Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 1793 0 пікір 31 Шілде, 2023 сағат 13:29

Құр құдық

Шәкәрім Құдайбердіұлы жатқан жер

Күз еді, салбыраңқы күн реңі,

Ауадан  қыс ызғары білінеді.

Жайлаудан ойға оралған көшті көріп,

Шәкәрім Қызыл жалда жүріп еді.

 

Ойында ештеңе жоқ елең қылар,

Өрекпіп өр кеудесі өлең құмар.

Винчестерін оқтап ап қаз атуға,

Бетке алып келе жатқан өзіңді дәл.

Алдынан тасыр-тұсыр оқ атылды,

Күн сәл-пәл бұлыңғырлау болатын-ды.

Тор жорға тоқтай қалды елең етіп,

Ұйқысынан оянған бала сынды.

Алдында атып жатқан адам да көп,

Айғайлап жайын айтар амал да жоқ.

«Шыңғыста банда бар» деп естуші едім,

Байқамай кезіктім бе соларға деп.

Аңырып ақын біраз тұрып қалды,

Өн бойын бір үрейлі суық шалды.

Қаңғырған оқ тиді ме бір мезгілде,

Қаңсырап оң қолы мен иық талды.

Қып-қызыл қанға бөгіп аттың жалы,

Ысылдап жан-жағынан оқ зырлады.

Оған да тиді ме, осқырынып,

Тор жорға толқып кетті астындағы.

Шуласып шыға келді кенет дүрмек,

Боқтасып, кәрі шалды кезек тілдеп.

Қарт ақын қарлығыңқы сөйлеп жатты,

«Керекпін мен сендерге, керекпін» деп.

Керекті ұғынатын онда бар ма?

Айналған бәрі бірдей жандаралға.

Атқандай ата жауын мейірленіп,

Қарық боп қызыл қанға қалды олар да!

Біреуі мұны дағы аздық еткен,

Бұл сұмдық шыға қоймас мәңгі де естен.

Кеудеге кезеп қойып ажал оғын,

Тағы да тартып салды нақ жүректен.

Көрсетпей бұл сұмдықты, бұл қылықты,

Көмуге тырысқандар ізгілікті.

Тауыпты Бақанастың бойындағы,

Талайдан кеуіп қалған Құр құдықты.

Жамылып қаскөйлікпен қара түнді,

Тастапты соған әкеп әз ақынды.

Отыз жыл таппай жатты содан соң да,

Шәкәрім аршып алар жанашырды.

Жаланы, жазаны да нақақ көріп,

Жан азығын, ұрпақтың жасап беріп.

Құр құдықта ол мәңгі қалар ма еді,

Қу сүйекті алмаса Ахат келіп!

Ей, халқым, сырды ұғынар, жырды ұғынар,

Шыңғыстаудың осындай шындығы бар.

Жазғырмайық өткенді, әйткенменен,

Жарты ғасыр жасырған кімді бұлар…

Жасырғанмен жата ма сыр ашылмай,

Жатырмыз жабыла оқып мұрасын бай.

Өлмес ақын өлеңі бізге қазір,

Өшпеймін, өшпеймін деп тұратындай…

(Поэмадан үзінді)

 

Төлеген Жанғалиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 777
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 584
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 481
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 494