Сенбі, 11 Мамыр 2024
Көкмұнар 2182 0 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 13:58

2022 жыл: Өмірден өткен әлемдік тұлғалар

Қазіргі экономиясы қуатты демократиялы елдердің ішінде қаракөктің тұқымдарын төбесіне көтеріп, патшалық түзімді сақтап келе жатқан Англия мен Жапонияның алатын орыны ерекше. Бірі - Еуропада бірінші болып, өнеркәсіп төңкерісін бастаса, екіншісі - Азияда алғашқы болып технократ елге айналды.

Барыс жылы Путиннің озбырлығынан Украин елі қан жыласа, аталмыш екі ел де ауыр қазаға ұшырады. Жапонияның бұрынғы бас уәзірі Абе Шинзо сайлау науқаны кезінде жендет қолынан қаза тапса, ғасыр құрдасы Англия патшайымы Елизабет II 96 жасында қайтыс болды.

Екі тұлғаның аза жиының көлемділігі екі елдің әлемдік саясаттағы орынының қаншалық маңыздылығын көрсетті. Әлемнің бетке ұстар жақсысы мен жайсаңы жиналған топырақты өлімнен бейбіт заманда соғыс құмарлыққа салынған Кремль әдеттегідей шақыртусыз қалды. Ағылшын патша әулетінің Романовтар әулетімен құдандалы байланысы болса да, шарпатша болғысы келіп жүрген Путинді кісімісің демеді. Кремлге қарағанда Бейжіңның жолы болды. Қытайдың орынбасар мемлекет төрағасы бейресми сипатта жаназаға қатысты. Патшайымның көзі тірісінде Үкіметті басқарған Борис Жонсонның да, оның орнына келіп, патшайымның батасын алған Трас ханымның да Ресей мен Қытайға қатқыл позиция ұстағанын атап өткен жөн.

Әсіресе Абе Шинзоның өлімі әлемдік геосаяси жағдайға түбірлі өзгерістер әкелді. Жапония екінші жаһандық соғыста жеңілгеннен кейін, 1946 жылы 3 қарашада Американың бастамасымен жаңаша негізгі заңы жазылып, қолданысқа енді. Оның 9-бабында Жапонияның әскери державалық жолдан бас тартатыны, қорғанысқа ақша бөлмейтіні, қауіпсіздігін одақтас елдермен бірігіп қамтамасыз ететіні шегелеп жазылған. Ол бапты өзгерту, аталмыш «Бейбітшілік келісімінен» шығу үшін Парламент депутаттарының үштен екісі қолдауы, халықтық референдумда 50 пайыздан астам дауысқа ие болуы керек болатын. Абе бас уәзір болып тұрғанда бұл мақсатына жақындап қалған еді. Кейінгі әлемдік геосаяси ахуал: Ресейдің Украинаға соғыс ашуы, Қытаймен бірлесіп, Жапонмен даулы аралдар да әскери жаттығу өткізуі Жапон халқының саяси санасын оятып, Абенің таңдаған жолының дұрыстығына көздерін жеткізді.

Абе көзі тірісінде Үнді, Тынық мұхит жағалауы аймақтарының қауіпсіздігін ғана ойламай, Орталық Азияны, Кавказ бен Сібірді, Ресей қармағындағы Түркі Республикаларын демократияландыруды да мақсат етті. Бұл туралы өзінің «Құндылықтар дипломатиясы» бағдарламасында анық жазды.

Жыл соңында Жапон Үкіметі қорғанысқа бөлетін қаржыны екі есе көбейтуге, шамамен 55 миллиардқа жеткізуге шешім қабылдады. Осылайша Ресей мен Қытайға қарсы қуатты ойыншы пайда болып, бір кезде азулы Америкаға батылы жетіп, соғыс ашқан самурайлар елі қайтадан қақарына мінді.

Күллі диктаторлық мемлекеттермен дос болып, Батыспен ашық қарсылыққа шыққан Ресей мен Қытай да екі дәуір бөлгіш тұлғасынан айырылды. Әлемді атом қаруымен қорқытқан Кеңес одағының күйрегенін жариялаған Михаил Горбачев 30 тамызда 91 жасында Мәскеуде әлемнен өтті.

Горбачевтің өлімі Путиннің Кеңес одағын қалпына келтіруді армандап, Украинаға соғыс ашқан күрделі уақытқа тура келгендіктен, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдырында ерекше талқыланды. Саяси мұрасы, жетістігі Путинмен салыстыра зерделенді. Уақытты кері айналдырмақ болған Путиннің міскін халын ашып берді деседе болады.

Үш жыл карантиде қамалған Қытай жұрты коммунистік билікке қарсы «Ақ парақ» ереуілін бастағанда Қытай билігі елдің бұрынғы басшысы Жаң Зымыңның 96 жасында қайтыс болғанын жеткізді. Жаң билікке тұрғанда, Ресей мен Қазақстанмен шекараны бекітті. Қытай экономикасы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Мемлекет меншігіндегі алпауыт компаниялар таратылып, жеке меншікке өтті. Нарықтың қызығын қарапайым халық та, зиялылар да көрді. Шайтанарбамен жүретін Қытайдың мәдениет министрі шетелдік қымбат көрікпен жүретін болды. Ши төрағаның қатқыл саясатын көрген қытай жұртының оның басшылық мерзімін тағы да ұзартып алғанын көріп, бұрынғы басшыға деген құрмет сезімі оянды.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1926
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2063
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1719
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1522