Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 2830 5 пікір 4 Мамыр, 2023 сағат 13:42

Визасыз режим һәм Қытайдың «жасырын жоспары»

Өткен аптада «Халық парламенті» кезекті отырысын өткізіп, онда қоғам қауіп қылған тақырыптар сөз болды. Соның бірі – Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз қарым-қатынас режимі. Бұл қоғамның қызуын қатты көтеріп тұрған тақырып болғандықтан, төменде осы орайда танымал публицист-қайраткер Нұртаза Қадырниязовтың жиында жасаған баяндамасын қаз-қалпында жариялап отырмыз.

18 мамыр күні президент Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында екі елдің арасында 30 күн, 180 күн аралығында – 90 күнге қытайлықтардың біздің елге ВИЗАСЫЗ КІРУІНЕ рұқсат беретін құжатқа қол қойылмақшы. Осы мәселеге қатысты бірнеше проблемаға назар аударғым келеді.

БІРІНШІСІ – Қазақстанның Қытай алдындағы ҚАРЫЗЫ – бүгінгі күні 9 млрд доллар.

Ал халықаралық «Аи-Дата» статистика агенттігінің ақпары бойынша, біздің елдің Қытай алдындағы «жасырын» қарызы – 31 млрд 536 млн доллар (бұл жерде «материнский» компаниялардың, «дочкалардың» және квази-мемлекеттік сектордың қарызы айтылып отыр).

Тоқаев мырзаның президенттігі кезінде – 2020 жылдың қараша айында Азиялық даму банкі мен Азиялық инфраструктуралық инвестиция банктерінен 1,5 млрд еуро қарыз алдық. Бұл банктердің артында да Қытай қаржы институттары тұр.

Сонымен қатар, біздің Ұлттық банктің ресми ақпараты бойынша, Қытай Қазақстанға 21 млрд 300 млн доллар инвестиция құйған. Ал ресми емес ақпаратқа сүйенсек, қытайлықтар қазақ даласына 40 миллиардтан – 85 млрд долларға дейін инвестиция салған. Бұл жерде Қазақстанның Қытайдан көшіріп әкелеміз деген 54 заводы тағы бар.

Шынын айту керек, экономист-қаржыгерлер біледі – «инвестиция» дегеніміз де қаржылық міндеттеме. Себебі біздің елге құйылған инвестиция мол пайдамен Қытайға қайтуы керек, инвестицияның негізгі халықаралық экономикалық мақсаты – ПАЙДА ТАБУ!

Қытай алдында қарыз батпағына белшеден бату проблемасын айтқан кезде мынаған ерекше назар аударуымыз керек: Қытай ешқашан бекерден-бекер қарыздай көмек бермейді және ол берген қарызын ешқашан кешірмейді.

Осыған қатысты мыңдаған дәлелдер келтіруге болады:

Мысалы: Қарызға белшесінен батқан Греция билігі өздерінің Жерорта теңізіндегі «Пирей» портын Қытайға 436 млн долларға сатуға мәжбүр болды;

– Шри-Ланканы 20 жыл билеп-төстеген президент Раджапакстардың парақор семьялық кланы (өздері 8 ағайынды – Гатобая – президент, ағасы Махинда – премьер-министр, інісі Безил – қаржы министрі, кіші інісі Чамаль – парламент спикері). Бұлар Шри-Ланканың экономикасын Қытайдың 1,1 млрд доллар қарызына батырып, ақыры Қытай инвестициясына салынған ең ірі «Хамбонтота» аэропорты мен мұхит портын Қытайдың меншігіне беруге мәжбүр болды.

Былтыр жазда Шри-Ланкада бензин, азық-түлік, дәрі-дәрмек қымбаттағанда, халық көтеріліске шығып, Раджапакстар кланын елден қуып шықты. Сонда осы семьялық клан қапшық-қапшық долларды ұшаққа тиеп, елден қашып кетті. Алайда Қытайдың қарызы елдің мойнында проблема болып қалды!

Зимбабвені 35 жыл басқарған президент Роберт Мугабе елді қытай қаржы-инвестициялық қарызына батырып, ақыр аяғында алтын, платина, алмаз шығаратын ірі кен орындарын Қытайға беріп, қытай әскери базасын елге орналастырып, тіптен инфляция жеп қойған өз ақшаларынан да айырылып, юаньды ұлттық валюта қылып енгізуге мәжбүр болды.

Қытай қарызына батқан Джибути өз жерлерін қытайлықтарға 20 млн долларға жалға беруге мәжбүр болып отыр.

ЕКІНШІ ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА – ол Қазақстанның ең ірі мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан мемлекеттің меншігіндегі ірі компанияларды Қытайға сатып жіберу!

​Мен «Қытай айдаһары қазақтың мойнына салған инвестициялық-кредиттік қыл арқаны», «Қытайдың Қазақстанға экспансиясы – фантастика емес, 21 ғасырдың ащы шындығы», «Қытайлық гастарбайтерлердің Талдықорғандағы күзі», «Қытайдың этникалық тұзағына түскен елдердің тарихы бізге сабақ болсын», «Қытай-Зимбабве-Қазақстан – мәңгілік достар» атты мақалаларымда ол туралы көп жаздым.

Сондықтан біздің билік Қытай меншігіне сатып жіберген бірнеше мұнай-газ компаниясына ғана тоқталайын.

​Мысалы, Ақтөбе облысындағы ең ірі мұнай-газ шығаратын «Ақтөбемұнайгаз» компаниясы толықтай Қытай меншігінде;

  • Ақтөбедегі «Мартук мұнай», «Көкжиде мұнай», «Құмсай мұнай» атты ең ірі мұнай-газ компаниялары – толықтай Қытай меншігіне сатылып кетті («Көкжиде» мұнай кен орнының астынан ірі таза су қоймасы табылған болатын, сол таза суға қазір қауіп төніп тұр);
  • Қызылорда облысындағы ең ірі «Құмкөл» мұнай-газ компаниясы, Шымкенттің «ШНОС» бензин шығаратын зауытымен қоса Қытай меншігінде;
  • «Маңғыстаумұнайгаз» (49 %), «Қаражанбасмұнай» ең ірі мұнай-газ компаниялары жартылай Қытай меншігінде.

Жалпы айтқанда, Ақтөбе облысының мұнай-газ өндірісінің 90 пайызы, Қызылорда облысының мұнай-газ өндірісінің 65 пайызы, Атырау облысының мұнай-газ өндірісінің 30 пайызы Қытай компанияларының үлесінде.

Яғни, Қытай компаниялары экономикамыздың әр саласына барынша кіріп жатыр және оларға біздің билік сатып жіберген акциялар үлесін кері қайтарып алу өте қиын, тіптен мүмкін емес деуге болады.

ҮШІНШІ ЕҢ НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМА – Қытайдың миграция мәселесі.

Қытай халқының саны биыл 1 млрд 425 миллионға жетті.

Жыл сайынғы Қытай халқы санының өсімі 10–12 млн. Қытай билігі 2016 жылдан бастап «Бір семья – бір бала» деген заңды алып тастады. Қытай демографтарының айтуы бойынша, қалаларда 40 млн-нан астам жанұя тағы бір бала тууды жоспарлап отыр.

2016 жылы Қытайда 17 млн 800 мың бала дүниеге келді – бұл рекордтық көрсеткіш. (Қазақстанда бала туудың максималды рекорды 330 мың ғана).

Қытайда «Бір семья – бір бала» деген саясаттың кесірінен «гендерлік дисбаланс» пайда болды – ол дегеніміз ер баланың қыз баладан көп болуы. Яғни, 2021 жылғы статистика бойынша, ер адамдардың саны әйелдерден 34 млн 900 мыңға көп болып шықты, ал бізде керісінше.

Қытайда 16 мен 20 жастағы жігіттерге 13 млн қыз бала жетіспейді, олар қазір қыздарды Лаос пен Вьетнам мемлекеттерінен сатып алып отыр.

Қытайдың бір ғана Гуандун провинциясында (облысында) 126 млн халық тұрады, бір ғана Шанхай қаласында – 24 млн тұрғын бар.

Бір шаршы километрдегі халықтың тығыздығы 153 адам, кей провинциясында 400 адам, ал бізде 7-ақ адам.

Қытайда ішкі миграция қорқынышты қауіпте өсуде және қазір оның мөлшері 261 миллионға жетті, соның ішінде ауылдан жұмыс таппаған 188 млн шаруа қалаға көшкен, ал 24 млн жұмыссыз – қаладан-қалаға көшкендер. Яғни, Қытайда 261 млн адам тұрақты жұмыс таппай, көшіп жүргендер.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қытайда 7 млн жұмыссыз бар, жылына 12 млн түлек оқу орнын бітіріп, жұмыс нарығына шығарылады, олардың бәріне жұмыс тауып беру мүмкін емес.

Қытайда жұмыссыздардың наразылығы күшеюде, тек бір жылдың ішінде 87 мың бұқаралық наразылық (протест, бунт) орын алған, жұмыссыздық ковид эпидемиясына байланысты тіптен өршіп кетті.

Сондықтан Қытай билігі «Ішкі жұмыс нарығын тұрақтандыру, жұмысқа жарамды адам ресурстарын жұмыспен қамтамасыз ету» атты жасырын құжат-бағдарлама қабылдаған болатын. Сол бағдарламаға сәйкес, жұмыссыздардың бір бөлігі шекаралас мемлекеттерге – Ресей мен Қазақстанға экспорттауға бағытталуы керек.

Қазіргі кезде Қытайдың сыртында 40 млн қытайлық тұрақты тұрып жатыр, ресми статистикаға сенетін болсақ, жыл сайын 300 мың қытай басқа елдердің жұмыс нарығына экспортталады. Ал 4 млн қытайлық ресми түрде шетелдерде жұмыс істеп жатыр. Алайда бұл цифр өте аз, шындығында жартылай жасырын жұмыс істеп жүрген қытайлықтар шетелде әлдеқайда көп.

