Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Білгенге маржан 1904 1 пікір 9 Тамыз, 2023 сағат 12:20

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден... 

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

31.

Аталған конференция назарына ұсынылған баяндамасында Т. Омарбеков еңбектің әр бөліміне толығырақ талдау жасап, Қазыбек бектің артында қалған мұрада  тізілген ізбен, ата шежіресін таратады да,  Қазыбек бек шежіресінің қалыптасқан дәстүрлі қазақ шежіресінен  ауытқушылығы барын айтады. Әдеттегі қазақ шежіресінде Үйсін Бекарыстан тарайды деп есептелсе, Қазыбек бек бойынша – Ақарыстан  бастау алады... Шежірені әңгімелеу барысында ол аты аңызға айналған ірі тарихи тұлғалар және Ұлы жүздің басты тайпалары туралы кеңінен баяндайды. Мұны мұқият қарастырған зерттеуші-ғалымның ойынша, кейбір сәйкессіздіктерге қарамастан, өзінің атасы Матайдың жазбаларына сүйенген Казыбек бектің шежірелері, негізінен алғанда, «жалпы қазақ шежіресінен ауытқымайды, және шежіретану саласын жаңа деректермен толықгырады». Сондықтан да ол шежірені тарихи дерек ретінде қарастырып жүрген зерттеушілердің бұл еңбектен қашқақтамай, қайта оны басқа шежірелік деректермен салыстыра зерттеу ісін қолға алулары керек деген пікір білдіреді.

Қазыбек бек еңбегінің екінші бөлігінде бүгінгі біздің Қазақстан тарихына байланысты іргелі зерттеу еңбектерімізде кездесе бермейтін есімдерге және әртүрлі тарихи мерзімдерге жолығамыз. Олардың бәрі, әрине, зерттеушілер тарапынан әлі де салыстыра талдай түсуді қажет етеді. Еңбекте кейбір оқиғаларға байланысты нақты жылдар да атап көрсетіледі. Олардың кейбірі Қазақстан тарихында қалыптасқан көзқарастарды қайта қарауға итермелейді. Мәселен, Т. Омарбеков Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабының ішіндегі: «Ойраттар 850 жылы (біздіңше 1471 жылы – Т.О.) Масаншы тайшысы кезінде қазақ жеріне шабуыл жасады да, Іленің оң жағалауында Жүніс хан жеңіліп, Сыр бойына кетті», – деген жолдарға назар аударуды ұсынады. Байқағандарыңыздай, кітаптағы баяндауларда келтірілген хижралық датаны біздің жылсанаққа өзінше аударып айта кетеді. Осыған сабақтастырып айтылған мына бір пікірге де көңіл бөле қараған жөн... «Еңбектің тағы бір жерінде осы ойды жалғастыратын мынандай пікір бар: «Ойраттың қазақ жеріне шабуыл жасағанына, міне, биыл мешін жылы тура 255 жыл болыпты. Ойрат шабуылын 899 жылы (біздіңше 1521 жылы — Т.О.) бастаған»[1].

Зерттеушінің жылсанақ жүйелерін өзара сәйкестендіруде жіберіп отырған қателігін жоғарыда ескертіп, дәлелдегенімізді ойда ұстай отырып, «ойраттар тайшысы кезінде қазақ жеріне шабуыл жасаған 850 жыл» мұсылманшадан біздің бүгінгі күнтізбекке аударғанда – жоғарыда Т. Омарбеков көрсеткен  1471-ші жыл емес, 1446-шы жыл болатынын, ал  одан кейін тағы «ойрат шабуылын 899 жылы бастаған» деген тіркестегі ай календарымен саналған 899-ші жыл күн календарына ауыстырғанда, Т. Омарбеков есептеп шығарғандай – 1521-ші жыл емес, 1497-ші жыл болатынын атап айту орынды болмақ.  Сонда, Қазыбек бектің «ойраттың қазақ жеріне шабуыл жасағанына, міне, биыл мешін жылы тура 255 жыл болыпты» деген дерегі – егер шабуыл «850-жылы» жасалса: 850+255=1105 жылға, яғни христиан жыл санауы бойынша 1694 жылға, ал егер  «899-жылды» алсақ, онда: 899+255 =1154 жылға, ал христианша жылсанаққа аударғанда –1741 жылға сәйкес келеді.

«Тарихи деректер мынаны растайды, – дейді баяндамашы, – Қазыбек бек әңгімелеп отырған ХV-ғасырдың екінші жартысында Ойрат бірлестігінің нығая түскені тарихта дәлелденген»[2].  Ол сілтеме жасап отырған Қазақ Совет эциклопедиясындағы «Ойраттар» деген мақалада, шынында, «15 ғ-дың 2-жартысында Есен тайшаның кезінде О. бірлестігі нығая түсті» делінген[3].  Ал ойраттың (батыс моңғолдардың) билеушісі Есен (Эсен) 1440–1455 жылдары, оның әкесі Тоғон 1418–1440 жылдары билік құрған.

Эсен тайжы (Есен тайша) Қазақ елінің орта ғасырлық тарихында Жетісуға жасаған қанқұйлы шабуылдарымен атышулы. Жетісуға оның мұрагерлері де әлденеше шапқыншылық жасады. «Деректемелерде 15 ғ-дың 70 жылдары Е.т-ның (Есен тайшаның – Б.Қ.) баласы Амасанчи (кітапта және конференция материалдарында: Масаншы – Б.Қ.) тайшаның Жетісуға жасаған жорығынан басқа, ойраттар мен қазақтардың 16 ғ-ға дейін қарым-қатынасы жайында мәлімет жоққа тән».

Яғни Амасанчи тайша Жетісуға 1470-жылдары жасаған жорық Жоңғар хандығы құрылғанға дейінгі шабуылдардың басы емес, соңғысы дерлік. Ал бұл хижраның 873-ші жылдарына сәйкес келеді.  Байқалып тұрғандай, қарастырулы кітапта келтірілетін оқиғалар мен даталардағы және оны түсіндіруші баяндама мен ғылымға белгілі нақты деректердегі сәйкессіздіктер жеткілікті. Айта кету керек, кеңес заманынан бері кең мәлім мағлұматтар бойынша, Жоңғар хандығы 1635 жылы құрылды. Жоңғарлардың алғашқы ханы Батыр қонтайшы (1635–1653) тұсында басталған жоңғар-қазақ мемлекетаралық қарулы қақтығыстар аз мерзімдік үзілістермен  жоңғар хандығы Қытайды билеп тұрған маньчжурлар тарапынан жойылғанға дейін созылды[4].

