Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 3259 2 пікір 19 Желтоқсан, 2022 сағат 14:20

Жетім қозы...

Кейінгі жылдары қол суып кетпесін деп, тек дәстүрлі бағытта бір шимайлар жазып қоятыным бар. Мына "Жетім қозы" әңгімесі солай, былтыр жазылып еді. Негізі өмірде болған оқиға. Әрі қарай көркем дүние ғой. Баяғыда, біздің үйде жетім құлын да болған еді. Шешемнен басқасын мойындамайтын. Енесі өлген сол құлынды өрістен марқұм жылқышы Өмірбай ағамыз әкеліп бергені есімде. Ой, сол қара құлын үй жақты жаман шулататын. Тары қуырып, соны суырып жатқан кемпірлердің жанына бара қалып, артқа бұрылып, аяғымен мөңкіп тепкілеп тұрып бүкіл тарысын жеп кететіні бар еді.

Қаланың іргесінде тұрамын. Жер үй. Ауыл өміріндей қора-қопсы, іркес-тіркес сарай салынбаған демесең қалаға қатынап жұмыс істейтін мен үшін қолайлы мекен. Шағын аулам, бау-бақшам бар. Арасында ат ізін салатын достарым қызыға қарайды. Күндіз-түні көпқабатты үйдің төрт қабырғасына телмірген жандардың жан дүниесін түсінуге болады. Жер үйдің қыбыр-қыбыр тіршілігі таусылмаса да сенбі-жексенбіде жан рахатын сезінесің. Жаздың жаймаушақ шағында жер үйден жайлы қожыра таппайсың. Аула тазалайсың, бақшаның арам шөбін жұлып, суарасың. Есік алдына су шашасың. Бойыңа қан жүгіріп, сергіп қаласың. Түскі асқа дастархан басына қонжиғанда тамағыңнан өткен ас қандай сіңімді десеңші... Кейбір көршілерім бірді-екілі мал ұстайды. Оған базбіреулер кейістік танытып, «төңіректі боқ сасыттың» деп ұрсып жататыны бар. Көршілердің кикілжіңіне килігіп көрмеппін. Әркім өз күйбеңін күйттегесін біреудің ішкі ісіне базына айту қисынсыз секілді. Оның үстіне жұмыс күндері ерте кетіп, кеше келетіндіктен күндіз біздің көшеде болатын оқиғалардан хабарсызбын. Демалыс күндері қоңыр тіршілігімнің қотырын қасығандықтан көршілер ортасындағы әңгімеге мән бермеймін.

Кезекті жексенбінің бірінде мынадай қызық болды. Түс ауа көшедегі шаң басылсын деген оймен қақпадан шығып, алаңсыз шашыратып су сеуіп тұрғанмын. Екі үйден кейін бос жатқан алаңқайда оншақты қозы-лақ жайылып жүр екен. Екі-үш бала «түшәйт, түшәйт» деп қақпақылдап, оқтын-оқтын үйіріп қиыс бастырмайды. Арғы көшедегі Азаттың балаларын жазбай таныдым. Су сеуіп біткен кезде Азаттың төбесі көрінді.

- Абайлаңдар, көшеге жүгіріп өтіп көліктің астына түсіп арам қатпасын, - деп бұйырды балаларына. Сосын ақырындап маған қарай аяңдады.

- Қалыңыз қалай? Бір отар қозы-лақ бағып алғаннан саумсыз? Бұрын-соңды байқамаппын, - дедім, әзілге бұра қол ұсынып.

- Шүкір, өздерің аман-есенсіңдер ме? Көптен бері көрінбей кеттің ғой, - деген Азат қозы-лақтың жай-жапсарын түсіндіре бастады. Азат қозы-лақтарды Ұзынағаш базарынан сатып әкеліпті.

- Былтыр да жетім қозы-лақ сатып алғанмын. Өткен жылы тек аулада бақтым. Биыл қолымыз тигенде осылай бос жерлерге жайып алып жүрміз. Жем-шөпке үнем болсын деген ой ғой. Жаздың аяғына қарай еттен таршылық көрмейсің. Шетінен сойып, қылғыта бересің. Қысқа түскенше сойып тауыса алмайсың. Жақсылап қоң жинағандарын сатып жіберсең мұртыңды балта шаппайды, - деген Азат қозы-лақты ертерек сатып алсаң арзанға түсетінін қыстырып өтті. Жетім қозы дегенде жүрегім шым етіп, жанарым жас үйірілгендей жүзімді Азаттан тайдырып әкеттім. Көмейіме ащы өксік тығылғып, қолқамды суырып әкетердей өзегімді өрт шарпыды. Көршім бір заматта балаларымен қосарланып қозы-лақты қайырып келесі көшеге өткенде ғана беймәлім құбылыстың шырмауынан құтылғандай маңдайымнан тер бұрқ етті. Қасымнан қалай кетті, қалай қоштастық, о жағы Азатқа аян. «Қара төбел» деп күбірлегенде жиырма бес жыл бұрынғы балалық шақтың елесі шұбатылған ескі кино лентасындай үзік-үзік көріністерді көз алдыма келтіре берді...

Ол кезде бесінші сыныпта оқимын. Қабат-қабат қардың қабырғасы сөгіліп үлгермеген көктемнің әдеттегі бір күні. Жеңгем таңғы шайдың қамымен жүрген. Ошақ үстінде екі бүйірінен ентікен дәу шәйнек бұрқ-сарқ қайнап тұр. Шешем түнде пештің түбіне тастай салған ұршығын қайта алыпты. Шыр көбелек айналған ұршыққа қарасаң ұйқы иектеген басыңды одан әрі мең-зең етеді. «Шешем ұршықтан, ұршық шешемнен шаршамайды екен» деймін іштей. Маужыраған түрмен ілініп-салынып кітаптарымды жинастыра бастадым. Оразамды ашқасын артынып-тартынып мектепке кетемін.

Көктемгі демалыс алдында оқуға зауқым қашып кеткені рас. Наурыздың соңғы күндерімен қабаттасып жететін үшінші тоқсанның демалысында біздің жақта қар еріп бастап, ала-құла алаңқайларда қолымыз домбығып «асық ату» маусымын ашатынбыз. Бесінші сыныпты тәмамдауға таясам да ойынның қызығынан алыстамаған кезім. Бір жақсысы, сабағымнан кінәрат жоқ. Бұйырса бұл тоқсанды да кілең беске бітірмекпін. Кітап пен дәптерге толы, қала берді дене шынықтыру пәнінде ауыстырып киетін спорттық киім нығырлап салынған сөмкені ортаңғы бөлмеге апарып қойдым. Жеңгем дастархан жаюға кірісіпті. Шешем ұршығын иіріп отырған. Ағам сырттан дабырлап кірді. Іле-шала маңыраған дауысты құлағым шалды. Елең етіп дәлізге атып шықтым. «Апа, апа» деген дауыстан апыл-ғұпыл орнынан түргелсе де қолындағы ұршығын тастамаған шешем кіреберіске асығыс беттеп келеді. Шешем маңыраған дауысты естімеген сияқты:
- Әлгі қарала сиырды түнде бөлек қамаңдар деп едім. Туып қалмаса игі... Бас жіппен артына бұрыла алмай бұзауын жаншып тастады ма екен, - деп, дәлізге жеткенше бар уайымын ақтара салды. Көктемгі мал төлдейтін шақта ағам бәрімізден ерте оянып, мал қораны бір қарап келуді әдетке айналдырғаны қашан... Бүгін де сол күнделікті әдетпен қора жақты бір шолып қайтуға кеткен. Ағамның қозы көтеріп алғанын бірінші мен байқадым. Шымдай қара төбел қозы. Денесі шырыш-шырыш. Ұсқыны қашқан әлпетіне қарамастан құлағын ербеңдетіп, құтылып кетердей бұлқынып қояды.

- Апа, қой туыпты, ағам үйге қозып алып келді, - дедім жалма-жан сүйінші сұрағандай. Бір-екі күнде бұзаулайды деп сарыла күткен қарала сиырдың уайымы басымырақ шешем:
- Е-е-е, қарала сиыр бұзаулады ма деп қалсам, - деді де, қайтадан кері бұрылды. Ағамның қолындағы қозыға жармасқанымда:
- Ұстамай-ақ қой, үстіңді былғайсың. Енесі денесін жалауға да жарамапты. Жүр, пештің түбіне алып барайық, - деп, ошақ тұрған бөлмеге бастады. Дастарханға шәйнекті қойып жатқан жеңгем жақтырмай қарап:
- Қозы-лақты тағы үйге таси бастадың ба? Жер-көктің бәрін бүлдіріп, үйді сасытатын болды, - деді, кейісті үнмен мұрнын тыржитып. Екі ортада әңгімеге араласқан шешем:
- Ештеңе етпес. Қайтадан қораға алып кетеді ғой, - деп жеңгемнің жүзіндегі кірбіңді жуып-шаюға тырысты. Шындығында қой төлдеген шақта қозыларды арагідік түнде үйге қамайтынбыз. Ошақтың жанына жұқа ағаш тақтайдан жасалған немесе түбі терең қағаз қорап қойып, соның ішіне саламыз. Астына күл төгеміз. Уызына тойған қозы бойына жылу тарағанда тар қорапта ойнақтап мазаны қашыратын. Жатар алдында енесін іздеп жамырайтын қозылардың азан-қазан ететіні тағы бар. Үй ішін иіс басып, сасып кететіні де шындық. Кейде қораптан сытылып қашатын қозылар құйырығына қатқан доңғағымен жер-дүниені астаң-кестең етіп тастайтын. Қозы-лақтың артын тазалап әбігерге түсетін жеңгемнің реніші орынды. Бірақ, мұндай көріністі ауылдағы әрбір үйден оп-оңай кезіктіресің. Төрт-түлікке күні қараған жұрттың басқа амалы жоқ еді.

Мен жүгіріп барып есік алдындағы қағаз қорапты ішке кіргіздім. Қос бүйірі қабысқан қара төбел қозы қолды-аяққа көнбей маңырауын тоқтатын түрі жоқ. Үздіксіз маңыраған үстіне қос бүйірі жабысып, жыландай жіңішкерген белі бүкірейіп қалады. Жеңгемнің ашулы сөзіне мән бермеген ағам:
- Қара тұсақ туыпты. Қозысына қарамақ түгілі шошып қашып жүр. Әрі-бері емізуге тырыстым. Қозысын жолатпады, - деп, қозыны қорапқа топ еткізді. Қара төбел қозының сырын енді ұғынған шешем:
- Тұмса туғасын кейбірінің сондай әдеті бар. Қозысынан безініп қайда қашар дейсің, қолыңды жуып кел. Шай ішіп алғасын қора жаққа бірге барамыз, - деді.

Таңғы шайда жеңгем, шешем және ағам үшеуі күнделікті тіршіліктің жайын талқылауға ойысты. Жеңгем әңгіме ыңғайында есік алдындағы қи таусылғанын, сол себепті қора жақтан тағы бір мәрте қи тасу керектігін ескертуді ұмытпады. Әсілінде бұл менің міндетімдегі жұмыс еді. Ескертудің бір ұшы маған қатысты екенін ұғындым. Менің есіл-дертім ошақ қасындағы қорапқа қарай ауған. Май жаққан нанның шетінен бір тістеп, кеседегі шайдан бір ұртай сап қорап жаққа қарағыштаймын. Қозының дауысы талықсыған жанның сыбырындай әлсіз естілгенде өңешімнен ас жүрмей қиналамын. Ас қайыруды күтпестен дастархан басынан көтеріліп:
- Апа, бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы. Каникулға санаулы күн қалды. Өткен сабақтарды қайталағаннан басқа қызық жоқ. Сіздердің қастарыңызда қалайыншы, - дедім жалынышты үнмен. Жүзін жалт бұрып, қабағы сәл қатуланған шешем:
- Тәйт, әрі, қозы көрмеп пе едің?.. Түс әлетінде қайтып келесің ғой. Сабағыңнан қалма, - деді. Үйде шешемнің айтқаны талқылауға жатпайтын шешімнен әрі асып түседі. «Тағы бір айқай естімей тұрғанда табанымды жалтыратайын» деп үн-түнсіз мектепке кеттім.

Таңғы шайдан кейін қандай көңіл-күймен үйден аттансам, бүкіл сабақ барысында дәл сондай көңіл ырғағынан құтылмадым. Өмірімде қозы көрмегендей қара төбел ой-санамнан кетер емес. Маңыраған үні құлаққа жатталып қалған. Соңғы дене шынықтыру сабағы аяқталғанда киімімді ауыстырмастан үйге қарай безектедім. Үйге кірсем шешем мен ағам да, қозы да жоқ. Қағаз қорапты қайтадан есік алдына төңкеріп тастапы. Жеңгем үйдегілердің қайтадан қора жаққа кеткенін айтты. Ошақта жылып тұрған тамаққа қарамастан сөмкемді тастай сала қора жаққа қарай жүгірдім. Жау қуғандай сүріне-қабынып жеткенімде қара тұсақты қора ішіндегі ағаш бағанаға тікесінен байлап тастапты. Алдыңғы, артқы аяқтарын қыбыр етпейтіндей шандып, ауызын жіппен аямай керіпті. Аузынан көбік атқан тұсақтың қимылдауға шамасы жоқ. Ағам қозыны желкесінен ұстап енесінің желініне апарғанымен сүт шығатын емес. Желіні тас секілді қап-қатты. Шешем де әрі-бері қозыны қақпайлап енесіне жақындатып көріп еді, басындағы шархаты маңдайына түсіп, құр босқа әуреленгенімен әрекетінен түк шықпады. Түске дейін алысқан екеуінің жүздері шаршаңқы. Таңна бері дәл осылай қанша рет арпалысқанын кім білсін... «Ойбай, белім» деген шешем ақырындап бір қырынан отырды. Енесі мен қозысына кезек қараған ағам малақайын қолына ұстап маңдайын сүртті де, дәрменсіз кейіпте екінші қолымен бағанаға сүйенді.

Мал төлдеген шақта қозы телитін дәстүр маған етене таныс. Талай рет көргенмін. Енесі өлген қозыны оп-оңай өзге қойға теліп-ақ жіберетін. Қойды біршама уақыт бағанаға байлап тастап жетім қозыны емізгенде жем-шөпсіз сілесі қатқан байғұс есінен ауысып, құдды бір өзі туғандай әлгі қозыны құйрығынан иіскелеп, мекіреніп шыға келетін. Қара тұсақтың жөні бөлек. Мәңгілік берілмеске бекінгендей ыңғайға көнбейді. Қырсықтығы қыңыр адамнан бетер. Терісіне жабысқан желіннен сүт тамбағаны былай тұрсын, қаққан қазықтай бағанаға таңылғанымен қозысын бір елі маңайлатпайды. Көзі аларып тепсініп, ретін тапса теуіп жіберуге әзір. Әбден күйіп-піскен ағам қолын бір сілтеді. Қара тұсақтан күдерін үзген шешем де:
- Қараң қалғырдың малы, қозысынан безінгені несі?.. - деді де, ағама қарап, - Тұсақты босата сал. Қозыны үйге алып жүріңдер, - деді.

Қара төбел қозыны үйге әкелгесін қайтадан қағаз қорапқа салдық. Бөтелкеге жылы сүт құйып, емізікпен сүт беруге тырыстық. Жарық әлемге енгенімен әлі бұ дүниенің дәмін татпаған қозы қанша ұмтылғанымен дірдең қағып еме алмады. Ауызы желімденгендей жабысып, қарысып қалған. Тұмсығы сұп-суық. Шешем:
- Бойы жылынсын, тиіспе, жата тұрсын. Сәлден соң тағы беріп көр. Көрер жарығы болса отығып кетеді, - деді. Шешем айтқандай-ақ жып-жылы ошақтың түбінде жаны кіріп, жыбырлай бастаған қара төбел қозы икемге келіп, бөтелкедегі сүтті қомағайлана емді. Сүттің жартысына жуығын тауысқан қозы ауыр ыңыранып, сылқ түсіп жата кетті. Қозыға қарағыштап, қуанғанымнан қорапты айналшықтап жүрмін. Өкініштісі, бұл қуанышым ұзаққа созылмады. Қыстың ызғары қайтып, күн райының жылынғанын сылтауратқан жеңгем:
- Қорада тұра берсе өлмейді. Суықтың беті қайтты. Ертең бұзау қораға апарып таста, - деп ағамнан өтінді. Ағам «мақұл» деген сыңаймен үндемеді. Шешем жеңгеме қарсылық танытпады. Бұл үйде әзірге мені ешкім тыңдамайтыны о басынан белгілі. Сөйтіп қара төбелді ертеңіне қораның бір бұрышындағы бұзаулардың қасына жайғастырдық.

Жетім қозы сол кеткеннен үйге қайтып оралмады. Өмірдің оң-солын танымақ тұрмақ бесіктен белім шықпаған бала болсам да, кейде бәрін күл-талқан ететін тағдырдың тасыр мінезі адам түгілі мал екеш малды да айдауына көндіріп, тіпті тезірек ширатып жіберетінін түйсінгендеймін. Бұлай дейтінім, бұзаулардың қатарына қосылған қозының маңайдағы құбылыстарды жатырқағанын байқамадым. Бір-екі күн аралығында бейберекет маңырауын тыйып, бейне бір аспаннан түсе қалғандай енесін іздемейтін болды. Алғашқы күні тоқтаусыз маңырап, әр нені тұмсығымен түрткілеп енесін іздеп шарқ ұрған қозыға ұқсамайды. Әлде енесінің ешқашан оралмайтынын сезді ме, не болса да алдағы күннің сынағына көнгендей бәрін ұмытты.

Қозыны «қара төбел» деп атап кеттім. Мал қораға кірсең арсалаңдаған күшіктей аяғыңа оратылып, балағыңнан түрткілеп әлденені дәмете бастайды. Нені меңзейтіні белгілі ғой, ондай сәтте емізік кигізілген сүт толы бөтелкені тоса қоямын. Қара төбел қос бүйірі томпайғанша қаққан қазықтай орыннан қозғалмайды. Енесінің желінін иіткендей бөтелкені тұмсығымен ұрғылағанда ауызы ақ көбіктеніп емізікті тартқылай береді. Соңыра сүтке тойғасын қора ішін тасырлатып жүгіреді де, кәдімгі «рахмет» айтқан адамдай ауық-ауық басын изейді. Сол аралықта бағанаға қозының мойыны жететіндей биіктен салбыратып, ортасы жіппен байланған бір уыс шөп ілемін. Шөпке жақындаған қара төбел шөті иіскелеп басын шұлғып тұрады да, тиіп-қашып күтірлете бастайды.

Шынымды айтсам, ес білгелі тас бауыр енесі тастап кеткен талай қозыны көрдім. Кейбірін ағам бөтен қойға теліп жіберсе, кейбірі өліп қалатын. Солардың ешқайсына осы «қара төбел» секілді иненің жасуындай аяушылық сезіммен қарамаппын. Неге екенін білмеймін, қара төбел үйге келген сәттен бастап оны ерекше жақсы көріп кеткенмін. Сол әрекетімді сезгендей ағам да қара төбелдің жайына бас ауыртпайды. Жетім қозыны күтіп-баптау секілді күнделікті жұмыстардың барлығы менің мойыныма жүктелген. Әншейінде сабаққа әрең оянатын басым қара төбел десе есім кетіп, ағаммен таласа тұрамын. Мектепке баратын уақыт таяғанша кейде шешем, кейде жеңгем әзірлеп қойған сүтті бөтелкесіне құйып, қозыны тойдырып кетемін. Түсте сабақтан оралғасын қора жақты төңіректеп, қара төбелді айналшықтап жүріп аламын. Үшінші тоқсанның демалысы қара төбелмен бірге өтті десем де болады. Асық ойнайтын балалар тобына бірде бір рет қосылмадым. Сәуір жетіп қыс бойы қорада қаңтарылған мал өріске беттегенде қозы-лақтарды күннің көзіне шығарып, сырттағы қораға қамайтынбыз. Қара төбел сыртықы қораның бір бұрышындағы бұзаулардың қасына жайғасты. Қозы-лақ көрсе ойнағаны, шынымен әлімжеттік жасағаны белгісіз, сүзгілеп, өкіріп қуа жөнелетін бұзаулар қара төбелге тиіспейтін. Айналасы бір айдың ішінде қара төбелдің бойы көтеріліп, үрпиген жүні мамықтай жұмсақ тартып, жылтырап шыға келді. Маңдайында айдай жарқыраған төбелі сондай сүйкімді. Аппақ бояу жағып қойғандай жарасып тұр. Тек, қампиған қарыны бойындағы бар әдеміліктің шырқын бұзады демесең, шермиген түрімен селтеңдеп жүгіргенде күлкіге қарық қылатын.

Қара төбел қорадағы қойға, қозы-лаққа сол күйі жоламады. Үйірінен адасқан өгейдей салпаңдап бұзаулардың соңынан еріп жүретін. Қозы-лақ енесіне еріп өріске кеткенде де қара төбел қорадан ұзаған жоқ. Бұзаулармен бірге жайылатын қара төбел бірде бір рет қойдың артынан ерген емес. Сүт ішетін уақыт есіне түссе үйге қарай құйындай шаңдатып жетіп келеді. Бұл кезде емізігі бар бөтелкені ұмытқан. Табақ толы сүтті тауысып, есік алдында біраз асыр салады. Бір қызығы, қара төбелдің жүні қалыңдап, бойы өссе де құйрығы баланың жұдырығындай бір тұтам қалпында қалып қойды. Шешемнен:
- Басқа қозылардан тұрқы қалыспағанымен неге құйырығы кішкентай, - деп сұрағанмын. «Уызына жарымаған жетім ғой» деп жауап берді. Балалық қызығушылықпен сұрағаным болмаса ештеңені түсінбедім. Әкеміз өмірден ертерек өткенімен шешемнің арқасында жетімдіктің не екенін білмейтіндіктен жетім қозының жайын қайдан ұғайын?.. Әйтеуір, қара төбел екеуміздің достығымыз үзілген емес. Кезекті оқу маусымы аяқталып, үш ай демалыс басталғанда қара төбел менімен бірге қосылып қуанғандай көрінді. Екеуміз күнде біргеміз. Екеуміз көл жағасындағы көк майсада ойнағанды ұнатамыз. Көл дегенде, біздің үйдің артқы жағында қардың суы жиналатын көл басталатын. Аумағы әжептәуір көлге қамыс-құрақ өсіп, қаз-үйрек қонып, жаздай ауыл шетін базарға бөлейтін. Алғаш күн күркіреп, күн жылынған кезден бала атаулының бәрі суға түсіп, жаз бойы жағасынан шықпайды. Бір қызығы, көлдің ауыл жақ беті күн ысыған сайын бірте-бірте тартылып, сол маң көк майсаға айналатын. Ауылдың бар бұзауы мен өріске ере алмай қалған қой-ешкісі сарша тамыз жеткенше сол жердің түгін тартқылайтын. Қара төбел екеуміз сол көк майсада армансыз асыр саламыз. Екеуміз жақсы көретін мынадай ойын бар. Еңбектеп тұра қалсам артқа шегініп барып бар дәрменімен маған қарсы жүгіретін қара төбел жете бергенде кілт тоқтайды да, алдыңғы қос аяғына көтерген бойы басымен қойып қалады. Әрі қарай екеуміз сүзісіп, бір-бірімізді күшіміз жеткенше итереміз. Маңайдағы бұзау біткеннің бәрі «мыналарды жын қақты ма» дегендей оқыранып қарайтын. Тіпті, соңғы күндері ауыл ішінде мен туралы әңгіме гу-гу ескенін естідім. Аузы жеңілдеу көрші жеңгелеріміздің бірі:
- Ана баланың есі ауысқан. Күнұзақ жетім қозы екеуі бір-бірінен ажырамайды. Есі дұрыс емес, - деген өсек таратыпты. Шешем бір кезіккенде ол жеңгеміздің шаңын қағып, біраз шықпыртып алыпты. Содан бері гу-гу әңгіме сап тиылды. Маған кім не айтса да бәрібір еді.

