Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2609 0 пікір 14 Мамыр, 2013 сағат 06:08

Біржан Асан. Экрандағы «халықтар лабораториясы»

Бірлікті, тірлікті, өрлікті және ерлікті дәріптейтін қаптаған қалың мерекеге толы күндері теледидардың да осы тақырыптарды барынша молырақ қамтуға тырысқаны анық. Бағдарламалар ғана емес, кинотуындылар репертуары да мейрамның сипатына сай сұрыпталыпты. «Қасым», «Жас ұлан», «Көк тарландары» секілді ұзақты-қысқалы телехикаялар да жүріп жатты, фильмдер де отансүйгіштік, қаһармандық, бауырмалдық рухын паш етумен болды. Солардың ішінде біздің назарымызды аударғаны - отандық арналардың бірнешеуі таласа тамашалатқан «Сталинге сыйлық» картинасы еді.

Аптаға созылған алабажақ карнавал

Бірлікті, тірлікті, өрлікті және ерлікті дәріптейтін қаптаған қалың мерекеге толы күндері теледидардың да осы тақырыптарды барынша молырақ қамтуға тырысқаны анық. Бағдарламалар ғана емес, кинотуындылар репертуары да мейрамның сипатына сай сұрыпталыпты. «Қасым», «Жас ұлан», «Көк тарландары» секілді ұзақты-қысқалы телехикаялар да жүріп жатты, фильмдер де отансүйгіштік, қаһармандық, бауырмалдық рухын паш етумен болды. Солардың ішінде біздің назарымызды аударғаны - отандық арналардың бірнешеуі таласа тамашалатқан «Сталинге сыйлық» картинасы еді.

Аптаға созылған алабажақ карнавал

Режиссер Рүстем Әбдірашевтің бұл фильмін елден бөлек ерекшелеп отырған себебіміз - ол аптаға созылған алабажақ карнавалдың кейіп-келбетіне де, мән-мазмұнына да сайма-сай келе кетті. Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын 1 мамыр жақындағаннан қызылды-жасылды бояуы жарқ-жұрқ етіп, ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрін насихаттаушы Қазақстандағы сан алуан диаспора өкілдері ел экранын жаулай бастайды. Мемлекеттік арналардың бәрі дерлік елімізде қанша ұлт-ұлыс өкілдері тұратынын, және олардың қандай жақсы өмір сүретінін, өзара қаншалықты тату екендіктерін елжірей баяндап, қуана көрсетіп жатады. Мектептерде әр сыныпқа әр ұлттың мәдениетін таныту, өнерін бейнелеу тапсырылады, балалар қаласа да, қаламаса да, сол бойынша қойылымдар дайындайды, ән үйренеді, би қояды. Мәселен, менің биыл 7-сыныпта оқитын қызым құрбыларымен бірге кәріс биін билеуге тиіс болып, ай бұрын әбігерге түсті, түрлі дискілер іздеп, олардың ұлттық киімдерін әзірлеп, сабақтан бос уақытының бәрін осыған арнауға мәжбүр болды. «Бізге қайта кәріс тап болып, онша қиналмадық, «б» сыныбы грузин болмақшы!» деп күледі тағы өзі...

Шыны керек, осының бәрінен балалар да жалығады-ақ. «Біз қазақ мектебіміз ғой, Қазақстанда тұратын өзге халықтарды осыншама дәріптеп, төбемізге көтере беруге міндеттіміз бе?» деп күйіп-піседі әбден шаршаған қызым. «Әке, теледидардағы мына карнавалыңыз қашан бітеді?» деп, 9 сыныптағы ұлым мысқылдайды. Ол, әрине, телеэкрандағы «отыз күн ойын, қырық күн тойын» дегенге ұқсас ұлан-асыр тамашаның менің карнавалым емес екенін жақсы біледі, тек «тым шетелшіл бола бермей, өз арналарымызды қарасаңдаршы!» деген әрі отағасылық, әрі отаншылдық талабыма деген ішкі қыжылын білдірген түрі де...

Рас, түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударып, ақырында осы топырақты түпкілікті мекен етіп қалған алуан түрлі ұлт диаспораларының жылына бір рет болса да көңілін аулап, арқасынан қағып қойғанның әбестігі жоқ шығар. Бірақ ақыры «Бір халық - бір ел - бір тағдыр» ұстанымын таңдадық па, демек, «бәріміз бір болайық, бірігейік, жұдырықтай жұмылайық» деп үндеудің орнына, «сен - орыссың», «сен - украинсың», «сен - неміссің», «сен - түріксің», «сен - кәріссің» деп, олардың өздері  бірте-бірте ұмыта бастаған ұлттық киімін қоймай кигізіп, әндерін айтқызып, билерін билетіп, бөлектей бергеніміз сөлекеттеу емес пе? «Бәрібір қазақ емессіңдер, бола да алмайсыңдар» деп бөтенсітуге жатпай ма бұл? Қайта «қазақша сөйлеп, қазақша ән салғандарың өздеріңе жақсы, алдағы уақытта мемлекетіміз тұтас қазақ тіліне көшкенде қиналмайтын боласыңдар» деп, өз маңымызға топтастырып, ел мен жердің иесіне мойынұсындыра берген жөн еді ғой.

Кинода юкагирлер қамтылмапты

«Сталинге сыйлық» та - тура осы «1 мамырлық» сипаттағы дүние екен. Әділін айтқан жөн, фильмде жүрекке жылы тиер, кейде ептеп елжіретер көріністер де кездеседі, актерлер ойынына да көңіл толады, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» ұстанымына саятын кеңпейіл меймандостық та көкейге қонады. Вагон-вагон босқын жұртты байтақ даламызға барынша үйіп-төккен сталиндік өкіметтің де өз пиғылы болғаны анық, ол жағына дауласпаймыз. Алайда алаш баласы үлкен экраннан өз тарихын, кешегі келбетін, бүгінгі бейнесін таба алмай отырған қазіргі кезеңде мұндай интернационалдық туынды түсірудің нендей зәрулігі болды екен? Егер бізде жылына 100 фильм шығатын болса, және олардың көпшілігі қазақтың тікелей өзіне қатысты сапалы дүниелер болса, онда санаулы интернационал киноның түк те әсері болмас еді. Керісінше, қазір Қазақстанда жылына ары кетсе он шақты фильм жарыққа шығады ғой, сондықтан әрқайсысының идеологиялық маңызы мен мазмұнына жіті көңіл бөлмеске лаж жоқ.

Қазақстанды кезінде кекесінмен (кейбіреулер үшін, бәлкім, мақтаныш болған шығар?) «халықтар лабораториясы» деп атағанын білеміз. «Сталинге сыйлық» - соның экрандағы көшірмесі сияқты. Фильмде Қазақстанға депортацияланған, бірақ жолда пойызда жан тәсілім еткен еврей шалдың жалғыз немересінің тағдыры суреттеледі. Әке-шешесін Сталин режимі Сібірге айдатқан жетімекті қазақтың Қасым есімді қариясы бағып-қағады. Оның айналасы - толған «бүгінгі диаспора» өкілдері: орыстар, поляктар, украиндар, немістер, кәрістер, дүнгендер... Әйтеуір, абырой болғанда, ороштар, саамдар, юкагирлер жоқ екен.

«Юкагирлер» демекші, «Абай.кз» ақпараттық порталында жарияланған, ҚР Статистика агенттігі ұсынған елімізді мекен етуші 130 ұлттың сала құлаш тізімі таңдандырмай қоймайды. Мәселен, 6 алеут, 5 чукча, 4 нивх, 2 селькуп, 1 ижор дегендерді есеп-қисапқа жай «кворум үшін» кіргізе салған ба? Қалайда 130-ға жеткізу үшін жанталасқан әрекеттің жемісі ме? Сол байғұстар тіпті өз тілдерін біле ме екен әуелі? Білген күннің өзінде, әлгі жалғыз ижор ол тілде кіммен сөйлесіп, қарық болмақ? Дені елімізге тәуелсіздік жылдарында ғана келген, түрлі себептермен осында орнығып қалған 411 америкалық, 191 ағылшын, 61 австриялық, 46 голландиялық, 35 вьетнамдық... секілділерді де әйтеуір сан көбейткені болмаса, шындап санатқа енгізу ыңғайсыз саналса керек-ті. Бұл не? «Мінеки, бізде қаншама халық тұрады?» деген мақтаныш па? Мақтануға тұрарлық себеп пе осы?

Өз басым сол 130-дың ішінен шын мәнінде диаспора деуге тұратын, көңіл бөлуге лайықты 20 шақты ғана ұлт байқадым. Олардың саны жағынан басымы - орыстар (3 млн. 793 мың адам), өзбектер (457 мың), украиндар (333 мың), ұйғырлар (244 мың), кәрістер (100 мың) екен.

Режиссерлеріміз неге еврейшіл?

«Көшпенділер» қазақтан гөрі жоңғарды көбірек насихаттағандай әсер қалдырды, Сатыбалды Нарымбетовтің фильмдеріндегі «халықтар лабораториясынан» да қазақты әрең табасыз. Өз ұстазына қатты еліктейтін болуы керек, Рүстем Әбдірашевтің туындылары да сол жерде кіндік қаны тамған қазақтан басқа ешкімнің табан тіреуі мүмкін емес алыс ауылдардың өзіне орыс пен еврейді апарып қоятын интернационалдық рухқа толы» деп жазып еді осыдан екі-үш жыл бұрын журналист Сәкен Сыбанбай.

Расында да, осы біздің режиссерлер неге еврейшіл? «Антисемит емеспісіз?» деп айыптауға асықпаңыз. Одан да ойланыңыз: Р.Әбдірашевтың алғашқы фильмі - «Қаладан келген қызда» да еврей бала бар емес пе еді? Алыс ауылда, ит байласа тұрғысыз, қазақтан басқа жан баласы мекен ете бермейтін резервацияда неғып жүрген еврей ол? «Сталинге сыйлықтың» басты кейіпкері де - еврей: Иерусалимнің тар да тастақты көшесінде тұяғы тық-тық етіп безектеп жүрген ақ лақты көріп, қазақ ауылындағы балалық шағын есіне алатын баяғы Сашка... Сондай-ақ, С.Нарымбетовтың Қаратау бөктерінде, Созақтың түкпірінде түсірілген «Көзімнің қарасы» атты фильмінде де негізгі рөлде бір еврей жүреді. Мұның бәрі кездейсоқтық па? Әлде жүйелі жұмыс, белгілі бір мақсат бар ма? Болса, ол нені көздейтін мақсат?

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейтін заманауи жаңылтпашқа бергісіз бір сөз бар. Соны сәл түрлендіре айтсақ, қазақ ең әуелі қазақтың өмірін, қазақтың мұң-зарын, қазақтың тағдырын, қазақтың арманын түсірсе қайтеді? Қашанғы қырық-елу жыл бұрынғы «Қыз Жібек» мен «Менің атым Қожаны» малданумен жүреміз? Көрген жанның көзі де тоятын, көңілі де тояттайтын, көкірегін шынайы мақтаныш сезімі кернейтін нағыз ұлттық фильм жасауға неге талпынбасқа? Орыс та, украин да, еврей де өз киносын өздері түсірер, өз мұңын өздері шертер. Өз көрерменіміз сүйсініп көрер туынды шығара алмай жүріп, ғаламдық масштабтың машақатына ұрынатымыз қалай?

1975 жылы «Гауһартас» фильмі түсіріліп, Мәскеудегі Мемкино мекемесі дайын дүниені қабылдап жатқанда, «Туындыда неге бірде-бір орыс жоқ?» деген әңгіме көтеріліп, кішігірім дау туындапты. Сонда сценарий авторы Дулат Исабеков «Фильмдегі кейіпкерлер - қойшылар, ал орыстар қой бақпайды ғой» деп шыр-пыры шықса, «Қазақфильмдегі» көркемдік кеңестің мүшесі Қалтай Мұхамеджанов «Сіздер өте дұрыс байқапсыздар, бұл - біздің тараптан кеткен кемшілік, келесі жолы малшы орыстар туралы фильм түсіріп әкелеміз» деп, қасақана қағытқан астарлы сөзімен картинаны қорғап қалған екен.

Қызық, кеңес дәуірінде кей фильмдерге «неге мұнда басқа ұлт өкілі жоқ?» деген мін тағылса, тәуелсіз қазақ мемлекетінде түсірілген қайсыбір дүниелерге «мынаның ішінде қазақ қайда?» деуге мәжбүрміз...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 874
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 732
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 567
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 574