Тарихи даталарды нақты ажыратып қарағанда анық күмән тудыратын талдаулар баяндамашының мына пікірлерінде де көзге ұрады: «Моғол ханы Жүніс ханның өзінің інісі Есенбұға 1462-жылы қайтыс болған соң, алғаш Моғолстанның батысында, ал жоғарыда айтылған ойраттармен соғыстан бір жылдан кейін бүкіл Моғолстанда хан болғаны белгілі», – дейді ол. – Бұл туралы кезінде М.Х. Дулати да жазған еді[5].

Осы  жерде ол Қазыбек бек келтіріп отырған деректі теріске шығара алмайтынын ескертеді. Өзінің хандығын кеңейтіп келе жатқан Жүніс ханның Іле бойында ойраттармен соғысуы және жеңілуі жайындағы мәліметтер М.Х. Дулатидың еңбегінде де барын айтады. Дегенмен де ол, жалпы, дәл бүгінге дейін – ойраттардың қазақ жеріне қашаннан бастап ұйымдасқан шабуыл жасай бастағаны туралы нақты пікір жоқ деп тұжырады.  Алайда бұл соншалықты дұрыс пікірге жата қоймайды, өйткені, тәуелсіздік жылдарындағы тың зерттеулерді былай қойғанда, кеңестік дәуірдің іргелі анықтамалығының өзі бұл тараптан едәуір  мол хабар береді[6].

«Ал Қазыбек бек болса нақты 1521 жылды (жоғарыда атағанымыздай, Қазыбек бек көрсеткен 899-ші жыл күн календарына аударғанда, Т. Омарбеков есептеп шығарғандай – 1521-ші жыл емес, 1497-ші жылға сәйкес келеді – Б.Қ.)  атап көрсетіп отыр. Бұған сенуге бола ма? – деген сауал тастайды да, зерттеуші ғалым оған өзі былай деп жауап береді. – Белгілі еңбектер «Бабурнамада» да, «Тарих-и Рашидиде» де осы кезеңдерде ойраттардың ол кезде Моғолстан құрамында болған Оңтүстік Қазақстан өлкесімен қақтығыстары туралы жазылған[7]. Нақты фактіге жүгінер болсақ, осы датадан сәл ілгерірек (1509 ж.) қайтыс болған Жүніс ханның үлкен ұлы Сұлтан Махмуд ханның қалмақтарға бірнеше жорығынан кейін қалмақтар оны Алаша хан (өлтіруші хан) атағаны да белгілі[8].

«Біз әңгімелеп отырған еңбектегі Есім ханның 998-жылы яғни 1620-жылы (бұл жерде де екі календарьлық дата қарабайыр есеппен – 622 жылдық айырмашылықты сақтау арқылы қойыла салған – Б.Қ.) қалмақтарға үлкен жорығы[9], Батыр тайшысының 1635 жылы қалмақтардың басын біріктіріп үлкен хандық орнатуы... қалмақтардың Сібір арқылы батысқа ығысуы, Салқам Жәңгірдің 1635 жылы қалмақтар тұтқыны болуы... оның қалмақтармен соғыста қайтыс болуы, 1643 жылы Салқам Жәңгірдің Батыр қонтайшыға қарсы Орбұлақтағы шайқасы, осы ұрысқа қолдау көрсетіп Жалаңтөс баһадурдің көмекке келуі туралы мәселелер қолда бар тарихи деректерді теріске шығармайды, қайта толықтыра түседі», – дейді Т. Омарбеков[10].

Онысы рас, Қазыбек бек естелігінде келтірілген деректер мен сөз болған оқиғалардың бірқатары ғылымға аян тарихи мағлұматтармен сәйкес келіп жатады. Тек кітаптағы хижра жылсанағымен берілген даталар бүгінгі күнтізбекке ауыстырғанда, тарихта қазіргі заман календарымен белгіленген мерзімдерге үйлеспейді, міне сондықтан да естеліктің түпнұсқалығы мен дәлдігі күмән туғызады. Қателік, яки бұрмалау, шамасы, бір заманғы көшірушілерден кеткен болуға керек...

Конференцияда, сондай-ақ, Қазыбек бек атайтын адам аттары да тарихи деректерде, зерттеулерде кездесетін есімдерімен негізінен сәйкес келетіні айтылды. Олар, мысалы, қазақ жеріне шабуыл жасаған Толай тайша, Құжытай тайша, Торғыш тайша тәрізді қалмақ қолбасылары және Салқам Жәңгірдің бастауымен шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, алшын Жиенбет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, дулат Жақсығұл, суан Елтінді батырлар қалмаққа қарсы соғыс ұрыстарына белсенді түрде қатысқан. Орбұлақ шайқасына қатысушылардың әскерлерінің саны жөніндегі Қазыбек бек келтірген дерек – «Салқам Жәңгірдің 600 жауынгері және қалмақ ханы Қонтайшы-Батырдың 50 мыңдық әскері туралы мәліметтері орыс тарихшысы Левшиннің айтқандарымен дәл келетіні жөнінде» де конференция мінберінен жария етілді[11].

«1076-барыс жылы Сеуан Рабдан ғаскерлері қазаққа тағы соғыс салды», – дейді Қазыбек бек. Оның түсіндіруінше, қалмақ ханы бұған үш жағдайды сылтау еткен. Бұрын Тәукенің бір ұлы қолға түсіп, оны Ғалдан Бошақ Далай Ламаға сыйға тартқан еді. Енді Сеуан Рабдан дін басыдан Сұлтанды алып, бес жүз адаммен әкесіне қайтарғанын, бірақ Тәуке баласына ере келген адамдарды ұрып-соққанын, қалмақ ханының бағыныштысы Үркедей тайшыны өлтіргенін, онымен қоймай, еліне қазақтардың тыныштық бермей, беймезгіл шабуыл жасағанын, әсіресе Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің қызын оған үшінші әйелдікке әкеле жатқандарға шабуыл жасағанын желеу етті.

