Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3467 0 пікір 5 Маусым, 2013 сағат 12:30

Абайдың тұрақты бейнесi неге жоқ?

Мәдениет және ақпарат, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнiң назарына!

Мәдениет және ақпарат, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнiң назарына!

Абайдың дана сөздерiн көкiрегiмiзге ұялатамыз. Күнде болмаса да Абай кiтабын аптасында, айында бiр ақтаратынымыз бар. Әр сөзiн оқысаң, айызың қанады. Әр пiкiрi, әр ойы өмiрмен үндесiп жатыр. “Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түстi мұртың”, – деп Абай бiзге қынжыла қарайтындай. Өйткенi бiз жақсы менен жаманды айыра алмай жүрмiз. “Себебi неде?” –дейсiз ғой.
 
Бiзде бiр жаман әдет бар, ұлы тұлғаның образын сахнада кiм ойнаса, соған жабыса қаламыз. Мысалы, Абылай ханды Тұңғышбай Жаманқұлов ойнап едi. Абылай ханның салынған суретi Тұңғышбайдан аумай қалды. Халыққа ұсынылып жүрген Абай бейнелерi жөнiнде де осыны айтар едiк.
Кезiнде сахнада сомдаған Қалибек Қуанышбаевтың гримдеп жасаған, Абай бейнесiне сәл ұқсайтын кескiндi жұртқа ұсынғанда не табамыз? Бiр жағынан бұл әртiстiң бейнесi (оң жақтағы суретке қараңыз). Әлем-жәлем, данаға тән сипат жоқ, құдды қуыршақ сияқты. Белгiсiз бiр суретшiнiң (естуiмше өзбек) осы жұмысы кiтаптардың мұқабасында, мектеп қабырғаларында, театрда, мекемелерде, кейбiр оқулықтар беттерiнде жүр. Бұл бiздiң мәдениетiмiздiң төмен екенiн, күлдiбадамға әуес екенiмiздi байқатады. Құдайға шүкiр, Абайдың өз фотосы бар емес пе, соны халыққа кеңiнен таратуға неге қорланамыз?
Қылқалам шеберлерiнiң бiрқатары, белгiлiсi бар, белгiсiзi бар кескiндеме өнерiнде Абай образын жасауға талаптанды. Суретшiлерге дауым жоқ, әркiм дарыны, шамасы жеткенiнше салады. Олардың сәттiсi де, сәтсiзi де баршылық. Өмiрдегi Абайдың бейнесi (сол жақтағы фото) мен көркем шығармадағы (суреттегi) Абайдың бейнесiн шатастырмауымыз керек. Алысқа бармай-ақ қояйық. Өзiмiз бiлетiн орыстың Пушкинi мен Толстойының есiмi аталса, таныс бейне көз алдымызға келе қалады. Кәдiмгi қарапайым фотоның санаға ететiн әсерiн осыдан-ақ бiле берiңiз. Ал орыстың қос алыбының көркем бейнесi мыңдап саналады. Олар оны орнымен қолданады.
Осындай Абайды көргенде не заманға, не адамға өкпе айтарыңды бiлмейсiң. Осы сурет “Қазақ энциклопедиясының” 1 томында (1998ж.), “Абай” энциклопедиясында, “Абай” журналында жарқырап тұр. Бұл суреттi сақтап, Мұхтар Әуезовке ұсынған Абайдың баласы Тұрағұл. Абайды көзiмен көрген, Тұрағұлдың қыздары, осыдан бiрер жыл бұрын 90 жасқа келiп қайтыс болған Ақила (Ақыш) және Мағрифа (Мәкен) апайлардың үйiнiң төрiнде осы сурет тұратын. “Абай аталарың осы кiсi, өңi-түсi осындай” – деп айтушы едi олар. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған Абай бейнесi бiзге не үшiн керек?
Бұл мүмкiн ұлттық идеология саласында тәртiп пен жүйенiң жоқтығынан шығар. Ұлы адамдардың бейнесi – тәрбие құралы. Оның ұлттық сипаты бар. Бiр қарағанда елеусiздеу көрiнгенiмен, оған жүрдiм-бардым қарауға жол жоқ. Абайдың шынайы, тұрақты бейнесiн Алаш санасына сiңiретiн кез жеттi.
 
Қайыржан қажы МАКИН,
Абайдың немере iнiсi.
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар