Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4537 0 пікір 27 Наурыз, 2013 сағат 10:03

Ұлықбек Есдәулет: «Ұлттық мәдениет өнімі – туынды, бұқаралық мәдениет өнімі – тауар»

Cуреттерде: 1. ақын Ұлықбек Есдәулет 2. Колумбияда өткен поэзия фестиваліне жиналған ақындар ортасында 3. Америка және араб ақындарымен бірге 4. ақын Ұлықбек Есдәулет 5. Белгиялық ақын Геерд ван Стендалдь және оның зайыбымен бірге 6. Боливар қаласына жақын Анды тауының шыңы 7-8. ақын Ұлықбек Есдәулет 9. Грек ақыны Динос Сиотиспен бірге 10. ақын Фернандос Рендон қазақ шапанын үстінен тастамайды 11. Екі ақын 12. Жаңа Зеландиялық ақын  Апирана Тейлор сахнада 13. Жыр оқу 14. Өлең сүйер қауым 15. Испан ақыны Хосе Луис Рена Паласонмен бірге 16. Италия ақыны Дачия Марайнимен 17. Қолтаңба беру сәті 18. ақын Рендонмен бірге 19. Камерундық ақын, Хойс Ашутантангпен 20. Канадалық ақын кыз Рита Местокошо 21. Колумбиялық ақындар ортасында 22.  Колумбиялық жас ақын қыз Фадир Делгадо 23. ... 24. Көмекшілер Давид пен Герман 25. Норвег ақыны Сигбхорн Скаден мен Фестиваль президентінің орынбасары Карлос 26. Жыр тыңдау 27. Олжас Сүлейменовтың досы, француз ақыны Франциз Комбесбенмен қолтаңба алмасу сәті 28. Оңтүстік Африка ақыны Кеорапеце Кгосициллмен бірге 29. Перу ақыны Артуро Корсуера  мен парагвай ақыны Хакобо Раускинмен бірге 30. Санталучиялық Хане Кинг және  оңтүстік африкалық Двид Маахламела 31. Сахна мен көрермендер арасы 32. Франциялық Колумбия ақыны 33. Чилилік бақсы ақын Мата Атан 34.  Шапанды Президент Фернандо Рендон ұлы Луис Эдуардо және зайыбымен бірге 35.

Cуреттерде: 1. ақын Ұлықбек Есдәулет 2. Колумбияда өткен поэзия фестиваліне жиналған ақындар ортасында 3. Америка және араб ақындарымен бірге 4. ақын Ұлықбек Есдәулет 5. Белгиялық ақын Геерд ван Стендалдь және оның зайыбымен бірге 6. Боливар қаласына жақын Анды тауының шыңы 7-8. ақын Ұлықбек Есдәулет 9. Грек ақыны Динос Сиотиспен бірге 10. ақын Фернандос Рендон қазақ шапанын үстінен тастамайды 11. Екі ақын 12. Жаңа Зеландиялық ақын  Апирана Тейлор сахнада 13. Жыр оқу 14. Өлең сүйер қауым 15. Испан ақыны Хосе Луис Рена Паласонмен бірге 16. Италия ақыны Дачия Марайнимен 17. Қолтаңба беру сәті 18. ақын Рендонмен бірге 19. Камерундық ақын, Хойс Ашутантангпен 20. Канадалық ақын кыз Рита Местокошо 21. Колумбиялық ақындар ортасында 22.  Колумбиялық жас ақын қыз Фадир Делгадо 23. ... 24. Көмекшілер Давид пен Герман 25. Норвег ақыны Сигбхорн Скаден мен Фестиваль президентінің орынбасары Карлос 26. Жыр тыңдау 27. Олжас Сүлейменовтың досы, француз ақыны Франциз Комбесбенмен қолтаңба алмасу сәті 28. Оңтүстік Африка ақыны Кеорапеце Кгосициллмен бірге 29. Перу ақыны Артуро Корсуера  мен парагвай ақыны Хакобо Раускинмен бірге 30. Санталучиялық Хане Кинг және  оңтүстік африкалық Двид Маахламела 31. Сахна мен көрермендер арасы 32. Франциялық Колумбия ақыны 33. Чилилік бақсы ақын Мата Атан 34.  Шапанды Президент Фернандо Рендон ұлы Луис Эдуардо және зайыбымен бірге 35. Ямайка мен Филиппин ақындары

Әйгілі «Жұлдыз» журналы былтыр өзінің 90 жылдығын атап өтті. Ал, журналдың бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Ұлықбек Есдәулет өткен жылы Орта Азия ақындарының атынан Колумбиядағы поэзия фестиваліне қатысып қайтқан еді. Осы және өзге де жайттар ақынмен арамыздағы әңгімеге арқау болды.

