Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3213 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 12:53

Аналарымызға асқақ ескерткіш орнатсақ...

 

 

Қыс бойы төпелеп жауған қар мен өне бойды мұздатқан суықтан мезі болған күллі тіршілік иесі жанға жылу сыйлайтын бір жаймашуақты аңсайды. Сол сәтте аса мейірімді Жаратқан да Жер бетіне көктемді жібере қояды. Ал бүгінде көктемнің алғашқы хабаршысы - 8 Наурыз мерекесі. Жыл сайын осы күні аяулы ана, кербез келіншек, қылықты қыздардың құшағы гүлге толып, езуі күлкіден жиылмаса да, ертесі-ақ сол нәзікжандылардың қайтадан тіршілік тауқыметін арқалап алып кетіп бара жатқанын көреміз. Жә, бұл - бөлек әңгіме, алайда біздің айтпағымыз - осыдан әрі ұзамайтын мәселе, яғни халықаралық мән мен адамзаттық маңызға ие осынау мерекенің символы дерлік бір үлкен мемориалды кешеннің жоқтығы.

«Қай жерде, мейлі, қай елде, Әлемнің мәні - әйелде». Ақын Жүрсін Ерман жырындағы дәл осы екі ауыз сөз осынау мейрамның ұраны ретінде жер-жерде ілулі тұрса да жарасатындай. Себебі, расында, әйел - ана, ал анаға Алла тағала тар құрсағынан адам өсіріп-өрбітіп, солайша Жер бетіне өмір сыйлайтын құдірет дарытқан. Әрқайсымыз мына өмірде бар болсақ, ол -  әкеміз бен анамыздың тілеуі мен мейірімінің жемісі. Әрине, әйел жалғыз өзі ана бола алмасы анық, бұл ретте әкелердің, яғни ер-азаматтардың да рөлі барын мойындауға тиіспіз. Себебі әуел баста Жер бетіне тек қана Адаматаны түсірген екен, ал Хауананың жаралуына сеп болған - Адаматаның жалғызсырауы. Жанына жалау болар әйел деген жаңа тіршілік үшін атамыз еш аянбастан, тіпті қабырғасын да сөгіп бере салса керек. Міне, біз 8 Наурыз - Халық­аралық әйелдер мерекесін тойлаған сайын осы аңызды да еске түсіретіндей, қандай да бір сим­воликалық дүние қажет.

Әйелдің орны - отбасы, ошақ қасы дегенді біз бүгін соншалық арзан мағынасында түсініп, «сонда әйел салпыетек біреу ғана ма?» деп өре түрегелеміз. Ал мұнымыз біздің қандай да бір алып мемлекеттің өзі отбасысыз мықты бола алмайтынын, себебі отбасы - тірек, отбасы ұрпақ өрбітер қасиетті орын екенін естен шығарып алған есіріктігіміздің дәлелі еді. Ал қазақ қашанда қызын жай әдемілік, ер-азаматтың көзқұрты деп санамаған, оған ұлттың анасы, отбасының тірегі деп қарап, солай өбектеп, солай тәрбие берген.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

- Әр үй, әр ата-ана өзінің бесігіне ие болуы керек. Ол үшін ол шаңырақтың әйелі мықты болуы шарт. Ендеше, әр қазақ өз қызын қолға алмайынша, біз шалдуар-шатпақ жігіттерімізді тәрбиелей алмаймыз. Себебі қыз ­- ұлттың бола­шақ анасы. Мектепте қазақ қызының ұлттық тәрбиесі деген арнайы пән жүруі керек деп ойлаймын.  Сондықтан да өзім балаларды тәрбиелейтін болашақ ұстаздарға  арнайы дәріс оқимын. Айтыңыз­даршы, қара көз қазақ баласын қазақ қызынан басқа кім туады?

Әр қалада, әр ауылда қазақ анасының бейнесін асқақтатып тұратын зәулім ескерткіш тұрғызсақ артықтық етпейді.

Міне, осындай ғажап тіршілік иелеріне жылына бір күнді әдейі арнаған жақсы, бірақ абзалы - әр күннің әйел үшін мереке болғаны. Осы ретте «тек әйелге ғана мереке ме?» деп наразылық білдіретін ер-азаматтар табылар, бірақ олар егер әйелдің қабағын кірбің шалмаса, үйде ас пісірулі, киім үтіктеулі, бала асыр салып ойнайтынын ескерсе, онда ол наразылығынан бас тартары анық. Ал бүгінгі қоғамның әйелге деген тағзымының көрінісі қалай?

8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні жақындағаннан айнала гүлге толып, дүкендер де сыйлыққа самсап тұрады. Ер-азаматтар басқа күні, бәлкім, жары мен бала-шағасын ұмы­тып та кетіп жататын шығар, бірақ, әйтеуір, сол күні бір сыйлық жасап, барлығын жуып-шайғысы келеді. Бір шоқ гүл, мүмкін, бір құты иіссу, мейлі қап-қап ақша, мейлі қымбат көлік болсын әр әйелге қуаныш сыйларына сөз жоқ, бірақ, жалпы, әйел қауымы, аяулы аналарға тағзым, әпке-қарындастарға ілтипат ретінде еліміздің төрінде бір белгі тұратындай жөні бар. Ол не үшін? Себебі әйел - тек бүгін көзі тірі қыз-келіншектер ғана емес, күллі адамзаттың бастауы Хауанамыздан бастап, Ұмай ана, Домалақ ана, жаужүрек Тұмар ханша, қазақ болғалы бері де аңыз-әпсана, жыр-дастандарымыздан бізге жеткен Жиренше шешеннің жары Қарашаш ана, Айша бибі, Бопай ханым, Шоқанның әжесі - Айғаным, Абайдың әжесі - Зере, анасы - Ұлжан, бір рулы елді басқарған Ұлпан ана, қала берді, күйші Дина, биші Шара, бұлбұл Күләш тағы сол сияқты тарихымыздан ойып тұрып орын алған әйел атаулыны атаусыз қалдырғанымыз жараса ма? Олай болса, біз осыған жіті мән беріп, сәулетшілер мен дизайнерлер арасында бәйге жариялап, әйел, ана, арулардың құрметіне символдық ескерткіш орнатсақ!

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 868
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 726
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 558
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 569