Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 14950 1 пікір 7 Мамыр, 2013 сағат 08:59

Зейнеп Ахметова. Бабалар аманаты (жалғасы)

...Алла тағала жарық үшін күнді, тыным үшін түнді жаратқан дейді. Кейбір мақұлықтар жарықтан гөрі қараңғылықты сүйеді. Жарқанат үшін өмір қараңғылық түскен соң басталады. Мен де жарқанат сияқты түнді ұнатам. Өйткені келім-кетім кісі аяғы басылып, үй ішіндегі тірліктеріңді бір қайырып, мойның босайды. Ата әңгіменің көбін түнде айтады, тек көңіл-күйі бапты болсын деңіз. Бүгін, құдайға шүкір, көңілді, бағана батыр інілерімен үйді басына көтере күліп жатқан.

...Айналамды бір шолып, шашыраңқы жатқан ештеңенің жоқ екеніне көзім жеткен соң, атаның бөлмесі жаққа қарай беттедім. Келсем, Бәкең атаға бір кітапты көрсетіп жатыр екен.

- Бүгін сатып алдым дейсің, мынауың ескі, талай қолдан өткен кітап қой, - деді ата.

- Мен оны «Букинист» дүкенінен алдым. Кәдімгі кітап дүкендерінен мұндай дүниені табу қиын. Өткенде Джон Апдайктің «Ангел на мосту» деген шығармасына тап болып едім, бүгін Акутагаваның «В стране водяных» кітабына қолым жетті, - деді.

Өз басым бұл жазушылардың ешқандай кітабын оқып көрген емеспін. Мұндайларды іздегіш - Бәкең. Көмбенің үстінен түсіп, керемет қазына тапқандай әкесіне көрсетіп, мақтанып отыр. «Енді әңгіме тақырыбы басқа арнаға бұрылатын болар, ортадан жапондардың Акутагавасын көтеріп келе қалғанын көрмейсің бе» деп іштей қынжыла бастадым.

- Балам, маған ашыған көжеңнен әкелші, - деді ата сол арада.

...Алла тағала жарық үшін күнді, тыным үшін түнді жаратқан дейді. Кейбір мақұлықтар жарықтан гөрі қараңғылықты сүйеді. Жарқанат үшін өмір қараңғылық түскен соң басталады. Мен де жарқанат сияқты түнді ұнатам. Өйткені келім-кетім кісі аяғы басылып, үй ішіндегі тірліктеріңді бір қайырып, мойның босайды. Ата әңгіменің көбін түнде айтады, тек көңіл-күйі бапты болсын деңіз. Бүгін, құдайға шүкір, көңілді, бағана батыр інілерімен үйді басына көтере күліп жатқан.

...Айналамды бір шолып, шашыраңқы жатқан ештеңенің жоқ екеніне көзім жеткен соң, атаның бөлмесі жаққа қарай беттедім. Келсем, Бәкең атаға бір кітапты көрсетіп жатыр екен.

- Бүгін сатып алдым дейсің, мынауың ескі, талай қолдан өткен кітап қой, - деді ата.

- Мен оны «Букинист» дүкенінен алдым. Кәдімгі кітап дүкендерінен мұндай дүниені табу қиын. Өткенде Джон Апдайктің «Ангел на мосту» деген шығармасына тап болып едім, бүгін Акутагаваның «В стране водяных» кітабына қолым жетті, - деді.

Өз басым бұл жазушылардың ешқандай кітабын оқып көрген емеспін. Мұндайларды іздегіш - Бәкең. Көмбенің үстінен түсіп, керемет қазына тапқандай әкесіне көрсетіп, мақтанып отыр. «Енді әңгіме тақырыбы басқа арнаға бұрылатын болар, ортадан жапондардың Акутагавасын көтеріп келе қалғанын көрмейсің бе» деп іштей қынжыла бастадым.

- Балам, маған ашыған көжеңнен әкелші, - деді ата сол арада.

Мен келгенде Бақытжан:

- Неге қызық емес, мен де тыңдаймын. Әрбірден соң бұл әңгімені мен бастағанмын, - деп жатыр екен.

