Сенбі, 4 Мамыр 2024
Қоғам 3949 9 пікір 12 Сәуір, 2023 сағат 12:39

Абай телеарнасы тек биліктің меншігі ме?..

(медиа-әріптестерге жолданған үшбу хат)

Жаңа канал ABAI TV ашылғанда қатты қуанғанның бірі едім.  Енді салмақты әңгіме, салиқалы сұхбат саулайды, ұлыларды насихаттау да қарқын алатын болды деп. Жалғыз мен емес, барша абайсүйер қауым Ахаңның (Ахмет Байтұрсын): «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» дегенін іске асырар сәт келді десті. Бірақ..., «Сіз абайтанушы көрінесіз, келіп-кетіп жүріңіз, есігіміз ашық» деп хабарласар,  әне-міне шақырар деген үмітім үзілді. Қайдағы?!  Баррикаданың екі жағы сияқты, халық пен биліктің арасы тым алшақ екенін кім білген...

Әуелі өзіме қатысты ыңғайсыз жағдайды сөйлейін. Қайтіп қара тізімге іліндім, білмедім, әйтеуір, он жылдан асқан шығар, «Егемен Қазақстан» газеті менің бірде бір мақаламды баспай тұқыртты, енді осы құқай ABAI TV тарапынан алдымнан шықты. Абайдың құнарлы ойларын, «адам бол» ілімін насихаттауға ниеттенген едім. Дәнеме шықпады. Құрғақ сөз десеңіз айтайын, канал басшысы Азамат Кеңесұлы деген адамға 2022 жылдың соңында жолығып, ең болмағанда бір-екі рет мүмкіндік бер деп жалынғандай сұрандым. Бес-алты ай өтсе де үнсіздік, менің соққан телефоныма жауап жоқ, мазалай бергесін бе, ақыры өшіп тынды. Демек, сабаздың өз еркі өзінде жоқ.

Қазақ «Қайығың ұрланса, қырдан іздеме» дейді, ноқталы болудың да түпкі себебін іздеп алысқа ат айдаудың қажеті жоқ. Тап қазір жар жағасына жетіп, шайқалып тұрған теріскей көршімізге көз  салсақ та жеткілікті.  Шыны керек, алып империяда болып жатқан оқиғалар, адам өмірінің құнсыздануы бүкіл әлемді шошытып отыр. Бар бәленің төркіні – бұл елдің тамырын махаббат, мейірімнен тартқан мәдениеті солған, ой еркіндігі нөлге тақау. Азаттық дәмін татпаған, рухы соқыр халық соғысты қолдамағанда қайтеді? Сарапшылар бұл шовинистік идея ғана емес, қалың бұқара оянбаса, ұйықтай берсе деп ойын-күлкіні, думан-сауықты тықпалай бергеннің де салдары дейді. Міне, біздің ел осынау авторитарлы империяға қарап бой түзегені айдай ақиқат.

Олай болса, алар тарихи сабағымыз қайсы? Бұған шекті көршіміз не істесе, соны сол қалпы қайталап келдік. Билік тіке, яки вертикальды болды. Міне, осыдан аяқты тарту керек. «Сыртқа қасиет қонбайды» дейді хәкім. Жекенің азаттығы жоқ жерде, адамшылық болмайды дегені. Әрине, адамдар арасында татулық, достық пен сүйіспеншілік дәнін себу, былайша айтқанда, «көзін қойып, көңілін ашу» қиынның қиыны. Тағы Абай: «Не пайда бар – мың надан, Сырттан естіп таңдансын, Онан дағы бір  есті, Ішкі сырын аңғарсын» деп білмесе айта ма...  Демек, адам болу идеясы ең болмағанда күшпен таралсын (тек тобырлық сананы ғана қалыптау оңай – «рейтинг» үшін хайп қуып, мақтан мен желікпе туын желпілдете беруді біл).  Бұл-бір.

Екіншіден, тәуелсіздіктен қайтсе пайда алмақпыз? Бұл жайында Құлбек Ергөбек деген сыншы азамат: «Ақпарат құралдары мемлекеттік идеология қалыптастыратын сұрапыл күш. Бұл мүмкіндікті пайдаланбай, кежегеміз кейін кетумен келеміз» депті. Әрі қарай: «Қазақ газеттері өз мінезі, өз мінезі арқылы қалыптасқан өз бетінен айырылып болды бүгінде. Бәрі «Егеменнің...» көшірмесі. ...Қазақ басылымдарын бір қазанға қаратып қою – жабуға, жоюға апарады.  Қазақ тілді басылымдар «Қазақ газеттері ЖШС»-ға бірікті. Бірігу арқылы бас бостандығынан айырылды, бодан болды, бұл қателік» деп қорытады. Міне, шын сөздің атасы! Қазақ газеттеріне қарата айтылған бұл пайымның телеканалдарға қатысы жоқ, оларда жағдай басқаша қалыптасқан, оларда еркіндік көп деп айта алмасақ керек.

Қадірлі әріптестер! Көп нәрсені кадр шешеді. Еліміздің ақпарат кеңістігі, оның екі тізгін, бір шылбыры ел болашағы, елдік сана, ұлт мүддесі дегенге үрке қарайтындар қолында сияқты. Оларда «көзінен басқа ойы жоқ» болуы заңды. Неге десеңіз, басым көпшілігі  «Пайда ойлама, ар ойла!»-дан кері бағытта жүзген шірік ортада қалыптасты, елшілдік емес, партияшыл не болмаса мемлекетшіл шенеунік рөлінде ғана «шыңдалды».

Соның бірі – жоғарыда өкпе-ренішімді айтқан ABAI TV -ның басшысы деген күдігім бар.  Жоқ, қателестіңіз ағасы, сізді каналға жолатпаған себеп ол емес, мынау еді деп қарсы жауап жолдап жатсаңыз мархабат, Азамат Кеңесұлы мырза! Негізі, бұл хат бүкіл каналдың ұжымына топырақ шашуым емес, қарттық жасымды бұлдап, қатқылдау айтқан сөзімді көпшілік түсіністікпен қабылдар, артық-кемін кешірер деген сенімдемін.

Осымен, «Ақиқатты асырып айтпа, жасырып та айтпа, түсініп айт!» демекші, жоғарыда ортаға салған ой-пайымдардың қазығын қағып, түйіндеп өтейін.  Бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз болмаса, қоғам былығып, заман азбақшы. Халық рухани аштыққа ұрынбақ. Қазақ тілінің жағдайы алабөтен аянышты. Абай тілі, қазақ дүниетанымы жұтылуда. Бала атаулы дәлізге шыға сала орысша сайрайды. Бөгде тіл мен жат дәстүрдің бұрын-соңды болмаған экспансиясына қарсы антивирус – ұлттық намысты ояту болса керек-ті. Бұл рух пен идеяны қалқан қылу деген сөз. Сонда ғана маргинал халық болмай, ұлы көшке қазақ қалпымызда ілесе аламыз. Ел болып қалсақ дейтін кім кімде де саясатты қуа бермей, идеологияға назар аударуға, бұл өрісте басты байлап, қарекет қылуға шақырамын.

Сәлеммен, Асан Омаров

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1043
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 923
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 686
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 776