Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 3167 6 пікір 9 Тамыз, 2023 сағат 15:29

Басқыншы қазақты Ресей «батыр» деп ұлықтап жүр...

Бейжің олимпидасы кезіндегі әлемді дүр сілкіндірген оқиға Ресей мен Гүржістан арасындағы тамыз соғысы болды. Өз елінің алдындағы беделіне селкеулік түсе бастаған Путин осы соғыстағы жеңісінің арқасында Гүржістанның жікшіл абхаздық, осетиндік аймақтарын өзіне қосып алып, тұтас мемлекеттің 20 пайыз аумағын тартып алды.

Осылайша реваншистік Ресейдің КСРО-2 идеясы ТМД әлемін кезіп, Путин «орыс жерін жинаушы» деген атақты иеленді. Осы датаға кеше тұп-тура 15 жыл толды.

2008 жылғы тамыз соғысында (5 күндік) екі жақтан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды. Оңтүстік Осетия мен Абхазия дейтін әлемде Ресей мен оның бірлі-жарым достарынан басқа ешкім мойындамаған ергежейлі мемлекетсымақтар пайда болды.

Сөйте тұра қазір Гүржі басшылығында «Гүржі арманы» дейтін партия келді. Олар Ресейдің имперлік зұлымдығын ұмытып, интеграцияны жандандыруға мүдделілігін білдірді. Сол себепті, Батыстың айыптауына ұшырап, ЕО-ға мүшелік статусын ала алмады.

Ал суреттегі мына азаматтың ұлты қазақ. Астраханның этникалық қазағы. Есім-сойы – Тасболат Ибрашев. 2008 жылы Ресей әскерінің сапында пулеметші болып жүріп, Шешенстан территориясынан Гүржіге жіберілген. Гүржінің жерін жаулаушы әскердің бірі. Оның Гүржі денсаншыларының колоннасына пулеметпен қарсы тұрған суреті әлемді шарлап, Ресейде «батыр» деп ұлықталған. Кеудесі темір-терсекке толған.

Әуелде суреттегі адамды этникалық бурятпен шатастырып, кейін оның Тасболат екенін дәлелденген.

Сол Тасболат былтыр Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап сөйлеген. «Біз ДХР мен ЛХР-ның орыссүйгіш жұртына көмектесіп, Украина ұлтшылдарынан қорғауымыз керек», - деп сөйлеген.

Міне, солай. Ресей империализмінің қайта тіріліп, іске аса бастағанына 15 жыл. Ал Тасболат біреуге «батыр», біреуге «басқыншы». Біз үшін ол – «басқыншы армиясының құлақкесті құлы».

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар