Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Билік 1410 0 пікір 11 Ақпан, 2023 сағат 14:50

Қазақстан саясаты: Аналарды аңыратып, балаларды боздатпаймыз!

Мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі ол ана  мен баланың мүддесі мен заңды құқықтарын қорғау болып табылады. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен қатар Қазақстанда да қоғамның әлсіз тобына жататын ана мен бала денсаулығы, қауіпсіздігі саласында реформалар кезең-кезеңімен іске асуда. 

Елімізде балаларды тәрбиелеу, оларды оқу-біліммен сусындату жұмыстарын реттейтін Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексі, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі, «Бала құқықтары туралы» Заң бар. Бұл нормативтік құқықтық актілер балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтарын айқындайды.

Қазақстанның заңдарында балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясаттың бағыттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылған. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек-бөлек тараулар арналған.

Мемлекеттік саясат балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың кемсітілмеуін қадағалау, құқықтары бұзылған кезде оны қалпына келтіру, баланың дене бітімі, зияткерлік, рухани дамуы, білім нәріне сусындауы жағынан көмек көрсету сияқты негізгі қағидаларды басты мақсат етеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі өзекті екенін атаған болатын.

Жаңадан отау құрғандардың көп уақыт өтпей ажырасып кетуі, бала сүйе алмауы, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі қоғамымызда шешімін таппай тұрған мәселелер.

Мемлекет басшысы бала­ларға қатысты жыныстық әрекетке барып, қылмыс жасағандарды қатаң жазалауды тапсырды.

Сондай-ақ отбасылық-әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керектігіне баса назар аударды. Мысалы, 2020 жылғы 1 наурыздағы дерекке сәйкес, елде 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге шамасында жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда жәрдемақы алған. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін төлем мөлшері 2020 жылы 43 657 теңге болды. 2020 жылы «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттен 47,5 млрд теңге жәрдемақы ретінде бөлінді. Сонымен қатар, аталған жылы республикалық бюджеттен декрет демалысындағы жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 434,4 млн теңге шығарылды.

Ана мен баланың жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстанда гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, декреттік демалыс уақытында әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық-әлеуметтік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қызмет, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау, дағдарыс орталықтарын ашу, «Мерейлі отбасы» сияқты бағдарламалар жүзеге асып келеді. Ана мен баланының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заңдық негіздері Конституцияда, Еңбек кодексінде, Отбасы кодексінде, сонымен қатар «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» заңда және заңнамалық актілерде айқындалған.

Заңнан өзге ана мен баланың құқығын қорғаумен түрлі қорлар, кеңестер мен қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар жұмыс айналысады.

Денсаулық сақтау жүйесін реформалау аясында ана мен баланың денсаулығын сақтаудың ұлттық моделдері қалыптасты. Әртүрлі елдердің сарапшылары мұның тиімділігі жоғары екенін айтады. Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар ел тұрақтылығының негізін қалайды. Отбасылық дәстүрді сақтауға бағытталған шаралар жалпы қоғамның дамуына оң әсер ететіні о бастан белгілі.

Бүгінгі демократиялы, құқықтық, зайырлы елімізде аналардың жоғары білім алып, әртүрлі салада қызмет атқарып, мансап жасауына, балаларын тегін білім алуға беруіне құқығы бар. Заң тұрғысынан ешқандай шектеу қойылмаған. Дегенмен көптеген әйелдер, соның ішінде отбасын құру алдындағы жастар кедейліктің кесірінен, орталықтан қашықта тұру себебінен, ақпараттың жетіспеушілігінен, тиісті қызметтердің көрсетілмеуінен не болмаса қалыптасқан қоғамдық әдет-ғұрып салдарынан медициналық көмекке дер кезінде қолы жетпей жатады. Осындай кезде ана мен жаңа туған сәбидің сапалы медициналық көмек алу құқығын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуі керек.

Әрине, отбасында баланың өміріне, біліміне, денсаулығына, рухани өсуіне, қауіпсіздігіне, қоғамның сапалы мүшесі болуына ең біріншіден ата-анасы жауапты. Бірақ жұбайлардың ажырасу жағдайы елімізде жиі кездесетін ащы шындық. Мұндай кезде ата-анасының біреуіне кәмелетке толмаған балаларын бағып-қағу міндеті берілсе, екіншісі заң бойынша алимент төлеуге міндетті.

Біздің елдің заңнамалық өзгерістеріне сай, жекелеген жағдайларды есептемегенде, әкесі де анасы да алимент төлеу жауапкершілігінен босатылмайды. Нақтыласақ, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Бала өз құқығын қорғау үшін кәмелеттік жасқа толуы міндет емес. Егер бала әрекетке қабілетті болса, өз құқығын өзі қорғауға мүмкіндігі бар.

Атап айтсақ, баланың төмендегідей негізгі құқықтары бар:

Отбасында тұруға және тәрбиеленуге;

Өз ата-анасының кім екенін білуге, олармен бірге тұруға (бұл оның мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда);

Олардың тарапынан көрсетілетін қамқорлыққа, ата-ананың тәрбиесіне;

Олар болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса, қамқоршының немесе балалар мекемесінің тәрбиесіне;

Жан-жақты дамуға;

Ата-аналармен, ата-әжелермен, бауырларымен және өзге де туыстарымен байланыс орнатуға;

Өз пікірін білдіруге;

Тегін, атын, әкесінің атын алуға;

Өмір сүруге т.б. құқықтары бар.

Елімізде бала құқықтары заңда тайға таңға басқандай белгіленіп тұрса да, бала құқығы бұзылып жататын жайттар кездесіп жатады.  Оның басты себептерінің бірі –  отбасының дұрыс болмауы. Әсіресе өгей әке, өгей ана тарапынан әлімжеттік көрсету, қорлау, ұрып-соғу секілді айуандық әрекеттер жоқ емес.

Әділ соттар әрқашан бала құқығының қорғалуын ерекше назарда ұстайды. Баланың құқығын бұзған адам туыстығына қарамастан заң алдында жауап беріп, тиісті жазаға тартылады. Балалар құқығы­на нұқ­сан келтіргендерге қа­шан­да жаза қатаң.

Елдің ертеңі болар балалардың болашағын бүгіннен бағдарлап, түзу тәрбие беру әрқашан мемлекет пен үйдегі ата-ананың аса маңызды міндеті болып табылады.

 

Abai.kz

0 пікір