Міне, осындай жәйттерге орай туған кикілжің ұрыс-керіс, шежірешінің айтуынша, келесі бір кескілескен, қазақты тоз-тоз еткен соғыстың басы болып еді. Ал, расында, ұрысты қоян жылы бастаған Жорық қонтайшы болатын дейді автор. Ол Шу және Талас бойының қазақтарына шабуыл жасап, оларды қан қақсатқан-ды. Өйткені қырық мың қолмен қаптап келген. Ондағы ойлары – қазақтың қалың жатқан малын алып бір кенелу еді. Өйткені бұл екі-үш жыл ішінде қалмақтарда қатты ашаршылық болған-ды. Оның үстіне Еділ бойындағы қалмақтар да қазақ жерін басып ойратқа өтпек болды. Олардан да табандатқан жетпіс мың адам қосылып, Сеуан Рабдан қолы күшейе түсті. Қазақгарға екі майданда ұрысуға тура келді. Бұл күшті бөлді. Бір жылға тарта болған бұл соғыста қазақтар қалмақтарға есесін жіберген жоқ[12].

Танымды мәліметтері бар сөз сықылды. Алайда, автор көрсетіп отырған уақыттың – хижраша 1076 жылдың қазіргі жылсанақпен 1666 жылға сәйкес келетінін ойлағанда, бұл жазбаға күмәнмен қарауға мәжбүр боласың. Өйткені бұл жылы  Сеуан Рабдан (Севан Равдан, Цеван Рабтан) дүниеге жаңа ғана келген, әлі тәй-тәй да баса қоймаған болуы ғажап емес. Ол 1665–1729 жылдары өмір сүрген. Таққа 1697 жылы отырған[13]. Ал Қазыбек бек жазбасын көшіргендер бұл уақытты 1076 жыл деп көрсеткенде, мұсылманша күнтізбеден христианшаға өтудің жоғарыда конференцияға баяндама жасаған ғалымдар пайдаланған ең қарабайыр тәсілмен – хижраға 622 деген санды қоса салу: 1076+622=1698 (немесе – қазіргі заманғы жылсанақ датасынан 622 деген санды алып тастау: 1698–622=1076) жолымен 1698 жылды меңзеген болуы ғажап емес.

«...Сеуан Рабдан қазақты есінен шығармады. Бірақ Қашқарлықтар мен Жаркент – Суан арасында болған жанжал қалмақ ханының ойынан шықты да, барлық бетті солай бұрып, оларды оп-оңай қаратып алды. Сөйтіп, көңілін демдеген соң ендігі ойы кең қазақ жері еді, бірақ оның қарауындағы тентектер қытайға тиісіп қойып, бұлармен болған ұрыс оны қазақ жеріне жібермеді».

«1092-жылы (яғни 1681 жылы – Б.Қ.) Сеуан Рабдан қырғыз ауылдарына басып кіріп, олардың өзіне қарағандарын қазақтарға айдап салды. Бүл кездері қазақтар да тыныш жатпай, ойраттардың шекаралас ауылдарына тыныштық бермеуші еді. Қалмақтар бұған қырғызды шебер пайдаланды. Арада екі жыл өткенде, қазақтар Іле бойында соғыс ашып, оларда жүрген орыс елшісі Трубниковты қолға түсірді. Мен осы елшінің сөзін тәржімалауға қатынастым. Менің соғысқа араласуым, міне, осы жерден, яғни 1093-жылдан (христиан жыл санағымен 1682 жылдан, яғни оның өзі дүниеге келуден он жыл бұрын  – Б.Қ.) басталды». Тарихи оқиғалар арнайы зерттеуді қажет етер, дегенмен, бұл жерде де датадағы сәйкессіздікті атап кетпей болмайды.  Егер қолжазбада дата дұрыс көрсетілген деп есептесек, онда кітапта айтылған әңгіменің мазмұнының растығына да үлкен күдік туады. Егер баяндалған жәйттерді ондағы датамен байланыстырмай оқысақ, сөз жоқ, белгілі тарихи мәліметтермен белгілі-бір дәрежеде үндестікті көреміз.

«Патша жансызы Трубниковпен де көп әңгімелестім, – дейді Қазыбек бек. – Ол мені өз жағына тартқысы келді. Мен оның, ол арқылы орыс һукіметінің рия сырын аңғару үшін, оған беріле отырған болып, қоштай; орысты, орыс мәдениеті туралы айта отырып сұхбаттастым. Сондағы менің аңғарғаным – орыс патшасы Петірдің ойы. Ол ой – қайткенде де қазақ жерін қаратып алу, сол арқылы бүкіл Азияға жол тарту. Ол – Азияға қақпа, Азияның кілті. Міне, орыс жансызының сөзінен осыны аңғардым. Ол, әрине, ойымыз сендерді қаратып алу демейді. Бірақ мәймөңкелеп айтқан әдемі сөзінің арғы жағы, шын  пікірлері – осы, қиянат пікір»[14]. І Петрдің көзі тірісінде тілмәші Тевкелевке қазақ билеушісін сатып алуға миллион сом жұмсаса да, орыс протектораты болуға келісімін берген бір жапырақ қағазды қолға түсіру жайында тапсырма бергені белгілі, алайда, қазақ елінің оңтүстігіне тап сол жылдары «патша жансызы (яки елшісі) Трубников» деген келіпті деген дерек қарастырылған тарихи әдебиеттен ұшыраспады...

«Қазақстан тарихының» 3-томындағы «Қазақ халқының ХVIII ғасырдың 20-жылдарындағы жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысы» деген екінші тарауда мынандай жолдар бар: «...1716 ылы Цеван-Рабтан өз әскерлерінің негізгі бөлігін қазақтарға қарсы аттандырды. ...Тәуке хан елшілерінің Сібір губернаторы М.Гагаринмен келіссөзінде 1716 жылы Ресейдің әскери көмегі туралы мәселе қойылды. Қазақ елшілері ханның 20–30 мың адамнан тұратын әскері бар екенін хабарлады. Ал егер Сібір губернаторы бұған өз әскерін қосса, жоңғарлар жеңіліс табатын еді. Сол жылы Қайып ханның елшілері де сондай ұсыныс жасады. Алайда Сібір губернаторы келіспеді. Келесі 1717 жылы соғыс оқиғалары одан әрі жалғасты. Соғыс қимылдарының негізгі шоғырланған жері Аягөз өзенінің бойында болды. Қазақ жасақтары мен жоңғарлар арасында шайқас басталды. Жоңғар әскерлері шығыс жақта жүрген еді. Қазақтардың басым күші Аягөз өзеніне әкелінді. Табысқа жетуді әскер санының басымдығы, тұтқиылдан шабуыл жасау қамтамасыз етуге тиіс еді. Шынында, әскер саны жөнінен қазақтар басым болатын. Бұл жорықта қазақ әскерлерінің саны 30 мың адам болды»[15].

