрлегендіктен ғана емес, сонымен бірге, қуатты державаға арқа сүйей отырып, бір орталыққа бағынған қуатты хандық құруды көздегенін көрсетеді, бұл рас. Бірақ оны байсалды, парасатты мемлекет қайраткері ретінде танымай, «бүкіл қазақты өзіне бағындырғысы келген» (ал мұны – хандық билікті күшейтпейінше қалай ғана жүзеге асыруға болар еді?!)   «дәмесі зорлығымен» (күшті мемлекет құруға тырысуды осылай кекету орынды бола қояр ма екен?! Мұндай сөз шынымен сол заманғы батыс-шығыс, мұсылман-кәуір оқуын тауысқан Қазыбектің аузынан шыққаны қаншалықты шындық?) түсіндіруге тырысу – тек пиғылы ортақ іс мүддесіне сай келмейтін адамдардың (біздің ойымызша, бір жарым ғасыр ішінде жұмыс істеген өрт-бес көшірмешінің бірінің) ғана аузынан шығуы мүмкін.

Төртіншіден, патша үкіметінің «Әбілқайырды керек ете қоймауы» да шындыққа аса келмейді. Әбілқайыр өзін алдағанын түсінісімен,  әкімшілікпен ұдайы алысып жүруге мәжбүр болды. Оны орыс тарихшылары «орыс халқының жауы», «генерал Неплюевтің нөмірі бірінші дұшпаны» деп бағалаған. Сондықтан да орыс үкіметі ханмен еріксіз санасты.  Бірақ оның бақталастарын – жалпықазақ мүддесін ойлай алмайтын мансапқорларды – астыртын қарсы айдап салу арқылы, оған біріккен күшті хандық құруға мүмкіндік бермеді.

Қазыбек бек кітабында хан өмірінің сұраусыз болғанын айтады: «Оны Барақ өлтіргенде, «Неге бұлай болды?» – деген де жоқ. –  Одан әрі Әбілқайырды күстаналай кетеді. – Ол Барақ өлтіретін жолда Қарақалпақты қаратып, қан жылатпақ еді, ажалына шыққан екен»[11]. – Бұл хабарда да сыңаржақ айыптау сарыны басым.

1748 жылғы тамыз айының бас кезінде Әбілқайыр хан Торғай өзенінің бір саласы Олқаяқ өзені алабында көшіп-қонып, жайлауда отырған-ды. Сол айдың орта кезінде «қазақ ұлысына қарақалпақтардың келуіне» байланысты олардың арасындағы кикілжің қақтығысқа ұласады да, күш тең емес шайқаста хан қаза табады[12]. Әбілқайыр хан тағдырын терең зерттеген, өткен ғасырдың аяғына қарай «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші, саясаткер» деген үлкен монография жазған, оны толықтырып, арагідік кеткен қателерді түзетіп, 2007 жылы қайта шығарған тарихшы Ирина Ерофеева олардың арасындағы кикілжіңнің өрістей түсуіне Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің саяси интригасы елеулі әсер еткенін айтады.

Генерал Неплюев дала шонжарлары ішіндегі саяси тұрғыда көрсоқыр, алысты болжай алмайтын, бірақ мансапқұмар шамшылдығы кемерінен асып тұрған Барақ сұлтанның кеудемсоқтығын жасанды түрде қоздыра келе, іс жүзінде оны жан-дүниесінің эмоциялы-жараланғыштығы басым,  қызу қанды, сезімтал Әбілқайыр ханға айдап салды. Барақ сұлтан Жалайырдың кейбір руларының қазақтарын ханды шабуылдауға шақыра отырып, онысын: «Әбілқайыр хан тек қарақалпақтарды немесе сендерді ғана емес, сонымен қатар бізді де талап, тонауға көшті, ол өзіне ешкім қарсы келе алмайды деп санайды» деген сөздермен дәйектеген.

Осы орайда ханның өлімінен үш апта өткен соң атақты тархан және батыр Жәнібек айтқан мына сөздер де көп нәрсені аңғартады: Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіруді аңсаған, өйткені ол  «оның хандығын қызғанатын еді, сондықтан да өзі хан лауазымын қолға түсіруді армандайтын»[13]. Дұрысы осы деген ой келеді. Өйткені Барақ сұлтан кезінде патшайымға өкілін (кейін Әбілқайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды) жіберіп, бодандыққа ант еткен, патшадан сыйлыққа қылыш алған болатын.