Ұлықбек аға, «Жұлдыз» журналының 90 жылдығы Түркі елдерінің мәдени, рухани кеңістігінде аталып өтті. Бұндай мүмкіндікке қалай қол жеткізе алдыңыздар? Журналдың мерейтойына кімдер қатысты, кімдер ат салысты?

-  Ұлттық энциклопедиямызда және  «Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында»: «Жұлдыз» журналы «Шолпан» (1922), «Таң» (1924) журналдарының ізбасары саналады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал журналдың ішкі мұқабасында «1922 жылдан шыға бастады» деген жазу жалаулап тұр. Ендеше, «90 жыл деген елемей өте шығатын жас емес қой» деп шамамыз келгенше атап өтуге тырыстық.  Әрине, қарашаңырақты журналдың мерейтойын халықаралық дәрежеде өткізу оңай да арзан шаруа емес. Қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Жоғарғы жаққа жазған хаттарымыз еш нәтиже бермеді. Сондықтан бұл жерде бізге  тілеуіңді бергір «Түріксой» ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағының көмегіне сүйенуге тура келді. Мен 2008 жылы Евразия әдеби журналдары Конгресіне тұрақты мүше болып қабылданған едім. Жыл сайын  Түркия мен Кипрде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл форумға үзбей қатысып, баяндама жасап, сөз сөйлей жүріп, кезінде 2012 жылы Астанада өткізілетін болып белгіленген Әдеби журналдардың 5- конгресі аясында «Жұлдыздың» торқалы тойын атап өту жөнінде ұсыныс жасаған болатынмын. Сол бастамам қабылданып, басқосудың қарарына кірген. Соның арқасында журналдың мерейтойын халықаралық деңгейде Астанада өткіздік. Сөйтіп, журнал тойы дүниежүзінің 30-дан астам әдеби журналдарының басшылары қатысқан Конгрестің өзекті бағдарламасына айналды. Шетелдік қонақтармен қатар Бауыржан Жақып, Диқан Қамзабекұлы, Уәлихан Қалижан, т.б. ғалымдарымыз басылым туралы терең мазмұнды баяндамалар жасады. Журналға бір кезде еңбегі сіңген Әбдіжамил Нұрпейісов, Мұқтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Герольд Бельгер, Қалихан Ысқақ, Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек сияқты ардагерлеріміз «Түріксой» ұйымының Алтын медалімен, Құрмет белгілерімен, дипломдарымен марапатталды. Әзірбайжан жазушысы Анар Рзаевқа «Түркі дүниесінің 2012 жылғы үздік қаламгері»,  көрнекті қазақ жазушысы Төлен Әбдіковке «Түркі дүниесінің 2013 жылғы үздік қаламгері» атағы беріліп, сертификаты тапсырылды. Евразия жазушылар одағы жариялаған шағын әңгімелер дәстүрлі  байқауының бірінші жүлдесін Дәурен Қуат, екінші жүлдесін  Айгүл Кемелбаева, үшінші жүлдесін Төкен Әлжантегі жеңіп алды. Бұл шығармалар ізінше «Жұлдыздың» жылашар санында жарық көрді. Дарынды жас жазушы Дәурен Қуаттың сол жүлдегер шығармасы одан кейін 25 мемлекеттен іріктелген топжарғандар арасындағы аламан сайысқа қатысып, шашасына шаң жұқтырмай тағы да озып келді. Мұның өзі біз атсалысқан конгресс үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен мәртебе болды.

«Жұлдыздың» мерейтойына қатысты шаралардың бәрі халықаралық «Түріксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлының табанды қолдауының арқасында іске асты. Осы жерде «Алтын қыран» қайырымдылық қорының Президенті Исламбек Салжанов және астаналық белгілі іскер азамат Марат Нәбиев сияқты өркенің өскір мырзалардың демеушілігін ризашылықпен атап айтқым келеді.

- Қазіргі жұрттың талғамын «бұқаралық мәдениет» жеңіп бара жатқан сияқты. Оқырман жан қинағысы келмейтін болды. Жеңілге, жылтыраққа әуес. Осындай кезде мазмұны салмақты журналды басқарып отыру қаншалықты пайдалы? Көпшілік сұранысындағы журналдар дәстүрлі әрі көп жылдық тарихы бар журналдарды ақпарат нарығынан ығыстырып бара жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз?

- «Жұлдыз» журналын «Жұлдыздар отбасы» журналымен шатастыратын кейбір сауатсыз оқырманға айтар сөзім жоқ. Әйтсе де дәл осындай өкінішті жағдайлар болып тұрады. Ұлттық мәдениет пен бұқаралық мәдениеттің арасы жер мен көктей. Ол екеуінің қайсысы - жер, қайсысы - көк екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Ұлттық мәдениет  өнімі - туынды, шығарма деп  аталса, бұқаралық мәдениет өнімі - тауар ретінде бағаланады. Ұлттық мәдениеттің өзегі өнер деңгейімен өлшенсе, бұқаралық мәдениет пайда, табыс табуға негізделген. Онсыз да уақыты жоқ бүгінгі оқырман үшін тіс батпайтын жаңғақтан гөрі  бас ауыртып, балтыр сыздатпайтын, шайнап берген дайын «полуфабрикат» қолайлырақ.  Өзің айтқандай «жеңіл, жылтырақтыққа» қоса  «жан қинамайтын» -  ұғымға жеңілдік, іздегенге - сұраған қол жетімділік, арзандық, көп таралғыштық, кең танымалдылық,  үйірімділік, тартымдылық, нарыққа бейімделгіштік және ең бастысы осылар арқылы пайданы көздеу  - бұның бәрі бұқаралық мәдениетке тән сипаттар. Біз бұл жерде бұқара мен тобыр ұғымдарын шатастырып алмасақ болды. «Жұлдыз» - ғасырға жуық тарихы бар іргелі, орнықты, бағыты сара журнал болғандықтан жарнама қуып,  жеңіл жылтыраққа қызығып, пайда көздеп, көр-жерді жазатын ақпараттық арзанқол басылымға айналдыра алмаймыз. «Жұлдыздың» мақсат-міндеті айқын, ол - оқырманға шынайы шығарма ұсыну. Бұл, әрине, қиын, бірақ біз жеңілге жүгіргіміз келмейді. Кешегі кеңес кезеңінде күллі әлемге таралған, біз білетін «Новый мир», «Дружба народов», «Иностранная литература» журналдары да бағытын өзгерткен жоқ. Олардың да таралымы қазір «Жұлдызбен» деңгейлес. Қалай дегенмен де, коммерциялық журналдар таралымы қаншалық көп болғанмен әдеби журналдардың орнын баса алмайды. Өйткені қозғайтын саласы мен көтерген жүктері екі басқа, өзгеше, бір-біріне ұқсамайды. Қазақы теңеумен айтсам,  шекерге шылаған ат-көпір тәтті күрмектен аз болса да алты уыс күрішіміз артық.

- Өткен жылы Сіз Орта Азия ақындарының атынан Колумбиядағы поэзия фестиваліне қатысып қайттыңыз. Қандай әсерде болдыңыз? Фестивальге қандай елдердің ақындары қатысты? Бүгінгі поэзия қандай деңгейде екен?