Қайда барсам қыр соңымнан қалмайтын қара төбел екеуміздің күнұзақ кезбейтін жеріміз, баспайтын төбеміз жоқ. Ертеңгі уақытта құдықтан су тасимыз. Шешем тары қуыратын күндері тезек теруге шығамыз. Ауыл шетін шиырлап екі-үш қапты кепкен сиыр жапасына толтырғасын төрт аяқты ескі балалар арбасына мықшыңдап тиеп, үйге қайтамыз. Біресе алдыға озып, біресе артта қалып, біресе қатарласа жүретін қара төбел айтқаныңның бәрін түсінетін. «Қара төбел, жүр», «қара төбел, тұр», «қара төбел, жат» деген бұйрықтарды цирктің үйретілген жануарындай бұлжытпай орындайды. Кейде ақылдылығы жағынан есік алдында паңданып жататын Ақтөстен асып түсетін. Қара төбелдің осы қылықтары бәріне аян. Әсіресе, мен құралпы көршінің балалары оны айналшықтап, әр қимылын қызықтауға тоймайтын. Ондай сәттерде менің бәсім артып, балалармен бірге ескі клубтың көлеңкесінде отырып алып концерт қойған цирк әртісіндей белсеніп кетемін. Қара төбел ешқашан жерге қаратқан емес. Берілген бұйрықты екі етпейді. Балалар мәз болған сайын қара төбелдің делебезі қозып, тосыннан түрлі трюк ойлап тапқандай неше түрлі қимылдар көрсетеді. Ауызын қисайтып маңырағанда әлдекімді келе еткен адамнан аумайды. Маңайымдағылар «осының бәрін қалай үйретіп жүрсің, біздің итіміздің өзі маубас, мұндайдың бірін де жасамайды» деп таңырқайтын. Кейде балалардың қолындағы жаздық бас киімін тұмсығымен іліп алып, тұра қашады. Қусаң жан баласына жеткізбейді. Бас киімді аулаққа тастап келетін қара төбел тегін концертін қайта жалғастырады. Клуб көлеңкесінде қойылым аяқталғасын бас киімі қолды болған бала іздеп жүріп әрең табатын.

Қара төбел екеумізге қой кезегіне барған ерекше ұнайтын. Біздің ауыл алдындағы қойын төрт-бес кезек бөліп бағатындықтан біздің кезек он шақты күнде қайта айналып соғатын. Бұл міндетті де ағам қорықпастан маған жүктеп қойған. Алғаш кезекке барып келгенде шешем айналып-толғанып, «балам азамат болды» деп маңдайымнан сүйген. Қорқатын дәнеңе жоқ, ауылдан шыға сала жайылымнан бас көтермейтін қойлар бір қырдан асып түскенімен әрі қарай аттап баспай, төрт-бес шақырымды шиырлап жүріп алатын. Таңертең қаймағы ажыратылған сүтке тойып шығатын қозы біраз уақыт өткенше жайылмай, қасымнан шықпайды. Жусан иісі аңқыған далада бозторғайдың шырылы ғана естіледі. Арасында шиқылықтап әрі-бері сенделген сарышұнақты көріп қаласың. Қойлар, сосын біз ғана... Екеуміз төбе басына отырып алып әңгіме соғамыз. Қара төбел жауап қататындай:
- Қара төбел, анаңды сағынасың ба? - деймін оған. Жауап жоқ. Десе де «не айтып тұрғаныңды түсіндім» дегендей басын ауық-ауық шұлғиды.

- Шыныңды айтшы, анаңды сағындың ғой, иа... Егер адам ұқсап сөйлегеніңде маған бәрін айтып беретін едің. Одан соң екеуміз даланы басымызға көтеріп ән айтатын едік. Өкінішті, сен сөйлей алмайсың. Мүмкін қара тұсаққа ренжіп жүрген шығарсың, а? Бірақ оның сенде шаруасы жоқ қой. Әне, ойында түк жоқ, құйрығы жайқалып жайылып жүр. Қорықпа, мен сенің әрқашан қасыңда боламын. Әлі-ақ өсіп, мына отарға қосылып кетесің. Мен де күні ертең дәу жігіт боламын. Түсінемін, анасыз өмір сүру қиын. Танитын шығарсың, бірге оқитын Асхат деген досым бар ғой. Былтыр соның анасы қайтыс болған. Содан бері досымның мінезі өзгеріп, тұйықталып кетті. Әттең, қара тұсақ сенен безінбегенде анау қойлармен бірге жүретін едің. Түсіндің бе? - деймін оған, дауысымды нығырлап. Кейді дауысым қаттырақ естілгенде селк ете қалатын қара төбел бар денесімен сілкініп алады да, қайтадан алаңсыз күйіс қайыруға кіріседі. Қара төбел жауап қатпаса да сансыз сұрақтың астына алып, әр нәрсені сұрағыштай беремін. Көп мазасын алып жіберсең ренжіген жандай орнынан атып тұрып, қасыңнан ұзап кетіп қалады. «Бәлкім, қара төбел жауап беріп жатқан шығар, өкініштісі, оның тілін түсінбеймін ғой» деп өзімді жазғырамын. «Әттең, егер қозы болып туғанда қара төбелдің әр сөзін ұғатын едім» деп қиялданамын. Бірақ, «қара төбелдің тағдыры басыма келсе қайтпекпін» деген сұрақ сумаң ете қалғанда лезде ойымды басқа арнаға бұрып жіберемін. Үнемі сөйтіп жүріп кешті батырамыз.