Қазыбек бектің естелігінде жоңғарлар мен қазақтардың арасында осы 1717 жылғы Аягөз өзені аумағында болған соғыс қимылы жайында  былай делінген:

«1095-тауық жылы (тағы да датадағы сәйкессіздікке назар аударуға тиіспіз: 1095+622=1717, яғни хижраша бұл датаны көшірушілердің бірі қарабайыр есеппен – 1717 жылдан 622-ні алып тастау арқылы шығара салған, егер бұл мұсылманша датаны автор қойған болса, ол біздің жылсанағымыздың 1684 жылына сәйкес келген болар еді – Б.Қ.) Аягөзде қалмақпен қатты ұрыс болды. Аягөз маңындағы наймандар мен жалайырларға олар қатты тиді. Қазақ қолын Қайып басқарды. Бұл – Тәукенің ұлы. Осы соғыста Әбілқайыр да болды дегенді естідім. Бірақ ол жолы оны көрмедім. Екі күн сіреспен өтті. Қалмақтар ағаштарды кесіп, биік өре жасап, қазақты соның үстінен тұрып атты. Келесі күні қазақтар түнімен жетіген жамбастағанша ағаштан қалмақтардікінен де биік бірнеше мұнара тұрғызып, енді қазақтар олардан асып түсті. Екі күн бойы қазақ оғы осы мұнарадан атылып түрды»[16].

Осы деректі 2010 жылы шыққан ресми тарих кітабындағы мынандай сөздердің растайтынын байқаймыз: «Қазақ қоныстарына басқалармен бірге арнайы жіберілген Борис Брянцев Сібір губернаторы М.Гагаринге былай деп жеткізген: «Ал бірінші үйде Құттыбай мырза Қазақ ордасының  қалмақтармен соғысы туралы былай деді: қалмақтарға 30 000 адамнан тұратын қазақ әскері аттаныпты, соғыста оның өзі де болған, Янгус (Аягөз деген атау бұрмаланып жазылған тәрізді – Б.Қ.) деп аталатын өзен жанында олар мың адамдай қалмақтарды кездестіріп, олармен кешке дейін соғысқан, түнде қалмақтар ағаш кесіп, ағаштан жал-қорған жасап, тосқауылда отырған, ал қазақтар болса қалмақтардікінен де биік жал-қорған жасап, сол жал-қорғаннан қалмақтарды екі күн атқылаған». Сібір губернаторына берілген баянхатта оның қазақ ішіне жіберілген арнайы өкілі: «...үшінші күні басқа жақтан тағы да бір жарым мыңдай қалмақ әскері келіп, олардың көшін шапқан, ал қалмақтардың қаншасы немесе олардың қанша адамы өлтірілгенін ол (Құттыбай мырза – Б.Қ.) білмейді», – деп хабарлады.

Тайталас екі күнге созылған. Шайқас Аягөз өзенінің бас жағындағы орманды өңірде өткен. Үшінші күні таң ата көп қалмақ келіп, қазақтарға шабуыл жасады. Қазақ әскері «оларды жаяу атқылады, қалмақтар болса оларға ат үстінен өршелене шабуыл жасады, ал қазақтар оған төтеп бере алмай, қаша жөнелді де, оларды қалмақтар жарты күн қуып, адамдарын қырып тастады». Сақталған түрлі тарихи құжаттарға қарағанда, сол шайқасқа 3 мыңдай қазақ атысқан. Түнде олардың жартысы өзеннің қалмақтар тұрған жағына өткен, ал келесі күні түсте оларға сегіз жүз адам болатын қалмақтар шабуыл жасап, төрт жүздейін қырып тастаған. Қазақтар өзеннің екі жағына жүктерін тастап, бытырай қашқан. Сөйтіп, «Аягөз өзені маңындағы шайқаста көптеген қазақ сарбаздары қаза тапты»[17].

Ал соғысқа қатысушының естелігінде осы кезең жөнінде былай делінеді: «Бір кезде қалмақтар бізге лап қойды. Олар тұрған бізге қарамай, ілгері кетті. Олардың артынан казақтар қуды. Бірақ қазақ қолы аз болса да, біз есемізді жібермедік. Екінші жағынан, біздің өзімізде иттифақ болмай, Әбілқайыр ғаскерін бұрын алып кетті. Қайып пен Әбілқайырдың арасының жамандығы қазаққа шығын әкелді. Соғыс осымен бітті». Қазыбек бек өзінің «осы ұрыста алғаш Ерасылды» көргенін айтады. «Жасы мен қатарлы, алпамсадай, ұзын мұртты жігіт біреуді сыпырта әке-шешесінен, түп-тұқыйанынан түк қалдырмай боқтап келеді. «– ... қалмаққа қарсы шыққанның маған бәрі жақын, – деді ол. – Көрдің бе, анау Әбілқайыр майдан қызған кезде бізді тастап кетті».  Енді түсіндім, боқтап келе жатқаны Әбілқайыр екен»[18] .

Аягөзде болған қазақ-қалмақ соғысынан кейін Қазыбек бек найман Тобан ауылында Қожаберген жырауды кездестіргенін жазады. «Қожаберген жырау мен көргенде қартайған, екі тізесінен ақсап басатын шал кісі екен, – деп еске алады ол. (Егер энциклопедия мәліметіне сүйенсек, Қазыбек бек оны Аягөз шайқасынан кейін, яғни 1717–1817 жылдары кезіктірген шақта  жырау 54 жаста:  батыр, жырау Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы дүниеге келіп, 1763 жылы қайтыс болған[19]). – Осысына қарамай, жырау сонша әдемі киінеді. Басында сусар бөрік, үстінде күзен ішік. Белінде діңмент. Оның қолында домбырасы да жоқ. Бірақ өлеңді сапырып, мен көргенде домбырасыз тақпақтап айтты. Ерасылды ол бұрыннан танитын болса керек-ті. Неге екенін қайдам, оған жездесінше қалжыңдасып жатты. Мен оған ол кезде мән бермеппін».

Естелік иесі «Қожаберген Толыбай баласының Тәуке заманында ғаскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр болғанын» айтады. «Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам» болған екен. Жасы Қазыбек бек құралпы Бұқар жырау оған құлдық ұратын көрінеді. «Бәлкім, егер Қожаберген жырау болмаса, бізге ол заманның көп шындығы жетпес те еді», – деген ой айтады ол шығармасында[20].

Қожаберген жыраудың біздің заманымызға жеткен аз ғана туындылары 2001 жылы Петропавлда «Елім-ай» деген атпен жеке кітап болып шыққан[21]. Сондағы «Елім-ай» дастанындағы түрлі сәйкессіздіктер, Орта Азия халықтарының дәстүрлі  атауларын дастан ішінде атағанда жіберілген терминологиялық сапырылыстырулар зерттеушілердің назарын аударып, жалған тарих жасаушылық жайында арнайы жұмыс жазуларына себеп болды. Олардың айтуынша, ХVIII ғасырда аймақтың түркі тілді көшпенділері өздерінің тілі бөлек және мәдениеті бөтен жақын көршілеріне қойған атаулар мен қазақтың сөздікпайдаланымында ХХ ғасырда ғана қолданыла бастаған атаулар дастанда араласып жүр.

Мәселен, тек батыс моңғолдардың өздері ғана өз ішіндегі топтық этномәдени ұқсастықты белгілеу үшін қолданған «ойрат» эндоэтнонимі ХХ ғасырдың басына дейін түркі тілді және славян халықтарына іс жүзінде беймәлім болып келген. Олар ойраттарды этнотарихи атауымен емес, көбіне қалмақтар, сирегірек – жоңғарлар (зюнгарлар) деп келген[22].

Осындай және осыған ұқсайтын өзге де мысалдар аталған дастанда және бірқатар басқа шығармаларда да өріп жүргендіктен, «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихнамасындағы ғылыми білім және миф шығарушылық» деп аталатын бір топ ғалымның ұжымдық монографиясында қазақ даласындағы оқиғалар мен тұлғалар тарихи ремистификация  – тарихты жалған аңыздан тазарту объекті ретінде қарастырылады[23].

Олардың дәлелдеуінше, «дастанның қазақ хандары Қайыптың (1703 – 1718 жылдардан кейін), Болаттың (1715 –1723 жылдардан кейін), Семекенің (1724 – 1737 жылдардан кейін) және Әбілқайырдың (1710 – 1748 жылдардан кейін)  жалпықазақ саяси мүдделеріне қатысты «опасыздығы» туралы және олардың жоңғарға қарсы азаттық күресін ұйымдастыра және басқара алмайтыны жайында айтқан жолдары ...мүлдем ойдан шығарылған және фальсификацияланған».

Бұл орайда авторлар қазақ-жоңғар соғысының кез-келген біршама деңгейде қатысушысы болған адам Қайып ханның Орта жүздегі өз саяси қарсыластары тарапынан 1718 жылы, яғни «Ақтабан шұбырынды...» қасіреті басталардан  төрт жыл бұрын өлтірілгенін білсе керек еді. Тәуке ханның (1680–1715) үлкен ұлы Болат хан ХІХ ғасырдың аяғында Шәкәрім Құдайбердіұлы жазып алған  Орта жүз қазақтарының есінде сақталған деректер бойынша, белгісіз жағдайда 1723 жылға дейін қайтыс болған. Бұл мәліметті оның інісі Семеке орыс құжаттамалық дереккөздерінде Орта жүздің жаңа ханы ретінде қайта-қайта айтылатыны жанама түрде растай түседі.

Демек, сол шақтағы Кіші жүз ханы (1719–1748 жылдары қазақтың аға ханы) Әбілқайырдың 1724–1730 жылдары қазақтардың барлық жауынгерлік күштерін басты дұшпанға тойтарыс беру ісіне жұмылдыру хақындағы аса көрнекті де зор ұйымдастырушылық қызметін оның замандастары әбден мойындаған. Бұл жәйт оның көзі тірісінде қазақ халық фольклорына, соның ішінде Ұлы жүз қазақтарының топонимикалық аңыздарына арқау болған. Сан түрлі жер-су аттары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның революциядан бұрынғы картасында Әбілқайыр есімімен таңбаланып қалған. Олар жайында өлкенің жергілікті ересек ұрпағы осы уақытқа дейін айтады.

Қазіргі тарихнамадағы ғылыми білім мен қилы аңыз, миф шығарушылық мәселелерін өз еңбектерінде жан-жақты қарастырған  ғалымдардың пайымынша, жоғарыда айтылған жәйттерді сол заманда куәгер ретінде білген адам тарихты осынша бұрмалауға бармас еді[24].

32.

Қазыбек бек естелігінен: «Аягөз ұрысынан кейін (1717 жылы –Б.Қ.) әлі бұл өңірден кетпеген Қайып мені шақырып: «Қалмақтарға Сеуан Рабдан қаршысына елші болып бар!» – деді. Мен ел үшін келісім бердім. Келесі жылы (1718 жылы – Б.Қ.)  бардым»[25]. Осы жерде мынандай анықтама бере кеткен жөн: Қазыбек бек мәтіні бойынша Сеуан Рабдан деп жазылатын жоңғар әміршісі Цэван-Рабтан немесе Севан Рабдан (1663 – 1727) Циндермен соғыста қаза тапқан немере туысқаны Қалдан Бошоқту ханның орнына 1697 жылы таққа отырған[26].

Ал Қазыбек Тауасарұлы Севан Рабданның ургасына – ордасына елші боп кеттім дейтін  1718 жылы Қайып хан бақталастары қолынан қаза тапты. Бірақ естелікте бұл қайғылы оқиға сөз болмайды. Ал ресми тарих беттерінде ол кезең оқиғалары былайша баяндалған: «1718 жылдың көктемінде жоңғарлар Жетісудан Арыс, Бөген, Шаян өзендері бойына шұғыл жорық жасап, Түркістан қаласына тақап келді. Олардың ниеті қазақ хандарының ордасын басып алу болатын. Сырдарияның орта ағысы басындағы қазақ қалаларына қауіп төнді. Бірнеше шайқас болды. Жоңғарлар «қазақ ордасын шапты», бірақ санының аздығымен өз қоныстарынан ұзап кетуі олардың толық жеңіске жетуіне мүмкіндік бермеді»[27].