- Фестиваль ұйымдастырушылары алдымен маған интернет арқылы  хат жазып, шақыру жіберді. Жиырма бес өлеңімді ағылшын тіліне аудартып алды, кейін испан тіліне тәржімалап, «Prometeo» атты альманахқа суретіммен, өмірбаяныммен жариялады. Колумбияның Меделлин қаласында Дүниежүзілік бұл жыр фестивалі 22-нші рет өткізіліп жатса да біз білмейді екенбіз. Мен тіпті атын естімеппін. Негізінде, Колумбия - әлемге есірткі саудасымен, наркомафиямен атышулы  ел ғой. Есірткі болған жерде тажал  қылмыс қоса өршіп,  нағыз індетке айналған екен. Содан 22 жыл бұрын сол елдің Фернандо Рендон деген белгілі ақыны қайраткерлік жасап, поэзия фестивалін өткізуді қолға алыпты. Мақсаты - есірткі мен қанды қылмысқа өлең-жырдың өміршең, жасампаз күшін қарсы қою, жас ұрпақты поэзияның қуатымен ізгілікке тәрбиелеу, сол арқылы адамгершілік, имандылық, парасат рухын орнықтыру. Атақты Андрей Вознесенский өмірден өтерінің алдында ғана, бұдан бес жыл бұрын, ал Евгений Евтушенко екі жыл бұрын ғана қатысыпты. Біз барған фестивальға Азиядан 6 ақын, Африкадан 6 ақын, Европадан 13 ақын, Америка құрлығынан 40 ақын қатысты. Австралия мен Жаңа Зеландиядан бір-екі ақыннан. Өз жерінде өткендіктен латынамерикалықтардың, оның ішінде колумбиялық ақындардың  саны басым болды. Азия құрлығының атынан - иорданиялық Фатих Сауди, қытайлық Минди Чанг, ирактық Дүния Микаил, филиппиндік Мууки Катигбак, үндістандық Субро Бандопадиай атты алтаумыз. Ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде болды.   Барғаннан маған Герман атты әзілқой тілмаш пен көркемсөз оқитын  Давид деген жуас жігітті «атқосшылыққа» қосып берді. Екеуі үнемі қасымда. Мен қай кеште болсын қазақ тілінде өлең оқимын, ал Давид ілесе шығып, испанша аудармасын оқып беріп жүрді. Фестиваль 9 күнге созылды. Сол 9 күн бойы кездесулерге қатысып, өлең оқумен болдық. Қай өлеңімді қашан оқитынымды Давидке алдын ала белгілеп беріп отырдым. Әр кездесуде кемінде бестен өлең оқып жүрдім. Жұрт өте жақсы қабылдады. Екі-үш кездесуден кейін менің өз жанкүйер-тыңдармандарым пайда болып, қай залға барсақ  сонда іздеп келетін болды.  Оларға ұнағаны қазақ өлеңінің ырғағы мен ұйқасы, әуенділігі екенін айтысты. «Сіздің өлеңіңізден энергия аламыз» десіп жатқанын аударып берді. Қолтаңба алушылар  аз болмады. Тіпті кішкентай балаларына бата бергізгендері де бар. Бір байқағаным, туысқан халықтарды айтпағанда, біздің қазақтан басқа ұлттың бәрі ұйқас дегенді жылы жауып қойған сияқты. Қай елдің ақынына құлақ қойсаң да  өлеңдері қара сөзбен жазылғандықтан тыңдауға ауыр, дауыстап проза оқығандай. Мағынасын ұқпаған соң тіпті мезі боласың. Ал ұйқасы бар, ырғағы бар қазақ өлеңінің мақамы көпшілікке сөзсіз ұнайтынын байқаған соң мен де барымды салып оқуға тырыстым. Тіпті Еуропаның атынан қатысқан украин ақыны да ұйқассыз верлибр жазады екен. Бір қызығы, Чилидің, Жаңа Зеландияның және Канаданың, Колумбияның кейбір ақындары өлеңдерін бақсылар сияқты, ақырып-бақырып, жын шақырып, зікір салып  оқыды. Кейбіреуі бет-ауыздарын, денесін әлем-жәлем бояп, белуардан шешініп, қолдарымен түрлі анайы қимылдар жасап та оқи береді. Жамбыл атамыздың «Екейде елу бақсы, сексен ақын, жын қаққанға ұқсайды кешке жақын» дегенін еске салды. Бір үндіс ақыны құшынаштар құсап хош иісті шөп пен тамырларды тұтатып, бір-бірімізбен қол ұстастырып, түтін жұтқызып қойды.  Видеокамераға түсіріп алдым. Ол да өзінше қызық екен. Африка мен Американың кейбір ақындары өлеңдерін музыкамен рэп, речитатив түрінде орындады. Өздерімен дискілерін алып жүреді. Қытайдың ақын қызы бірде дауысы «шаң-шұң» етіп оқып жатқан өлеңінің ортасында музыкаға қосылып әндетіп жіберді. Африканың қараторы ақын қызы өз елінде белгілі театр актрисасы болып шықты. Өлеңдерін оқығанда рольде ойнағандай мың құбылады. Гитара асынған бард ақындардың талайын көріп едім, бұл жолы сыбызғылы, дауылпаз-барабанды ақындармен де таныстым, тіпті соңынан шұбыртып қарақұрым эстрада ертіп жүргендер де бар екен. Олар өлеңдегі қарапайым ғана ұйқастың орнын толтыру үшін не істемейді дейсің: ән де айтады, бақсы болып  ойнап, дауылпаздарын дүңкілдетіп дүниені көшіріп жібере жаздайды. Мұның бәрі олардың бұқаралық-нарықтық мәдениетке бізден бұрын көшіп алғандығының белгісі ме деп те ойлайсың. Бірақ Европа мен Азия  ақындары негізінен өзіндік жыр оқу дәстүрін сақтап қалған екен.