- Сені қуып жатқан кім бар, тыңдағын. Мен біраз «жетілерді» есіме түсіріп, қағазға тізіп қойдым. Жол-жөнекей тағы толыға жатар, - деп ата мен ұсынған кесені қолына алғанда, Ержан құсап «ура-а-а» деуге аз-ақ қалдым. Ата жарты кесе көжені сіміріп алып, мұртын сүртіп, асықпай сөзге кірісті:

- «Жеті қазынаның» діни сеніммен араласып кеткен, ертеден ел ішінде айтылатын және бір түрі бар. Оған алдымен Қыдырды атайды. Ауызекі тілде Қызыр баба деп те айтыла береді. «Қыдыр - құдайдың ерекше қасиет беріп жаратқан сүйген құлы» делінеді. «Алланың пайғамбары» деп айтылатын да аңыздар бар. «Қыдыр адамға дарыса, ол молшылық, байлыққа кенеледі» деген сенім қалыптасқан. Сопылар Қызырды жақсылықтың жаршысы, адал пенделерді қорғаушы, тура жолға бастаушы жетекші ұстаз санайды екен. Қазақтардың «Қыдыр баба қолдасын», «Жорытқанда жолдасың Қызыр болсын» деп бата беретіні сондықтан болса керек. Жылдың басы, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз келгенде «Қызыр баба үй аралап жүреді, назары шырақ жанып тұрған үйге түседі» деп сенеді. Григориан күнтізбесі бойынша ескіше - 9 март, жаңаша 21 марттан 22-сіне қараған түнді «Қыдыр түні» деп атайды. Өткенде наурызда Зейнеп түнімен шам жағып, жеті дәмнен көжесін бұқтырып отырды ғой. Бұл - ата-бабадан қалған жөн-жоба, алдағы күнге ақ тілек тілеу. Қыдыр қонбайды, Қыдыр дариды. Ол тек адамға ғана емес, жерге де, жан-жануар, өсімдіктерге де дариды деп жатады. «Сондықтан Наурыздан соң қыстай қатып жатқанның бәрі жібіп, жан алып, көк шығып, мал төлдейді. Ол Қыдырдың дарығаны» дейді аңыз-әңгімелер.

Екінші - Бақ. Бақты әдетте «бақыт» деп атайды. «Бақ та - құдайдың өзгеше жаратқан құдіретті бір күш иесі» делінеді. Ол Қыдыр секілді дарымайды, бақ адамға қонады. «Бақ басқа қонған құс» деп оны қанатты құсқа теңейді. Бақ қонған адам атаққа, даңққа, мансапқа, дәулетке ие болады. Біздің қазақтар «бақ қонсын», «бағың ашылсын», «басыңнан бағың таймасын», «Қыдыр дарып, бақ қонсын» деп тілек айтады. Бірақ Қыдыр таңдап дариды, бақ таңдамайды дейді. Жаратушы ием кез келген пендесіне бір рет болса да, басына бақ қондырады екен. Аз ба, көп пе, үлкен бе, кіші ме - қалайда бақ қонады, бұл сын екен. Сол басыңа қонған бақты көтере аласың ба? Асып-тасып,тәубеңді ұмытып, болғанның үстіне болсын деп ашкөзденесің бе, әлде шамалы бақтың өзіне шүкіршілік етіп, қанағатты боласың ба - оның бәрі адамның санасына байланысты. Бақты баянды ету өз қолыңда. Бақтың құс секілді ұшуы да, қонуы да оңай. Оттан-судан қаймықпай өткен адамның бақтан сүрінетіні жиі кездеседі. «Бақ қонса, тасың алтынға айналады, бақ тайса, алтының тас болады» деп халқымыз тегін айтпаған.

Үшінші - Ақыл. Ақыл - адамға берілген шексіз байлық. Адамның жер-дүниеге ие болып, қожалық етіп отырғаны - ақылдың күші. Адам ақыл-парасатымен әлемді таныды. Табиғат жаратылыстан басқаның бәрін ақылмен жасады. Ақылмен ғарышқа ұшып жатыр. «Ақыл - тозбас тон», «Ақыл - таусылмас кен», «Ақыл байлық - азбас байлық», «Ақылдан нақыл шығады», «Ақылды дүниені ойлап табады» деген сияқты дана сөздер көп-ақ. Қыдыр дарып, бақ қонғанда ақылмен ұстамасаң кетуі әп-сәтте. «Ақымақ бақтың қонғанын білмей, ұшқанын бір-ақ біледі» деп бақтың баяны ақыл екенін айтады. Әдетте «ақылды адам» деп біз жақсы адамды айтамыз. Бірақ ақылдының бәрі жақсы емес екенін ескермейміз. Ақыл қай бағытқа бұрылады, мәселе - сонда. Шыңғыс хан, Наполеон, Сталин, Гитлер немесе атом бомбасын, басқа да қырып-жоятын қаруларды жасағандар ақымақ емес. Керісінше, олар - өте ақылдылар. Ақылға жүректен таралатын мейірім, ынсап, тірек болмаса, ол өте қауіпті ақыл болғаны.

Төртінші - Денсаулық. «Тәні саудың - дені сау», «Денсаулық - зор байлық» деп қазақтар саушылықтың қадір-қасиетін қысқа да нұсқа ұқтырған. Демек, денсаулық патшаның тағынан, дүниенің молынан қымбат.

Бесінші - Ана. Анасыз ұрпақ болмайды, адамзат өсіп-өнбейді. Алып та, ақын да, батыр да, данышпан да анадан туады. «Ананың алдында асқар тау да аласа», «Анаңды Меккеге үш қайтара көтеріп апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» дейді. Әлем ананы мадақтап, ананы жырлап келе жатыр. Жер бетінде адамзат барда бұл солай жалғаса береді. Ана жайлы күні-түні сөйлеуге болады, сонда да теңізге тамған тамшыдай көрінер еді. Оны өздерің де жақсы білесіңдер.

Алтыншы - Тұз. Тұз Алланың адамдарға ғана емес, барлық жан-жануар, өсімдіктерге берілген несібе үлесі делінеді. Қазақтар тұзды нанмен қатар қояды. Қайтыс болған адамды «дәм-тұзы таусылды» десе, әлдебір қауіп-қатерден аман қалғанда «татар дәм-тұзы бар екен» деп жатады. Қарғыстың жаманы да - «дәм-тұзым атсын» дейтін сөз. Опасыздық жасағанды «дәм-тұзды аттады» дейді. Жаратылыста тұздың түрлері көп, әрқайсысының қажет орны бар. Тұзсыз еш нәрсенің дәмі де, нәрі де болмайды. Қазақтар тұзды баспайды, тұзды төгіп-шашпайды, тұзға түкірмейді. Бұл - қатал тыйым. Обал болады, өйткені тұз қасиетті. Тұз болмаса, табиғат та жадап-жұтар еді. Қазіргі кезде көшенің тоңын еріту үшін тонналап тұз төгу әдеті өріс алған. Бір күні болмаса, бір күні аяққа басып жүрген тұздың зауалы тиіп, киесі ұрып, таршылық пен қиындыққа ұрынбасқа кім кепіл болыпты?! Бірақ құдіретке сенбейтін қоғамда оны кім ойлапты?

Жетінші - Ит. Кеше айтуды ұмытыппын, бір нәрселер есіме түсті. Иттің аспанға қарап, сай-сүйегіңді сырқыратып, үрей үйіре ұлитыны бар. Адамдар «ой, қара басыңа көрінгір» деп ұрып, қуалап жатады. Өйткені ит жақын адам қайтыс боларда немесе бір қатер келерде өзі түсінетін түйсікпен біледі. Ит адамға алдына ала белгі беріп жатыр ма, әлде жаратушыға жалбарынып, иесі үшін медет сұрап жатыр ма - тілін ұқпаған соң біз оны білмейміз. Бірақ иттің жайдан-жай ұлымайтыны анық. Кейбір иттер өзінен-өзі үйден қашады. Сол кезде өрт, су тасқыны, зілзала секілді апаттар болады. «Бәсе, үйден безіп кетіп еді» деп жатады ондайда. Иттің үйден бекер кетпейтіні, әлденені сезген соң, соны айналасына білдіру үшін кететіні қазір құпия емес. Зерттеулер мен бақылаулар соны көрсетіп жүр. Ит иесіне өте адал, оның үйін, малын, қорасын қорғайды. Сырттан келген ниеті бұзық дұшпанды, ұры-қарыны бірден сезеді. Абалап үріп, иесіне хабар береді. Қайсыбір адамдар күшікті көзін тырнап ашқаннан әдейі ұрып ызаландырып, қабаған етіп үйретеді. Ит жақсылықты да, жамандықты да ұмытпайды. Жалпы, пенделер алғысты иттен үйренуі керек, - деп ата темекісін тұтатты.

