Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 1681 0 пікір 17 Шілде, 2023 сағат 15:08

Орман өрті көбейді...

Павлодар облысындағы «Ертіс Орманы» резерватында шыққан өрт 850 гектар аумақты қамтыды. Мұны Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Өрт 15 шілдеде Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орманнан шыққан. Бүгін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Ертіс орманы» резерватындағы өрттің ауыздықталғанын мәлімдеді.

«Құрметті жерлестер! Бүгін сағат 14:00-де Шарбақты ауданындағы «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы табиғи өрт оқшауланды. Алдағы бірнеше күнде өртті толық сөндіру жоспарланып отыр. Бұл ретте өрт ошақтарын анықтап, олардың қайта тұтанбауын қадағалау маңызды. Сонымен қатар тілсіз жаумен күреске жұмылдырылған өрт сөндірушілер мен орманшыларға алғыс білдіремін», - деді Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жариялаған хабарламасында.

Бұған дейін өрттің Ресей аумағына өтіп кетуі мүмкін екені жарияланды.

«Найзағай түсу салдарынан Павлодар облысындағы Шарбақты ауданы мен Аққулы ауданындағы дала орманшылықтарында бірнеше өрт шықты. Ыстық, құрғақ ауа-райы мен ұйытқыған жел жағдайды өршітіп барады, өрт 400 гектар жерге жайылды. ТЖД өрттің Ресей Федерациясының аумағына өту қаупі бар екенін хабарлады», – деп мәлім етті Павлодар облысы ТЖ департаменті.

Жағдайды бақылауға алуға облыс әкімі Асайын Байханов пен төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ұшып кетті.

16 шілдеде тілсіз жаудың Ресей территориясына өту қаупі сейілді. Қазір аталған аумаққа 100-ден астам техника, 5 тікұшақ пен 300-ден астам адам жұмылдырылған. Бір тәулікте 22 рет су төгіліп, 66 текше метр су жұмсалған.

Өртті сөндіруге Астана қаласының, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының ТЖД күштері жұмылдырылған.

Дәл сол күні, 15 шілдеде Қазақстанның шығысында да өрт шықты. Абай облысы Көкентау ауылдық округіндегі таулы аймақта қураған шөп өртенді. Оның ауданы 3 мың гектарға жетті. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жетті.

Шошқалы курортында өрт шығуына байланысты әкімдік Абай облысының Бесқарағай ауданында төтенше жағдай режимін енгізді және аудан тұрғындарына Шошқалы көлдеріне бармауды ескертті.

Өртті жоюға жергілікті атқарушы органдардың, Абай облысы ТЖД және 68303 әскери бөлімінің күштері мен құралдары – барлығы 115 адам және 18 техника жұмылдырылды.

Бүгін сағат 07:14 шамасында өрт басылды.

Бұған дейін Абай облысындағы «Семей орманы» шаруашылығында шыққан ірі өрт бір айдан аса уақыт өткенде толық сөндірілген болатын. Сол өртте 15 адам қаза тапты, өрт ауданы 60 мың гектарға жетті. 12 маусым Қазақстанда қаралы күн болып жарияланды.

Бас прокуратура жұмысқа салғырттық және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі ашты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен алып, оның орнына Сырым Шәріпхановты қойды.

Кейінгі уақытта Қазақстанда орман өрті, қураған шөптің өртенуі көбейді. Күннің ыстығынан, найзағайдың түсуінен көрсек те, өрттің дер кезінде оқшауланбай талай жанның өмірін қиғанының себептері басқада. Президент Абай облысына барған кезде көп былықтың беті ашылған. Орманшылардың жалақысының аздығы, оларға қажет құрал-жабдық, көліктің жетіспейтіндігі, тіпті рациялары батареямен жабдықталмағандығы туралы жергілікті тұрғындар айтып берген болатын.

Бір жыл бұрын ғана Шығыс Қазақстан құрамынан жеке облыс болып шыққан Абай облысындағы адам өмірін жалмаған ірі өртке желі қолданушылары бұрынғы әкім Даниал Ахметовты кінәлады. Өйткені оның басқарған уақытында «Семей орман» шаруашылығына мемлекет қаражат бөліп, игеруге берген.

Бас прокуратура бұл өртке байланысты ТЖ жөніндегі экс-министр Юрий Ильин, экология министрі Зүлфия Сүлейменова, сондай-ақ облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев және Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтен жауап алынатынын мәлімдеген еді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1613
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1511
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1258
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1228