Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Тарих 2553 5 пікір 5 Шілде, 2023 сағат 13:20

Патшалық Ресеймен соғысқан қазақтар: Тазабек батыр

Тазабек батыр және Іле оқиғасы

Тазабек Пұсырманұлы 1800 (1805 ж...?) жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында өмірге келген. 1872 жылы Верный (Алматы) түрмесінде қайтыс болған. Сүйегі Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылына жерленген. Тазабек патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрескен батыр, ел басқарған би. Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың ортасында Албан тайпасының 24 биі, 2 сұлтаны бар екенін (немесе болғанын) айта келіп, билердің ішінде Тазабек Пұсырманов, деп атын атайды.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Жетісудың саяси жағдайы аса күрделі кезеңде болды. Бұл өлкенің басым бөлігі ешкімге тікелей бағынбаған бейтарап аймақ болғандықтан, Ресей, Қоқан, Қытай қатарлы үш үлкен империяның таласына түсті. 1842 жылдан бастап Орман хан бастаған қырғыздар да Жетісуға көз алартты. Қарапайым халық қыспақта қалды. Қоқандықтар Ұзынағашқа дейін жетіп, Қаскелең өзенінің жағасына Таушүбек бекінісін салды. Ресей күштері Семейден Қапалға дейін бекініс салып, тұтас Жетісуды өзіне қаратуға ұмтылды. Ал, шығыстан қытайларда қазақтың төре-сұлтан, билеріне шекпен жауып, шен беріп, өзіне бағындыруға жанталасты. Қытай шекарасын күзететін қарауыл қалмақтар ара-тұра қазақ ауылдарын шауып, елді тонады. Ел мен жердің тағдыры шешілгелі тұрған қиын сәтте, билердің билік айтатын шешуші кезеңі туды. Осы тұста қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу ең маңызды іс болды. Отарлаушы үш елмен бірдей тіл табысып келісімге келу де, соғысу да мүмкін емес еді. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, аюды алдап, айдаһарды арбап, қоқанға өзгенің қолымен қол жұмсап, бір оқпен екі қоян ататын айла керек болды. Тазабек батыр және өзге де би-сұлтандар халық үшін басқа шығар жол таппағандықтан екі жақты келісім арқылы патшалық Ресейдің билігін мойындап, Қытай мен Қоқанға қарсы Ресейдің күшін пайдалануды көздейді. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақтың би-сұлтандары ақылдасып, 1846 жылы Лепсіде Ұлы жүз қазақтарының құрылтайында маңызды шешімдер жасайды. Тазабек батыр да осы жолғы құрылтайға қатысып, патшалық Ресеймен болған арадағы саяси қарым-қатынастар туралы құжатқа мөр басады. Ал, Жетісуға аяғы жеткен Ресей күштері өзіне қараған елдің басшыларына шен беріп, қызмет ұсынады. Олар Тазабек батырды Батыс Сібір әскери корпусының Жетісу бөлімшесіне қызметке орналастырып, 1859 жылы 19 қыркүйекте прапорщик шенін ұсынып, подпоручик шенін береді. Тезек төреге капитан шенін беріп, шекпен жауып, Батыс Сібір генерал-губернаторының ұйғарымымен албандардың аға сұлтаны етіп тағайындайды.

Ресей 1851 жылы 25 шілдеде Қытаймен Құлжа сауда келісімін жасайды. Қазақтардан қолдау тапқан патшалық Ресей 1851 жылы мамырдың ортасында Қоқанға қарасты Таушүбек (Алматының батыс жағында) бекінісін алу тапсырмасын Қапалдан аттанған подполковник Карбышев тобына жүктейді. 26 мамырда Қапалдан аттанған подполковник Карбышев тобына жолдан Жалайыр төресі Сөктің балалары өз қосынымен ілеседі. Отряд Талғар өзенінің Ілеге құйған жеріне келгенде, Албан төресі Хакімбектің баласы Нұрәлі мен Суаннан Ибақ баласы Адамсарт қалың қолымен қосылды. 1851 жылы шілденің 7 күні Таушүбек бекінісі соғыссыз берілді.

Ресей Қытаймен болған сауда жолдарының қауіпсіздігін қорғауды сылтауратып, өздері тағайындаған Ұлы жүз приставы майор М.Д Перемышельскийдің отряды 1853 жылы Талғар өзенінің Ілеге құяр жеріне «Іле бекетін» салды. 1854 жылы көктемде сол отряд Верный деп аталған бекіністің іргетасын көтерді. Жетісуда түйіліскен Ресей мен Қытай жаңа шегара айыру мәселесін көтеріп, бірнеше келісімдер жасады.

1855 жылы Ұлы жүз приставының резиденциясы Қапалдан Верныйға ауыстырылды. Қазақ билері Ресей күшін Қытай мен Қоқанға қарсы ұтымды пайдалана алды. 1860 жылы күзде патшалық Ресейдың қарулы жасағы Ұзынағашта Қоқан хандығының 10 мың сарбазын ойсырата жеңеді. Алайда, патшалық Ресей билігі бастапқы келісімді бұзып, өзіне қараған халықты сүліктей сорып, зорлықты күш қолданды. Олардың озбырлығына шыдамаған қазақтар Қапал уездік бастығының аға көмекшісі Здоренкоға шабуыл жасап, 18 жерін жарақаттап, 15 жылқысы мен қомақты ақшасын тартып алады. Жетісудың әр жерінде отарлық езгіге қарсы бас көтерулер басталады. Халқының ауыр жағдайын көзімен көріп, одан ары төзбеген Тазабек батыр Ресейдің шенінен бас тартып, оларға бағынбай, қарасылық көрсетеді. Ол бұрыннан Сауырық батырды астыртын қолдап, бірнеше рет Ілеге өткен. Ал, Саурық, Жетен, Еспер, Қасаболат, Дүрәлі бастаған батырлар 1864-1865 жылдары қалың жасақпен Қытайға қарасты Іледегі шекараны қорғап тұрған азулы өөлд, шахар, торғауыт қалмақтарына шабуыл жасап, тас-талқан етіп жеңеді де, тараншы, дүңгендердің бас көтеруіне жол ашады. Іледегі тараншы, дүңгендер 1864-1866 жылдары Чиң билігіне қарсы көтеріліс жасап, 1866 жылы Іле генерал мекемесін аударып, Іле сұлтандығын құрады.

Іледегі қалмақтар дегеніміз: 1771 жылы Еділ бойынан ауып келген 15 мың түтін торғауыт қалмақтарымен 1760-1766 жылдары Чиңхай, Ішкі моңғолдан әкелінген шахар қалмақтары еді. Сонымен бірге Өөлд қалмақтары Жоңғар хандығынан қалған жұрт болатын. Бұлар кейін Чиң патшалығына шекара күзететін аранайы күш ретінде қызмет атқарған.

Ш. Уәлиханов қазақтар мен қырғыздардың дүңгендерге ат және жігіт беріп көмектесіп жатқанын айта келіп, Жетен батыр, Дүрәлі сұлтан, Кезеңқара және қырғыздардың бұғылары көтерілісшілерді қолдап жатқанын көрсеткен болатын (Колпаковский Г. А. Воспоминания Валиханова Ч.Ч. // Собр. соч.: Т. 5. Алма-Ата, 1985, сс.172) – десе, тағы бір деректе Саурық батыр мен Балбай батыр Іледегі Қытайлық Чиң билігіне қарсы ұйғыр-дүңген көтерілісіне қатысуын жалғастырып жатқаны айтылады.

1864 жылы 6 маусымда Іледегі ұйғыр, қазақ, дүңген қатарлы ұлттар Чиң империясының үстемдігіне қарсы көтеріліс жасап, Құлжа қаласын басып алады. Көтеріліс 1864-1866 жылдар аралығында болды. Ұйғыр жасағын Іленің алғашқы сұлтаны Абдурасул-бек, Садыр палуан және Әлахан басқарды. Қазақ жасағын Саурық, Жетен, Кезеңқара және Дүрәлі сұлтан басқарады. Қазақ жасағы Чиң (Цин) империясына жақтасқан қалмақтарға соққы жасап, тараншы мен дүңгендерге атты жасақпен көмек берді және ат-көлікпен қамдады. Ал, дүңген жасағын Ачжы ахун ұйымдастырады. Іле сұлтандығын 1864-1865 жылдары Мазамзат, 1865 жылы Мұхамбет поши Қожа, 1865-1867 жылдары Шаукат ахун, 1867-1871 жылдары Әлахан Әбілұлы билейді. 1867 жылы Құлжа маңында Жетен батыр бастаған қазақтар және Әлахан бастаған тараншы-ұйғырлар күш біріктіріп, Әжі-ахун бастаған дүңгендермен соғысады, Әжі-ахун мерт болады, жасағының тоз-тозы шығады. Қайтадан сайланған дүңген қолбасшысы Хиуаса Үрімжіден тағы да қарулы күштерін әкелгенімен, Баяндай маңында Жетен батыр бастаған қазақ жасағы және Әлахан мен Садыр палуанның жасағынан ойсырай жеңіледі.