Сол шақта Қайып хан Цеван-Рабтанға (Сеуан Рабданға) елші жіберді деген мұрағаттық дерек бұған дейін кезіккен емес, сондықтан да бұл орайда Қазыбек бектің туындысы өте қызғылықты. Ол өзінің шығармасында Қайып ханның тапсырмасымен жоңғар ордасына елші болып барған сапары жайын әңгімелеу барысында: «Бұл кездері қазақтың кез келгені, қалмақтың да кез келгені бірінің тілін бірі білетін, тәржімашы керек болмайтын, – дейді. – Ал Ерасыл (Қабанбай батыр – Б.Қ.) қалмақша сөйлегенде олардың өзін жаңылдыратын». Автор Сеуан Рабданның жасы үлкен екенін, өзінің әкесі қатарлы екенін айтады. Ойрат әміршісі 1663 жылы туған, ал автор (өзі хижрамен көрсеткен 1070 жылды елемей, қазіргі әдебиетте оған қарабайыр тәсілмен 622 деген санды қосу арқылы көрсетіліп жүрген уақытты айтқанда) 1692 жылы дүниеге келген. «Мен оның Доржы деген баласының қолында тұрдым. Олардың сырын да, жырын да қазақтармен байланысуға құмар қыздарынан біліп отырдым, – деп әңгімесін одан әрі сабақтайды автор. – Сиыр жылы көктемде қалмақ ханының ауылы шала бүлінді. Сөйтсем, қытайлар қалмақтарға шабуыл жасайды деген хабар алған екен. Сеуан Рабдан сасып, Борқорған деген орысша тәуір білетін елшісін ішкері жаққа Ересейге (жалпы, «Ересей» деген атау және «ішкері жақ» деген анықтама Жетісудағы ХVIII ғасыр авторының қолдануы неғайбыл, жасанды тәрізді – әдебиетте Россияны Ресей, Расея, Русия деу бар, тек Ересей еш кездеспейді, ал қалмақ елшісін аттандырған қияндағы жақты осы бір «ішкері жаққа» деген сөзбен белгілеу кейіннен қосылған ба дерсің – Б.Қ.) жіберді. Ондағы мақсаты – Ересейге бодан болу. Бірақ Сеуан Рабданның сасуы бекер болды, оларға жақсы күн туды. Қытай патшасы Канси өлді де, жаңа патша ұрысты тыйды. Кәрі түлкі демнің арасында өзгеріп, Ересейден айнып, Шын еліне елші жіберді»[28].

Шынында да, жоңғар билеушілерінің қазақтарға қарсы  неғұрлым батыл жорықтар жасауға бел бумауында Цин Қытайы тарапынан төнген шапқыншылық қаупі жатқан еді. Тежеуді ұмыта тұруға  1722 жылы Қытай императоры  Кансидің қайтыс болуы себеп болды. 1723 жылы жоңғар-қытай бітімі жасалды. Сөйтіп жоңғарлар шығыс жағын қауіпсіздендіріп алды да, батысындағы қазақтармен соғысуға мықтап дайындала бастады. Жағдайдың жоңғарлар үшін тағы бір қолайлы болғаны сол, бұл кезде Ертіс бекініс шебін құрып алған Ресей де оларға қандайда-бір нақты талап қоя қоймаған-ды[29].

«Қаңтарда жерде қар қалың болды, –  дейді Қазыбек бек естелігін одан әрі сабақтай түсіп. – Канси өлген соң (Қытайда император Канси күтпеген жерден  1722 жылғы 20 желтоқсанда өмірден өтті[30] – Б.Қ.)  он бес күннен кейін (демек,  1723 жылғы қаңтардың 5-ші жұлдызында – Б.Қ.)  түн ішінде мен жатқан үйге біреу ұрлана кірді». Кірген – Доржының екінші әйелі найман қызы Меңлі екен. «Қалмақгар сіздерге көктемде соғыс салады. Маған Доржы мақтанып айтты», – дейді... Қазыбек көрер таңды көзімен атқарады. ...Сәскеге таман оны Сеуан Рабдан шақырып: «Баламдай болып едің, енді еліңе қайт, бізге елші керек емес», – дейді. «...Мен ауылымды орнынан таба алмадым. Қайып ханға бар жағдайды айтып лаумен хат жібердім де (мәтінге қарағанда, Қазыбек Тауасарұлы жағдайды баяндаған хатын Қайып ханға 1723 жылдың басында жолдаған, алайда хан, жоғарыда айтқанымыздай, одан бес жылдай бұрын, 1718 жылы опат болған-ды – Б.Қ.), өзім биыл Іленің сол жағында Күрті бойында Қарадырды қыстап отырған ауылыма тарттым. Қалмақ қай күні өлтіріп қояды деп отырған елім мені жылап-сықтап қарсы алды.

...Кеш алдында Қарадырға екі атты суыт келді. ...Мен үйде кітап оқып жатқанмын. ...Үйге үсті-басы қырау екі еркек кірді». Бірі Меңлі екен. «Иә, аға, мен, – дейді ол. – Мен қашып келдім. Қалмаққа сыймадым. – Ол бар шынын жайып салды. Найман Матай жігіті Сыдық оның көңіл қосқан адамы екен. Содан ұрыста мұны үйінен Доржы тартып әкеткен. Содан бері Сыдық қалмақ ауылын жағалап жүреді екен. Енді қалмақ пен қазақ арасы біржола ажырасатын болған соң, Меңлі кетуді ойлайды да, Сыдықпен қазақ ішіне қашыпты. Меңлі Доржыдан ұрыс мерзімін, қалмақтың 30 мың әскер дайындағанын білген соң, басқа да сырды аңғарып болдым-ау дегенде қашады[31].

Бүгінгі ғылыми тұрғыда дәлелденген деректерге қарағанда, Қазыбек бек айтатын, өзі елші кезінде  қолында тұрған «Сеуан Рабданның Доржы деген баласы» жоңғар шонжарларының 1722–1723 жылдары белгілі болған есімдері арасынан кездеспейді. Ол, шамасы, қазақ-жоңғар тарихында аса із қалдырмаған тұлға болуға керек.

