Жұма, 3 Мамыр 2024
Тарих 1964 2 пікір 24 Сәуір, 2023 сағат 13:44

Орыс отаршылдығының табиғаты

Протоиерей и. Восторговтың «Түркістан, Жетісу және Семей облысындағы қоныстанушылар» атты мақаласындағы орыс империализмінің рухы

Орыс империализмі Еуразия құрлығының біршама аймақтарына, оның ішінде қазақ жеріне орыс отарлық саясатының қамытын кигізгенінен бері бірнеше ғасыр өтіп, бұрынғы отарлардың кейбірі өз бостандығына қол жеткізген қазіргі заманда да тарихымызда өткен осы қараңғы кезді қайта електен өткізіп отыруымыз керек.

Әсіресе, ХХІ ғасырдағы тәуелсіз еліміздің тұтастығына қауіп төндіріп отырған ресей саясаткерлері мен еліміздегі шовинистік-империялық көңіл-күйдегі сепаратистердің өткен, орыс-кеңестік кезеңді аңсап, елімізге ауық-ауық ақпараттық шабуыл жасап отырған кезеңінде орыс отаршылдығының саясатын түсініп, талдап, көпшілікке жеткізе отырып, қоғамды сақтандыру, жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу аса маңызды.

Өткен ғасырлардағы орыс империализмінің көрші аймақтар мен халықтарды отарлыққа түсіруде табысқа жетуінде ең алдымен орыс мемлекетінің жоғарғы билігінің, әскердің, шіркеу мен халықтың үндесе, біріге жұмыс жасауы болды десек қателеспейміз.

Сөзіміздің дәлелі ретінде, орыс империализмі мен отаршылдық саясатын жанын сала қолдап, осы саясатты жанталаса іске асырған шіркеудің сол кездегі шовинист, империяшыл көп өкілдерінің бірі протоиерей Иоанн Восторговтың Қазақ елін отарлауды жақтаған ой-пікірлері мен әрекеттерін талдауды ұсынып отырмыз.

Протоиерей Иоанн Восторгов 1887 жылы Ставрополь теологиялық семинариясын бітіргеннен кейін Ставрополь теологиялық мектебінің студенттерінің бақылаушысы, содан кейін орыс және шіркеу славян тілінің оқытушысы болып тағайындалды.

1894 жылы Иоанн әкей Елисаветполь гимназиясына (қазіргі Әзірбайжанның Гянджа қаласы) заң мұғалімі болып тағайындалды.

1897 жылы 17 шілдеде Ұлы князь Ольга Федоровна оны Тифлис 1-ші әйелдер гимназиясының мұғалімі етіп ауыстырды және көп ұзамай осы гимназияның үй шіркеуінің ректоры болып тағайындалды.

1900 жылдың желтоқсанында Қасиетті Синод оны грузин епархиясының приходтық және сауат ашу мектептерінің епархиялық жетекшісі қызметіне тағайындады.

Қасиетті Синодтың бас прокуроры протоиерейді бірнеше мәрте шетелдік маңызды іссапарларға жіберді. 1906 жылы 25 қаңтарда Иоанн Мәскеу епархиясының уағызшы-миссионері қызметіне тағайындалды. Оның тасыған күш-қуаты мен империялық пиғылы, орыс мемлекетіне берілгендігі мен шешендігі жалпы шіркеу жұмысының талаптарына толығымен сәйкес келді.

1909 жылы наурызда протоиерей Иоанн Восторгов басшылық шешімімен Сібір мен Қиыр Шығыс елдеріне теологиялық мектептер мен миссияларды тексеру және қоныс аудару орталықтарын жабдықтау үшін қайтадан жіберілді. Ол Жапонияда, Қытайда, Кореяда болып, Владивосток, Хабаровск және басқа Сібір қалалары арқылы Мәскеуге оралды.

Кеңес үкіметі орнаған соң біршама уақыттан кейін 1918 жылы 31 мамырда протоиерей Иоанн Восторгов өз пәтерінде тұтқындалды. 1918 жылы 4 қыркүйекте Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті жанындағы Революциялық трибуналдың тергеу комиссиясы протоиерей Иоаннды өлім жазасына кесті.

2000 жылдың тамызында епископтардың мерейтойлық кеңесінде Иоанн  ХХ ғасырдағы Ресейдің Қасиетті әулиесі атағы беріліп, дәріптелді.

Иоанн Восторговтың «Статьи по вопросам миссионерским, педагогическим и публицистическим” (Миссионерлік, педагогикалық және публицистикалық мәселелерге арналған мақалалар, 1887–1912 жж.) атты еңбегіне оның 1887–1912 жылдардағы шіркеу-публицистикалық мақалалары, сондай-ақ оның миссионерлік қызметіне қатысты еңбектері кіреді. Осы жинақтағы Ресейдің біздің еліміздің отарлану тарихына қатыстысы «Түркістан, Жетісу және Семей облысындағы қоныстанушылар (1910 жылы жол бойынан жолданған жеделхаттар)» атты мақаласы.

Назарларыңызға осы мақаланы сол кездегі орыс отаршылдық саясатының табиғатын, қазіргі империяшыл-шовинистердің пиғылдарын және олардың   бұрынғы, дәстүрлі орыс отаршылдық идеяларымен тарихи-рухани сабақтастығын түсіну үшін толығымен аударып ұсынып отырмыз.

ТҮРКІСТАН, ЖЕТІСУ ЖӘНЕ СЕМЕЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚОНЫСТАНУШЫЛАР

 (1910 жылы жол бойынан жолданған жеделхаттар)

 Түркістанды Парсы елінің шекарасынан Сырдария облысының солтүстік шекарасына дейін толық аралап шықтым. Мұнда қоныстандыру жұмыстары ресми түрде тоқтатылғанмен, орыс халқының инстинктивті түрде еркін өмір сүру жағдайларын іздейтін және өздерінің көңілінен шығатын аймақтарға көші-қон толқынының стихиялық қозғалысын ешқандай да тыйымдар тежей алмайды. “Орыс шаруасы жерді пайдалану мен егін өсірудің жергілікті ерекшеліктерінен хабарсыз, жаңа жағдайда өмір сүріп, жұмыс істеуге қабілетсіз” деген әңгіме бос сөз. Мен шаруалардың суаруға арналған арықтарды пайдаланып, мақта өсіруді меңгеріп алғандықтарын өз көзіммен көрдім. Мысалы, мақтамен айналысатын шаруалар  өткен жылы құны оннан бес жүз сомға дейінгі өнім алды. Осы жерде әскери қызмет етіп, әскери қызметі біткен соң суармалы егістіктер мен жаңбырлы (суарылмайтын) егістіктерді мұқият өңдеп, осы жерлерге ықыласпен иелік етіп отырған кейбір әскери қызметкерлер  стратегиялық тұрғыда отарлау ісін атқарушылар. Закаспий облысындағы Гродковский ауылында осындай 80 отбасы бір жыл бұрын ғана қоныстанған болатын. Олар қазір жергілікті экономиканы жақсы біледі және мақта плантацияларыни иелік етіп отыр.

Мұнда мыңдаған рұқсат етілмеген мигранттар  отбасылары ағылып келіп жатыр. Оларды ешқандай қолдан жасалған кедергілер мен мәжбүрлеу шаралары арқылы тоқтату мүмкін емес. Бұл аймаққа бір қарағаннан-ақ, кем дегенде он миллион акр жерді құрайтын  оның орасан зор отарлау мүмкіндігін көру аласыз. Және бұл орыс шаруасының түсіне де кірмейтін қырғыздар мен сарттар сияқты бұратаналардың мүдделерін қорғап, оларды жермен толық қамтамасыз етіп отырған жағдайдың өзінде қалып отырған жерлер. Мұндағы көне заңдар мен әдет-ғұрып бойынша жердің иесі болып, осы жерді өңдеп, суарып, пайдаланып отырған адам саналады. Сондықтан, бос жатқан, мол өнім беретін құнарлы болсын, суармалы болсын жерлерді орыс қоныстанушысына келісімді бағамен емес, аздаған ақыға  беру керек. Бұл коммерциялық мақсатты емес, ең жоғары деңгейдегі мүддені қорғайтын мемлекеттік маңызы бар мәселе. Бұл тұрғыда заңдарды тез арада қайта қарау қажет. Облысқа, қоныстандыру ұйымына толық үлес қосу керек. Осы уақытқа дейін заңсыз көшіп келген жаңа қоныстанушылардың рухани қажеттіліктерін өтеу үшін шіркеу салуды шектейтін ережелер сақталып қалуда. Бұл ереже шіркеудің өз балаларына деген қамқорлығының мәнін дұрыс түсінбеуден туындаған түбірімен қате көзқарас. Шіркеудің дұғасы мен жұбаныш, күнадан пәктейтін ғибадаттары заңсыз қоныс аударушылар түгілі түрмелер мен жазалау орындарындағылар үшін де аса қажет. Қазір Оңтүстік Түркістанда 12 жаңа приход салу жоспарлануда. Олардың біразында заңсыз қоныстанғандар тұрақтанған. Сәуір айында осындай 4 приход ашылып, Мәскеу пасторлық курстарының діни қызметкерлері қазірдің өзінде лагерьдегі шіркеулерінде қызмет етуде. Олар бес жасар балаларды шомылдыру рәсімінен өткізіп, сенім мен дұғаның кез келген түрін орындау үшін  молоканизмге кеткендерді шіркеудің құшағына тартуға мәжбүр болды. Өз басым өзім барған ауылдардың бірінде екі сәбидің шомылдыру рәсімінен өтпей жатып шетінеп кеткені туралы қайғылы оқиғалардың куәсі болуға тура келді. Өңірдің жоғары басшылығы қазір ерікті қоныс аударушылардың қонысына  дін қызметкерлерін тағайындауға кедергі жасамайды. Егер жер жағдайына сәйкес тұрақты шіркеу салу мүмкін болмаса, онда сіз лагерь шіркеулерінің қызметін пайдалауыңызға болады. Мұндай шіркеу бар болғаны үш жүз рубль тұрады. Салымшылар мұндай соманы Синодтың шаруашылық бөліміне бағыттау арқылы қоныстанушыларға шын мәнінде үлкен қызмет көрсетеді.

Осы жерден орыстың жаңа қоныс аударушылар үшін есігі айқара ашық тұрған Жетісуға бардым. Қоныс аударушылардың есебінен үлкен елді мекенге айналған «Арыс» темір жол вокзалынан 25 мыңға дейін рұқсаты бар қоныс аударушылар мен 30 мыңға дейін ерікті қоныс аударушылар өтеді.

Таяуда, Түркістанды жаулап алудың 50 жылдық мерейтойында орыс халқының бұл жерді космополитизмнің абстрактілі идеялары мен бұратаналардың практикалық идеалдарына емес, Ресей мен орыс мақсаттары үшін иемденгенін көреміз. Орыс халқы осында мықтап қоныстанбайынша, жергілікті халық отырықшы өмір салтына көшпейді. Бұл шаруаның қоғамдық және қауіпсіздік жағы да бар. Өйткені, Құлжаға темір жол салып жатқан қытайлардың назары батыс аймақтарға ауса, мұнда кенеттен “бұлт үйіріліп, күн күркіреп, найзағай жарқылдауы мүмкін». Біздің мұндағы жағдайымыз Қиыр Шығыстағыдан бір де кем емес.

Жетісу облысына қоныстандыру ісі мүлдем жаңа шаруа болғандықтан, үкімет пен қоғамның ерекше назар аударуын талап етеді. Жетісуда қоныстанушыларды орналастыру жеделдетілген қарқынмен жүргізілуде. Барлық алты уезде осы уақытқа дейін жергілікті қоныстандыру ұйымы 40 жаңа елді мекенді құрып, оларда 25 000-ға жуық қоныс аударушыларды қоныстандырды. Сонымен қатар, жалпы алаңы жарты миллион акрдан асатын жаңа отарлау қоры дайындалды. Сонымен қатар, Еуропалық Ресейден, сондай-ақ Сібір губерниялары мен облыстарынан рұқсат етілмеген қоныс аударушылар да келіп жатыр. Қазіргі уақытта жетпіс бес мыңнан астам осындай жер басып алушылар тіркелген. Келгендердің барлығы тіркелмей, ресми рұқсатты күтпей-ақ жаңа жерлерге өздігінен қоныстануда және Еріктілер (самовольчка) атты жаңа елді мекендер құруда.