Іле сұлтандығының жер көлемі (Бұраталаны қоса есептегенде) 85 мың шаршы шақырым, жан саны 130 мыңнан астам. 1876 жылғы статистикаға сүйене отырып, Іледе тараншылар (ұйғыр) 51 819 адам, қазақтар 33 828 адам, сібелер 18 318 адам, дүңгендер 4031 адам, қытайлар (ханзу) 2847 адам, торғауыт-ойрат қалмақтары 15 940 адам, солондар 767 адам болып, жалпы халық саны 82 142 адам отырықшы халық ретінде тіркелсе, 49 786 адам көшпелі ретінде тіркелген (Сведения о Кульджинском районе за 1871-1877 годы, собранные Н. Н. Пантусовым, Казань: в Университетской типографии).

Мұндағы көшпелі халық ретінде тіркелген 49 мың 786 адам қазақ, қалмақ және қырғыздардан құрам тапқан. Сөзіміздің дәлелі ретінде жазбаша дерекке қарайық: 1865–1866 жылдары, орыс әкімшігінің 1866 жылғы ресми мәліметіне қарағанда, Алатау округынан 841 түтін Қытайға өткен. Олардың арасында албанның Саурық, Малабай, Жетен (500 түтінмен өткен) сияқты батырлары, Есбер (Испир), Қасаболат, Әліке биі, суанның Өстемір биі, Тезек төренің бауыры Дүрәлі сұлтан, қырғыздың бұғы руының Сабатар молдасы болған. Құлжаға қарай өткендердің жалпы саны 5500-дей түтінді, 22 340 адамды құраған  (Аристов Н. О Кульдже // Туркестанские ведомости. 15 мая 1871 г. 208 с.). Қалғанын Іленің солтүстігіндегі таулы өлке мен Бұратала (ол кезде Бұратала Ілеге қарасты болған) бетінде көшіп-конып жүрген найманның Қызай руы мен Байжігіт руының адамдары толықтырған.  Қазақтар Іленің далалы өлкесін емін-еркін билеген.

Чиң патшалығы Чиянлұңның 33 жылы (1768 жыл) Оңтүстік Шыңжаңнан егін егетін 6 мың 383 түтін ұйғырды Ілеге күшпен алып келіп, Жаманты, Қараүстең, Қонақай, Қорғас, Чұлұқай, Қас, Сүптай, Ұлантай қатарлы жерлерге орналастырып, егін ектіреді. Әр түтінге жылына 148 пұт бидай, бір қой салығын жүргізеді. Оның сыртында Қытай әскерлерін отынмен және көрпе, киім-кешекпен қамдау міндеттеледі. Қашқандарына өлім жазасын кеседі. Іледегі жерлік қалмақтар оларды ТАРАНШЫ (егінші) деп атаса, Қытайлар ЧАНТУ (оралған бас) деп атады. Осылайша Іледе тараншы қауымы қалыптасты.

Тазабек батыр 1870-1871 жылдар аралығында болыстық сайлауға түседі. Бірақ, Ресей билігі Тазабекті Саурық, Жетен батырлармен бірге Ресей жасақтарына қарсылық көрсеткені, Ілеге барып, қалмақтармен соғысқаны және қалмақтарды қырған қылмыскерлерді ұстап бермегенін айыптап, оның кандидатурасын өткізбей тастайды. Бірақ, дәл осы тұсқа дейін де Тазабек батыр мен патшалық Ресей үкіметінің арасы ушығып тұрған еді. Олар Тазабекті Англияның қолдауындағы Жетішар мемлекетінің басшысы Жақыпбекпен бірігуінен қатты қауіптеніп, әр басқан қадамын аңдиды.

Алда-жалда Тазабек батыр Ілеге өтсе, ондағы Саурық батыр, Жетен батыр бастаған қалың қазағын бастап, тараншы және оңтүстіктегі Жақыпбектермен күш біріктіріп қайта тап беруі мүмкін екенін патшалық Ресей ерте бастан сезіп, 1868 жылы-ақ шекаралас өңірлерге, Борохудзира (Бурақожыр) өзеніне және Мұзарт асуының солтүстігіне 1 жаяу әскер, 1 казак жүздік және 1 артиллериялық взводтан тұратын үш тұрақты отрядты орналастырған. Сонымен бірге Шонжы мен Қаптанай өңіріне 100 казактан тұратын уақытша бекет қояды.

Тазабек батырмен патшалық Ресей жасағы бетпе-бет талай мәрте соғысқан. Хатқа түскен деректе былай айтылады: 1871 жылы 18 сәуірде есаул Герасимов 32 казак және 1 урядниктен, 100 казактан тұратын отрядты бастап, Ақтоғай өзені маңында, Құлықтаудың (Кулуктау, Кеген ауданы. - автор) етегіндегі Мойнақ деген жерде орналасқан Тазабек ауылына жақындап келіп, Тазабектің отрядқа өз еркімен келуін талап етеді. Тазабек батыр жігіттерімен атқа қонып, орыс отрядына қарсы шабуылға шығады. Алғашқы кездесуде Тазабек батырдың жігіттері басым түседі. Тазабек батырдың жасағы көріне сала отряд құрамындағы әр болыстан жиналған 300 албан жігіті аттарына міне сала әр жаққа бытырай қашып кетті. Ауылынай Жақыпты қуып жеткендер оған қылышпен және найзамен 13 жерден жарақат салды… Тазабектің жаяулы-атты 140 жігіті таңға дейін жасаған 3 шабуылына тойтарыс берілді (Перечень событий на Сыр-Дарьинской линии, со времени ея учреждения по 1860 г. // Русский Туркестан / под ред. В. Н. Троцкого. Санкт-Петербург, 1877, Вып.3. 219 с.).

Таң атқаннан кейін Тазабек ауылы теңдері мен малдарын тастап, Құлжаға қарай қашады. Орыс әскерлері қолына Тазабек батырдың 1 туысы және ауылдасы тұтқынға түсіп қалады. Тазабекпен бірге Шонжа (Сегізсары - автор) және Темір-Құтылық (Айт-Бозым - автор) болыстарының 1000-нан аса түтіні кетеді. Тазабек бастаған қазақтардың жолын тосып, жібермеу үшін солтүстік жақтан хорунжий Копцов отряды жіберіледі. Тазабекке Құлжа сұлтанының 200 адамдық қолы көмекке келеді. Құлжа сұлтаны Әлихан Тазабекті Тоғызторауға, қырғыздар арасына орналастырған болатын. Тазабектің 1000 түтінмен Құлжаға өтуі Колпаковскийдің жорыққа шығуына себеп болды (А. И. Макшееев. Макшеев А. И. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. Санкт-Петербург, 1890, 286 с.).

Ілияс Жансүгіров былай дейді: «Қытайға шектес елдегі Бұғы қырғыздары, қазақтың Албан руы орысқа көпке шейін орнықпай, керқайзаңдық қылды. Мұның бірі – Албан Тазабек. Тазабаек Тараншы ханымен сөздес болып, орысқа бағынғысы келмейді... (Ілияс Жансүгіров. Алматы: 2001. 50-бет).

Патшалық Ресеймен соғысып Ілеге өткен Тазабекке 200 адаммен Әлаханның көмекке келуі тегін болмаған. Себебі, Әлаханның жаяу әскері көп болғанымен, атты әскері тым аз еді. Оның үстіне Чиң империясы қарымта шабуыл жасаса, Тазабек басқарған қазақ жасақтарымен бірігіп қарсы тұруды көздеді.