Дегенмен, әділдік ретімен айта кету ләзім, Севан-Рабданның ізбасары Қалдан Серен (Галдан-Церен, жоңғар тағында 1727–1745 жылдары отырған) мен оның қолына жаугершіліктен тұтқынға түскен еріксіз әйелі яки сарайындағы күңі екеуінен 1726 немесе 1728 жылы туған Лама-Доржы деген ұлы болған. Ол Шу-Талас өзендері аралығындағы және Шу-Іле таулары аймағындағы шекаралық жоңғар әскерінің соңғы командирі болды. Әкесі Қалдан Серен оны бұл лауазымға 1744 жылы тағайындаған. Әкесінің көзі тірісінде-ақ ол Бұхара және Қазақ Ордасы шектерінен меншікті жер иеленіп, жергілікті ойраттардан құралған, шекараны қарауылдау үшін ұйыстырылған әскери жасақтарды басқарып жүрген. Хан ұлының өз көші-қоны Шу-Іле аумағында, Ақтерек, Дегелең және Жыңғылды тауларындағы жасыл жайлауда жатқан-ды. Ол 1751 жылы өлген[32]. Тағы бір дерек бойынша – Қалдан Сереннің 70 мың адамнан құралған әскері қатарында екінші баласы Лама-Доржы жасағымен Ыстықкөл бағытында әрекет еткен[33]. Ал ол екеуі бір адам ба, жоқ па, қосымша зерттеуді тілейді.

Қалай болғанда да, Қазыбек бек өз естелігінде, естелік болғандықтан да уақыт жағынан шатасып, ыңғайы, осы Доржыны атап отыруы ықтимал.

Ойрат көші-қон жерлерінің батыс шектерін, яғни қазақ хандығымен шекаралас аймақты күзетуді бұл уақытта, яғни ХVIII ғасырдың 20-шы жылдарында, жоңғар билеушісі Севан-Рабдан қонтайшының Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің (1672–1724) қызынан туған ұлы Лаузан-Шоно басқарып жүретін[34]. Оның қарамағына, қазақ даласы мен Орта Азияның шектесіп жатқан жерлеріндегі көшпенді және отырықшы халыққа жаңа да қуатты, жойқын соққы беруі үшін,  30 мыңнан астам жауынгері бар әскер бөліп беріледі. Осы құраманы толықтыру мақсатымен жоңғар қосындары шұғыл түрде хандықтың оңтүстік өлкесінен Шу және Талас өзендері аймағына жөнелтіле бастайды.

«Ол шақта қазақ билеушілері әзірленіп жатқан шапқыншылықтан мүлдем бейхабар болатын, ал көпшілігі тіпті Еділ бойы қалмақтарының көші-қон аймақтарына шабуыл жасауды дайындаумен шұғылданып жүрген еді»[35]. Яғни, Қазыбек бектің Қайып ханға жолдаған хаты, ал аталмыш хан өмірден 1718 жылы өткелі бес жылдай уақыт болған, сол себепті де болар, қазақ билеушілерінің ешқайсысының қолына тимеген. Бәлкім содан да шығар, қалмақ шапқыншылығы тап сол 1723 жылдың ерте көктемінде басталады деп ешқайсысы да ойлай қоймаған.

«Қалмақтар өздерінше Арқас пен Лабастағы қазақгар еш жаққа кете алмайды» деп ойласа керек, – дейтін пікірмен танысамыз Қазыбек бектің кітабынан. Оның жазуынша, сондықтан да қалмақтар  «алдымен олардың ең қалың жерінен ауыз салу керек деп, жиырма мың қолды Көктеңіздің терістігімен Шу мен Таласқа – қазақтың қалың жеріне – аттандырады. Алдымен не де болса Сайрам, Ташкент сияқты жәрдемге жетер жерді талқандайық дейді»[36].

«1723 жылдың ақпан-наурыз айларында құдды қар көшкініндей жөңкілген  сансыз көп жоңғар қосындары оңтүстіктегі қазақ көші-қон аумағына  кенеттен, абайсызда  тарпа бас салды. Жоңғар соққысына Талас пен Арыс өзендері алқаптарында қоныстанған қазақ руы садыр ауылдары  алғашқылардың бірі болып ұшырады»[37]. Қалмақтар қазақтарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне ұрындырған ірі шапқыншылық науқанын жүргізіп, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын жандарындағы жер өңдеушілікпен шұғылданатын   отырықшы елді мекендерімен қоса басып алды. Халық тоз-тоз болып, жан-жаққа үдере көшті[38].

Неге екенін, халық бастан кешкен «...шұбырынды», «...сұлама», «Қайың сауған», «Сауран айналған» сынды зобалаң оқиғалар заман куәгері көзіне шалынбаған да, тиісінше, қаламына ілікпеген. Есесіне оның жазбаларында тарих ғылымының қазіргі жетістіктері ретінде нақтыланған деректермен салыстырып қарауға сұранып тұрған басқа байламдар бар. Мәселен, Қазыбек бек: «Орыстардың көктен сұрағаны жерден табылып, қалмақтардың қазақ жеріне басып кіретінін біле отырып, үнсіз қалды. Оның үстіне қару-жарақты мол беріп, оларды әбден қаруландырды», – деп жазады. Одан әрі:  «Бұл бір шақта Әбілқайыр Аягөзден кеткен бойы Мұғаджар даласына қарай өтті», – деген хабар беріп: «Ондағы ойы орыстан көмек алып, бүкіл қазақты жалғыз билеу еді», – деп түйін жасайды[39].

1723 жылғы жойқын шапқыншылығы кезінде жоңғарлар Ташкент, Сайрам секілді қалалармен қатар қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан қаласын жаулап алды. Мұнда әдетте қазақ хандары мен сұлтандары отбастарымен, көптеген туыстарымен тұратын. Аға хан Әбілқайыр баһадүр де, қаза болған Қайып ханнан соң ие болған лауазымына сай, 1719-шы жылдан үй-ішімен астанаға қоныстанған-ды.

Түркістан қаласы мен оған жапсарлас отырықшы-егіншілікмен шұғылданатын мекендерді дұшпанның басып алуы қазақ билеуші элитасы үшін оқыстан келген өте ауыр және жанға батқан соққы боп тиді. Өйткені бұл шаһар Есім хан дәуірінен  берменгі жүз шақты жыл бойы қазақ көшпенді қоғамының әлеуметтік-саяси жүйесінде елді жұмылған жұдырықша ұйыстырып тұратын кіндік, өзек сынды  маңызды рөл атқарып тұрған болатын.