Кешкілік қойды ауылға кіргізген соң үйде қара төбел екеумізден асқан қадірлі жан болмайтын. Шешем қалбалақтап бар жылы-жұмсағын аузыма тосады. Жеңешем де бәйек болып жүргені. Қараңғы түсе қора-қопсыны жайғап оралатын ағам:
- Бөтен қой іздеген ешкім жоқ, қой кезектің басы түгел, - дегенде көңілім жайланып сала береді. Ондай кезде шешем:
- Алаңдама, ішіп-жеп ал. Қара төбелге де сүт құйып қойдым, - дейтін. Ішке ел қонғанда күнұзақ қой соңында салпаңдап сілеңнің қатқаны бірден сезіліп, күн қақтаған жүзің ерекше алабұртып, отырған жерімде қор ете қалатынмын.
Қара төбел екеуміз бір-бірімізді жетектегендей жазды ортасына аудардық. Маған салса күзде сабақ басталғанда мектепке ертіп барудан тайынбаймын. Әрі қара төбелдің қыр соңымнан қалмайтынына сенімді едім. Әттең, сол күнгі оқиға екеумізді мәңгілікке ажыратып кетерін білгенде қара төбелді көтеріп алып, басым ауған жаққа қашып кетер едім... Сол күні сыныптас досым «жүр, суға түсіп қайтайық, жаз бойы жанымызға жоламай қойдың» деп өтінбегенде, бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін...
Күнделікті әдетпен сиыр өріске ұзағасын бұзауларды көл жаққа айдағалы жатқанмын. Қара төбел орыннан қозғалатын түрі жоқ. Көзі жасаурап, ауық-ауық көк жөтел қысқандай ышқынып-ышқынып басылады. Жүгіріп шешемді шақырып келдім. Әдеттегідей сүт беріп едік, тұмсығын да батырмады. Не қарасан соққанын білмеймін, біресе жатады, біресе тұрады. Сәлден соң сүтін аздап ішіп, қайтадан жата қалды. Қара төбелді арба салып үй жаққа алып бардық. Сарайдың көлеңкесінде алдыңғы аяғын созып жатқан қалпы қозғалмады. Шешем ауызын ашып қарады. Ешқандай ауру белгісі байқалмаса да қара төбелдің ештеңеге көңіл-хошы жоқ. Шешем екеуміз айналшықтап жүргенде сыныптас досым Асхат келді. Қара төбелдің жатысын көрген ол:
- Қозың ауырып қалған ба, не болған? - деп сұрады.

- Білмеймін, солай секілді. Таң ертең бұзау айдауға барсам бір түрлі болып тұрған. Содан бері жағдайы түк өзгермеді. Бір сағаттан асты, шешем екеуміз не ауру келгегін таппай жатырмыз, - дедім оған.

- Ештеңе етпес, жазылып кетеді ғой. Адам емес қой доқтыр шақыратын. Жазылып кетеді. Уайымдама, досым! Жүр, одан да суға түсіп қайтайық. Жаз шыққалы сені сирек көретін болдық қой, - деді Асхат көңілімді аулап. Мен Асхатқа қара төбел жазылмайынша ешқайда аттап баспайтынымды айттым. Екеуміздің әңгімемізді тыңдап тұрған шешем:
- Кеше жайылып жүріп жақпайтын бір нәрсе жеп қойған шығар. Уайымдама, өзім қараймын. Бар, суға түсіп келе ғой. Асхат дұрыс айтады, қара төбел пайда болғалы ойынды да ұмыттың. Бала болып ойнағаның да дұрыс, - деп бастырмалата жөнелді. Шындығында Асхаттың көңілін қимадым. Неге екенін білмеймін, досымның былтыр анасы қайтыс болғаны есіме сап ете түскенде оның өтінішінен бас тартуды әбестік санадым. Қара төбелмен қимай-қимай қоштасып көл жаққа беттедім.

Көл жағасына жеткесін бәрін ұмытып кеттім. Суға шомылуға келген балалардың қарасы көп екен. Бәрінің шашын тықырлап алып тастаған, оның үстіне судың ішінде бәрі дамбалшаң жүргендіктен кімнің кім екенін ажырату қиын. Келе сала Асхат екеуміз суға күмп бердік. Балалар бір-бірімізге қара батпақ лақтырдық, су ішінде бөтелке іздеп ойнадық, арасында жағаға шығып алау жақтық, әйтеуір құмарымыз қанғанша көлден шықпадық. Түс ауғанда балалардың алды тарай бастағанда мен де үйге қайттым. Асхат «әзір қайтпаймын» деп қалып қойды. Үйге келсем қара төбел көрінбейді. Ауруынан құлан-таза жазылып бұзауларға қосылған болуы мүмкін деп топшыладым. Жаздық сарайға беттегенімде сырттағы қазан-ошақ жақтан үзіліп-тамып тараған қуырдақтың иісі мұқым ауланы басып қалды. Денені су сорып онсыз да қарын ашқан қара басым сілекейім шұбырып қоя берді. «Бұлар нағып түскі асты уақытында ішпеген» деген ой қылаңдағанымен жеңгемнің дастархан әзірлеп ылдым-жылдым қимылдап жүргені, оған шешемнің болысып өз бетінше бәйек қаққаны көз алдыма елестегенде қарынымның ашқанын анық сездім. Жазғы сарайдың табалдырығынан аттай бергенім сол, қарсы алдымнан қолына табақ ұстаған шешем кезікті. Табаққа үш-төрт жілік ет салып алған. Ішім бір жамандықты сезгендей:
- Қара төбел қайда, - дедім өңім сұрлана дауысым дірілдеп. Шешем байғұс жайбарақат. Ішкі толқынысымды елең қылмастан:
- Жетім қозыны айтасың ба? Сойып тастадық. Әне, қуырдақ та пісіп қалды, тезірек кіре ғой, - деді де, жазғы сарай алдында керулі тұрған жіпке етті жаюға кірісті. Үстімнен салқын емес, ып-ыстық суды біреу төңкере салғандай тәнім де, жаным да шыжғырылып барады.