- Папа, Жуалыда аудандық газетте істеп жүргенімде, қойлы ауылдағы бір әңгімешіл қариядан «жеті ырыс», «жеті байлық» дегендерді естіп едім. Ақымақтық па, аңғалдық па - соны дұрыстап жазып та алмаған екенмін. Кейін көбін есіме түсіре алмадым, - деді баласы.

Ата әңгімесін тоқтатып қояр ма екен деп ем, жарайсың, Бәке! Тағы бір «жетінің» сұлбасы көрінді. Ата темекісін шегіп отырып-ақ сөзге кірісті.

- «Жеті ырыс» пен «жеті қазына» - мағыналас, сабақтас ұғымдар. Бірінші - ақыл-сана, екінші - денсаулық. Бұлар туралы әлгінде аз да болса айттық. Үшінші - Ақжаулық...

- О-о, бұл тақырыпты өзіңнен артық ешкім айта алмас, - деп Бақытжан ортадан киіп кетті. Әкесіне тигізе запыран дәмі бар сөзді айтып салды. «Бәле-ай, бүлдіретін болды-ау... Ортадан от шықпаса жарар еді...» деп қылпылдай бастадым.

- Қапталдаспай жайыңа отыр! - деді ата сөз мәнін түсіне қойып. - Тыңдағың келмесе, кеткін! - Әр сөзін тісінің арасынан сыздықтата шығарды.

- Ой, папа, кешір! Өзімше сөзіңді дәмдейін дегенім ғой, - деп баласы түк болмағандай мүләйімси қалды.

- Маған шай әкелгін, - деді ата салқын жүзбен. «Жазған құлда шаршау жоқ» - кінәм болмаса да, кінәлі болып, шай қоюға кеттім.

Ойдан жүйрік не бар екен, лездің арасында басыма сан-сапалақ ойлар келді. Аузына ие болмай, өткенді қоңырсытып, әкесін «тістеп» тартқаны үшін Бәкеңді атарға оғым жоқ. Сөйте тұра «әкесіз өскен адамның ішінде қандай қыжыл жатқанын кім біліпті» деп жұбайымды ақтап аламын. Қалай болғанда да, мен бұларға төреші емеспін. Біреуіне - келінмін, біреуіне - жар, баласының анасымын. Мен осы міндет-парызыма адал болсам болды, сонда бұл шаңырақтың дәм-тұзын ақтағаным.

Мен шай жабдығын әкелгенімде, ой, құдірет-ай, Момышұлдары әлденеге күліп жатыр екен. Түсініп көр бұларды! Шекісулері де, бекісулері де өзгеден бөлек. Ортада шыбын болып мыжылар ма екенмін деп қорқып едім, құдайға шүкір, аман өтіп кеткен секілдімін.

- Үшінші - Ақжаулық, - деді ата бір пияла шайдан соң, - «Түздің тынысы - еркекке, үйдің ырысы - әйелге» дейді халқымыз. Әйел-аналар - от басының құты, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы. Әйелсіз үйде береке болмайды. Ақжаулықтың қадір-қасиетін, өмірдегі ешкім толтыра алмас орнын жоғары бағалағандықтан қазақ атаң әйел-ананы «жеті қазынаға», «жеті ырысқа», «жеті байлыққа» қосқан. Ана тіліміз, ата дәстүріміз жоғалып кетпей, бұл күнге жеткен болса, ол - ең алдымен, ақ жаулықты аналардың еңбегі. Өкінішке қарай, қазір талбесікке сүйеніп, «Бесік жырын» айтатын келіндер, немересіне ертегі айтатын әжелер азайды, мен осыдан қорқамын, - деп ата үндемей қалып, темекісін түтіндетіп кетті...

- Жарайды, бұл - бөлек үлкен әңгіме, - деді ата сәлден соң, - «жеті ырысты» ары қарай түгендейік. Төртінші - Бала. Бала - әрбір адамның өмірінің жалғасы, келешек-болашағы. Үйіңнің босағасы - алтыннан, табалдырығы - күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, шаңырақтың бар қызық-қуанышы да, базары да, той-думан мерекесі де - бала. Қазақ - өте балажан халық, баласы қанша болса да, көп көрмейді, тіпті ырым етіп бала санын бадырайтып айтпайды. Ұрпақ жалғастығына зор мән береді. Қазақтағы ең ауыр сөз - «қубас» деген атау. Сол үшін кез келген ата-ана артында ұрпақ қалып, ошағының отын жағып, түтінін түзу шығарғанын тілейді. Сол жолда атар таң, батар күн демей, тіршіліктің тақпезер тізесі батса да, төзеді. Баласының теңтұсынан кем болмай, адал азамат болғанын армандамайтын адам жоқ. «Ағаш жапырағымен көрікті, адам ұрпағымен көрікті» дейді. Қазақтар бір-біріне: «Бала-шағаңның қызығын көр!» - деп тілек айтады.

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Балаңды жұрт мақтаса,

Бәрінен де сол игі, - деп баланың жақсы ержетіп, әке атына атақ қосқанын үлкен мақтаныш көреді. Бұл да - ұзаққа кететін әңгіме, тақырыптан ауытқымайын. Бесінші - көңіл. Көңіл - тек адамзатқа берілген ерекше сезім. Адам көңілмен семіріп, көңілмен арықтайды. Көңіл мен пейіл - егіз ұғымдар. «Көңілі түсті», «пейілі түсті» деген бір мағынаны білдіреді. Сол көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ-бірлік орнап, ырыс құйылады. Қазақтар - «көңілге қарау», «көңіл қалдырмау», «көңіл бөлу», «көңілін көтеру» деп көңілге көп мән беретін, көңіл сыйлағыш кеңпейіл халық. Көңілдің түбінде ынтымақ жатыр, ал ынтымақсыз елден береке кетеді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық даналығын адамның көңіл-пейіліне орай туған өсиет деуге болады. Алтыншы - Жер. Бұл жерде «жеті ырысқа» қосып отырғанымыз - Туған жер. «Жерсіз ел - жетім», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Ер - елдің баласы, жер - елдің анасы» деп кіндік қаны тамған, ата-бабасының сүйегі жатқан жерін қазақтар ерекше ардақтап, қасиеттейді. Жетінші - Ит.

Енді «жеті қазына», «жеті ырыспен» астарласып, мән-мағынасы араласып, ұқсап жататын «жеті байлық» деген тіркес бар. Ел ішінде айтылатын бір түрі мынандай болып келеді:

Әуелгі байлық - денсаулық,

Екінші байлық - еркіндік,

Үшінші байлық - тіл байлық.

Төртінші байлық - күш-қайрат,

Бесінші байлық - ақжаулық,

Алтыншы байлық - балаңыз,

Жетінші байлық - жүз саулық.

Денсаулық - байлықтың басы. Дені сау адам өзі ынталанса, еңбектенсе, қолынан көп нәрсе келеді. Еркіндік, тәуелсіздік - жеке адамдардың да, бүкіл халықтың да байлығы. Еркіндігі бар халықтың болашағы, іргелі ел болу келешегі бар. Еркіндіксіз бақытқа қол жетпейді, еркіндіксіз қуаныш жоқ. Еріксіз адам құлмен тең, еріксіз ел - бодан ел. Өз қолы өз аузына жетпеген ел. Біз қазір алып мемлекеттің құрамындамыз. Сырттай бәрі керемет көрінер, бірақ біз - еріксіз елміз. - Ата осыны айтқанда көзім бақырайып, Бәкеңе қарадым. Ол «тыныш отыр» дегендей қабағын түйіп, белгі берді. «Мына сөзді біреу естіп, бір жерлерге жеткізсе, сотталып кетеміз ғой» деп ішіме діріл кірді.

- Тіл - байлық, - деп ата әңгімесін соза берді, - әрбір халықтың өз ана тілі - өзіне байлық-қазына. Тілден айырылған халық жеке-дара халық болудан айырылып, құрып-жойылады. Тілсіз ұлттық қасиет сақталмайды. Қазақ тілі өз тұғырына қона алмай, мемлекеттік дәрежеге жете алмай келеді. Мен бұл мәселені соқырға таяқ ұстатқандай жіктеп тұрып, сонау 1944 жылы өкімет басшыларына жазғанмын. Амал қанша?! - деп ата екі қолын екі жаққа жайып, басын шайқады да: - Әрбір қазақтың ана тілін біліп, оны ардақтауы, ұрпағына үйретуі - халыққа, ұлтқа сіңірген еңбектің, қызметтің ең зоры. Өзінің кеудесі орден-медальдарға толып, атақтың түр-түрін алып, бала-шағасы ана тілінен мақұрым болса, менің ойымша, бұл - ұлтқа жасалған қиянат. Ата-баба аруағы алдында кешірілмес күнә дер едім. Ал күш-қайрат, байлық деген - халықтың бірлігі, тұтастығы. Ел қуатты болса, ел ішіндегі тыныштық тұрақты болады. «Бірлігі күшті ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», «Ырыс алды - ынтымақ» деп бабаларымыз өсиет еткен екен. Ақжаулық пен бала туралы шамалы болса да, айттым. Жүз саулық деген бұл жерде сандық ұғым емес. Күнделікті тіршілікте тарықпайтын, жоқтықтан біреуге жалтақтамайтын тұрмысты айтқаны. «Жүз саулық» өзінен-өзі келмейді, адамдар оны еңбегімен, маңдай терімен табады. «Еңбек етсең, емерсің», «Еңбек түбі - береке», «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» деп ата-бабаларымыз тіршілік тұжырымдарын айтқан. Бүгін осы тойғандарыңмен барыңдар. «Жалмауызға да жан керек». Мен демаламын, - деп ата орнынан тұрды. Мен бөлмені желорай жасап, төсек-орнын сілкіп салып, бері қарай келдім.

Япырым-ай, мектепте - он жыл, университетте - бес жыл оқысам да, бірде-бір оқулықта «жетілік ұғымдар» неге кездеспеген? Газет-журналдарда анда-мұнда көзге шалынып қалады. Бірақ соған адам мән беретіндей, көңіл тоқтатып қарайтындай етіп жазылмайды. Тек санын тізіп шығады, онда да үзіп-жұлып қана. Ата бізге оқушыға сабақ өткендей етіп талдады. Әрине, біз де дым білмейтін топас емеспіз. Бір қарағанда білетін-ақ сияқтымыз, ал ата қарапайым тілмен сол білгеніңді қайталай бастағанда басқа қырынан түсініп, таңдай қағасың. Осындай әңгімелерді мектеп оқулықтарына енгізсе, қазақ балаларының көзі көп нәрсеге ашылар еді. Бірақ ондай дүниелерді жоғарғы жақ жібермейді ғой. Біз атадан нешетүрлі әңгіме тыңдап жүрміз, мұндай сөздерді баласына немесе немересіне айтатын ата, әкелер көп пе, жоқ па - ол маған беймәлім. Бірақ мен уақыты келгенде Ержанның құлағына атасынан өзім естігеннің бәрін жеткіземін. Өйткені бұл да - бабалар аманаты.

Соңы

P.S. Кітапты сатып алам деушілер 87016520613 (Айгүл) телефонына хабарласса болады.

Abai.kz

1 пікір