Бір күні Боливар қаласына барып кездесу өткіздік. Онда да құшақ жая қарсы алды. Жалпы, Колумбия жыр еліне айналыпты. Жыр кештеріне жұрт әп-сәтте жиналып, зал толып шыға келетініне әбден көзім жетті. Поэзияға деген ел-жұрттың ықыласы айрықша. Қай алаң, қай базар, қай дүкен, супермаркеттерге, мұражай, театрларға барсаңыз да «менмұндалап» ілулі тұрған фестиваль жарнамалары, екінің бірінің қолында фестиваль бағдарламалары мен буклеттері. Ақындарға көшедегі көлденең жұрттың ықыласы да ерекше. Күнделікті кездесулерде өлеңдерімді қазақша оқып жүргеніммен ашылу салтанатындағы кіріспе сөзімді орысша сөйлегенмін. Себебі, менің тілмашым жеңіл-желпі ауызекі сөздерді жаттап алғаны болмаса,  не қазақша, не орысшадан ілеспе аударма жасауға шамасы келмейтін болып шықты. Сөзімді украинның талантты жас ақыны Андрий Бондарь ағылшын тіліне ілесе аударып тұрды. Қазақша бастап: «Жер шарында қазақтан басқа ақын халық, Қазақстаннан басқа поэтикалық республика жоқ деп ойлаушы едім, шүкір, Сіздер бар екенсіздер, Колумбия деген жыр елі бар екен» деп келіп, қазақтың  2 мың жылдық поэзиясы бар екені туралы, айтыс пен мүшайра жайында айтқан шағын шолуыма бас қосуға жиналған ақындар ерекше қызығушылық танытты. Сан мыңдаған көрермен жинайтын айтыс жыр додаларында топжарғандарға темір тұлпар тапсырылатынына сенер-сенбес болды. Айтыстан отыз шақты автокөлік мінген  ақындар бар дегенімде тіпті таңырқады. Фестиваль ұйымдастырушыларға ризашылық айта келіп, қазақ өлеңі қандай болатынын естіп байқаңыздар деп,  ішкі ұйқасқа құрылған қазақша қысқа өлеңмен қайырдым. Осыдан бастап-ақ, өзге ақындар біртіндеп  өздері жақындап, менімен таныса бастады.

Фернандо Рендонның фестивальдің үйлестірушісі болып істейтін ақын ұлы Луис ара-тұра әлі хат жазып тұрады. Кейін ол маған  Колумбиядағы кездесулерде өлең оқыған сәттерімді монтаждап, видеоролик етіп жіберіпті. Ю-туб арқылы. Қазақ тіліндегі кәдімгі клип, испанша аудармасы караокедегі тәрізді титрмен берілген. Жақсы естелік болды.

- Ақындардың өлең оқысы расында өте қызық екен. Бұлардан өзге фестиваль барысында ерекше есіңізде қалған қандай  сәттер болды? Кімдермен таныс-біліс болдыңыз?

