Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3211 0 пікір 14 Маусым, 2013 сағат 09:35

Сұлтан Хан Аққұлұлы. Алаш көсемін Мәскеуде коммуналдық пәтер мен әдеби қызмет тосып алды (жалғасы)

Суреттер мақала ішінде көрсетілген нөмірлері бойынша берілді. 1-13 ке дейінгі сандар суреттердің сайтқа орналасқан реті

1. № 9-сурет: Лиза Әлиханқызы студент жылдарында

2. № 10-сурет: Өктай (Сергей) Бөкейхан

3. № 11-сурет: Ә.Н.Бөкейхане немересі Ескендірмен

4-5. № 13-сурет: Самарда Әлихан отбасымен тұрған үй (кнәз В.Кугушевтің меншікті үйі, суретті түсірген Мұрат Сыдықов - Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы. Орал, 2012 ж.), № 14-суретСамарда Әлихан отбасымен тұрған үй - (суретті түсірген Мұрат Сыдықов - Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы. Орал, 2012 ж.)

6. № 15-сурет: Әлиханның зайыбы - Елена Яковлевна Севастьянова-Бөкейхан

7-8: № 16-17-суреттер: Ахмет Байтұрсныұлы ғалымдар арасында

9. 18-сурет: Әлихан Бөкейханның 1937 жылдың шілдесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасы

Суреттер мақала ішінде көрсетілген нөмірлері бойынша берілді. 1-13 ке дейінгі сандар суреттердің сайтқа орналасқан реті

1. № 9-сурет: Лиза Әлиханқызы студент жылдарында

2. № 10-сурет: Өктай (Сергей) Бөкейхан

3. № 11-сурет: Ә.Н.Бөкейхане немересі Ескендірмен

4-5. № 13-сурет: Самарда Әлихан отбасымен тұрған үй (кнәз В.Кугушевтің меншікті үйі, суретті түсірген Мұрат Сыдықов - Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы. Орал, 2012 ж.), № 14-суретСамарда Әлихан отбасымен тұрған үй - (суретті түсірген Мұрат Сыдықов - Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы. Орал, 2012 ж.)

6. № 15-сурет: Әлиханның зайыбы - Елена Яковлевна Севастьянова-Бөкейхан

7-8: № 16-17-суреттер: Ахмет Байтұрсныұлы ғалымдар арасында

9. 18-сурет: Әлихан Бөкейханның 1937 жылдың шілдесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасы

10. № 19 сурет: Нәзір Төреқұлов (Википедиядан)

11. № 20 сурет: Хиджаз, Неджд және қосылған облыстар патшалығының (қазіргі Сауд Арабиясы патшалығы) ханзадасы Фейсал Абдель Әзиз Ас-Сауди мен Кеңес одағының өкілетті өкілі (елшісі) Нәзір Төреқұлұлы. Джидда қаласы, 1929 жыл (Википедиядан).

12. № 21-сурет: Әлиханның Мәскеудегі Кіндік баспада істегені туралы пікір

13. № 23 сурет: Академик Ферсманның хаты

              

Қыр баласын - елағасын қазағы, татары, орысы аралас Қарқаралы жұртшылығы, арасында өзінің жақындары да бар, жылап-еңіреп шығарып салды. Бұл шамамен 1922 жылы қарашаның соңы мен желтоқсанның басы болатын. Мәскеуге қолын кісендеп, жанына күзет қосып 1922 жылы желтоқсанның бірінші жартысында жеткізді. Мәскеуге жетісімен ұлттардың істері бойынша халық комиссары И.Сталиннің Кремльдегі кабинетінен бір-ақ шықты. Одан бір ай бұрын не үшін және кімнің нұсқауымен тұтқындалғанын, өзін Мәскеуге кісендеп жеткізуге кімнің бұрық бергенін Алаш көсемі әлдеқашан іштей сезген-ді. Сталинмен арадағы әңгіме оның бар сезігін біржола сейілтеді. Әңгіме ұзаққа созылған. Алаш көсемінің өз сөзіне қарағанда, ол үйреншікті әдетіне салып ойын бетіне тіке айтпай, әдептілік сақтап, әзіл-шыны аралас, мақал-мәтелдетіп сөйлейді. Өйткені, И.Сталиннің ойында не барын болжап болмайды. Бір кезде күткендегідей: «Сіздің жақтағы коммунистердің жайы қалай?» – деген астарлы сұрағын төтесінен қойды. Бір сәт қана ойланған Ә.Бөкейхан былай деп жауап береді: «Шығыста мақал-мәтелдеп сөйлейтінін сіз білесіз ғой. Қарсы болмасаңыз, мен сізге бір мәтел айтып берейін. Әлбетте, сіз Қожа Насреддинді білесіз. Күндердің бір күнінде қолына ұстаған жалғыз тағасы ол бір жиынға барады. Жұрт одан: - Қолыңа ұстағаның не? – деп сұрайды. Насреддин оларға: - Бұл есегімнің тағасы. Енді арманым толық орындалуы үшін маған бір есек пен тағы үш таға жетпей тұр, - деп тіл қатады. Міне Қазақстандағы коммунистердің жағдайын осылай сипаттар едім».