- Қара төбел қайда, оған не істедіңдер, - деп, айбат шеккен мысықтай кейін шегіншектей бердім. Шешем менен мұндайды күтпесе керек:
- Көтек, мына қағынғыр не дейді, адамды ұра ма тегі. Сойып тастадық деймін. Төрт аяғы серейіп тыпырлай бастағасын арам қатпасын деп бауыздадық. Құйрығына май жинамаған демесең қоңды екен, - деп, өз-өзімен әлек. Құлындағы дауысым ауылға естілердей «қара төбел» деп шыңғырып жібердім. «Қара төбел, қайдасың? Қара төбел... Қара төбел...» деп жынды адамдай ауланы айналып жүгіре беріппін. Қуырдақты бүлк-бүлк қайнатқан қара қазанды теуіп өтпекке оқталғанымда тракторын жөндеп жатқан ағам жанұшыра жүгіріп жетіп көтеріп алды. Бала болып есімді білгелі дәл бұлай жылап көрмеппін. «Бәрің өтірік айтасыңдар... Мені әдейі алдап көл жаққа жібердіңдер... Қара төбел өлмейтін еді... Сендер сойып тастадыңдар...» деп айқайға басып жатқаным есімде, әрі қарай талықсып кетіппін.

Оянсам түпкі бөлмеде жатыр екенмін. Есік алдына шығып едім, кеш қарайыпты. Көзім домбығып, күлбүлтеленіп ісіп тұр. Кеш қарайыпты. Шешем ешқашан беймезгіл уақытта ұйықтатпайтын. Қара төбелдің қайғысынан соң оятып жіберуге батпаса керек. Әуеле сәкінің жанында сүйек мүжіп жатқан Ақтөске көзім түсті. Қозының сүйегі... Есік алдынан қолыма іліккен қалақты Ақтөске қарай атып жібердім. Оңдырмай қақ маңдайынан тиді. Қаң еткен Ақтөс сытылып көшеге қашты. Бар кегімді иттен алғандай жерге өксіп отыр кеттім.

Қара төбел пышаққа ілінген соң үй-ішімен біразға дейін сөйлеспедім. Бұзау қарағанды сылтау етіп үйге түс кезінде, сосын кешке бір-ақ ораламын. Сабақ басталғанша қойдың кезегіне баруды да доғардым. Өздерінің бір кінәсі бар секілді шешем де, ағам да қой кезегіне бар деп қыстамады. Қара төбелдің келмеске кетуі мені әп-сәтте есейтіп жібергендей күйдемін. Көп уақыт өткенше ет қосылған тамақ көрсем дастархан басынан тұрып кететінді шығардым. Есік алдында керулі жіпке іліп қойған ет көрсем жүрегім лоқсып, қара төбел көз алдыма елестей беретін...

Қара төбеееел... Қара төбеееел... Өз дауысымнан өзіп шошып ояндым. Даладағы жарық ала көлеңкеленіп, бөлме іші күңгірт тартқан. Жатын бөлмеге жүгіріп жеткен әйелім:
- Бәрі дұрыс па? Үйді басыңа көтеріп айқайлағаның не? Әлде бастырылып қалдың ба? - деп бәйек қағып жүр. Не болғанын өзім де түсінбегендіктен әйелімнен:
- Мен қайдамын? - деп сұрадым. Мынаған айтқан сөзім шығын дегендей әйелім:
- Қайдасы несі? Үйдесің. Бағана көшеге су шашып келдің де жын ұрғандай бүк түсіп жатып қалдың. Шайға оятып едім, тұрмадың. Түс көрдің бе, білмеймін, арасында әлденеден шошынғандай «қара төбел» деп дауыстап қоясың. Беймезгіл уақытта ұйықтама деп едім ғой. Тұр, тамақ дайын! Өткенде ауылдан беріп жіберген қозының етінен қуырдақ әзірлеп қойдым, - деді ас үйге өтіп кетті.
...Жүрегім лоқсып, сыртқа қарай тұра жүгірдім...

Мақсат Рамазан

Abai.kz

2 пікір