2019 жылдың қазан айында Алматы – Өскемен автожолын салып жатқан қытайдың «Ситис констракшн» компаниясында жұмыс істеп жүрген 134 қытайдың 70-сі Қазақстанда заңсыз жүрген болып шықты.

Қазақстанда 2674 қытай компаниялары жұмыс істейді, сонда оларда қанша қытай заңды және заңсыз жұмыс істеп жүргенін кім біледі?

Бұл – визамен кірген қытайлар, ал ВИЗАНЫ АЛЫП ТАСТАСАҚ, НЕ БОЛМАҚШЫ?!

Ұлттық банктің ақпараты бойынша, 2019 жылдың бірінші жартысында қытайлықтар Қазақстаннан 14 млрд 300 млн теңге, долларға шаққанда, 38 млн 600 мың доллар алып кеткен.

Ал 2022 жылы Қытай азаматтары біздің елден 33 млрд 700 млн теңге, долларға шаққанда, 74 млн долларды еліне аударған. Бұл тек Қытайдың ірі компанияларын айтпағанда.

Біздің өзімізде 3,5 млн адам жұмыссыз (үкімет оларды «самозанятые» деп атайды), ал қытайларды ВИЗАСЫЗ ЖІБЕРСЕК, ішкі жұмыс нарығын кім қорғайды?

Маңғыстау облысындағы жұмыссыздардың Астанаға келіп, министрлікті қоршаған жанайқайын естідіңіздер, негізінен соларға тиесілі жұмыс орнының біршамасын шетелдіктер алып отыр!

Баяндамамды қорытындылай келіп, сіздердің назарларыңызды мына фактілерге ерекше аударғым келеді:

Біз Қытаймен көршілес немесе оған жақын орналасқан мемлекеттердегі Қытай этносы проблемасының тәжірибесіне басты назар аударуымыз керек.

Мысалы, Индонезияда 8 млн-нан астам, Малайзияда – 6,5 млн, Филиппинде – 1 млн 200 мың, Мьянмада – 1 млн-нан астам этникалық қытай сол елдің азаматтығын алған.

Соның ішінде Австралияға ерекше тоқталғым келеді: Территориясы 7,7 млн кв. км, ал халқының саны – біз сияқты – 25 млн-нан сәл асады. (Бізде 2,7 млн кв. км кең байтақ жеріміз бар, ал халқымыздың саны 19,7 млн).

Сол Австралия ХХ ғасырдың 90-жылдарында өздерінде жұмыс қолы жетіспей, қытайларды визасыз кіргізген болатын. Соның салдарынан қазір Австралияда 1,5 МЛН этникалық қытай сол елдің азаматтығын алған, ал 1 млн 200 мың қытай сол елдің «еңбек визасын» алып, жұмыс істеп отыр.

Жыл сайын Австралияға 200 мың жұмысшы келсе, соның 70 пайызы – этникалық қытайлықтар.

Ең қорқыныштысы – Австралияда жылына туатын сәбилердің ішінде этникалық қытай балаларының ҮЛЕСІ жылдан-жылға көбейіп бара жатыр және англо түстес ақ нәсілді әйелдердің этникалық қытайға тұрмысқа шығу фактісі көбейді.

Біздің қыздарымыздың да қытайға тұрмысқа шығу фактілері бар, қытайлықтардың Қазақстан азаматтығын алу фактілері де аз емес!

Біз Греция мен Венесуэла сияқты Қытайдан мыңдаған километр қашықтықта жатқан ел емеспіз, біздің Қытаймен бірлескен шекарамыз 1 мың 783 км.

Сондықтан қытайды қазақ даласына ВИЗАСЫЗ кіргізу – үлкен саяси соқырлық. Бұл – қазақ елінің болашағына балта шабатын саясат. БҰЛ СОҚЫР САЯСАТҚА ЖОЛ БЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК!

Мен 17 сәуірде президент Тоқаевқа, Сенат төрағасы Әшімбаевқа, Мәжіліс төрағасы Қошановқа Қытайды Қазақстанға визасыз кіргізу құжатына қол қойылмасын» деп ПЕТИЦИЯ жаздым. Сол петицияға қол (подпись) жинап жатырмын, соған қол қоюларыңызды өтінемін.

Сөз соңында мынадай ұсыныстарым бар:

  • Қытайдың жеке меншігіне сатылып кеткен мұнай-газ кен орындарын игеруші ірі компаниялардың акциясы мемлекеттің, яғни ХАЛЫҚТЫҢ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛСЫН!
  • Қытайдан 30 жылда алынған қарыз ақша толықтай өздеріне қайтарылсын, болашақта Қытайдан біздің биліктің ҚАРЫЗ АЛУЫНА ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛСЫН!
  • Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режимге рұқсат беретін құжатқа ҚОЛ ҚОЙЫЛМАСЫН! БІЗ ҚЫТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ВИЗАСЫЗ КІРУІНЕ ҚАРСЫМЫЗ!

Нұртаза Қадырниязов,

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1794
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1785
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1502
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1400