Сталин қазақ көсемінің ащы да болса шындыққа жақын мәтелін түсініп, бір сәт ойланғандай болып: - Мәскеуде бола тұрыңыз. Сізге пәтер мен жұмыс қарастыр деп мен Төреқұлов жолдасқа тапсырма бердім. Менің сізге қоятын бір талабым бар: елге оралмаңыз, қырға қарай аяқ баспаңыз! – деп қойып қалады.11

И.Сталиннің 6 миллионан астам қазақтың көсеміне Мәскеуден тауып берген пәтері мынау: Большой Кисловский көшесі [переулок], 4 үй, № 15 коммуналды пәтер. Оны пәтер деп ауыз толтырып айту қиын. Ә.Бөкейханның үлесіне тигені - 7 бөлмелі пәтердің терезесі көшеге қараған ең ақырғы бір бөлмесі. Совет өкіметінің «қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылуға» бел буған Елағасы оған да көнді: берген баспанасын не азсынып, не менсінбеген, намыстанған сыңай танытпады. Өзінің ізінше Мәскеуге келген қызы Елизавета [№ 9-сурет] мен ұлы Өктай [10-сурет],12 шамамен 1925 жылы қызынан туған немересі Ескендір [№ 11, сурет]13 қосылып, 4 жан осы алақандай бөлмеде сыр бермей 15 жыл тұрды. Әкесінің қолында тұрып қызы – Лизажан (күнделікті өмірде және А.Байтұрсынұлына жазған хаттарында Әлекең қызын осылай атайды) – мәдицина университетін бітіріп, Мәскеуде әкесінің қасында қалса, ұлы Өктай (төлқұжатындағы есімі Сергей) – Мәскеудің тау-кен институтын тәмамдап, Жекзқазған түсті метал кенішін игеруге аттанып, әкесі «халық жауы» деген нақақ айыппен өлім жазасына кесілген 1937 жылдың қыркүйегіне дейін бас инженер қызметін атқарады.

Әйтсе де Алаш көсемінің мәскеулік баспанасын сонау қарғыс атқан патша заманында Самарда саяси айдауда жүріп тұрған 3 қабатты үйімен салыстыруға тіпті келмейді. Орыс ақсүйегі, кадет партиясының Самар тобының мүшесі, кнәз В.А.Кугушевтің Казанская көшесі, № 30 үйінде [№ 13, 14-сурет] Ә.Бөкейхан саяси айдауда жүрген 1909-1917 жылдары отбасымен бірге тұрды. Ол кезде сүйікті жары Елена Севастьянова-Бөкейханның әлі дені-басы сау болатын [15-сурет]. 1921 жылдың күзінде сүзек ауруынан ерте дүние салған жарын Әлекең марқұмның ақырғы өтінішін бұлжытпай орындап, Семейде поп шақырып христиан рәсімі бойынша жерлеп, екі баласын жалғыз асырап қалған еді.14

Мәскеудегі бір бөлмелі коммуналдық пәтері тар болса да, оның табалдырығын аттамаған, ұлт көсемінің кең дастарханынан дәм татпаған қазақ кемде-кем болатын. Өзінің туған іні-қарындастарын айтпағанда, 1920-30-жылдары Мәскеуде жауапты партиялық-мемлекеттік лауазымдарда отырған қазақ совет қайраткерлері Т.Рысқұлұлы. С.Қожанұлы, Н.Нұрмақұлы, өзінің жалғыз күйеу баласы С.Садуақасұлы, қызмет бабымен сирек те болса келіп тұратын бұрынғы үзеңгілестері А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Жанша және Халел Досмұхамедұлдары,15 әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүрген кезінде М.Жұмабайұлы, Ленинградта оқып жүрген М.Әуезұлы мен Ә.Марғұлан және т.б. ұлт көсемінің амандығып біліп, дәм татып кететін. Алашорда қайраткерлерін, жалпы көзі ашық көкірегі ояу қазақ зиялылары мен белсенділерін жаппай қудалау саясаты етек алған 1920-жылдардың соңы мен 30-жылдары Әлекеңнің осы тар пәтері маңызды орын алды. Атап айтқанда, совет өкіметінің азап лагерлері – ГУЛАГ-тарда айдауда жүрген бұрынғы үзеңгілестерінің туған-туысқандары ит-жеккенге барып, кейін елге қайтар жолында Алаш көсемінің осы тар пәтеріне аялдап, 2-3 түнеп қайтатын. Оған Әлекеңнің Соловецк лагерінің Тунгутск бөлімінде «жазасын» өтеп жүрген Міржақып-Мадияр Дулатұлына 1934 жылдың 26 қыркүйегінде жазған мынадай шағын хаты дәлел болады: «Шырақ Мадиярым! Гая, Әлтай екі түнеп, бүгін жүріп кетті. Шығарып салып жазып отырмын...».16

Қарағандылық журналист әрі Алашорда төрағасының өмірін зерттеуші ғалым, марқұм Ж.Бектұровтың мәліметіне сәйкес, Архангельск облысындағы азап лагеріне жабылған А.Байтұрсынұлын М.Горькийдің зайыбы Е.Пешкованы араға салып, 1934 жылы шығарып алған Ә.Бөкейхан көрінеді. Е.Пешкова ол кезде Қызыл Крест ұйымының комиссиясында қызметте жүрген. Лагерден шыққан соң Ахаң Мәскеуде елағасының әлгі пәтерін тарсынбай түнеп, лагерде жазған кезекті ғылыми еңбегінің қолжазбасын сеніп қалдырып кетіпті. Көп ұзамай өзінің де кезегі келетінін айқын сезген Алаш көсемі ол қолжазбаны ұзақ уақыттан бергі досы, ғылыми әріптесі, үндітанушы-академик С.Ф.Ольденбургке тапсырыпты.17 Әзірше ол қолжазба қолға түспей тұр.

Сәті келген соң айта кетейін, Ольденбургпен А.Байтұрсынұлының өзі де Әлекең арқылы жақсы таныс болатын. Олардың таныстығына С.-Петербор қаласындағы Ресей ұлттық кітапханасында сақталған үндітанушы-ғалымның жеке қорынан 2009 жылы табылған 2 фотосурет куә болады [№ 16, 17-суреттер].  

Ал Алаш көсеміне Мәскеуден «табылған» қызметке тоқталсам, 1937 жылдың шілдесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасында» жазып көрсеткеніндей [18-сурет], 1922 жылдан СССР халықтарының Кіндік баспасында ғылыми қызметкер (Центральное издательство народов СССР или ЦИН СССР), 1926-1927 жылдары – СССР Ғылым Академиясында (СССР ҒА) ғылыми қызметкер болып істейді. Ғылым Академиясы әлі де Ленинградта болатын. Академик Әлкей Марғұлан өзі марқұм болғаннан кейін ғана жарық көрген естелігінде Ә.Бөкейханның Ленинград университетінің профессоры болып та сабақ бергенін жазып қалдырыпты.18 Бұл естелікте болашақ академиктің Алаш көсемінің ыждаһатымен СССР ҒА-сының антропологиялық экспедициясы құрамында Адай оязында жұмыс істеген 1926 жыл сөз болып отырғанын ескерсек, демек Ә.Бөкейхан Ленинград университетіне 1925-1927 жылдары профессор болған. Оның алдында, 1922-1928 жылдары, СССР Кіндік баспасы басқармасының төрағасы болып отырған Н.Төреқұлұлы [№ 19, 20-сурет]19 И.Сталиннің тапсырысымен Ә.Бөкейханды өзінің қоластына қызметке алады.

Назар аудара кететін бір қызықты жайт 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің қарсаңында, бұл І-нші дүниежүзілік соғыстың қайнап тұрған кезі, Нәзір Батыс майданның тылын қамтамасыз ететін Земгорсоюз ұйымының Ә.Бөкейхан ашып басқарған Бұратана бөлімінде, ұлт көсемінің қоластында қызмет етеді. Алаш көсемі Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары болып тағайындалған соң Н.Төреқұлұлы енді Торғайдан бір-ақ шығады. Демек, ол облыс комиссарының аппаратында қызмет істесе ғажап емес. Арада 5 жылдай өтіп ол енді ұлт көсемін қызметке алады. Тағдыр тәлкегі немесе тағдыр мазағы деген осы-ау, сірә!

Елағасының Кіндік баспада атқарған қызметі туралы 1927 жылы жазылған ресми пікірде оның қай уақытта қандай қызметке алынғаны нақты көрсетілген:

«Гр. А.Н.Букейханов служил с 14 декабря 1922 г. по 1 октября 1927 г. литературным сотрудником Казакской секции Центрального Издательства Народов С.С.С.Р. в Москве» [№ 21-сурет].

Мемлекет қайраткері - автономия төрағасы, ұлт көсемі, елағасы деген барша жұрт мойындаған биік мәртебесі бар Ә.Бөкейхан жаңа қызметін өзіне лайық көрмей, менменсіп, немқұрайды қараған жоқ па? – деген сұрақ туары да заңды. Оның әдеби немесе ғылыми қызметкер деген жұмысын қандай көңіл-күймен қабылдағанын болжап-топшылап жатпай-ақ, 1923 жылдың маусым-шілдесінде Мәскеуден Дінше Әбілұлына жазған шағын хатынан айқын байқауға болады:

«Москва. Воздвиженка.

Б[ольшой]. Кисловский переулок,

дом 4, квартира [] 15.

Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға»,20 «Темірқазыққа»21 неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!

Сүйдім, Әлихан».22

Алаш көсемінің өз басы газет-журналға мақала, қазақ оқу мекемелерінің оқытушы-оқушыларына арналған кітаптар мен оқу құралдарын және оқыту әдістемелерін жазып, халқына қызмет етудің теңдессіз үлгі-өнегесін көрсетеді. Өзі алыс Мәскеуде тұрса да, оның Қыр баласы, сирек те болса Ғ.Б. немесе V деген таңбамен қол қойған мақаласы, қайсыбір көркем шығармаға не әдеби және т.б. аудармаға жазған пікірі, зерттеуі, ашық хаты және т.б. туындысы жарық көрмеген мерзімді қазақ баспасөзін ұшырату қиын еді.

Ә.Бөкейхан Кіндік баспаның Қазақ бөліміндегі әдебиетші қызметін 1923 жылы қазақ тілінде мектеп оқушыларына арналған «Темірқазық» журналын шығарудан бастады десе қате болмайды. Дінше інісіне «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? – деп кейігендей болып жай жазбаса керек, «Темірқазық» журналының Кіндік баспадан шыққан алғашқы үш санын да Қыр баласы өз материалдарымен толтырды. Оның ішінде Әубәкір (Әбубәкір) Диваев жазып алып 1922 жылы Ташкенттен басып шығарған «Мырза Едіге», «Батыр Бекет» жырларына жазған пікірлері,23 В.Короленко мен Н.Маркстің балаларға арналған әңгімелерінің аудармалары,24 «Луи Пастер», «Білім күші», «Хахас» атты мақалалары және т.б. Алайда, Алаш көсемінің «Темірқазығы» 2-3 сандары қосылып шыққан соң, әзірге беймәлім себеппен тоқтатылады. Мәскеуде журнал шығаруын қанағат тұтпай, елағасы Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газеті мен оған қосымша ретінде шыға бастаған «Сәуле» журналына 1923 жылы 10-даған мақаласы мен әдеби аудармасын жариялайды.

Оған қоса А.Байтұрсынұлы жазып алып өңдеген «Ер Сайын» жыры25 мен «Ер Тарғын» эпосының В.Радлов көшіріп алған нұсқасын26 алғысөзі мен ғылыми түсініктерін жазып, өңдеп жеке-жеке кітап етіп басып шығарады. В.Короленконың «Макардың түсі» әңгімесін қазақшалап бастырады. Л.Толстойдың әйгілі «Қажымұрат» повесін тәржімелеп, үзінділерін 1923 жылы «Ақ жол» газетіне ұсынады.27 Осы газетте Қыр баласы тегі ирланд, ағылшын жазушысы, ақын, эстет әрі философ Оскар Уайлдтың «Жұлдыз бала» әңгімесін ана тілінде жариялады.28

Міне бұл Қыр баласы - елағасының Мәскеудегі Кіндік баспада қызмет еткен алғашқы 1923 жылы ғана атқарған ісі болатын. 1924 жылғы шығармашылығы одан бір кем емес-ті. Оның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының В.Радлов жазып алған үлгісін алғысөзі мен түсініктерін жазып, өңдеп басып шығарса,29 Л.Толстойдың «Қажымұратын»,30 әйгілі француз астрономы Камиль Фламмарионның «Астрономия әліп-биін»31 мектеп оқушыларына арнап қазақшалап жеке-жеке кітап қылып шығарады. «Ақ жол» газеті мен «Сәуле» журналына орыс классиктерінен Л.Толстойдың, И.Тургеневтің, сондай-ақ Н.Маркс пен Жириковтың, Алтайдың түркітілдес халықтары мен моңғолдың және француз классигі Ги де Мопассанның балаларға арналған шағын көркем әңгімелерін қазақшалап жариялады. «Қосшы» газеті мен «Жас қазақ» және «Жас қайрат» журналдарынан халқына жолдаған ашық хаттары, үндеулері, пікірлері, мақалалары жарық көрді.