- Амстердамнан Панама-сити арқылы ұшып, түнгі сағат 11 жарымда Колумбияның Меделлин қаласына қонғанымызда, әуежайда, төбесіне «KAZAKHSTAN - ULUGBEK» деген жазу көтерген ақсары өңді, сұңғақ бойлы жігіт қарсы алды. Ол біздің қарамызды көргеннен-ақ таза қазақ тілінде «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп әжептәуір әдемі дауыспен әндетіп қоя берді. Жұмекен ағам тіріліп келгендей болды.  Жеңгең екеуміз төбеміз көкке жеткендей қатты қуандық. Енді ше, мұхиттың арғы бетінде,  бұрын ата-бабаңның аяғы баспаған алыс аймақ, жат жер, бөтен елде өзіңді  бейтаныс біреу қазақша әнмен қарсы алып жатса қалай қуанбассың? Сөйтсем,  бізге арнайы бөлінген Герман Гуэрра деген волонтер жігіт  екен, қазақша, орысша өздігінен оқып, үйреніп жүргенін айтты. «Өзім көмір өндіретін Қытай компаниясында менеджер болып істеймін. Келіншегім - ақын, ол осы фестивальдің ұйымдастыру жұмысында жүрген соң мен де қол ұшын бермек болдым. Тізімге қарап, Қазақстаннан қонақ келетінін білгенде тілмаштыққа өзім сұрандым» деп жайын айтып жатыр. Мені қарсы алуға бір ай бойы дайындалып, интернеттен Қазақстанның гимнін көшіріп алып, әнімен айтып үйреніпті. Міне, қандай ыждаһат!  Ара-тұра қазақша мақал-мәтел айтып қоятынын қайтерсің! Жеңгең қалақтай шағын  бірнеше домбыра, киіз  топылар, тақиялар, түрлі кәдесыйлар ала барған еді, ең тәуірлерін алдымен осы Герман мен оның қасындағы ақын келінге сыйлады, кейіннен танысып-біліскен ақындарға реті келгенде тарту етіп жатты. Қазақстанның елтаңбасы бар күнқағарлы киіз топатайларды кеуделеріне басып қабылдап, кейін тастамай киіп жүргендері де болды.  Әсіресе, жыр мерекесінің жабылуында сөйлейтін сөзімнің мәтінін алдын-ала испаншаға аудартып алып, кириллицаға көшіріп, мінбеде қағаздан оқып тұрып,  фестивальдің ұйымдастырушысы Фернандо Рендонды сахнаға шақырып, иығына қазақы оюлы жеңіл шапан жапқанымда 5 мың адам толып отырған жазғы театр түгел дүркірей қол соғып, «Қазақстан! Қазақстан!» деп айғайлап, қошамет жасады. Ал Рендон мырза қазақы шапанды сол кеш біткенше шешпей, тіпті банкетте де киіп жүрді.

Бір кездесуге барарда маған уақытын дұрыс ескертпегеннен кешігіп, қасымдағы серіктерім көлікте күтіңкіреп қалыпты. Бір жасы үлкен ақын әйел сағатын нұсқап,  қабағын түйіп, маған өз тілінде ескерту жасады. Ол көрнекті итальян ақыны Дачья Марайни деген апай болып шықты. Бұдан кейін екеуміз жыр кешінде бір үстел басында өкпелескен адамдай тоң-торыс отырып едік, кездесу кезінде жұрт қоймай қол соғып, маған екі рет сұрап өлең оқытты. Бұл әлгі итальян апайға ұнап қалса керек, кездесу бітпей жатып, жадырап, маған визиткасын беріп, шыға бере бірге суретке түсуді ұсынды. Содан тіл білмей-ақ түсінісіп кеттік. Фестиваль барысында көрнекті француз ақыны Френсис Комбез, испан ақыны Хосе Луис Паласон, париждік болгар ақын қызы Достена Лаверженің орысша жақсы білетіні анықталды. Олар өздері келіп танысты. Комбез өзінің Олжаспен достығын айтты. Паласон Пастернактан аударған кітабын жазып сыйлады. Достена болгар поэзиясын француз тіліне аударумен айналысады екен. Енді қазақ поэзиясын тәржімалап көргісі келетінін білдірді. Сондай-ақ,  грек ақыны Динос Сиотис, чили ақыны Мата Мануэль Атан, жаңазеландиялық Апирана Тейлор, ямайкалық Малаши Смит, норвег ақыны Сибхорн Скаден, австралиялық Филипп Хаммиал және Педро Артуро Эстрада бастаған бірнеше колумбиялық ақындармен осы тоғыз күн ішінде құшақтасып, достасып қалдық. Әсіресе, перулік Артуро Корсуераның түрі біздің Қадыр Мырза Әли ағамыздан айнымайды. Кетерде менен қай-қайсысы да өз тіліне аударуға өлең сұрасып жатты.

Колумбияның Меделлин қаласы соңғы жиырма жылда  поэзия Меккесі атанған екен. Сонымен қатар мүсін өнерінің көзі тірі классигі Фернандес Ботероның һәм есірткі королі Пабло Эскобардың да туған шаһары. Ұлы Ботероның гүлзарлы  алаңдарға қойылған мүсіндерін аралап көрудің өзі бір ғанибет болды. Оның әлемге әйгілі «Бас» мүсінінің түбінде, мафиоз Эскобар бомба қойып жарып жіберген ескі және кейіннен орнатылған жаңа  - қос «Көгершінінің» жанында суретке түстім. «Бас» мүсінінен біздің ұлы Абай атамыздың келбетіне  ұқсастық байқағандай болып, интернеттен суретін шығарып көрсетіп едім, бірге жүрген ақындар таң қалысты.

- Аға, енді бір кезек өткен шаққа оралайық. Сіз кезінде Мәскеудегі Әдебиет институтынан дәріс алдыңыз. Сол кездегі бірге оқыған жолдастарыңызбен байланысып тұрасыз ба? Кімдерді сағынасыз? Қазір қандай ойдасыз?

-  Біздің курстастардың ішінде барнаулдық атақты қаламгер Александр Радионовпен жыл аралатып байланысып тұрамын. Томскілік Михаил Андреев, мәскеулік ақындар Олег Хлебников пен Павел Калина, Владимир Дагуров, малқар ақыны Абдуллах Бегиевпен тіке байланысым жоқ, бірақ таныстардан сәлем жолдасып жатамыз. Ташкенттік жақын досым Фильдрус Камалов пен қырым татары Асхат Синеғұлов, Қазанның шалақазағы, қазақ жазушыларының тәржімашысы Тауфиқ Айди қайтыс болып кетті. Біздің Рамазан Тоқтаров марқұм ағамыз да менің курстасым еді ғой. Ол бір қызық жылдар болатын. Ол Мәскеу мен бұл Мәскеу екі бөлек. Қазір бөтен.

Қарап отырсақ сіздердің толқын әдебиетте де, өмірде де жолы болған толқынға ұқсайды. Сіздер әдебиетке келіп жатқан кезде Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, т.б. сияқты батагөй ақсақалдар болды. Сіздер сондай дүлдүлдермен жарысқа түстіңіздер. Бұл күндері соңдарыңыздан ерген мықты ақындар бар. Осы күйді жалпы «қазақ поэзиясының бақыты» деп бағалайсыз ба?

-  Біз ол кісілерге шәкірт болдық. Жарысқа түсу қайда? Қасына ертіп жүргеніне, қолына су құйғанға мәз болатынбыз. Жалпы буын сабақтастығының үзілмегеніне не жетеді? Менің қатарымнан дүниеден өте ерте озған Артығали Ыбыраев, Танабай Нарманов, Ерлан Бағаевтар не қызық көріп үлгерді? Ғажап дарынды жігіттер еді солар. Қазақ поэзиясының бақыты - дара-дара дарындарының молдығы. Жас таланттар шығып жатыр. Шүкір, үрдіс жалғасып келеді.

Сіз Есенин атындағы алтын медальдың сахибысыз. Жуырда қырғыз еліне барып тағы бір үлкен сыйлыққа ие болдыңыз. Осы туралы айтып беріңізші.

-  Орыс поэзиясынан Лермонтов пен Блоктан тартып, бірнеше классиктерін аудардым. Есенинді жасымнан құлай жақсы көргеніммен, кезінде еліктегеніммен бір де бір өлеңін аудармаппын. Орыс әдебиетіндегі әріптестерім маған Есенин атындағы алтын медальды бергенде де, Толстой медалін бергенде де мен жасаған басқа қыруар тәржімаларды  еңбек ретінде ескерген болар деп ойлаймын. 80-жылдардың соңына таман Мәскеуден шығайын деп тұрған кітабымның аудармасына көңілім толмай, қолжазбасын баспадан алып кеткенмін. Кейін 2004 жылы Алматыда «Ахиллесово пята» деген атпен аударма кітабым жарық көргеннен кейін Мәскеудегі халықаралық Жазушылар одағы үш жыл қатарынан шығармашылық кешімді өткізуге шақырды. Үш ретінде де бара алмадым. Алғашқы жылы ауырып ауруханаға түсіп қалдым, келесі жылы олар шақырған мезгілде қызым тұрмысқа шықты, одан ұлым үйленді, сөйтіп Мәскеудің Әдебиетшілер үйінде үш рет жоспарланған кешіме барудың бір сәті келмей-ақ қойды. Үшіншісінде олар маған Есенин медалін беріп жіберді де жоспардан сызып, қайтып шақырмайтын болды. Меніңше, сол медальға менен гөрі Есенинді аударып, зерттеп, жазып жүрген Исраил Сапарбай ағамыз лайықты еді деп ойлаймын. Ал қырғыз туыстар жөнінде сөз бөлек. Осыдан екі жыл бұрын Бішкекте «Жүрегім махаббаттың астанасы» атты бір томдығым жарыққа шыққан. Олар тұсаукесерін өткізіп, Қырғыз ұлттық жазушылар союзына құрметті мүше, Халықаралық Поэзия академиясына академик етіп қабылдаған. Ал былтырғы жаздан бері қырғыздың «Жаңа ағым» газеті менің «Әбілхаят» атты естелік-эсселер кітабымды атақты композитор әрі жазушы Түгелбай Қазақовтың аудармасымен нөмірден-нөмірге үзбей жариялап келеді екен. Қырғыз-қазаққа белгілі «Жаңбыр төкті», «Алтын балалық» сияқты ғажайып әндердің авторы Түгелбай Қазақовтың өзі: «Жұрт жібермей оқиды, жалғасы қашан шығады деп сұрап жүреді» деді. Сырбай, Ғафу, Тоқаш, Шона, Жарасқан, Кеңшілік, т.б. ағаларым туралы естеліктерді сөйтіп қырғыз оқырмандары жылы қабылдапты. Бет-бет өлеңдерімді де жариялапты. Ішінде Жаңаөзен туралы «Қанды жұма» өлеңі жүр. Соның нәтижесінде, Б.Сарноғаев атындағы халықаралық тәуелсіз сыйлық пен алтын медалін беруді ұйғарыпты. Опера және балет театрының сахнасында дүйім жұрт алдында  табыс етті. Мен өлең оқыдым, ал біздің Секен Тұрысбеков қырғыз ағайындарды күймен тербетіп, олжалы қайттық.

Алатооның ар жағындағы айырқалпақты ағайынымыз туралы бізде қазір бір жақты пікір қалыптасып барады. Олар кедей тұрады-мыс. Олар төңкеріске әуейіленіп алған-мыс. Шынында қырғыз елінде не болып жатыр? Сіз не көріп қайттыңыз? Ыстықкөлдің аясында қауышқан достарыңыз не дейді?

-  Олардың саяси ахуалына баға беруден аулақпын. Аз-кем пікірлескен депутат,  саясаткер азаматтарының сөзінен түйгенім, елдерінде жаңа билікке де көңіл толмаушылық сақталып отырған сыңайлы. Оның бір себебі, халықтық төңкерістің арқасында қазіргі билікке келгендер бұрынғы Бақиевтің озбыр әулетінен қалған есепсіз ен дәулетті басып қалып, өздері иемденіп, өзара бөлісіп алған көрінеді. Елге ештеңе тимеген. Соған наразылық бар. Сонымен қатар, америкалық, европалық демократиялық ұйымдардың, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алдында біздің оппозицияға қарағанда өздерінің оппозициясының беделді саналатындарын айтысты. Жаңаөзен туралы жырымды қырғызшадан орыс және ағылшын тілдеріне аудартып жатқандарын айтты. Және қырғыздың «Жеті Мен» атты халықаралық қайырымдылық қорының бақылау кеңесіне мүшелікке қабылданғанымды құлаққағыс етті.

Сұхбаттасқан Біләл Қуаныш 

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір