Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 2731 3 пікір 17 Сәуір, 2023 сағат 14:01

Путин неге кішірейді?!

«Соғыс қылмыскері» атанып өркениетті әлемнен оқшауланған Кремль қожайының іші пыспасын деді ме, соңғы айларда Қытай шенеуніктерінің Мәукеуге сапары жиіледі.

Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне жыл толу қарсаңында, атап айтқанда, наурыздың 22-күні Қытай сыртқы істер басшысы Уаң И Путинмен кездескен еді. Ол Украинамен арадағы соғысты реттейтін аталмыш «Бейбітшілік келісімін» ала келген.

Араға ай салып, Қытай төрағасы орыс астанасында үш күн сапарда болып, әлемдік геосаяси жағдайдың жаңа бетбұрысы жайында айтты. Енді, міне, жексенбі 16-сәуір күні Қытайдың Қорғаныс министрі Лишанфу үш күндік сапармен тағы да Мәскеуге келді. Алдын ала жарияланған мәлімет бойынша ол өзінің тең дәрежелі әріптесі Шойгумен кездесуі керек болған. Путин мырза кішірейіп бірден өзі қабылдаған.

Сырт көз қабылдау бөлмесіндегі ұзын столдың былтыр Путин мырза Франция басшысы Макронды қабылдаған кездегі стол екенін айтуда. Бір айырмашылығы Кремль қожайыны қытайлық қонағын Макрон сияқты ұзын столдың арғы басына емес, сол жақ қапталыныа жайғастырып, өзі де столдың жанына отырып, жақыннан әңгімелескен. Кездесудің осындай тұстары да түрлі әңгімеге арқау болуда. Айтып-айтпай Путин мырзаның жағдайы қыл үстінде екені анық.

Ресей армиясының қысқы шабуылы нәтижесіз аяқталды. Күздегі моблизацияда шақырылған жаңа әскери құрамның 50 мыңы оққа ұшты деген мәлімет бар. Басты нысана еткен шағын қала Бахмутты да ала алмады. Сәуірден бастап таға да әскерге шақыру науқанын бастады. Бұл жолы электронды хабарлама жіберу арқылы жастарды әскерге баруға міндеттеген. Хабарламаны ашсаң да-ашпасаң да оқыған болып есептелесің. Межелі уақытта келіп тізімделмесең, барлық есік жабылады. Ақша картаң, паспортың бәрі бұғатталады.

Алда 9-мамыр жеңіс күні келе жатқаны белгілі. Ресейдің кей облыстары дәстүрден бас тартып, аталмыш салтанатты мерекені атап өтпейтіндерін айтуда. «Вагнер» әскери ұйымының басшысы Пригожин да соғыстың ұзаққа созылуының Ресей үшін салдарының ауыр болатынын, ішкі бүлік туындауы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Әскери әлеуеті сарқылған Путиннің бір ғана Қытайдың көмегіне үміт артып отырған жайы бар. Саяси ойынға шебер Қытайлар кесікті байлам айтпай діңкесін құртуда.

Таяудағы Макрон мен Еуроодақ кеңесі төрайымының Қытайға сапары кезінде Қытайдың Еуроодақтағы елшісі АҚШ басылымдарына Ресей мен Қытайдың етене достығының сөз жүзінде ғана екенін айтса, Бейжіңге келген Германия сыртқы істер министрімен кездесуінде Қытай сыртқы істер министрі Ресейге бұдан бұрын қару бермегенін, бұдан кейін де бермейтінін қадап айтты.

Американың санкциясына ұшыраған Қытай қорғаныс министрінің Мәскеу сапарын әркім әрқалай жоруда. Ол Қытай басшысының бұрынғы берген уәделерін тағы да қайталап, мазасы қашқан Путиннің көңілін аулай келген болуы мүмкін. Бұл қытайлардың ежелгі дипломатиялық тәсілі. Былтыр Қытай төрағасы Сауд-Арабияға барғанда кейбір мәселелрге байланысты Иран тарабы наразылық білдіргенде, Парсы елінің өкпесін басу үшін ілі-шала үкіметбасының орынбасарын жіберген.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1274
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1163
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 903
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032