Ә.Бөкейханның көркем аудармаларының ішінен «Қажымұрат» повесінің аударылып, кітап болып шығуының өзіндік хикаясы бар көрінеді. Райымжан Әзіханұлы Бөкейхановтың Мәскеуде ағасының өз аузынан естіген әңгімесіне қарағанда, повесті аударып болып, баспаға берерден бұрын Қыр баласы кітапты оның бас кейіпкері – Қажымұраттың портретімен беруді ойлайды да, Мәскеуде өзіне жақсы таныс бір суретшіні тауып алып, оны Қажымұраттың шығармада сипатталған бейнесі бойынша суретін салып беруге көндіреді. Повесті Л.Толстойдың өзі алғаш басып шығарғанда, кітапта бас кейіпкердің портреті не суреті болмаған. Қыр баласының аудармасы Қажымұраттың суретімен басылып шығады.

Қыр баласының «Ақ жол» мен «Қосшы» газеттерінде жарық көрген «Білімге жалынған жұрт орман-бағын қалай қориды?», «Үлгі алыңдар!» және «Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі» сынды мақалалары да елең еткізбей қоймайды. Туған елі мен даласынан 3-4 мың шақырым қиырда жүрсе де, елінің бүгіні мен ертеңін ойлаған Қыр баласы, мысалға, бірінші мақаласында алма, өрік бақтарын, жалпы егістікті зиянкес жәндіктерден қорғауда білім мен ғылым күшіне сүйенген Солтүстік Америка фермерлерінің жемісті тәжірибесін жан-жақты сипаттай келіп, туған халқын сол тәжірибемен қарулануға үндейді. «Калифорния аймағында өрікке бір бит түсіп, бір жылда 1 миллиард 690 миллион 600 мың сом залал келтірген. Бұған қарсы бір бурыл қоңыз тапқан, осы қоңыздың арқасында өрік бәледен құтылып, бақ иесі адамдар шығыннан құтылған», - дей келіп, Қыр баласы өз еліндегі егінін, бау-бағын зиянкестерден қорғай алмаған қазақ шаруасының дәрменсіздігін өкінішпен былай суреттейді: - Біздің Түркістанда да бақ бар. Онда да өрік, мейіз, алманы жеп жұтатын жауы бар. Америка әдісін қылып, онан бағын қорғаған адам жоқ. Бұл бізде білім жоқтығы. Өрік, мейіз гүлдемей қалса, құдайға, шайтанға  жаланы жаба салып жүре береміз, «қап!» деп отыра береміз. Біздің Түркістанның, Қазақстанның егінінің жұты шегіртке, тарақ құйрық тышқан. Шегірткенің жұты қараала торғай, тарақ құйрықтың жұты – күзен. Қараала торғай әсіресе қораға үйір болады, балапанын адам баласы салған ұяда өсіріп ұшырады, адамға үйір болады.

Шегірткеге келсе, жер соғып отырып қаламыз, қараала торғайды асырамаймыз. Міне бір адасқандық. Күзен бұл болды деп, күз болды - күзенді қырып саламыз... Егінді тарақ құйрық жеп, жер соғып отырамыз».32

«Үлгі алыңдар!» мақаласында Даниядағы төрт түлік мал, үй құсы иелерінің кооперативке бірігіп, сүт-май, ет, жұмыртқа және т.б. мал шаруашылығы өнімдерін заманының ең үздік техникасы мен технологиясын және химиялық тыңайтқыштарын қолдана отырып өндіріп, басқа елдерге экспортқа сатып, байлыққа кенеліп отырғанын ісінен үлгі алуға шақырады. Ә.Бөкейхан былай деп жазады: «Мұнан 40 жыл бұрын Дания біз секілді малын тірідей базарға сататын еді. Осы күні (1900-інші жылы) мал соятын 29 кәператибі бар. 1899-ыншы жылы бұлар 17 миллион сомға ет сатқан. Осы ет сататын кәператипке 96 мың үй кірген. Бір үйге ет сатқаннан кірген ақша 304 сом болған. Бұл кәператип мүшелерінің бір жылғы еткен кірісі».

Қыр баласының мәліметі бойынша, сарымай мен еттен басқа мал бағып, үй құсын асыраған Дания елі жұмыртқа өндірісін кооператив арқылы көтеріп, өнімін Еуропаның өзге елдеріне экспорттап сатқан. Сонау баста бұл кооперативті ашуға ауыл-ауылда бала оқытып жүрген Боркенсен мен Миллер 2 дін қызметкері (мақалада «молда») мұрындық болыпты. «Әуелі кәператип мүшелері аз болса да, - деп ойын жалғастырады Қыр баласы, - 5 жыл ішінде 269 кәператип ашылып, мүшелері 20 мыңға жетіп, бір жылда Англияға 1 миллионнан артық жұмыртқа сатады. Кәператипке кіргендер үй басына жұмыртқадан 46 сом кіргізеді».

Қыр баласының мәлімдеуінше, Еуропада бұқара халық күнделікті қажетінен артық қаражат тапса, «сақтық серіктігіне» немесе банкке салып сақтайды. Мақала авторының пікірінше, банкке жиналған ақша көлеміне қарай қай ел мен халықтың қаншалықты бай екені байқалады. Мақаласында Қыр баласы келтірген мәліметтерге қарағанда, бүкіл Батыс Еуропада банкте ақша ұстаған азаматтарының саны жағынан Дания Еуропаның ірі елдерінен ат басы алда келеді:

- Данияда – 46 адам,

- Германияда – 26 адам,

- Франсияда – 29 адам,

- Ресейде - 3 адам.

Қыр баласының мәліметіне сәйкес, банкте ақша ұстаған әрбір азаматының үлесіндегі ақша көлемі жағынан тағы да Дания – Ресейді айтпағанда, Германия мен Францияны артта қалдырыпты:

- Данияда – 139 сом,

- Германияда – 69 сом,

- Франсияда – 41 сом,

- Ресейде - 7сом. 

Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19 жарым есе бай, - деп мәлімдейді Қыр баласы. Өйткені, «Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді». Бар гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес, - деп есептейді мақала авторы, - егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!

«Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек»,33 - деп ойын қорытады Қыр баласы.

«Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі» мақаласында автордың не айтып отырғанын атауынан-ақ анық аңғаруға болады.34

1924 жылдың соңында «Жас қазақ» журналында «Самат өлеңдеріне сын» айдарымен жарық көрген әдеби сын мақаласының да орны бір төбе. Мақалада V деп қол қойған автор өзі қарастырып отырған ақын шығармасынан поэзия атаулыға пайдасынан залалы ауыр болатынын ашық жазады: «Нұржанұлы Саматың «төңкерісшіл» сырлы өлеңдерін оқып шықтым. Әдебиет майданында дәуірден дәуірге көшкен уақытта Самат сықылды жаңа талап «ақындар» көп болады. Олардың өлеңін жете қарастырмай болмайды. Өйткені олар «менсінбейді, бойымызды өсіргісі келмейді» дегендей көңіліне келеді – бір, екіншісі – олардың өлеңін сынамай жібере берсең «шілдірік» сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотырала қойдай болдырады, аздырады».

Самат Нұржанұлының Абайдан, С.Дөнентайұлы, Б.Майлыұлы (Майлин), С.Сейфоллаұлы (Сейфуллин) сынды ақындардан ұрлап-жымқырған өлең жолдарын тізіп келтіріп, Саматты ақын емес - «шарлатан» деп атайды және өзге ақындарды «шарлатандардан» аулақ жүруге шақырады: «Анадан бір сөзді, мынадан бір сөзді жырмалап ескі пікірмен және «қара барандатқан» жел сөзді қосып, жұрттың қараңғылығы мен білімсіздігін пайдаланып көзін уқалап «төңкеріс ақыны», «еңбекшілдер ақыны» бола қоямын деу – тым ұятсыздық. Мұндай адамды Еуропада «шарлатан» дейді. Біздің әдебиетке қатысы бар азаматтардың бір есінде болатын нәрсесі – шарлатандықтан сақтану! ...Сонымен Самат «ақын»-ның өлеңдерін тексеріп, бақайшығын шаққанда, не төңкеріске, не еңбекшілдерге, не әдебиетке пайдалы сөз көре алмадым».35  

Белгілі әдебиеттанушы марқұм Б.Кенжебаевтың жазуынша, «Самат өлеңдеріне сын» мақаласы жарық көргеннен кейін, совет құрылысының тағы бір насихатшысы, «бұлбұлы» болуға үміттенген Самат Нұржанұлы поэзиядан біржола безген көрінеді.

Ә.Бөкейхан Мәскеуде қаннан қаперсіз жұмыс істеді, еліндегі қазақ басылымдарда ешбір шектеусіз жарияланып тұрды деген жаңсақ пікір қалыптасуы мүмкін. Ал шындығына келгенде олай емес-ті. «Темірқазық» журналының шығуын 3-санына кейін күтпеген жерден тоқтатқаны жоғарыда айтылды. Ол аздай Алыс Мәскеуде жүрген елағасының үстінен Кремльге арыз-шағымдар да судай ағылған көрінеді. Сондай бір арыз туралы Әлекең бүгінгі күнге жеткен сирек хатының бірінде жазды. Хат 1925 жылы Мәскеуден А.Байтұрсынұлына жолданыпты. Бірақ хаттың Ахаңа жеткен-жетпегені белгісіз. Олай дейтін себеп: хаттың орысшаға аударылған нұсқасы 1992 жылы Қазақстанның ол кезде әлі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК немесе КГБ – қазіргі ҰҚК-КНБ) мұрағатынан алынған-ды. Хатта әлгі «дөңгелек арыз» бен оның салдарын Алаш көсемі былай суреттейді:

«Меңдешев жолдас «Бөкейханов «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», - деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитет жанындағы баспа бөліміне түсіпті. Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиесінше тезден өткізді.

