Дүйсенбі, 20 Наурыз 2023
Абай.tv 1697 10 пікір 9 Наурыз, 2023 сағат 13:32

Грузия неге көтерілді?

Сегінші наурыз халықаралық әйелдер мерекесі күні Тиблисиде сенсейбі күні басталған «Шетел агенті туралы» заңға қарсылық шарықтау шегіне жетті. Ереуілшілер аталмыш заңды бір ауыздан мақұлдаған парламент алдына жиналып, өз наразылықтарын білдірді. Ұсталғандарды қоя беруді талап етті. Грузия мен Еуроодақтың туын көтергендердың қатары мол болды. Ресейге қарсы сөздер жазып, Украина туын көтергендер де табылды. Зеленский оларға алғыс айтып, әрі «Біздің Еуроодаққа кіру өтінішіміз қаралып жатыр. Сіздерге де жұғысты болсын» деп ереуілшілерді желпіндіріп қойды.

Грузия парламенті өткен сейсенбіде бірінші оқылымында қабылдаған «Шетел агенті» туралы заңға «кез келген ұйымның қаржылық қорында шетел капиталының үлесі 20 пайыздан асса, ол «Шетел агенті» болып саналады әрі айыппул салынады» деген баптар енгізілген. Оған қарсылар бұл диктаторлық жолға түскендіктің белгісі деп санайды. Батыспен ашық қақтығысып отырған Кремльдің жолына ұқсатады. Бұл заңды дайындаған биліктегі «Грузия арманы» партиясының төрағасы Иракил Кобахидзе бұл заңға шек келтірмейді. Керісінше «мемлекеттің қауіпсіздігі мен грузиндердің дәстүрлі діни сеніміне келетін сыртқы қауіптың алдын алады» деп қарайды. Ол оппозиция ұшқары пікір қалыптастырып, жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп санайды.

Ал президент Саломе Зоурабишвили де бұл заңға қарсылардың қатарында. Ол парламент қабылдаған заң жобасына қол қоймайтынын айтуда. Ол 2018 жылы «Грузия арманы» партиясы арқылы билікке келгенімен артынан партия қатарынан шығып кеткен. Десе де Грузия парламентінде президент шешімін тойтара алатын құзырет бар. Аталмыш заң грузин жұртын ғана емес, билік партиясын да екіге жарып отыр.

Путин Украинаға басып кіргелі бері бұрын орыс билігінің тізесі батқан елдердің Кремльге қарсылығы жаңа деңгейге көтерілгені, Зеленскийдің бастауындағы украин халқына тілеулес болып отырғаны белгілі. Былтыр Еуроодақ заң саласында олқылықтардың бар екенін алға тартып, Грузияның одаққа кіру өтінішін кері қайтарған еді. Оппозиция «Ресейді еске түсіреді» деген аталмыш заңның қабылдануы отқа май құйғандай әсер етті. Ереуілшілер жағындағы Грузияның әйел президенті «Ресей Украина соғысында жеңіліп отыр, бірақ Кавказды уысынан шығаруды ойлап отырған жоқ» дейді.

Abai.kz

10 пікір