Басқыншылық салдарынан осы қалаға енді жоңғар ханының құқықтық-әкімшілік бақылауы орнады. Тиісінше, қазақтың ақсүйек көшбасыларының халықты қалмақтардың әскери агрессиясына қарсы жұмылдыру ісінде шапшаң шаралар қолданып, тез ұйысу мүмкіндігін елеулі түрде әлсіретті.

Ал сол шақтағы аға хан Әбілқайыр үшін бұл ауыр қайғының салмағын одан сайын арттыра түскен тағы бір көңілсіз жағдай болған-ды. Қазақ астанасын қорғау жолындағы қантөгісті шайқас барысында қалмақтар оның бәйбішесін, өгей шешесін және інілерінің әйелдерін қолға түсірген еді. Сол тұтқын әйелдердің бәрін жоңғар әскербасылары өз қонтайшыларының ұлысына алып кеткен болатын[40].

Жоңғарлар қазақ елін оңтүстіктен шауып қана қоймай, оған солтүстік-батыс жағынан да жорық ұйымдастыруды ойға алған болатын. Еділ бойындағы қалмақтармен осы әскери-саяси мәселелер бойынша келіссөздер жүргізілген.  Сол 1723 жылы жоңғар қонтайшысы Севан Рабдан қазақтарға қарсы бірлесіп, әскери-соғыс қимылдарын қазақтың екі бүйірінен бір мезгілде жүргізу жайында арнайы ұсыныс айтуға терістік-батыстағы қалмақтардың ханы Аюкеге елшісін жібереді. Бұрындары ит жығыс жорықтардан артыққа шамасы жетпей жүрген Аюке мұндай тәсілмен қазақ елін шабуылдауды  бірден оң қабылдайды. Патша үкіметіне тиісті өтінішін білдіреді. Қалмаққа қазақ жеріне табысты жорық жасау үшін Астрахан, Саратов немесе Қазан қалаларында шоғырланған тұрақты орыс әскерінен қол мен қару бөліп, арнайы соғыс күшін беруді өтінеді...

Ел басына күн туған, жұрт «Ақтабан шұбырынды...» қасіретіне ұрынған осы күрделі де қайғылы алғашқы айларда Әбілқайыр хан бірінші болып ес жиды да, агрессияға қарсы тұру үшін, тез арада өзіне қарасты рулар мен тайпалар ішінен қарулы қол жиып алды. Қазақ елінің оңтүстік және солтүстік шектерінде қалыптасқан халықаралық жағдайға дер кезінде мән беріп, шұғыл әрекетке көшті. Сол қаралы 1723 жылдың тамыз айында Арал теңізі маңайындағы қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жиырма мың сарбазы бар үлкен қосынды бастап, солтүстік-батысқа қарай зымырай ұшқан жедел де батыл жорық жасады.

Ол қалмақ ханы Аюке иелігіндегі жерлерге қалың қолымен құйынша ұйтқып келіп, оның қазақ жерін шаппақ пиғылының алдын алды. Аюке атты әскерімен Оңтүстік Оралдан қазақтар ішіне килігу арқылы өзінің қайынатасы Севан Рабданның науқанына қолдау көрсетпек еді. Қазақтардың өз пиғылының алдын орап кеткенін көргенде,  Аюке бітім жайында келіссөз жүргізу үшін Әбілқайырға елші жіберді. Темір өзені бойындағы кездесуде Әбілқайыр хан қалмақ елшісіне өзінің «қалмақтармен және орыстармен соғысуға келе жатқанын» айтқан.

1723–1724 жылдары жүргізген соғыс қимылдары нәтижесінде Қалмақ хандығын қазақтар үшін қауіп төндіре алмайтындай күйге түсірген соң, Әбілқайыр ханның жауынгер жасақтары 1724 жылдың жазында ат басын оңтүстікке бұрды[41]...

[1]Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер.. –А.,  2001. – 14–15-бб.

[2] Қазақ Совет энциклопедиясы. 8-т. – А., 1976. – 447-6.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер. – А.,  2001. – 15-б.

[3] Қазақ Совет энциклопедиясы. 8-т. – А., 1976. – 447-6.

[4] Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-т. – А., 1974. – 183, 474–476-б6.

[5] Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. 102, 570-66.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А.,  2001. – 15-б.

[6] Жоңғар мемлекеті// Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-т. – Алматы, 1974. – 474–476-б6.

[7] Бабурнаме. 12, 13-6.; Тарих-и Рашиди. – 148-6.

[8] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын...  – А.,  2001. – 15-б.

[9] Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХV-ХVІІ вв., история, политика, дипломатия. – А., 1998. – 204-6.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – А.,  2001. – 15-б.

[10] Галиев Б. Хан Джангир и Орбулакская битва. – А., 1998, 34–45-6.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – А.,  2001. – 15–16-бб.

[11] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын.... – 16-б.

[12] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқийаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 918-6.

[13] Қазақ Совет энциклопедиясы. 10-т. – А., 1977. – 94-б.

[14] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 920-6.

[15] Қазақстан тарихы. 3-т. –А., 2010. -127-б.

[16] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. –А., 2008. – 921-6.

[17] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. –127–128-бб.

[18] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 921-6.

[19] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6-т. – А., 2004. – 10–11-бб.

[20] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 921–922-б6.

[21] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6-т. – А., 2004. – 11-б.

[22] Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – А., 2007. – 294 б.

[23] События и люди казахской степи (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект научной ремистификации//Научное знание и мифотворчество в современной историографии... – А., 2007. – 133–224-бб.

[24] Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – А., 2007. –175–176-бб.

[25] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. –Алматы, 2008.  – 922-6.

[26] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Издание 3-е, исправленное и дополненное. – А., 2007. –84-б.

[27] Қазақстан тарихы. 3-т. –А., 2010. –128-б.

[28] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін... – 922-6.

[29] Қазақстан тарихы. 3-т. – А. , 2010. – 128-б.

[30] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. –160-б.

[31] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін... – 922–923-бб.

[32] Аныракайский треугольник.... – А., 2008. – 48-б.

[33] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. – 130-б.

[34] Аныракайский треугольни.... – А., 2008. – 46-б.

[35]Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. – 161-б.

[36] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін... – 923-б.

[37] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. – 161-б.

[38] Аныракайский треугольник... – А., 2008. –46-б; Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. –163-б.

[39] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін... – 923/924 / -б.

[40]Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. –163-б.

[41] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик...– А., 2007. –169–175-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

1 пікір