Мәскеу коммунистері «қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: - Айтып жүргендерің не? – деп сұрасам, олар: - Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған өз қазақтарың, - деп айтады».36

Ерекше назар аударатын жайт: бұл «дөңгелектің арызды» қатардағы «шала белсенді», коммунист  болуды аңсаған пысықай немесе, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ – елдегі партия басшылығында отырған «нағыз 96 пробалы» қазақ коммунисі емес, Мәскеуде КСРО Орталық атқару комитеті төралқасының мүшесі болып жүрген Сейітқали Меңдешұлы37 (Меңдешев) жазған.

Ащы да болса да мойындау керек: отаршыл патша билігіне қарсы тұрған жылдары да, қылышынан қан сорғалаған совет өкіметі үстемдік еткен кезеңде де Алаш қайраткерлері, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Ақбайұлы және басқалары, жәбірді жауынан емес-ау, қазағынан көрді емес пе! Қазақ дегенде болыстыққа таласып пәле-жала қуған надан, бірақ мансапқор қазағынан емес, жоғары білімді заңгер, Мемлекеттік думаның депутаты болған Бақытжан Қаратаев, Көлбай Тоғысұлы, Әліби Жангелдин (Степнов), Сейітқали Меңдешұлы [№ 22-сурет] сынды көзі ашық, көкірегі ояу қандастарынан көрді. Осындай нақақ шағыммен 1907, 1909, 1914, 1929 жылдары түрмеде отырған А.Байтұрсынұлының бірде:

 Ешнәрсе емес абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған қиын осылардың бәрінен

Өз ауылыңның иттері үріп жатқаны, - деп жазғаны бар еді. Ахаң жазғандай-ақ, Алаш көсемі туған өлкесінен қуылып, Самар гүбернесінде саяси айдауда жүрген кезінде де ұлт-азаттық күресінің «жолбикелері» қыр соңынан қалмай, арыз-шағымдарын судай ағытқан. Мысалға, 1917 жылы «Қазақ» баспаханасы» айдарлы мақаласында М.Дулатұлы журналистік тергеу жүргізіп анықтап, «Қазақ» баспаханасы» мақаласында әшкерелеп жазғандай, 1914-1916 жылдары «Қазақ» газетін жаптырмақ болып, тұңғыш ұлттық басылымға ақшалай 1500-3000 сомдық айыппұл салдырып, оның бас шығарушысы А.Байтұрсынұлын абақтыға отырғызған, 1916 жылы М.Дулатұлының Орынбордағы пәтеріне тінту жүргіздірген, ол аздай Орал генерал-губернаторы арқылы Самар жандармериясы бастығына Ә.Бөкейхан туралы телеграм бергізіп, Самардан «Бөкейхановты сыртынан бақылап жүрміз» деген хабар алған Бақытжан Қаратаевтың өзі мен жақындары болыпты.38

М.Дулатұлының өз сөзімен айтсақ: құдай қарғаған «бауырларының» нақақ арыз-шағымдары Қыр баласы – елағасының қыр соңынан совет тұсында да бір қалмады. Бұл жолы Ә.Бөкейхан «шала белсенді» қазақ коммунистерінің алдында «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазғаны үшін «айыпты» болды. А.Байтұрсынұлы 1925 жылдың 1 маусымында Әлиханға жазған хатында «біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, «нағыз 96 пробалы»39 - деп жазса, оған 23 маусымда жазған жауабында Елағасы Ленинге еліктеген С.Меңдешұлы, С.Сейфуллин сынды қазақ коммунистерін Юпитер болуды аңсаған бұқаға теңейді.40 Міне сол «бұқалардың» жазған арыз-шағымдарының нәтижесінде «Еңбекші қазақ» газеті беттерінен 1925 жылдан кейін Қыр баласы, Ғ.Б. немесе тіпті V деп қол қойылған бірлі-жарым мақала-материалды ұшырату өте қиын. С.Меңдешұлының шағымы Кремльге 1925 жылдың мамырында түскен болса, Қыр баласының «Еңбекші қазақ» газетінен әзірше табылған соңғы мақаласы – 1925 жылғы 14 мамыр санында шықса,41 V деп қол қойылған «Әдебиет дүниесінде» атты мақала – 1926 жылдың 7 қазанында басылды.42

Ол аздай, 1925 жылдың 29 мамырда И.Сталиннің РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған «Қазақ баспасөзі туралы» хатында Ташкентте шығып келген «Ақ жол» газеті мен «ақгвардияшыл эмигрант» М.Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын нұсқап, партияда жоқ зиялыларды коммунистік басылымға жолатпауды (!) талап етуінен43 соң, Ә.Бөкейханның негізінен Қыр баласы, Ғ.Б. деген бүркеніш есімдерімен белсенді жарияланып келген бұл басылымның күні де құрдымға тақады.

РК(б)П Орталық комитетіне С.Меңдешұлының әлгі арызы түскен 1925 жылдан бастап Ә.Бөкейханның Қыр баласы және V деп қол қойған мақала, жаңа шыққан кітаптарға жазған сыни пікірлері, көркем-әдеби және т.б. аудармалары негізінен «Жаңа мектеп» журналында,  1926 жылдан «Әйел теңдігі» журналында қарама-қатар көптеп жариялана береді. Қыр баласының мақалаларын сирек болса да Қазақстанның «Қосшы», «Теңдік», «Кедей теңдігі» сынды өлкелік-облыстық газеттерінен де ұшыратуға болады.44

Алаш кеөсемінің 1925-1928 жылдар аралығындағы еңбектерінен Л.Толстойдың, ежелгі грек әдебиетінің өкілі Эзоп пен үнді мысалдарын қазақшалап басып шығарған «Жетпіс жеті мысал» жинағын, тағы да Л.Толстойдың «Кавказ тұтқыны», «Жеті қарақшы» және «Жұмыртқадай бидай», Д.Мамин-Сибиряктың «Баймақан», В.Короленконың «Жұмбақ қыз», «Түндегі от» және «Өзі» әңгімелерінің жеке-жеке жинақтарын, ауыз әдебиетінің А.Байтұрсынұлы жазып алған үлгілерін өңдеп, алғысөзін жазып шығарған «Жиырма үш жоқтау»45 кітабын, орта мектептерге арналған «Дүниенің құрылысы» және «Жердің қысқаша тарихы»46 оқулықтарын атап өтуге болады. Орыс тіліндегі «Казаки Адаевского уезда» және «Сельское хозяйство Кара-Калпакской области» сынды төл ғылыми зерттеулерінің орны бөлек және олардың өзгеше тарихы бар.

Совет өкіметі Ә.Бөкейханды қазақ ұлтының шынайы көсемі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, Азамат соғысы жылдарында қызыл әскерге қарсы қарулы күресті басқарған «буржуазияшыл ұлтшыл», бітіспес саяси жауы көрумен қатар, ғалым әрі Қазақстанды бес саусағындай білетін теңдессіз сарапшы ретінде мойындамасқа амалы қалмаса керек. Оған 1920 жылы Қазақстан төңкеріс комитетінің төрағасы (Киргизский революционный комитет немесе Кирревком), 1920-1923 жылдары Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің (ХКК) төрағасы болған В.Радус-Зенковичтің47 1921 жылы 13 маусымда Кремльде айтқан «Бөкейханов – өлкенің үздік білгірі. Оны дұрыс пайдалана білу қажет» («Букейханов - лучший знаток края. Его необходимо умеючи использовать»48) деген сөзі дәлел болады. Көп ұзамай 1925-жылдың соңы мен 1926 жылдың басында СССР Ғылым Акамедиясында одақтас және автономиялық республикаларды зерттейтін академик А.Е.Ферсман басқарған арнаулы комитет құрылды (Особый комитет АН СССР по исследованию союзных и автономных республик). Сәлімгерей Қаратілеуұлы 1929 жылдың 2 шілдесінде Алматыда НКВД тергеушілеріне берген жауабында «Академия (СССР Ғылым Академиясы) Қазақстаннан зерттеу жұмыстарына тапсырыс алған соң, ол Швецов арқылы оның жақсы танысы - Бөкейхановты Қазақстанның теңдессіз білгірі ретінде дереу жұмысқа шақырғанын», 6 шілде күнгі тергеуде «ҒА-сымен келісім жасағанда (Қазақстан халық комиссарлар кеңесі мен СССР Ғылым Академиясының арасындағы келісім) экспедицияның жетекшісі экспедицияны өзі таңдаған адамдарымен жасақтауға тиіс деген пункты болғанын»49 атап көрсетеді. Шынында да 1926 жылдың шілдесінде Ә.Бөкейхан А.Ферсманның шақыруымен Қазақстан бойынша сарапшы болып арнаулы комитеттің құрамына қабылданады [№ 23-сурет].

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір