Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3863 0 пікір 13 Мамыр, 2013 сағат 18:11

Есенқұл Жақыпбеков. Кең дүниені кезіп кеткім келеді...

Алпысқа аяқ басқанда
Жеттік міне, алпысқа,
Өттік талай өткелден.
Біреулерге тұлға боп, біраз жерге жеткенмен,
Жігіттеймін кезінде жетімдікті көп көрген.

Кештім талай тар өткел,
Өттім бірақ жасымай.
Азаматқа дәл мендей дұрыс екен осылай
Ащыны да жеп көрген,
Тәттіні де жеп көрген.

Күміс күйме мінбеген,
Алтын түйме тақпаған,
Қарабайыр жарымның болғанына мақтанам.
Кімің бар деп еліңде
Біреу тізім жасаса,
Сол тізімнің ішінде
Бар болғанға мақтанам.
Алпыс жасқа келгенше ағартқам жоқ шашты да
Мені сөйтіп ел-жұртым мейіріммен баптаған,
Болдым содан мінеки, мисыз жүйрік ақтабан.
Бермесе де ат астыма жолдас қылып жақсыға
Таңқаламын Құдайым.
Қалай мені сақтаған?!

Ағаларым алса да қанатының астына,
Отқа салып күйдірген, шоққа салып қақтаған
Төске салып содан соң қылыш қылып таптаған.

Ақын ақын болып па,
Қаратаудың ойында,
Қарасудың бойында,
Алтын құйрық, құндыз жүн
Құлын туар ма екен деп,
Кендебай сал сияқты,
Түнде кірпік қақпаған.

Киіп алып нілді етік
Қилы-қилы күнді өтіп.
От дария су кешіп осы алпыс жасымда
Опалымен бірлесіп,
Отырғандай боп тұрмын,
Оқпан таудан оралып.
Алты Алаштың ішіне,
Атақ-даңқым таралып.
Мың жасадым көңілмен,

Алпысқа аяқ басқанда
Жеттік міне, алпысқа,
Өттік талай өткелден.
Біреулерге тұлға боп, біраз жерге жеткенмен,
Жігіттеймін кезінде жетімдікті көп көрген.

Кештім талай тар өткел,
Өттім бірақ жасымай.
Азаматқа дәл мендей дұрыс екен осылай
Ащыны да жеп көрген,
Тәттіні де жеп көрген.

Күміс күйме мінбеген,
Алтын түйме тақпаған,
Қарабайыр жарымның болғанына мақтанам.
Кімің бар деп еліңде
Біреу тізім жасаса,
Сол тізімнің ішінде
Бар болғанға мақтанам.
Алпыс жасқа келгенше ағартқам жоқ шашты да
Мені сөйтіп ел-жұртым мейіріммен баптаған,
Болдым содан мінеки, мисыз жүйрік ақтабан.
Бермесе де ат астыма жолдас қылып жақсыға
Таңқаламын Құдайым.
Қалай мені сақтаған?!

Ағаларым алса да қанатының астына,
Отқа салып күйдірген, шоққа салып қақтаған
Төске салып содан соң қылыш қылып таптаған.

Ақын ақын болып па,
Қаратаудың ойында,
Қарасудың бойында,
Алтын құйрық, құндыз жүн
Құлын туар ма екен деп,
Кендебай сал сияқты,
Түнде кірпік қақпаған.

Киіп алып нілді етік
Қилы-қилы күнді өтіп.
От дария су кешіп осы алпыс жасымда
Опалымен бірлесіп,
Отырғандай боп тұрмын,
Оқпан таудан оралып.
Алты Алаштың ішіне,
Атақ-даңқым таралып.
Мың жасадым көңілмен,
Қайта-қайта жаралып.
Сен аман бол, ендеше Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Сен аман бол, Қара Ертіс, Есіл, Нұра саласы.
Сен де аман бол, Іле, Шу, Арысы мен Таласы
Ешқайсына елімнің көзімнің жоқ аласы.
Сен аман бол, ендеше алты Алаштың баласы,
Сен де аман бол, Жетісу - қасиетті қара жұрт!

***

Құдай-ау, күн туар ма кең үзеңгі,
Жүргенде күнде асығыс сезім өлді.
Көретін көркемдікті көзім өлді,
Аясаңшы бауырлар, алпысқа кеп,
Ағаңның байыз табар кезі келді.
Түскім келмей отыр ғой тартысқа көп,
Кетейінші одан да кезіп елді.

Ағаң енді айылын жия бастар,
Алатауға қараймын қия-жақпар.
Көкмайсаға,
Қайтайын күнге шығып
Жалықтырар жанымды бірге туып,
Бір сүйекке таласқан ұяластар.

Сұр бөлтірік
(Бауыржан Халиоллаға)
Күн ыстықта шілде айында тымырсық,
Тыныштықта таулар жатыр ыңырсып.
Қалақайдың арасынан қасқырдың,
Апанының шығады иісі күңірсіп.

Астымда атым майда қоңыр желеді,
Ауызымда «Тау ішінде» өлеңі.
Озып кетпей, қалып қоймай артымда,
Бір бөлтірік бүлкіл қағып келеді,
Сүп-сүйкімді сұр бөлтірік әдемі.
Ала түсер ойы да жоқ тақымнан,
Қапталдасып қалмай келед атымнан.
Еш қауіптен, еш қатерден қаперсіз,
Бірге келе жатыр еді жақсы ойлы
Селт етті де секем алып қап қойды,
Иттің дауысы естілгенде жақыннан.

Кеттің бе екен сен де бүгін қатты боп,
Көп бөріге Көксерек боп, басшы боп.
Бір қызығы, маған да осы бұл күнде,
Өз ауылымның иттерінен жақсы жоқ.

Үш жақсының
ауылы
Баяғыда біздің елдің үш замандас бай шалы,
Қажылыққа барамыз деп айтады.
Сол Меккеде басымыз бұл қалса да,
Қажылыққа барамыз деп айтыпты.
Атбасындай алтын алып барса да
Сол алтынды үлестіріп баршаға,
Арып-ашып сапар шегіп қаншама,
Қайтарында қайыршы боп қайтыпты.

Үш қария әлгі біздің бай, құтты,
Мойынына дорба асынып қайтыпты.
Үш қайыршы тұратын сол ауылды,
Жаңа заман келгенше орыс, кәуірлі
Үш жақсының ауылы деп айтыпты.

Олар сондай боп өтіпті сыйлы адам,
Сол жақсылар нәпсісінен қайтыпты.
Елге келіп өрісіне сыймаған,
Басқа тұрмақ, баласына қимаған,
Өлермен боп, өліп-өшіп жинаған
Кісінеген, маңыраған, боздаған,
Құлан, киік болып кете жаздаған
Қисабы жоқ мал-мүлкінен тайқыпты.

Үш дуана әлі де өмір сүреді,
Елсіз қырдан үш елесті көрдім мен.
Бақ қонарда түсіне ердің кіреді,
Үш қайыршы мойынына дорба ілген.

Құбылаға жығыламын ұдайы,
Сонда елімнің үш қайыршы, бай шалы
Ерлепсің сен, ер екенсің шынайы,
Ерден иман қашпайды, - деп айтады.

Ғашық жүрек
ғазалдары
Жұмақ мұңмен жымиған бір кейпіңде,
Елесіңді ұстап алам кей түнде.
Білем сені, елең ете қалмайсың,
Сұлулардың қыр соңынан қалмайтын,
Сүйем сені, сүйіп өтем дейтінге.

Сатқындық пен сүю, күю, бәрі бар,
Сендік өмір, білем, ұзақ сериал.
Жанарыңда сол жылдардың табы бар.
Сөздер айтып қайтем саған, көп еспе,
Мен онсыз да болып жүрмін емес пе,
Иесіне өлгенше адал жануар.
Еркек бар ма саған көзін сүзбейтін,
Мықты бар ма сенен үміт үзбейтін.
Ендігәрі соқпа деп ең телефон,
Енді неге өзің мені іздейсің?

Неге іздейсің болып тұрып нем кетті,
Неге іздейсің шарлап енді жер-көкті.
Сенен мүлде күдер үзіп жүр едім,
Неге іздедің үзілгенде күдерім.
Тыпыр-тыпыр ете қалды жүрегім,
Тепкілеген сәби құсап жөргекті.
Адам жанын азаптаудың ұстасы,
Екеніңді білем сенің. Қысқасы.
Жүрегіңмен сүймесең де, сүйсең де,
Шарасыздан бір мықтыға тисең де,
Шыр айналып сен қасымнан шықпашы.

Өзің үйде, екі көзің аспанда
Бір фашистің құшағында жатсаң да,
Тірі жесір қасіретін тартсаң да
Бір жерде Әсел, мекен-жайы белгісіз,
Әсем жерде адам айтса сенгісіз,
Бірге адасып жүрген жанға ұқсашы...

***

Жақында емес, алыста емес сен аса,
Жүрсің Әсел, бар да болмай жоқ болмай.
Жүз жылда бір көрінетін комета
Дәл төбемде жанып бара жатқандай,
Тұңғиыққа маңып бара жатқандай.

Жанай өтіп шоққа қарып күйдірдің,
Көзбен көніп, көзбен ғана сүйдірдің.
Кейде сенен безіп кеткім келеді,
Кең дүниені кезіп кеткім келеді
Безсем-дағы құтылмайтын күйдіргім.

Сезіміме сеніп тұрып қорлайсың,
Келіп-келіп, төніп келіп қайтасың.
Басың тікпей барлаушыдай барлайсың,
Зар тілегім бар ғой саған айтатын,
Айтпай болмас,
Айтуға ауыз бармайтын.

***

Амал қайда ақыл-еске қонымды,
Тастай алмай ескі киген тоныңды.
Бастай алмай мүлде басқа өмірді,
Отырсың сен сезім жеңген бір сәтте
Ұсынып кеп, тартып алып қолыңды.

Сенен басқа маған жұрттың бәрі жат,
Барлық жоқты толтырасың өзің-ақ.
Мені де үркек қылып біттің, үркегім,
Ірікпейтін жерде өзімді іркемін.
Сезімімнің болса екен деп жазы ұзақ.

Сен бақытым еместігін сеземін,
Сонда да осы өртенеді өзегім.
Жағасында шашын жуған пері қыз,
Теріс ақсын ендігі өмір-өзенім.

Былқ етпеген ет кессе де етінен
Фашисті де қанжылатып кетіп ең,
Енді менің келген шығар кезегім.

***

Алай-дүлей соқты боран түнімен,
Алай-дүлей мен де ішімнен түңілем.
Саған қарай созған қолым жете алмай,
Бұл дүние өтермісің шынымен,
Өткел бермес өзендерден өте алмай,
Райыңнан қайтарыңды біліп ем.

Басындағы балапанын жылатып,
Бәйтеректі боран кетті сұлатып.
Не істеу керек?
Не істемедім сен үшін,
Көңіліңнің болса екен деп күні ашық.
Қарағайдың қар шалғанда ең ұшын,
Қарағым-ай, қалдым сені ұнатып.

Алай-дүлей соқты боран аңырап,
Бар дүние қала берді қаңырап.
Мейірім күткен тағдыр едің сен өзің,
Менен басқа керек саған не жұмақ.
Таудан асып кетесің де гөзәлім
Маған қайта ораласың маңырап.

Алай-дүлей ақборанның ішінде,
Желге қарсы келе жатсың түсімде.
Келе жатсың төмен қарап, қымсынып,
Мені талай жылатқаның үшін бе?

Қартайғанда қалдым сені шын сүйіп,
Қарағым-ай, түсін мейлі, түсінбе.

Шынайы мақтау
естігенде
- Сен жамансың! -
Деген сөзге селт етпейтін жүрегім,
- Сіз жақсысыз... -
Деген сөзге неге ауырып, жүдедің?
- Сіз жақсысыз... -
Деген сөзге ауырасың сен неге?
Біреу тиіп кетті ме екен сенің нәзік пернеңе.
- Құбылаға құлшылық қып Құдайға да ұнарсың,
- Жаратқанға жаққанымен жағу қиын пендеге,
Ей, дүние, бей дүние, сондай болдың сен неге?!

Білінбейтін көрер көзге ағы менен қарасы,
Қандай қиын дүниеде адамдардың арасы.
Әр ауыздан әр түрлі сөз аңқитынын қарашы,
Соған менің жан-жүрегім шаншитынын қарашы.
Неге сонша жасқанамын күдірейген күштіден,
Неге менің жүрегімнің өтеді осы үстімен
Осы ауылда болып жатқан бақ пенен тақ таласы,
Маған оның бәрібір ғой ағы менен қарасы.
Тазаланбай қойды өйткені, мәңгі Авгийдің қорасы,
Ей, дүние, бей дүние, бар ма соның шарасы?!

Сен жамансың деген сөзге жүруші едім қысылмай,
Жаз соңында қалтыраған жапырақтың ұшындай.
Сен жақсысың деген сөзге жүрегім,
Қалтырап тұр, қарашы!

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 813
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 642
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 510
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 522