Жұма, 26 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5691 28 пікір 20 Ақпан, 2023 сағат 13:43

Жүрегі Ресей деп соғатындар Отанға қауіп төндіріп тұр!

Путиннің Украинаға соғыс ашқанына жыл толуға санаулы күндер қалды. Найзағай жылдамдығымен Киевті алып, қуыршақ үкімет орнату жоспары көзден бұлбұл ұшты. Майдандағы ереуілшілердің екпінінен қаймығып, Ресейге бас сауғалап қашқан Януковичтің тағдырынан ешкімнің сабақ алмағаны өкінішті.

Сол қатарда Путиннің досы, Украинаның экс-депутаты, терең қалталы олигарх, Украинада Ресейшіл партия құрып, Ресей интеграциясын насихаттаған, соғыс басталғанда Отанын сатып, Ресей жағына қызмет еткен Виктор Медвечук те бар. Әліде шынайы бет пердесін жасырған Ол: «Мен қазір Мәскеуде мәжбүрлі түрде тұрып жатырмын. Мен Украинаны тастап кеткем жоқ. Мені алмастырып жіберді», - деп өтірік шағымданып, Украинаны орыстарға күн көрсетпейтін фашистер елі етіп көрсетуге, Путиннің қанды соғысын «арнаулы операция» етіп көрсетуге тырысып жүр.

Орыстың билігіне бүйрегі бұру, Батысты құбыжық көру бізге де таныс жағдай. Күні кеше ғана парламенттің ескі депутаты Азамат Әбілдаевтың: «Путиннің «арнаулы операциясын» қолдаймын», - деп, артынан орыс басылымдарына: «Ресейсіз Қазақстанның күні қараң», - деп сұхбат бергені шу тудырған еді. Ресейшіл Азаматтың қатарының қалың екені де белгілі. «Латын әліпбиіне көшсек русский мирден ажырап қаламыз», - деп байбаламға басқан Ирина Смирнова ханымды айтпағанда, Қарағандыда жиырма жыл марксизмнен сабақ берген Ермұхамет Ертісбаевті атауға болады. Бәрі орыс басылымдарына мұң шағуға, алғыс айтуға құмар. Сыртқа білдірмегенімен қанша лауазымды тұлғаның ішінде ит өліп жатқанын бір құдай біледі.

Әлеуметтік желіде Путиннің Украинаға соғысын қолдап, Батысты айыптайтын қаламгерлер қатарының молдығы да көп айтылады. Мұның бәрі Кеңес кезінде ғана емес, тәуелсіздік алғалы бері де орыстың ақпараттық шырғасында өмір сүріп жатқанымызды білдіреді.

Орыссыздану жолын таңдаған тәуелсіз Украинаның әр кезек басшылары ақпараттық қауіпсіздікке аса мән берді. Кремльдің орыс тілін бұрынғы Кеңес құрамында болған республикаларды қайта құрықтау құралына айналдырғанын жақсы түсінді. Ресей арналарын шектеп, Украина тіліне басымдық берді. Мәдени саладан басталған саяси күрес қарқын алғанда кімнің кім екені айпарадай ашылды. Әр саладағы Ресейшіл топтардың үлкен легі белгілі болды. Соғысқа дейін олар демократиялық жүйенің момындығын пайдаланып, жымысқы әрекеттерін жалғастырып келді. Соғыс басталған соң олардың бетпердесі айпарадай болды. Путиннің аталмыш қуыршақ үкіметінің жоғары лауазымынан дәмелілердің үміті бір жола кесілді. Зеленский билігі сыртқы жаудан бұрын, іштегі сатқындармен күресуге мәжбүр болды. Алғашқы келіссөз кезінде-ақ, украин тарабының келіссөз жоспарын Кремльге бірін қалдырмай жеткізіп отырған лауазымды тұлға анықталып, жазасын алды.

Сөз бостандығын басты орынға қоятын Батыс жұрты ішке-сыртқа екі бағытта жұмыс істейтін Кремльдің ақпараттық үгіт машинасының бір жыл бойы соғыс шындығын бүркемелегеніне, халықтың миын шаю қуатының шексіздігіне таң қалып бастарын шайқап отыр. Азамат Әбілдаевтің мысалы да соны көрсетеді. Өз ішіміздегі орысқа қарап ұлитындардың үнін өшіріп, сабақ аламыз десек, осы бастан ақпараттық қауіпсіздікті дереу қолға алып, қатаң шаралар қабылдау керек. Әсіресе жастарды Кремльдің үгіт машинасының әсерінен сақтауды басты назарда ұстау керек.

Abai.kz

28 пікір