Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 8318 0 пікір 18 Сәуір, 2013 сағат 06:25

Гүлнәр Салықбай. Күн (басы)

Кешіріңдер кең пейілді пішінде:

жүргенімді осы байтақ өңірде!

Кешіріңдер

дәл осылай болғандығым үшін де,

келгенімді өмірге...

Кешіріңдер

сүйгенімді өртеніп,

Күтіп желдің өкпегін.

Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,

өмірімнің өткенін...

Кешіріңдер

жақсы көрсем бәріңді,

көргім келіп  биіктен.

Содан кейін өртеп алып барымды,

Жер тырнасам  күйіктен.

Кешіріңдер

сенгенімді себепсіз,

жарқыраған бағымды.

Тозып біткен  заттарыңдай, керексіз

лақтырылған шағымды.

Кешіріңдер

құрметсіздің қулығын

дер кезінде ұқпасам.

Қырық тесік болса дағы сулығым,

қабағымды шытпасам.

Кешіріңдер

түсінбесем біріңді,

көңілімнің қалғанын.

Кешіріңдер

Кешіріңдер кең пейілді пішінде:

жүргенімді осы байтақ өңірде!

Кешіріңдер

дәл осылай болғандығым үшін де,

келгенімді өмірге...

Кешіріңдер

сүйгенімді өртеніп,

Күтіп желдің өкпегін.

Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,

өмірімнің өткенін...

Кешіріңдер

жақсы көрсем бәріңді,

көргім келіп  биіктен.

Содан кейін өртеп алып барымды,

Жер тырнасам  күйіктен.

Кешіріңдер

сенгенімді себепсіз,

жарқыраған бағымды.

Тозып біткен  заттарыңдай, керексіз

лақтырылған шағымды.

Кешіріңдер

құрметсіздің қулығын

дер кезінде ұқпасам.

Қырық тесік болса дағы сулығым,

қабағымды шытпасам.

Кешіріңдер

түсінбесем біріңді,

көңілімнің қалғанын.

Кешіріңдер

жүрегімді, жырымды

және олардың арманын...

Кешіріңдер

өзгешелеу түсінік,

өңге айналмас түсімді.

Оңып кеткен көйлегімді - түсі ұмыт,

мағынасыз ісімді...

Кешіріңдер

күткенімді үгіліп,

Кездерімді жаңылған.

Көз жасымды -

шыға алмаған тығылып,

жүрегіме ағылған...

Кешіріңдер

жасырылған жарамды -

ешқашан да таңбаған.

Кешіріңдер қолымдағы қаламды -

құмары бір қанбаған.

Кешіріңдер кітабымды бітетін -

айта алмастан бір шынын.

Кешіріңдер кереметтер күтетін

жүрегімнің дүрсілін...

Кешіріңдер

осынау бір адамды -

жағдайы жоқ белсенер.

Кешіріңдер иен қалған жағамды

қолдарыңнан келсе егер...

Кешіріңдер

жазылмаған сөзімді,

өзімді де  әлі аман.

Кешіріңдер менің ғашық көзімді -

өздеріңе қараған...

 

***

Оятпа сен мені, қалғысам,

Өзгеге еліктеп, өзгерме.

Іздеме бекерге, қаңғысам,

Жоғалғым келетін кездерде.

 

Таң болып күтіп ал кешкірсем,

Ән болып, жанымды желбірет.

Жаңа айдай жарқырат ескірсем,

Қиналма «қайтемін енді?» деп...

 

Басқа бір әлемде тұрақта,

Көздерің бақытқа шөлдесе.

Сен мені ұмытпа бірақ та,

Өзіңді ұмытқың келмесе...

 

Ешқандай ағынға қосылмай,

Таңданба бәрінен сырт қалсам.

Ешқашан жоғалмас досымдай

Жер болып күтіп ал бұлттансам.

 

Аяма адасып, қағынсам,

Сен мені сөкпейтін шығарсың?

Мың жылдар өткен соң табылсам,

Қағаздан барлығын ұғарсың...

 

Түсінбе тойларда болмасам,

Және де жолымды жүрілген.

Бір күні кеудеңе орнасам

Жаңбырдан кейінгі жырыммен...