Ішкі еуропалық провинциялардан келген қоныстанушылар, негізінен оңтүстік тұрғындары, күшті және  сенімді элемент болып табылады. Олар жаңа жерлерде сәтті қоныстанып, аймақтың гүлденуіне септігін тигізуде. Ал, Сібір губернияларынан келген қоныс аударушылар кезінде өздеріне берілген мемлекеттік жерлердің 30 пайызын иемденіп, кейін қайта тастап кеткендер болатын. Олар барлық жағынан алып қарағанда аса сенімсіз, ылажы болса қажет емес адамдар. Олардың қолынан тек тым жақсы елді мекендерді қоқыспен ластап кету ғана келеді.

Алты уездің үшеуі: Қапал, Жаркент және Пржевальский аймақтары Еуропалық Ресейдің ішкі губернияларынан келетін 12000 ер адамды ұйымдасқан түрде қоныстандыруға дайын. Бұл уездерге, негізінен, Қапал  және Пржевальский уездеріне қоныс аударушылардың бір бөлігі жетіп үлгергенімен, олардың кейбіреулері жер ресурстарын басқару комиссияларының сәтсіз жұмысынан, шаруашылықтың қолайсыз, қиын жағдайларына және  темір жол, жақсы қара жолдардың болмауына байланысты жаңа  учаскелерге жазылмай кетіп қалды.

Қоныстандыруға дайындалып, күтіп отырған учаскелер сапа жағынан мінсіз. Атап айтқанда, Қапал уезінде, Алтын-Емел болысында егіншілік үшін суаруды қажет етпейтін бос жерлер мол және қоныстандыруға арналған керемет жаңбырлы жерлер де дайын. Өз басым осы жерлерден өтіп бара жатып, қоныс аударушыларға дайындалып отырған жерлердің осыншалықты әсемдігіне таң қалдым. Бір қызығы, олардың осы уақытқа дейін қырғыздардың иелігінде болса да қырғыздардың осы керемет жерлерді қолданып, пайдаланбауы. Қырғыздар бұл жерлерді тек түкке тұрғысыз  мал шаруашылығы мен таудан ары-бері малдарын айдап өткенде ғана пайдаланады. Соған қарамастан, қырғыздарда осындай жерлер әлі де көп.

Қоныс аудару ұйымы Шығыс халықтарының бір кездері Ұлы көші-қон дәуіріндегідей шығыстан батысқа қарай стихиялы ағылғаны сияқты, орыс қоныс аударушыларын Шу, Іле аңғарлары мен  Қытаймен шектесетін Нарым аймағына тезірек қоныстандыруға ұмтылып жатыр. Бұл әрине, елді көрші Қытайдан қорғаудың қуатты және сенімді құралы ретінде жасалып жатқан шара. Дәл осы жолдар халықтардың бір кездері шығыстан батысқа қарай жүріп өткен жолдары, сондықтан осы тарих бізге осы аймаққа  Ресейдің ерекше назар аударуын талап етеді. Өйткені мәдени жағынан әлдеқайда дамыған,  күшті орыс элементтерінің қоныстануы ғана Шығыстағы заманауи өзгерістер мен шабуылдардың алдын алады. Шығыс халықтарының қайтадан сол жолдармен қозғалысы бола қалған жағдайда осы жол қазір мүлдем қорғаусыз жатыр.

Отарлау тұрғысынан алғанда, Еуропалық Ресейден алыста орналасқан бұл таңғажайып қолайлы  табиғи жағдайға ие аймақ кең-байтақ Ресей мемлекетінің түкпір-түкпіріндегі орыс халқын өзіне тартатын шексіз өлке. Теміржол желісінің тартылуымен отарлау жұмысының алға басуына байланысты бұл аймақ болашақта ең бай және ең гүлденген аймақ болады деп күтілуде. Келешекте жүздеген мың ресейліктер осында қоныстанып, осы жерден өз бақыттарын таба алады.

Жергілікті шенеуніктерден құралған қоныстандыру ұйымы өлкені орыс халқымен толтыруда орасан зор жұмыс атқарып жатырғанымен, кең-байтақ аумақтар мен ниеттелген жоспарларды іске асыру жолында жасалып жатқан шаруалар мүлде жеткіліксіз. Әсіресе, шекаралық және жер телімдері бойынша шенеуніктердің жоқтығы сезіледі, олардың санын айтарлықтай арттыру қажет.

Облыстың бас қолбасшысы тарапынан генерал-лейтенант Самсонов пен Жетісу облысының әскери губернаторы генерал-майор Фольбаумның қоныс аудару ұйымының жұмысына жан-жақты, жанашырлықпен көмектесіп отыр. Дегенмен, елді мекендердегі, уездік әкімдіктегі кейбір қызметкерлер қырғызофильдік тенденциялардан әлі толық арыла алмаған және осылар көбінесе отарлау үдерісінің бәсеңдеуіне себепкер болып отыр.

Ал, қырғыздардың (қазақтардың) көңіл-күйі тоқ, мүлдем тыныш. Егер олардың арасында отарлау қажеттіліктері үшін жер бөлуге қарсы оппозициялық көңіл-күйдегі адамдар  болса, ол біріншіден, түкке тұрмайтындар және зиянды үгіт-насихаттың ықпалында болған адамдар. Қырғыздардың түкке тұрғысыз  құқығы, Ұлы орыс мемлекетіндегі билеуші ​​халықтың өкілдері ретінде орыстардың нақты құқықтарының жанында  ештеңе емес! Бір қызығы, осы антиресейлік идеяларды жиі қолдаушылардың арасынан сен күтпеген адамдардың табылып қалуы да бір қызық екен.

Қырғыздар арасында отырықшы өмірге көшуге деген ұмтылыс барған сайын жиі байқалады. Қырғыздар петиция жазып, өз ауылдарына қоныстандыруды, орыс шаруаларымен тең дәрежеде жер бөлуді, орыс деревняларына тіркеуді сұрап өтініш айтуда.

Орыс қоныстанушыларына берілгеннен жерлерден үш, тіпті төрт есе артық жер қалған көшпелі қырғыздарға көп мөлшерде жер берілгенімен, Жетісуда әлі де болса отарлауға әбден қолайлы жаңбырлы да, суармалы да орасан артық жерлер бар. Барлық жерде суаруды қажет етпейтін, тек жасанды суаруды қажет ететін бос жерлер әлі де көп. Оларды бөліп-жармай, бір мезгілде кең мемлекеттік қолдау көрсете отырып, суару жүйесін жасап, отарлау қорын құру қажет.

Жаңа қоныстанушылар орналасқан елді мекендерінің санының тез өсуі, әрине, шіркеулер мен шіркеу мектептерін тезірек салу қажеттілігін тудырады. Өңірде бір-бірінен алшақ орналасқан жиырмадан астам қоныс аударушылар елді мекендерге қызмет көрсететін екі-ақ шіркеу бар. Оның бірі Пішпек уезінде, екіншісі Нарым өңірінде. Барлық жерде рухани жұтаңдыққа ұшыраған жаңа қоныстанушылар оларға тез арада моральдық-рухани көмек көрсетуді талап етіп жатыр. Верныйда жергілікті епископ Димитридің төрағалығымен, менің, губернатордың және қоныстандыру басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте Түркістанның оңтүстік бөлігінде ашылған приходтардан басқа, 8 көшпелі діни қызметтерін құру және 12 жаңа тұрақты приход ашу жоспарланды. Сонымен қатар, сол мәжілісте осы аймақтарда монастырь ашу үшін алты елді мекен, болашақта аймақты кеңірек отарлау үшін мәдени-рухани орталықтар салу белгіленді.

Осы жағдай Жетісуды отарлау ісі дұрыс жолға түсіп жатыр деген сенім ұялатып, болашақта айтарлықтай нақты және ең пайдалы нәтижелер бере алады деген үміт оятады.

Семей облысында өткен жылы бара алмаған қоныс аудару орындарын аралап шықтым. Бұл өңірдегі қоныс аударуға арналған жер - 45 миллион акрға дейін үлкен кеңістік. Өкінішке орай, ұлан-ғайыр өлкенің агротехникалық зерттеулеріне бар болғаны 13 мың рубль ғана бөлінген болса, оның жартысы қызметкерлерді ұстауға кетеді екен. Осының нәтижесінде аянышты жағдайлар орын алды: Жылтаудағы 12 елді мекендердің осыдан үш жыл бұрын 4000 фут биіктікке сәтсіз қоныстанғандықтан, қазір олар әртүрлі бағыттарға шашырап кетті. Маған, тіпті, Марқакөл көліндегі сияқты, көшіп келушілер үшін арнайы кеңселер ашуыма тура келді.

Аумағы 12 миллион акр болатын Қарқаралы уезі мүлде зерттелмеген: тек биыл ғана ол жерге топырақ-ботаникалық экспедиция жіберілді.

Семей уезінде игерілмеген бес миллион гектар жер бар. Ертістің бүкіл жағалауындағы  шағын аудандар ғана белгілі. Ең бастысы, қоныс аударушылар Павлодар уезіне, оң жағалауға қоныстанады. Округте 10 миллион гектар жер бар. Міне, арада 4 жыл өтсе де жаңа қоныстар көркейіп тұрғандай көрінеді.

Ауылдары мүлде бай деуге болатын Өскемен уезі туралы да осыны айту керек.

1909 жылғы қырғыздардың тұрмыс-тіршілігін реттеу туралы Ережеге сәйкес қырғыздардағы жайылымдық жерлердің молдығына қарамастан, орыс қоныстанушыларына тиесілі егістік жерлерді қырғыздарға беруді талап еткені қандай өкінішті?! Қырғыздардың келешекте отырықшы өмірге көшуі мүмкін деген пайымдау айналып келгенде орыстардың қоныс аудару үдерісін тежеп отыр. Ереженің академиялық мәні бар екені рас шығар, бірақ, қырғыздардың ахуалының болашақта қалай болатыны мүлде белгісіз. Сонымен қатар, оның практикалық салдары қолайлы емес. Өскемен, сондай-ақ Зайсан уездері Қытаймен шекаралас және стратегиялық маңызды аймаққа орналасқандықтан, бірінші кезекте осы аймаққа орыс халқын қоныстандыру керек.

Зайсан уезінде ең өзекті мәселе – гидротехникалық шаралар. Мұнда суару жұмыстары дұрыс жүргізілсе, мақта, бау-бақша, жүзім өсіру әбден мүмкін сияқты. Бұл мәселені түсіндіру үшін осы уақытқа дейін ешқандай эксперимент жүргізілген жоқ. Осы арада, көрсетілген, өте ықтимал болжамдар ақталған жағдайда, біз сөзбе-сөз экономикалық төңкеріс пен осы уақытқа дейін Сібір армиясының казактарын ғана тартып, жерді тозып кеткен үлкен тастанды аймақты абаттандыру қарсаңында тұрмыз. Зайсан мен Ертістегі балықтардың уылдырық шашу кезінде жыртқыштық, тіптен айуандық әдістерді қолданып, осындай жыртқыштықтың нәтижесінде балық аулау соңғы кезге дейін табысты болған бұл көлде балық аулау азайып кетті.

Округте суару мәселесін шешу тек бөлінген қаражаттың тапшылығымен ғана емес, істі білетін адамдардың аздығымен де қиындауда. Оларды оқытатын оқу орындары жоқ: көп қателіктер арқылы көп тәжірибеден үйрену керек. Еуропалық Ресейдегі пікірлерге қарамастан, қырғыздар нашар егінші болып шықты: олар егісті суаруға ертеде жоңғарлардан қалған ескі арықтарды пайдаланады. Бірақ, бұл суару жұмыстары да аса жетілмеген жүйе. Мың гектар жерді жақсы суарумен пайдалануға болатын аумақта қарабайыр суаруға елу гектарын ғана пайдалануда. Қалғанының бәрі пайдаға аспай босқа тұр.

Суға құқықты реттейтін, суды пайдалану бойынша нұсқаулар беретін және суармалы жерлерде суару жұмыстарын кеңейтуге құқық беретін, жалпы су пайдалану туралы заңды мүмкіндігінше тезірек қабылдау қажет. Семей және іргелес облыстарда қоныс аударуға мүмкіндігі бар адамдарды, әсіресе бай орыс малшыларын қарқынды түрде тарту қажет. Өйткені, тек егіншілікті ғана емес, орыс халқы мал шаруашылығымен де айналысу керек. Мұнда қара топырақ жоқ болғанымен, кейбір жерлерде ормандарды мал өсіруге пайдалануға болады. Құрғақшылық бұл аймақта жиі болып тұрады және егіннің бітік шығуына қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда қашанда қосымша мал шаруашылығының көмегі тиеді. Мысалы, биыл жауын-шашынның аздығынан мамыр айының соңына дейін аштықтан қорқып, халық үрейленді. Қазір қатты жаңбыр жауып, егін орташадан да жоғары өнім берді.

Бұл жерде кейбір земство агенттерінің пайда болуын құптауымыз керек. Мысалы, Екатеринослав Полтавадан үлгі алып, өлкені зерттеп, өз губерниясының қоныстанушылары үшін қолайлы жерлерді таныстырады. Олар үкіметтің көмегін тек біліммен және еңбекқорлықпен игеріп қана қоймай, сонымен бірге қаржылық жеңілдіктермен де қолдау көрсетіп отыр.

Құм көшкіні туралы тағы бір ескерту: қазіргі кезде оларды тоқтату үшін мүлдем ештеңе жасалмай отыр. Бұл арада құмды жерлерде жабайы  түрде өсетін ерекше бұталар сияқты өсімдіктерді пайдалану керек. Жергілікті халық осы ағаштарды көздің қарашығындай сақтаудың орнына, жерді құмды шөлге айналдырып, ағашты отынға пайдалануда.

Қоныс аударушылардың миссионерлік және діни жағдайы ерекше назар аударуды қажет етеді. Жергілікті халықтың (қазақтардың, қырғыздардың) әдет (билер) соттарының шамадан тыс кең құқықтары бар. Жақында көрші облыста халық соты қырғызды христиан дінін қолдағаны үшін бірнеше айға түрмеге қамауға үкім шығарған оқиға болды. Мұндай соттың үкімін тек Ұлы Мәртебелі Император ғана жоя алады. Мұндай жағдайларда, әрине, христиандықты жергіліктілердің арасында уағыздау туралы айту мүмкін емес. Айтпақшы, сол соттар манап атанған қырғыз байларының көңілінен шығу үшін кедейлерді өздерінің қалауы мен отырықшы өмірге көшуге талпыныстары үшін жазалайды. Отырықшылыққа көшу кедейлерге пайдалы болғанымен, байлар өздеріне жалшы қызметін атқаратын кедейлерді шексіз мойынсұнушылық пен үмітсіз экономикалық құлдықта ұстау мүмкіндігінен айырады.

Орыс халқына келетін болсақ, олардың арасында секталық ағымдарға еру үрейлі ауқымда өршіп барады. Приходтардың саны аз болғандықтан, секталардың қызметіне қарсы тұру өте қиын.

Омбы қаласының өзі бірте-бірте Қиыр Шығыстағы Благовещенск сияқты Батыс Сібірдегі сектанттықтың ірі орталығына айналуда. Осыдан бір жыл бұрын осы жерде секталардың үлкен съезі болды. Қоныстанушы шаруалар  рухани аштықта болғандықтан, Мәскеуден келген діни қызметкерлер алғаш рет приходтарға дұға оқып жүргенде қуаныштан жыламаған отбасы болмағанын айтады. Өкінішке орай, секталық қозғалыстар үлкен жетістіктерге жетті. Епархияда ауыл ақсақалдары-баптистер өздері немесе туыстары арқылы үгіт-насихат жүргізетін ауылдар бар. Мұндай ауыл, мысалы, Белағаш. Баптистерді неофиттерге беру үшін шетелден ақша аудару фактісі анықталды. Кавказға қатысты осындай фактілерді бір кездері мен баспасөзде жазған болатынмын. Өкінішке орай, шаруа бастықтары кейде халықтың сенім психологиясын түсінбейді. Шаруалар шіркеу  қоңырауына ақша жинаса, бастықтары олардың тілегін келеке етіп, арық салуға кеңес береді. Одан да сорақы оқиға болды: шаруалар приход салуға өз жиған-тергенінен мың сомнан бөлгенде, бастықтар бұл қаржыны  ауылдың кірісін көбейтуге пайдаланып, сыра цехын ашуға кеңес береді. Соңғы факті Томск губерниясында орын алып, шаруалардың әділ шағымын туғызды.

Семейде өтетін жиында облыстың әр округінде көшпелі шіркеулермен бірге көшпелі дін қызметкерлерін ашу, 8 жаңа тұрақты приходтарды құлшылық үйлерін, шіркеу мектептері мен діни басқарма үйлерін салуды ұйымдастыру, бес монастырь салу жоспарлануда.

Семей Омбыдан алыс. Осыны ескере отырып және миссионерлік мақсаттар үшін мұнда жартылай тәуелсіз викариат ашу қажеттілігі туындап отыр.

 

Жомарт Жеңісұлы

тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 791
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 604
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 495
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 506