Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 2559 3 пікір 5 Маусым, 2023 сағат 13:08

Гордий түйінін кім және қалай шешеді?

Шолпан Атада өткен «Орталық Азия мен Еуроодақ» саммитінен кейінгі ойлар

Бүгінгі геосаяси шындық сол: әлемдік архитектура қайта түзіліп жатқан алмағайып кезеңде әрбір ел өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарын қайтадан қарап, бұрын-соңды болмаған өзгерістерді қолға алуда. Бұл тенденция осы саммитке қатысқан бәріне қатысты.

Еуроодақты алсақ, жасыратыны несі бар, әлемдік саясаттың быт-шытын шығарған АҚШ президенті Трамп пен КОВИД пандемиясы бұл одақтың сыртқы саясатын біраз тежеп тастады. Оның үстіне бүгінде Еуроодаққа (ЕО) мүше елдерді көп жыл басқарған лидерлердің тұтас бір ұрпағы ауысып жатыр, ол фактор ЕО құрамындағы елдердің бірлесе қимыл-әрекет етуіне өз салқынын тигізуде.

Десек те, осы қиын кезеңнен ЕО аман-сау әрі шығынсыз өткен секілді. Оған қоса, ЕО құрамындағы әрбір ел қазіргі қиындықтарды тек қана бірге еңсере алатынын түсінгендей.

Сол себепті ЕО әлемдік саясаттағы орнын қайтадан күшейткісі келетін секілді. Өз ықпалын кеңейту мақсатында геосаяси орналасуы ерекше Орталық Азияға (ОА) келуді жиілетіп кетті.

ЕО пен ОА арасындағы экономикалық байланыс көрсеткіштері де соңғы жылдары күрт, яғни 60 процентке өсіп, 2022 жылы 49 миллиард доллар құраған.

Президент Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанға 30 жылдың ішінде келген 350 доллар шетел инвестициясының жартысының төркіні Еуропада екен. Қазақстанның сыртқы саудасының 40 проценті ЕО-мен жүріп жатыр.

Өкінішке орай, баяғы жартас – бір жартас: Еуропаны негізінен біздің пайдалы қазбаларымыз бен шикізатымыз қызықтыруда. Оның өзі ел экономикасын әртараптандыруға салқынын тигізуде.

Мойындау керек, соңғы кезде сыртқы байланыстарда заманауи талаптар мен қажеттіліктер де ескеріле бастаған сияқты. Президент өз сөзінде: «Біздің жан-жақты серіктестігіміз сирек кездесетін металдарды және «жасыл» сутегіні өндіру стратегиялық маңызды әрі перспективті салалардағы жаңа келісімдермен нығайып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнататын және үш миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт құрылысын бастады». Сонымен бірге ол былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге Тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылғанын еске салды (бірақ ол жобаның қалайша жүзеге асып жатқаны туралы толыққанды мәлімет әлі де жоқ).

Жалпы алғанда, ЕО біздің аумақта өз саясатын жүргізгенде, терең дипломатиялық әдіс-тәсілдер қолдануы тиіс, өйткені ол ОА-ның үш жақтан қоршап алған көршілері – Қытай, Ресей және Ауғанстан факторларын да ескеруі тиіс. Бұған Еуроодақ мүддесімен қабыса бермейтін АҚШ секілді алпауыттың да ниет-пиғылын да қосып қойыңыз: бір сөзбен айтқанда, грек аңызындағы Гордий патшаның түйіні!

ОА аумағына келсек, әр елдің жағдайы, түпкілікті мақсат-мүддесі болғанымен, соңғы кезде ОА құрамындағы елдердің ынтымағы артқандай. Көп себептің бір сол: Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге қарсы ұжымдық Батыс санкциялары әлемдік экономиканың  құрылымы мен логистикасына бұрын-соңды болмаған жаңалықтар енгізіп, әр ел, әр аумаққа соны мүмкіндіктер беруде. Ресейге жақын әрі Қытайдан басталған Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан ОА елдеріне бұл фактор тікелей қатысты.

Мәселен, Ресейді орағытып өтетін транзиттік дәліздер салу ісі жаңаша серпін алып, Жібек жолының XXI ғасырдағы жаңа бағыттары қалыптаса бастағандай. Президент өз сөзінде «Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан», «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша Транскаспий бағытының құбыры мен «Дружба» құбырын атап өтті. Өкінішке орай, сол баяғы шикі мұнайды тасымалдаудан аса алмай отырмыз...

Әрине, мәселе тек экономикамен шектелмейді. Еуроодақ секілді іргелі әрі амбициясы зор ұйымның ОА аумағында өзінің геосаяси мүддесі бар екенін ескерсек, өзара ынтымақтастық мемлекет өмірінің басқа салаларын да қамтуы шарт.

Сол себепті ОА мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің бірлескен баспасөз-коммюникесіне назар аударайық.

Бұл құжатта басқыншылық саясат ұстанған Ресейге көрсетілген бір сес бар сияқты: «Көшбасшылар БҰҰ Жарғысын, атап айтқанда, тәуелсіздікті, егемендікті, барлық елдердің аумақтық тұтастығын құрметтеу, күш қолданбау немесе оны қолдану қаупін болдырмау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен реттеу қағидаттарын сақтауға мызғымас бейілдігін білдірді». Түсінген адамға (әсіресе, Кремльге!) бұл қағидаттар көп нәрсені білдірсе керек.

Өкінішке орай, халықаралық саясатта көп жағдайда баршаға ортақ жалпыдемократиялық талаптар экономикалық мүдделердің құрбаны боп кетеді. Әлде, Еуроодақ басшылығы ОА елдерінің дені авторитарлық сипатта екенін ескерді ме екен? Оның үстіне әр елдің ішкі істеріне қол сұқпау деген ортақ талап тағы бар. Не болса да, коммюникеде «құқық үстемдігін, демократияны, тиісті басқаруды, гендерлік теңдік пен жалпыға бірдей адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды нығайту үшін алдағы ынтымақтастықтың маңыздылығы баса айтылды», - деп жарияланса да, өз басым дәл осы бағыттағы нәтижелі жұмысты көріп тұрған жоқпын.

Айтпақшы, құжатта: «Қатысушылар келесі министрлік кездесуінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» Жол картасын қабылдауға ниет білдірді».

Осы Жол картасын әзірлеуге азаматтық қоғам өкілдері, соның ішінде, елдегі жағдайға сыни пікір бар күштер мен тұлғалар қатыстырыла ма екен?

Сол жағы өте-мөте қызық болып тұр!

Әміржан Қосан

Abai.kz

3 пікір