1871 жылы Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковский Түркістан генерал-губернаторы Кауфманнан Тазабекті жазалау үшін рұқсат сұрап, әскери күш беруін өтінеді. Кауфман Петербургке есеп беріп, Тазабекті жазалау ісін күзге қалдырады. Алайда Тазабек пен Әлаханның біріккен жасақтары Ресей бақылауындағы бекіністерге шабуыл жасап, қиратады. Жетісудағы орыс бекіністеріне қатер төндіргені туралы хабарды естіген Кауфман Петербургтен нұсқаулық алып, жедел бұйрық шығарып, Колпаковскийге іріктелген арнайы жасақ береді.

Жетісу облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Колпаковский Іле сұлтаны Әлаханға 7 күн ішінде яғни 1871 жылдың 3 мамырына дейін Тазабекті ұстап беруді талап етіп, хат жазады. Ілеге бірнеше мың түтінмен өткен Тазабек батыр қарапайым халықты Тоғызтарау мен Күнеске орналастырып, өзі оғысқа жарамды жігіттерді іріктеп, 500 атты жасақпен Әлахан бастаған тараншы жасағымен бірге Колпаковскийге қарсы күреске дайындалады.

Колпаковский 3 мамырда Әлаханнан жауап болмаған соң подполковник Елинский мен Ждан-Пушкиннің жасақтарын жабдықтап, соғысқа дайындайды. Ал, 6 мамырда Ждан-Пушкин 140 казак жасағымен Кетпен асуын барлап, оның ертесі күні Тазабекті артынан қуған подполковник Елинский басқарған бір рота жаяу әскер және екі зеңбірекпен 270 казак жасағы Кетпен асуының тар шатқалында қазақ-тараншы (2,5 мың адам) біріккен жасағымен бетпе-бет кезігеді. Қазақ-тараншы жасағы оларды қоршауға алып соққы беріп, кері шегіндіреді. Бұл жолғы соғыста Ресей әскерінен 3 адам қаза тауып, 8 адам жараланған.

Елинский мен Ждан-Пушкин Тазабек жасағын қууды тоқтатып, 10 мамырда отрядты Шалқансу (Чалқандысу) аңғарына шығаруға мәжбүр болады.

Колпаковский Тазабектің артынан подполковник Ждан-Пушкин бастаған 40 казактан тұратын мұздай қаруланған отрядын Ілеге жібергенімен, онысынан түк шықпады. Ызаға булыққан Колпаковский зеңбіректерімен 3 отрядты алып, өзі аттанады. Балицкий басқарған отряд Іле сұлтандығына қарасты Мазар бекінісіне шабуыл жасап, қиратады. Алайда, қазақ-тараншы жасақтары Мазарға баратын ағын суларды басқа жаққа бұрып, оларды сусыз қалдырады. Әбден діңкесі құрыған орыс әскерлерін қазақ-тараншы жасақтары тағы да қоршауға алып, соққы беріп, артқа шегінер жолдарын жауып тастайды. Балицкий отрядты алдыға қарай 12 шақырым жылжып, қараңғы түскенде Қорғас ауылына жетеді. Бірақ ол арадан тағы да қазақ-тараншының біріккен үш мың қарулы жасағы шабул жасайды. Балицкий отрядтын Қорғастан Ақкентке қарай ойысалы. Бұл реткі шабуылда Ресей әскерлерінен 3 адам жараланып, 1 казак тұтқынға алынып, 2 казак хабарсыз кетеді.

1871 жылы 14 мамырда Тазабек батыр бастаған қазақ-тараншы жасағы Колпаковский жасағын тағы да қоршауға алады. Колпаковский жасағы артиллериялық қарулармен тойтарыс беріп, біраз шығынға ұшыратады. 1871 жылы 16 мамырда қазақ-тараншы жасағы Кетпен асуынан шегінеді. Колпаковский жедел түрде Борохудзирде (Бурақожыр) негізгі отрядты, ал Кетпен асуында көмекші жасақтарды орналастырады. Подполковник Ждан-Пушкин мен подполковник Елинскийдің отрядына көмек көрсету үшін Шонжыдан қосымша күштер жіберіледі. Олар: 2 жаяу әскер ротасы, 2 жүз казак, 4 зеңбірек және полковник Михайловский басқарған казактардың оқу бригадасы. Соның ішінде екі жасақ (650 адам) бірігіп, 1871 жылы 28 мамырда Кетпен асуынан түсіп, оны қорғаған тараншы-қазақ қолына шабуыл жасайды. Бұл шайқаста Кетпенді Колпаковский жасағы басып алады да, қазақ-тараншы жасағы артқа шегініп, 31 мамыр күні таңертең 4 мың адаммен келіп шабуыл жасайды. Бұл жолғы шабуылға Тазабекпен бірге Әлаханда қатысады. Бірақ, орыстың отты қаруына найза-қылышпен қарсы тұру мүмкін болмайды. Зеңбіректің оқтары бет қаратпай, шегінуге мәжбүр етті. Бұл реткі соғыста Ресей жасағынан 35 адам ажал құшқан.

Колпаковский Тазабек пен Әлаханның оңтүстіктегі Жетішар мемлекетін билеп отырған Жақыпбек күшімен байланыс жасайтынын алдын ала сезіп, подполковник Елинскийге енді Өр Текес өңіріндегі Мұзарт асуын қатаң бақылауды тапсырды.

Соғыс Іленің әр жерінде жүріп жатты. 1871 жылы 8 маусымда Ақкент маңында Тазабек батыр бастаған қазақ-тараншы жасағы орыс гвардиялық бөлімшелеріне шабуыл жасайды.

Қорғас өңіріндегі Борохудзирге жиналған Ресей күштерінің  барлығы дерлік: 6,5 рота жаяу әскер, 8 ротадан астам атты әскер және 10 артиллерия болды. 1871 жылы 16 маусымда таңертең ерте Колпаковский басқарған орыс әскерлерінің құрама отряды Қорғас ауылы бағытына аттанды. Қорғастың арғы жағында қазақ-тараншының 4 мыңнан астам жасағы оларға шабуыл жасайды. Алайда, соңғы үлгімен мұздай қаруланған Колпаковскийдің жасағына олардың күші жетпей, шегінді. Ақкент маңында қазақ-тараншы жасағы ауыр соққының астында қалып, жеңіліске ұшырайды. 1871 жылы 17 маусымда Колпаковский жасағы Шиншыхозы (Qing Shui He) қаласы бағытында жолға шықты. Бірақ қаланың қорғанысы өте мықты болып, қала сыртын биіктігі 5 метр қорғанмен қоршаған. Қала ішін қазақ-тараншы жасақтары күзетіп тұрған еді. Екі күндік шайқастан соң Колпаковский жасағы 18 маусымда қалаға кірді. Бұл соғыстың шығыны жайлы ақпарат тым аз, бірақ Колпаковскийдің бір сарбазы қаза тауып, 12 сарбазы мен 1 офицері жараланғаны туралы дерек бар.

1871 жылы 19 маусымда Колпаковский отряды Іле сұлтандығына қарасты Сүйдін қаласына жақындайды. Қаланың негізгі халқы дүңгендер болғандықтан, олар өз еркімен еш қарсылықсыз беріледі.

1871 жылы 21 маусымда Әлахан Баяндайда Колпаковскийдің алдына келіп тізе бүгіп, Тазабекті ұстап беруге уәде етеді. Сонымен бірге «халқына мейірім сұрап, орыс үкіметінің еркіне бағындым» деп хабарлайды. Ары қарай ұрысты атты жасақпен Тазабек батыр жалғастырады. 1871 жылы 22 маусымда Колпаковский жасақтары Құлжа қаласына басып кіреді. Әлахан сұлтан Тазабекті Колпаковскийге ұстап береді. Тазабек батыр мен патшалық Ресей армиясының генералы Г.А.Колпаковский арасындағы соғыс 1871 жылдың 18 сәуірінен, 1871 жылдың 22 маусына дейін 66 күн болып, Тазабектің қолға түсуімен соғыс тоқтайды. Олар Тазабек батырды Алматыға әкеп түрмеге қамайды. Тазабекпен бірге Сауырық батырдың інісі Шалтай да қолға түседі.

Бұл жолғы соғысқа қатысқан Колпаковскийдің жасағы 1785 адам, Тазабек пен Әлаханның біріккен жасағы 4 мыңнан астам адам болған. Ілеге шабуыл жасаған Ресейдің әскери күштері былай бөлінді: Борохудзирде – Түркістан линиялық батальонының 1 ротасы. Сібір 1 казак жүздігі. Жетісу 3 казак жүздігі. Түркістан артиллериялық бригадасының №3 казак жүздігі, Жетісу №6 казак жүздігі, 1-ші батареяның 4 зеңбірегі және 2-ші батареяның 4 зеңбірегі. Кетпенде – Түркістан линиялық батальонының 2 ротасы, Жетісу казак жүздігі. Мұзартта - Түркістан линиялық батальонының 1 ротасы, Сібір №1 казак жүздігі, Түркістан артиллериялық бригадасының 1-батареясының 2 зеңбірегі. Соғыста патшалық Ресей әскерлерінен 70 адам, Тазабек пен Әлаханның жасағынан 500 адам мерт болған.

Колпаковский император II Александрдың тапсырмасы бойынша Әлахан сұлтанның жеке қауіпсіздігіне, оның меншігіне қол сұғылмауына және Құлжа тұрғындарына «бейбітшілік пен қауіпсіздікке» кепілдік берді.

Патшалық Ресей Ілені бар күшімен жаулап алған соң оны Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Жетісу облысына қосады. Іленің солтүстігіне дейін асып келіп, Қорғас тауларының күнгейі мен теріскейін мекен еткен (негізгі бөлегі Бұратала өңірінде отырған) қазақтың қызай руы Бұраталаға қарай асып, 1871 жылы 23 маусымда Г.А.Колпаковскийден қатты ескерту алып, мойындап оралды деген деректер кезігеді.

Іле аймағының аумағы 4 бөлікке бөлініп, ондағы билік Колпаковский отрядының орыс офицерлеріне өтті. Көшпелі халықтарды жергілікті басқаруы олардың тайпа көсемдеріне қалдырылды, жергілікті билеушілерді сайлау қытайлар, ұйғырлар, дүнгендер арасында өткізілді. Сұлтан Әбіл-Оғлы (Әлахан) 1871 жылы 17 шілдеде Верныйға ауыстырылды (Моисеев В. А. К истории занятия Кульджинского края русскими и вопрос о его возвращении Китаю в 1870–1871 гг // Востоковедные исследования на Алтае. Вып. II. — Барнаул, 2000).

Дала сотына кесілген Тазабек Пұсырманұлы түрмеде 1872 жылы наурызда тергеу ісі бітпей жатып, қаза табады (ОММ. 825-қор, 1-тіз., 32-іс, 11-п.). Ал Тазабек батырмен бірге Қытайға кетіп, бірге қолға түскен Шалтабай Алпарұлы 10 жылға Сібірге айдалды.

1871 жылы Патшалық Ресей Ілені өз бақылауына алған соң Іледегі бұрынғы 5 болыс албан тайпасын қайтадан реттеп, 3 болысқа жинақтады.

Патшалық Ресей Ілені ұзақ жыл ұстап тұра алмады. Ілені Қытайға қайтарып беру үшін 1879 жылы 20 қазанда Ливадия келісімін жасап, нәтижесінде қытайлар 4 миллион рубль өтемақы төлеуге келіседі. Көп ұзамай бұл келісімнің күші жойылып, 1881 жылы 12 ақпанда Ресей мен Қытай Петербург келісімін жасап, келісімге сәйкес Қытай Ресейге өтемақы ретінде 9 миллион рубль төлеп, Ілені қайтарып алады.

Тазабек би Саурық, Жетен, Еспер, Қожеке, Кезеңқара, Қасаболат қатарлы батырлармен тізе қосып, қазақ жеріне келген отарлаушы империялардың ешқайыссына да бас имей, елінің теңдігі мен бостандығы үшін азулы алыптармен бірде достасып, бірде арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан еткен батыр, XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінде патшалық Ресейге қарсы жасалған ұлт-азаттық соғыстың қолбасшысы. Тазабек батыр бастаған көтеріліс Сырым батыр, Есет батыр, Жанқожа батыр, Исатай мен Махамбет, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің жалғасы болды.

Ертай Жомарт,

Мәдениеттанушы, тарихшы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1528
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1385
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1134
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1154