Жұма, 26 Сәуір 2024
Бір сауал 3825 5 пікір 30 Желтоқсан, 2022 сағат 17:30

Қазіргі “Қазақ әдебиеті” жетім бала сияқты

«Жаңа жыл» деп қарсы аламыз, «ескі жыл» деп шығарып саламыз. Есіңізде ғой, әрине, үнемі ескіріп қала беретін жаңа жылдарды жалындап қарсы алғанбыз. Үкілі үмітіміз бен араман-тілектерімізді де сол «ескі жылдардың» есігін ашқанда бірге алып өткенбіз.

Күндерді күндер күнделеп, ай алмасып, жыл жалғасып жатады осылай. Егер осындай бір ырғақ қайталанып тұрмаса, уақыт деген далиған кеңістікке айналар еді...

Әдеттегідей осы ескі жылды былтыр «жаңа жыл» деп жамырап қарсы алып жатқанбыз. Кенеттен қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалды. Әлеуметтік желілер тұтас жабылды. Күніне күнделікті шығатын газеттің екі нөміріне жуық материал беріп отыратын «Abai.kz» сияқты порталдар «істен шықты». Ал менің қолымда газет бар. «Қазақ әдебиеті» газеті. Не істемек керек? Табантасы шайқалып кетуге шақ қалып тұрған мемлекетімізді сақтап қалу үшін зиялы қауымның есқатты сөзін қоғамға қалай естіртуге болады?

Ашығын айту керек, «қасыретті қаңтар» күндері әншейінде тықақтап тапсырма беріп, әр сөйлеміміздің әріпіне лупамен үңілетін Үкіметтегі «қыран көзді» қырағылардың бізде шаруасы болмады. Шамасы, естері шығып кетсе керек. Әйтсе де мен қаңтар дүрбелеңі басылмай тұрып шұғыл нөмір шығару керек деп білдім. Себебі, елірген, лепірген, сойыл сұрап сұрапылға бастаған, жылаған, күңіренген, дағдарған дауыстардан бөлек елді - бірілікке, қоғамды - тыныштыққа шақыра алатын зиялы қауымның да үні естілуі тиіс еді. Егер олар тап сол тұста үнсіз қалғанда, ертең бәрібір уақыт сотының алдында жауапқа тартылар еді.

Қалаймақан қарбалас шақта Жазушылар Одағы да тез қимылдады. Одақ басшылығы бір-ақ күнде ұлт зиялыларының Үндеуін ұйымдастырып, Үндеу Алматы арнасының эфирі арқылы тарады. Біз «Қазақ әдебиетінің» кезектен тыс нөмірін шығарып үлгердік. Нөмірге Дулат Исабеков, Төлен Әбдік ағалар бастаған қаламгерлер түгел қатысты. Бәрі пікір білдірді, ойларын ашық жазды. Ақын-жазушылар әдетте НӘН-ді айналып өтетін шындықтың бетін аша сөйледі. Мен сонда 30 жыл бойы бұйыққан қаламгерлердің буырқанғанын көрдім. Цензураның тас қамалын бұзып-жарып шыққан сөз бостандығының рухын сезіндім. Әншейінде байқамай да, бағалай да бермейді екенбіз – ақын-жазушы деген қауым аруақты қауым екен! Билік жазушылардан неге білдіртпей аяқ тартады десем, бәсе, оның осындай құдіреті бар екен ғой!

Баспасөз майданындағы күресін 2022 жылғы қаһарлы қаңтар оқиғасынан ширығып бастаған «Қазақ әдебиеті» жыл соңына дейін бір сәтке арқасын кеңге салып, істің арқауын босатқан жоқ.

Сіздердің біле бермеулеріңіз мүмкін, Үкімет тарапынан баспасөзді қолдауға бөлінетін қаражат «Қазақ әдебиетіне» тым аз бөлінеді. Биыл, тіпті, аз бөлінді. Ұрылардың Ұлттық қордан жымқырғаны мен шетел асқан активтердің орнын «Қазақ әдебиетінің» бюджетінен үнемдеп, қазынаға қайтарғысы келгендей, Үкімет бізді қаражаттан қысып-ақ бақты. 60-70 мың теңгеден асырып айлық алмаса да, әдеби апталықтың ұл-қызы, алайда, тістеніп алып жұмыс істей берді. Құлшыныс намысқа қайралғанда, творчестволық ұжым ешбір қиындыққа қарамай, «Қазақ әдебиеті» дейтін апталықты шығара береді екен.
1934 жылдан бастап жарық көрген әдеби, мәдени апталық екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тоқтап қалып, қайтадан жалғасқан еді. 1960 жылдары Мәскеу «Қазақ әдебиетінен» «Қазақ» газетінің келбетін танып мүлде жауып тастай жаздаған-ды. «Қазақ әдебиетінің» сондағы тағдырына Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов бастаған алыптар мен Жұмабек Тәшеновтей қайраткер тұлғалар араласып, аман алып қалыпты. Өкінішке қарай, «Қазақ әдебиеті» бір кездері басына төнген әлгіндей қауіп-қатерді қайталап, қаржылық жағынан қалт-құлт етіп күнелтуде қазір. Қазіргі Жаңа Қазақстанда... Иә, қазіргі «Қазақ әдебиетінің» бір кездегі адуынды ағалары жоқ. Қазіргі «Қазақ әдебиеті» аялы алақанға зәру. Қазіргі «Қазақ әдебиеті» өзін өзі өршелене өрге сүйреп жүрген жетім бала сияқты. Жігерлі жетім.

Газетті ұжым шығарып, газеттің мазмұны мен ұстанымына ұжым жауапты болғанымен, авторларсыз, оқырмансыз газет газет бола ма? Сондықтан мен жыл бойы бізбен бірге болған оқырманға, жанашыр жұртқа, газеттің әр нөміріне қалам тартқан ақын-жазушыларға, авторларға рахмет айтамын. Газеттің оқырман ортасына жетуіне, таралуына қолынан келгенше қаржылай көмек жасап келе жатқан азаматтарға, соның ішінде Сәуле Досжанова әпкеме ризашылығымды білдіремін. «Жыртық үйдің де Құдайы бар» деген халықпыз. «Қазақ әдебиеті» тұрмысы жұпыны болғанымен, мазмұны бай газет. Үкіметтің, Ақпарат министрлігінің жып-жылы құшағына бөленген газеттердің біріне ол есе жіберген емес.

Біз білеміз, сіздер «Қазақ әдебиетінің» осы қайсар рухына сүйсінесіздер. Сүйіп оқисыздар! Солай екен, ендеше алдағы жылдарда да құшағымыз жазылмай, қуанып қауыша берейік!

Дәурен Қуат,

"Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы

Abai.kz

5 пікір