 

***

Қашайықшы барлық қиын сұрақтан,

қишы маған ұйқыңды.

Қарашы, анау балағынан кірі  аққан

қала қандай сүйкімді!

 

Қашайықшы, айдалаға, адасып,

Ашайықшы басқа әлемнің есігін.

Ешкім бізді іздемесін жаны ашып,

Ешкім бізден сұрамасын кешірім...

 

Өтіп жатқан күніміздің көбі өлең -

Жылыстайық ақырын.

Ешкім бізге қарап тұрып төбеден,

Лақтырмасын ақылын.

 

Ешбір адам аямасын біздерді -

Сенгендері сатты деп.

Өшірейік бар азапты іздерді,

Басқаларға бақ тілеп.

 

Қашайықшы, құдай үшін, ерінбе.

Жүріп тұр ма көлігің?

Әлде мені құтқаруға сенің де

Шаппай тұр ма көңілің?!

 

***

Қандай қызық көктемменен кездескен -

Бақыттан жылаған.

Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,

Күнге ұнаған...

 

Қандай қызық көктемменен кездескен -

Қимай қарасқан.

Ақыл-ойдың ну орманын кезбестен,

Адасқан...

 

Қандай қызық орамалмен кездескен -

Сүрткен көзіңді.

Һәм шығару ертең ерер сөзді естен

Және өзіңді.

 

Қандай қызық орындықпен кездескен -

Теңізге қараған.

Тіршіліктің тізіміне енбестен,

Сағат санаған...

 

Қандай қызық ағынменен кездескен -

Алыс сүйреген.

Берекесіз дүниеден безбестен,

Қайта билеген.

 

Қандай қызық жапырақпен кездескен -

Жаңа таңы атқан.

Көшелерде күндіз-түні көз көшкен

Күліп баратқан...

 

Қандай қызық қызғалдақпен кездескен -

Саған терілген.

Содан кейін самал желге жолда ескен

Жақсы көрілген.

 

Қандай қызық теңізбенен кездескен -

тұзды су алған.

Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,

Қуанған...

 

***

Ішінде арман-ағыстың

Бұзылды жүрек жолдары.

Доссыз өмірмен таныстым -

Сұп-суық екен қолдары.

 

Қуанып жүріп, құладым,

Қар жауған қала тағы кір.

Доссыз өмірге ұнадым,

Ал енді маған   бәрібір...

 

Бәріңнен енді алыспын,

Алыстай түсем бұл түні.

Доссыз өмірмен таныстым,

Түріміз қандай күлкілі!

 

Ешкімді енді тоспаспын,

Ұмытып кетіп жүрмесем.

Доссыз өмірмен достастым,

Жағдайым осы, білмесең.

 

Армандап жүріп, адастым,

Жолымды таптым қалайда.

Доссыз өмірмен жарастым,

Келмеші мұнда, жарай ма?..

 

***

Тек қана Сізді ойлаумен жалғанды әнім,

Көзімнің жаңбырына толы уысым.

Тағы бір ауырсам деп армандадым -

Сізді бір көру үшін...

 

Тағы бір көрсем дедім, талмай жүрек -

Арманның мұнарланған көрінісін,

Көңілім көшелерді шарлайды кеп

Сізді бір көру үшін.

 

Қуанып,  қызық  өмір сүре алмадым,

Биікке шақырмады мені құсым.

Не істеуге болатынын біле алмадым

Сізді бір көру үшін...

 

***

Сізді ғана күтіп жүр ем, таба алмай,

Бір күні кеп, шырағымды жағардай.

Сізді күттім қара жолға қадалып,

Қанатымды қаға алмай.

 

Сізді күттім күздің күрең бағындай,

Сізді күттім ханның алтын тағындай.

Күннен тамған күміс тамшы секілді -

Сізді күттім бұлдыраған сағымдай.

 

Сізді күттім жауын күткен даладай,

Сізді күттім тәтті іздеген баладай.

Ұмыта алмай ұзақ жүрдім көшеде,

Аяғымның талғанына қарамай.

 

Күтуменен құлады күн, атып таң,

Сізді күттім бөліп алып уақыттан.

Қасыңызға еріп келген ана әйел

Қалай өлмей, шыдап отыр бақыттан...

 

***

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар ән шығар

аспанның жүрегінен тамып тұрған?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар жан шығар

биікте тұра беру жалықтырған?!

 

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар шу шығар

сытырлап қара түнмен айтысатын?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар бу шығар

қызыл күн бір қараса, қайта ұшатын?!

 

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар сөз шығар

аспаннан ағып тұрған?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар көз шығар

қара жер зарықтырған?!

 

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар би шығар

ырғағы егіз менің жүрегіммен?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар сый шығар - маған жіберілген?!

 

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар жол шығар -

бір-ақ бағыты бар?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар көл шығар

көктен ағытылар?!

 

Тамшылар, тамшылар...Қамшылар -

жерді сабалаған.

Тамшылар - аңшылар... мені қамалаған...

 

КҮН

1.

Сәулең - реңімде,

Нұрға толы - уысым.

Келдім бұл өмірге

Сені көру үшін.

 

Көптің бірі дерсің,

Келдім күю үшін.

Келдім, ұлы көршім,

Сені сүю үшін!

 

Келдім жайлануға -

Ұзақ күткеніме.

Мәңгі байлануға

Қызыл жіптеріңе.

 

Келдім үміт тағып,

Алтын кейіпкерге.

Ал, түн құлыпталып,

Қалсын сейфтерде...

 

2.

Белгілі сенен безбесім,

Белгісіз кейде жоқ-барым.

Жердегі мұңды көздесін

Самсаған сәуле-оқтарың.

 

Мейірім ғана озардай

Өмірде мынау кіл жарыс.

Жүзіңнен сенің көз алмай,

Қараған мен бір - күнбағыс...

 

Алысқа жетер  бір үнмін,

Алаула жүрек   төрінде -

Адалдық   жайлы жырымның

Ең ғажап деген жерінде!

 

Жетесің жалғыз бәріне,

Аман бол бақыт - от демі.

Махаббат  жайлы әніме

Қайырма болып көктегі...

***

Табылмаса, табылмасын керегім,

Қандай қызық жоғалғанды іздемек!

«Мен бәрібір бақыттымын!» деп едім,

Құстар айтты: «Бақыттымыз біз де» деп...

 

Орындалмай қойсын мейлі ойдағым,

Отырайын өзіме өзім күлкім кеп.

Гүлдер тойлап алды дағы тойларын,

Содан кейін өліп жатты біртіндеп...

 

***

 

Асылынан жерініп,

Айдалаға анталап.

Қу кеңірдек емініп,

Екі көзі қанталап.

Адал көрсе, жаңқалап,

Арам көрсе алқалап,

Күннің көзі жарқ етсе,

Қол жеткенше қалқалап...

Өзі отырған ағаштың

түбін кесіп, балталап...

Бір жындыға мың жынды

жиып берген шартарап

Қай бетімен бұларды

көтеріп жүр арқалап?!

...көрсоқырға қор болған қайран біздің нар талап...

 

Алақанға түкіріп,

Бірін бірі қаумалап.

Сужыландай сумаңдап,

Пайда көрсе, саумалап.

Қоқиланған болады

Жан-жағынан жау қарап.

Жаман-жұтық шірігін

Таратып жүр саудалап.

«Биігіңнен адасып, ақ қанатым,  талмалап»,

Арасында жүрерсің амалсыздан аллалап.

 

Бір-біріне сүйініп,

Бір-біріне иіліп,

Барлығы бір балшықтан жасалғандай құйылып.

Қызыл-жасыл киініп,

Білгенімсіп бұйырып,

Үргенімсіп, үйіліп,

Құмнан асқар тау болмас қанша жерден жиылып.

 

Надан шықса төбеге, құтырады мың надан.

Надандардан тұратын сияқтанып бұл ғалам.

Өмір сонда осылай өтер ме екен зырлаған -

Бәлекеттен арылмай жүрегімді тырнаған...

 

*        *        *

Сіңіріп жерден жылу, көктен көрік,

Табылмай көңіліме жеткен көлік.

Кеудеме қараторғай ұя салса,

Жем беріп, асырадың көктем болып.

 

Сөздері сөз ғана емес,

Саз сияқты.

өзіңсіз жердің беті таз сияқты.

Жайқалттың, жасандырдың, жарылқадың

Жалғанға жақсы қонақ - жаз сияқты.

 

Жапырақ қашқан қала түз сияқты,

Естегім - ертең қатар мұз сияқты.

Қайырымсыз қара жел боп сабаладың

Қарғалар ғана қалған күз сияқты.

 

Жақсы кез жаныңды арбар түс сияқты,

Жылыны жаны сүйер құс сияқты.

Болмасын аяғы жоқ іс сияқты -

Қатырсаң, қатыра ғой қыс сияқты...

 

*        *        *

 

Төрт жағымнан сені ғана көремін,

Көремін де ұмытамын сор елін.

Саясына жұрт тығылған терегім,

Қысқа күнде қырық құбылған керегім...

 

Мына күнде сүйер мендей кімді кім?

Сендей жарық ете алады түнді кім...

Сен дегенде шөлге айналар ындыным,

өтірікті көп айтатын Шындығым.

 

Сен көрінсең, қуанышта өлшем жоқ,

Ұраным да, жыр-әнім де сен, сен боп.

Бақыттымын,

Ал, сен кімсің?

Білмеймін.

Армандаймын соны білмей өлсем деп.

 

*        *        *

Тырс-тырс, тырс тырс...

Тереземді жаңбыр қағады,

Тырс-тырс, тырс-тырс....

Тағы мені табады.

Тырс-тырс, тырс-тырс,

Тыныштық бер шамалы.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Соның бәрі қалады.

 

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Көк аспанның бөлшегі

Үзіледі, көңіліммен көрші еді.

Кімге керек өміріңнің өлшемі?

Кімге керек иегіңнің кемсеңі?..

 

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Мен де сендей ағылдым,

Бұл өмірді сүрмегендей сағындым.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Тар бесікке таңылдым,

Аспан едім,

жазды күтіп, жаңылдым.

 

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Саған несін ақталам,

Сырымды айтып сырттағыға жақпаған....

Тырс-тырс, тырс-тырс,

Сен - сөзімсің таппаған -

Қара қыстың көз жасындай қатпаған.

 

Тырс-тырс, тырс-тырс.

Тырсылдай бер ендеше!

Суытса да қата алмағам мен кеше.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Тырсылдамай қайтесің

Мұзға айналу қолыңнан еш келмесе.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

 

*       *        *

Өкінді гүлім, өкінді -

Бүршігін енді аша алмай.

Кешіккен ұшақ секілді

Ауа райынан аса алмай.

 

Секемшіл көңіл сыр берер,

Тұрғызар үміт құласаң.

Кешіккен ұшақ бір келер

Күтуге оны шыдасаң...

 

Сол күннен қайда жүр дерек?..

Жан бар ма оны есіткен?!

Гүлдердің жөні бір бөлек -

Көктемі мәңгі кешіккен.

 

Қызады нанның күресі,

Сенісер жандар селдіреп.

Көзімнің көркем үлесі

Қарайды маған мөлдіреп.

 

Бітпеді қызық түс әлі,

Асықпай мен де кетем деп.

Жанымның жалғыз ұшағы

Кешікпей ұшса екен тек.

 

*        *        *

Өмірім жұрт білмейтін ән сияқты -

Ешқашан айта алмайтын.

Жақсының бір күлгені таң сияқты -

Көзсізге байқалмайтын.

Реніш айнадағы шаң сияқты

Бетіңді жауып тұрған.

Жүрегім кеудемдегі хан сияқты -

Кей кезде жалықтырған.

Өлеңім қып-қызыл бір қан сияқты

Жанымнан тамып тұрған...

 

*        *        *

Тоңды жаным - жапырақ,

Ағаш-тәнім аңырып тұр, ақымақ.

Күннің көзі ұйқылы -

Анда-санда ашылғанмен бақылап...

 

Өмір деген - үңгірлерге үңілу,

Содан кейін түңілу!

 

Тоңып тұрып, жылындым,

Күліп тұрып, бүліндім.

Ұрынбасқа ұрындым.

Жапырағым - жанымды қорғалап,

Қара түннің көзінен сорғалап

Келе жатқан бір өлең...

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2025
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2441
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2030
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587