Тағы да Қазыбек бек: «Егер біздің үш ханымыз ұлық хандыққа таласып, үш басты жыландай Әбілмәмбет, Сәмеке, Әбілқайыр үш жаққа тартпағанда, осы қалмақпен болған соғыстың аяғы төрт-бес жылда-ақ көрініп қалатын еді. Ал үшеуінің алагөздігі, иттифақ таппауы қазақ ішіне де алалық түсіріп, қалмақпен ұрысты тағы да жиырма жылға созып алдық. Бұған тағы да айтарым: ең алдымен кінәлі Әбілқайыр еді. Төле өлер алдында қазақтың басының бірігуін көрмей барамын деп армандағанда, Әбілқайыр туралы: «Түлкі сыйпат кісі еді, ол тұрғанда Кіші жүзді қоспайды. Абылайды білмеймін, көптен көрмедім», – депті». Алайда Төле би 1756 жылы дүние салды. Ал Әбілқайыр хан 1748 жылы қаза тапқан. Демек, Төле биге таңылған жоғарыдағы сөз нақты ахуалды білмейтін теріс ниетті адамның ойдан шығарған қисыны... Шынтуайтқа келгенде, мәселе – естелік иесінің әлде оның мұрасына қалауынша түзету жасаған қолжазбаны көшірушілердің бірінің іштарлығында, мемлекеттік тұрғыда ой қорытуға дәрменсіздігінде жатса керек.

«Әбілқайырдың баласы Нұралы да хан тағына қарақшы болды. Енді қазақ арасынан орысқа жағынушы Тілеуберділер де шыға бастады, 1121-жылы жансыздығы үшін ол хан дәрежесіне жетті». Бұл жердегі датаны Нұралының хан болып сайланған шынайы тарихи уақытымен үйлестіре алмадық: егер  мұсылманша делінетін 1121-ші жылды христианша күнтізбеге аударсақ, онда ол 1709 жылға сәйкес келеді. Бұл кезде ол дүниеге де келмеген. Ал автор кітабында ескерткендей жолмен, оған 622-ні қосу жолымен шығарсақ, онда  1121+622=1743-ші жыл пайда болады, бұл жылы әкесі әлі тірі...

Жалпы, айта кету керек, Қазыбек бектің «Нұралы да хан тағына қарақшы болды» деген байламы, Әбілқайыр ханды орынсыз күстаналағаны сияқты, шындыққа жанаспайды. Нұралы хан  қазақ мүддесін өзінің орыс империясы протекторатының ханы деңгейіндегі мәртебесі жеткенінше қорғады. Арандап қалмауды ойлай отырып, Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне де іштарта қарады. Ал үкімет онымен белгілі дәрежеде ғана санасып, хандықты мүлдем жою саясатын жүзеге асыруға кіріскен. Бұл орайда тағы да саяси  тұрғыда алысты болжай алмаған қазақ батырларының, атап айтқанда, атақты Сырым батырдың ханды тақтан тайдыруды көздеген қозғалысы олар үшін іздегенге сұрағанның кері болғанын айтуға тура келеді.

«1113-жылы (бұл қолданыстағы календарьдың 1683 жылына сәйкес келеді, бірақ көшіруші  оны 622-ні  шегеру жолымен жасап, 1735 жылды мегзеген тәрізді – Б.Қ.) Жолбарыс күшейіп тұрғанмен, өзін мықты отырмын деп сезінбеді, – дейді Қазыбек бек. – Сондықтан Әбілқайырдың Ересейге бодан болуын бұл да ойлай берді де, ақыры Ересейдің тамырын тартып, жағдайын біліп келуге саудагер Нұрмұхамбетті жіберді. Шамасы, саудагер өз жұмысымен жүріп ештеме бітіре алмаған соң, оған қанағаттанбаған Жолбарыс бұл істі Әбілқайырмен бірігіп жүргізуді ойлады. Ол Әбілқайырға Шапырашты Наурызбайдың әкесі Құттымбет Көштай баласын жіберіп, одан әрі Әбілқайыр бұл жағдайды өзіне пайдалана қойып, өзі де жібергелі отырған Сейітқұл Қойдағұл баласына Құттымбетті қосып патшаға жібере қойды»[14].

Іс жүзінде, Әбілқайыр хан Кіші жүз алшын руының батыры Сейітқұл Қойдағұлов пен Орта жүз керей тайпасының биі Құтлымбет Қоштаев («Шапырашты Наурызбайдың әкесі Құттымбет Көштай баласы» емес – Б.Қ.) бастаған елшілікті Ресей астанасына 1730 жылғы жазғытұрым Кіші және Орта жүздердің элитасы бас қосқан съездің шешіміне сәйкес жіберген болатын. Олар Жоңғар қонтайшысымен Аңырақай шайқасынан кейін қол жеткізілген бітімді, Еділ қалмақтарымен  де орнатылған татулықты айта келіп, Ресей боданы башқұрттармен бітісе алмай отырғандарын, орыс билігінің соған тату және ауызбірлікте болыңдар деп әмір беруін сұраған еді...[15]

Жалпы, естелікте келеңсіздік, нақты шындықты бұрмалаушылық жеткілікті, оның бәрін тізбелеп отырудың қажеті шамалы. Жазбаның жасандылығы мол екенін жоғарыда келтірілген бірер мысал молынан дәлелдейді.

Дегенмен, көшірушілердің «күнәсі» етіп артар тағы бір мысал: «1149-қоян жылы қазақтың ханы болып отырған... Әбілмәмбет дүние салды. Сол жылдың жазында Қожа Ахмет бабаның мәсжідінде (сонау Қазыбек бек  заманында Әзірет Сұлтанды солай атай қойды ма екен... мәсжід – мешіт деген сөз, алайда ол мавзолей, кесене емес пе еді?! – Б.Қ.) үш жүздің игі жақсылары... Абылайды хан сайлады. ...Ұлы жүз 24 шар, Орта жүз 31 шар, Кіші жүз 14 шар, ...барлығы 73 шар салынды»[16]. Бір түйсік осы бір «шар салу» жайына да шүбәлана қарауға итермелейді: бұл кезде орыс мемлекеттігіндегі дауыс есептеу тәсілі қазаққа кіріп үлгермеген… Екіншіден, Қазыбек бектің мұсылманша «1149-қоян жылы» деген уақыты қолданыстағы 1718 жылды білдірер еді... Алайда олай емес, автор, әрине, Абылай сұлтан хан сайланған 1771 жылды мегзеп тұр. Бұл оның өз аузына көшірмешілер «көмегімен» салынған есептеу тәсілі бойынша  (1149+622=1771) да – солай...

Жалпы, бұл жазбаның әсіресе ХVIII жүзжылдықтағы тарихи тұлғалар мен оқиғалар жайында сыр шертетін бөлігі ХХ және ХХІ ғасыр тарихшыларының біразы жалаулатып жүрген «шындықтармен»  керемет үндесетін бұрмалауларға толы. Автордың өз жеке басы мен айналасын асыра дәріптеуі өз алдына, онда тәуелсіздіктен бері тарихшылар арасында айқын көрінген әрекет – Әбілқайыр тұлғасын тек қорлауға барабар бағалармен кемсітіп қана қоймай, оны тарихи қаһармандардың ұлттық тұғырынан толығымен құлатуды көздеу, неге екенін, онсыз да өз орны бар Абылайды сол арқылы  саналы түрде көтермелеу әрекеті көзге ұрады.

Мұны ХVIII ғасыр авторының кінәсі деуге болмайды, өйткені оның мұндай жалғандыққа баруы мүмкін емес, бұл – кейінгі ғасырлардағы «жаңа тарих жасаушылардың» – көне қолжазбаны ХІХ–ХХ жүзжылдықтарда  көшірушілердің бірінің «шыармашылығының» жемісі. Олар өз заманында көптің қолы жететін, жалпыға ортақ тарихи әдебиеттен білген деректерін өздеріне қажет ыңғаймен ХVIII ғасыр жазбасына кіріктірген де, қоғамдық пікірді өзінің қисынды өтірігімен алдауды мұрат еткен  кәдімгі подлог жасаған. Ал соңғы ғылыми тарих жетістіктері олардың бұл жалғандығын аймандай етіп әшкерелейді.

Басқа түрлі оқиғалар жайын былай қойғанда, құдды ХVIII ғасыр куәлігіндей етіліп, Қазбек бек атымен оқырман назарына тасқа басылып ұсынылған жазбада өріп жүрген «Әбілқайырдың сатқындығы, оның мінезінің жамандығы, кекшілдігі, оның Аягөз соғысынан кейін қайтып оралмағаны, Аңырақай шайқасына қатыспағаны, ұлы хан сайланбадым деп өкпелеп, орысқа сатылуы» сынды өтіріктер «Түп-тұқияннан өзіме шейіннің» түпнұсқалық құнын күрт түсіреді. Өйткені ғылыми тарих бүгінде бұлтартпас дереккөздерге сүйене отырып  қалпына келтірген ақиқатқа онда айтылатын жәйттердің үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Мәселен, Қазбек бек атымен айтылатын, сондай-ақ қазіргі тарихи әдебиетте кең таралған «Абылай үш жүздің ханы, яғни жалпықазақ ханы болды» дейтін пікір «ХVI–XVIII ғасырлардағы тарихи шындыққа сәйкес келмейді, себебі далалық мәртебелердің монархиялық номенклатурасында мұндай лауазым ешқашан болған емес»[17].  Қазақ хандықтары тарихының ірі маманы, қазіргі заманғы шығыстанушы Т.И.Сұлтановтың ХVI–XVII ғасырлардағы парсы және түркі тілді дереккөздерді зерттей отырып анықтағанындай, қазақтардың түрлі ру-тайпалық топтарын қатар басқарған дала хандарының дәрежелерін нақтылайтын Ұлық хан – Хан-и бузург – Хан-и калан (Ұлы хан, Аға хан), Кішік хан – Хан-и хурд (Кіші хан), сондай-ақ Келте хан (Ұсақ хан) деген атаулар болған. Осындай рангілік иерархия Қазақ даласында XVIIІ ғасырда да сақталған. Ресейлік өкімет орындарына жазған хаттарында қазақ билеушілері (кіші және ұсақ хан дәрежесіндегілер мен бас хан) өздерінің мәртебесін салыстырмалы түрде нақтылап көрсету үшін: аға, іні, бауыр терминдерін қолданған. Яғни, жекелеген ру-тайпаны билеуші сұлтандардың да кейбірі хан аталған. Бұны ажырата алмаушылық, әлде сондай ниеттің болмауы – өз кезегінде, бүгінгі кей зерттеушілердің белгілі бір уақыттағы рулық ұсақ ханды ұлы ханға теңгере бағалап, өзін де, өзгені де шатастыруына ұласып жүр.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін XVIIІ ғасырдағы қазақ мемлекеттігінде ұлы хан тағында (бас хан, аға хан, «күллі ханларның ағласы қылыб» мойындалған хан) 1715 жылдан 1718 жылға дейін Қайып-хан, 1719 жылдан 1748 жылға дейін Әбілқайыр-хан, 1748 жылдан 1770 жылға дейін Әбілмәмбет хан, 1771 жылдан 1780 жылға дейін Абылай-хан болды. Тек олардың бір-де-бірі өз билігін қазақтардың барша ру-тайпалық топтары мен Ұлы Даланың барлық аймағына бірдей тарата алған жоқ.

Ең атышулы және біріне бірі жасанды түрде қарсы қойылып жүрген Әбілқайыр мен Абылай да ондай дәрежеге жете алмады. Әбілқайырдың ықпалы Әлімұлы бірлестігінің жекелеген руларынан басқа күллі Кіші жүзге және Орта жүз руларының көптеген тобына (оған мейлінше адал Жәнібек батыр басқаратын арғын руының бір бөлігіне, екінші ұлы Ерәлі сұлтан басқаратын уақ, қыпшақ, керейге) жүрді. Өз кезегінде Абылай Орта жүздің қыпшақтар мен наймандардың бірер бөлімшесінен өзге негізгі бұқарасының, Ұлы жүз руларының көп бөлігінің әміршісі болды. Ал Кіші жүз қазақтары, қазіргі кейбір тарихшылардың негізсіз мәлімдемелеріне қасақана, түпдереккөздер көрсетіп отырғандай, Абылай ханға ешқашан бағынған емес.

«Қазақстанның қазіргі тарихнамасындағы ғылыми білім және мифтуғызушылық» атты ұжымдық монографияның авторлары өз елінің тарихын жаңғыртуда  қолданылып жүрген дәстүрлі іс-дағдыда «бас иер тарихи тұлға жасаудың бірнеше нұсқасы» барын атап өтеді. Оның бірі – өзі қаламайтын тұлғаның шын мәртебесін  жұртшылық көзінде құрдымға кетіру, ал екіншісі – тиісінше, өзінің көңілі құлаған тұлғаға басқа халық қаһарманының қасиеттерін жасанды түрде жапсыру арқылы, жалпыхалықтық деңгейге көтеруге тырысу.

Осы екі тәсілмен дәуірлік, мәңгі тағзым етерлік тарихи тұлға жасауға тырысушылық біздің еліміздегі кей оқымыстылардың тарихи шығармаларында (соның ішінде өзіміз біраз көңіл бөлген «Түп-тұқиянда» да) бар екенін мойындамай болмайды. Мәселен, бұл жәйт Әбілқайыр мен Абылай сынды аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің саяси өмірбаяндарын  жасанды түрде боямалап, біріне бірін қолдан қарсы қою әрекеттерінен көрінеді.

Алайда бұл екі ұлы адам нақты өмірде бір-бірімен тығыз байланысты болған. Мыналарзды есте ұстау ләзім. Біріншіден, олардың жастарында көп алшақтық бар: Абылай Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы-ханмен жасты, сол тұрғыда екеуін – Әбілқайыр мен Абылайды – әкелі-балалы адамдардай деуге болады. Екіншіден, тиісінше – олардың әмірші болған кезеңдері екі түрлі, үшіншіден, темперамент пен мінез-құлық жағынан да олар біріне бірі ұқсай бермеген. Соған қарамастан, екеуінің де бір Шыңғыс тұқымы болуы өз алдына, олардың жеке бастары мен саясаттағы тағдырларында көп ортақтықтар болған.  Атап айтқанда, екеуі белгілі-бір мезгіл қатар өмір сүрген уақытта бірін-бірі жақсы түсінген. Олардың шетел билеушілеріне қатысты ұстанған тактикалары да ұқсас. Әбілқайыр Ресей мен Жоңғария арасында 1746–1748 жылдары екі векторлы саясат ұстанды, ал Абылай 1758-1780 жылдары тап сондай саяси бағытты Ресей мен Қытайға қатысты жүргізді.

Қиын сәттерде олар біріне бірі жәрдемдесіп тұрған:  Әбілқайыр 1742 жылы Абылайдың жоңғар тұтқынынан босатылуына жәрдемдесті, ал Абылай аға хан Әбілқайырды 1748 жылы наймандар ханы Барақ сұлтан өлтіргенде, оның жасырынған жерін анықтап, қанды кек қайтармақ боп жүрген Әбілқайырдың балаларына айтып берді.   Әрі Әбілқайырдың баласы Ералы сұлтанды  Барақтың қастандығынан құтқарып қалғаны бар.

Бұл екі ірі тарихи тұлғаның ой-пікірі, іс-әрекеті мен саяси мінез-құлықтарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар жайында түрлі мұрағаттарда сақталған Ұлы Дала билеушілерінің мыңдаған хаты сыр шертеді. Аталған ұжымдық еңбек авторлары өздерінің мұрағаттардан тапқан көптеген эпистолярлық құжаттары арасында Әбілқайырдың 120-дай, Абылайдың 80-нен астам, Әбілмәмбет пен Барақтың ондаған, Нұралы ханның 200-ден астам, Ералы ханның 70-тей хаты барын айтады.

XVIIІ ғасырдағы қазақ тарихында айшықты із қалдырған осы екі Шыңғысхан ұрпағы да жастай ата-анасыз қалып, жетім жетілген. Екеуі де жасында бай мал өсірушілердің шаруашылығындағы қатардағы шопан ретінде бөтеннің малын бағумен шұғылданған. Әбілқайыр – өзінің болашақ жары Бопайдың әкесінде, Абылай – әуелі Дәулеткелді деген байдың, сосын ықпалды қазақ төрешісі Төле биде жалшы болған.

Екеуі де жас жігіт шақтарында, тек өздерінің жеке бастарының көшбасылық қасиеттері мен дарындары арқасында ғана, әулеттік бәсекелестерінен оқ бойы озып шықты. Екеуі де үздік-создық бұрқылдап, ғасырлар бойы толастамаған қазақ-жоңғар соғысы жылдары жарқ етіп көрінді.

Басқыншыларға қарсы көтерілудегі қаһармандық 1710 жылы Әбілқайырды ақ киізге салып хан көтеруге, 1726 жылы біріккен қазақ армиясының бас қолбасшысы етіп сайлануға, ал Абылайды  1730-шы жылдары Орта жүздің сұлтаны лауазымын иеленуіне алып келді. Кейін екеуі де Ұлы Даладағы ең жоғары лауазым – ұлы хан (бас хан, аға хан) дәрежесіне жетті: 1719–1748 жылдарғы ұлы хан –  Әбілқайыр, 1771–1780 жылдарғы ұлы хан –  Абылай болды.

Қазіргі кезде осынау екі ғаламат тұлғаны неліктен өз тарихи дәрежесінде қабылдамай, бірін кемітіп, екіншісін көтермелеп, біріне бірін қарсы қою әдеті орын алып отыр?

Аталған ұжымдық жұмыс авторлары мұны «топтық сананы алып жүрушілердің дәстүрлі құндылық бағдарында және кландық-жершілдіктен туындайтын – өзі тән алатын біреуді басқадан артық көрушілік сезімінде» жатыр деп санайды.

Осындай әдет – өзіне тақау, өз топшылауынша, бәрінен артық, ғажап көрінетін әлдебір тұлғаны өзге небір мықты делінетіннен, шынтуайтында, негізінен «бөтен» болғандықтан,  жоғары қоюшылық – кейбіреулердің қанына сіңген. Олар бір аймақтың шеңберінен аспайтын жергілікті патриотизм жетегімен өзіне тән тарихи-географиялық аумақ тумасына барша ғаламат қасиетті үйіп-төгумен айналысады.  Бұл орайда олар қоғамымыздың өзге әлеуметтік-аумақтық пұшпағынан шыққан белгілі тұлғаларға әшкерелегіш немесе кемітуге тұнған мінездеме бере салудан тайынбайды.

«Қазақстан тарихы бойынша шығып жатқан қазіргі ғылымнан тыс жарияланымдардың географиясына қарап отырып, Әбілқайыр ханның әшкерелеушілері мен Абылай ханның апологеттері негізінен Солтүстік, Орталық және ішінара Оңтүстік Қазақстанда тұрақты тұратын, не тамыры сол жақтан болып келетін тарихшылар мен публицистер екенін байқау қиын емес, – дейді тарихшы И.В. Ерофеева, – ал бұл кезде елдің батыс облыстарынан шыққан авторлар мен Қазақстанның басқа аймақтарында тұратын олардың әріптестері, бұрынғы жерлестер, алғашқы әміршіге толығырақ және оң сипаттама береді, ал Абылай ханның қызметіне қатысты тарихи оқиғаларды суреттеу кезінде, көп жағдайда оны қысқаша ғана еске алумен шектеледі, немесе  бұл тұлғаны сөз қылмай, үнсіз айналып өткенді тәуір көреді».

Мұндай пайымдаудың жаны бар, мұны мойындау ләзім.

Қазақ тарихына кәсіби де, кәсіби емес те зерттеушілер тарапынан объективті көзқарас қалыптастырылуға тиіс. Бүгінде топшылдық сезімнен жалпыұлттық сезімнің үстем тұруы керектігін білу аз, солай ете білу қажет. Әлдебір оғаш пікір айтушыға топ құрып шоқпар ала жүгіргеннен гөрі, ақыл-парасатқа салып, ой жарыстыру артық болмағын ұғу жөн. Сүйікті тұлғамның кемшілігін ашып қойды деп «ұйқыдан айрылып», жанталаса сойыл соғуды ұйымдастырғаннан, білікті пікір алмасу ахуалын жасау ғана бізді ұшпаққа шығарар, егер сол маңдайға жазылған болса...

***

Байқаймын, тыныстар мезгіл жетті... Жалқыдан Жалпыға бет алу орайында алға қойған мақсатымды ішінара болса да орындағандаймын. Енді осынау баршаға керек Жалпыны толығырақ тану үшін де бірер мезгіл дем алып алу керек сияқты...

[1] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. –130-б.

[2] Тынышпаев М. Избранное. –А., 2001. –258-б.

[3] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик...– 164-б.

[4] Тынышбаев М. Таңдамалы. Избранное. – Алматы, 2001. – 260-б.

[5] Қазақстан тарихы. 3-т. – Алматы, 2010. – 136-б.

[6] Қазақстан тарихы. 3-т. – Алматы, 2010. – 136-б.

[7] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – Алматы, 2008. – 934-6.

[8] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. – 140–141-бб.

[9] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 937–938-бб.

[10] Қазақстан тарихы. 3-т. – 145-б.

[11] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 937-б.

[12] Қазақстан тарихы. 3-т. –173–175-бб.

[13] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик... – 395–396-бб.

[14]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 659, 937, 977–978-бб.

[15] Қазақстан тарихы. 3-т. – 117-б.; Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. – А., 1999. – 190-б.

[16] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 983-б.

[17] Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – А., 2007. – 206-б.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 495
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 260
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 284
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 280