Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3963 7 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 13:27

Әшімбаев мені қара тізімге тығып жіберіпті...

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды мәселеге тоқталыпты.

«Маңызды мәліметтер азаматтарға қолжетімді болуға тиіс және оны сенімді ақпарат көздерінен алуы қажет. Елді алаңдатып, дүрбелең туғызбау үшін Үкімет мұның бәрін тұрақты түрде халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп отыруы керек» - депті, Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Өте-өте өзекті мәселе! Дәл үстінен түсіп, дөп басып отыр Мемлекет Басшысы. Мемлекеттік орғандарға хат жазып, жарытымды жауап ала алмай келе жатқан пақырдың біреуі менмін.

Мен Президент Әкімшілігіне, Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа, Мемлекеттік Кеңесшіге, Сенат пен Мәжіліс төрағаларына, Бас прокурорға жазған хаттарыма тіке өздерінен жауап алып көрген емеспін!

Бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лақтырады. Одан қалса, Сыртқы және Ішкі істер министрлігіне сілтейді.

Олар да қызық, «бұл Сіздің атыңызға жазып отыр ғой, Өзіңіз жауап бердіңіз!», - деп өздеріне қайтарып жіберуді білмейді. Білмейді емес, біледі. Бірақ, дәрменсіз, құлмінез!

Сосын, батып-шұтып өтірік жауап береді.

Ал, Президентіміздің өзіне жазған хатым Аида Балаевадан ары аттаған емес.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлын сайлаудағы жеңісімен құттықтаған хатыма Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап беріпті.

Әлихан Смайловқа жазған хаттарым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лақтырыла берген соң, Үкімет кеңсесінің басшысы Ғалымжан Тельманұлының өз атына хат жазып, хаттарымды Иесіне жеткізуді өтіндім. Одан да түк шықпады.

Соңында Ахмади Сарбасов пен Дастан Айтқұловты аяп кеттім.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түскен сол қаңғырған хаттарыма осы екі жігіт жауап берумен келеді.

Ұят болды бұл азаматтардан да...

Міне, жауапсыздық!

Міне, немқұрайдылық!

Міне, сауатсыздық!

Міне, бюрократтық!

Міне, надандық!..

Бәрі асқынып, шегіне жетті!

Әттең, бір...

Осыдан барып, халықтың наразылығы асқынады. Билікке деген сенімі сетінейді...

Соңында, жұрт бар кінәні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа артып, қоғамдық тәртіп бұзылады.

Соңғы кезде мен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты көп сынап жүрмін. Бүгін де атын атап, Facebookтегі жазбамды бөлісейін десем, мені қара тізімге тығып жіберіпті.

Иә, Мәулен Сағатханұлы еліміздегі екінші тұлға. Мүмкіндігін пайдаланып, қандастарымыздың біраз мәселесін шешуге ықпал етсек дейміз. Кейде, ақыл сұрап, кеңес алғымыз келеді.

Жолатпайды!

Бір уақ ойланып, «Осы Ауыт Мұқибек маған неге тиісе берді, қабылдап сөйлесейінші!», - деп шақыруына болады ғой.

Жоқ, біздің биліктегі замандастарда ондай кісілік пен кішілік жоқ! Мүмкін, шеттен келген деп, менсінбейтін шығар.

Біз де азаматпыз. Жеке бастың емес, ұлттың тағдырына қатысты шаруамен, Мәукеңдер қисық қабылдап жіберген заңдарды түзетумен арпалысып келеміз. Сөзге тоқтаймыз, жүйеге жығыламыз...

2013 жылы қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылданған кезде, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нағашыма хат» деген атпен өте ащы ашық хат жаздым.

Сол хатты Президент кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков ағамыз Нұрсұлтан Әбішұлына жеткізіп, артынан өзімді Ақордаға шақырып, сөйлесті. Қатаң заңның қалпына келетінін жеткізді. Мен бірден тоқтадым. Кейін, кез-келген уақытта сұрансам, Махмұд Базарқұлұлы қабылдап тұрды.

Көші-қонның көп мәселесі Президенттің деңгейінде шештім тапты.

Мен сол Махмұд ағаның жақсылығын аңыз қып айтудан жалықпаймын!

Аман болсын, ардақты Махмұд аға!

«Парламент үйі Бұрхандар мүлгіп отыратын бұтхана емес!» деген мақаламды «Жас Алаштан» оқып, сенатор Мұрат Бақтиярұлы ағамыз да өзі шақырып, әңгімелескен болатын.

Ол кісі де ұсыныстарымызды қабылдап, көші-қон үдерісін реттейтін заңдарға түзетулер енгізуге зор үлесін қосты.

Бүгінде аға-бауыр болып кеттік, Мұрат ағамен де...

Әуелгі сөзге оралсақ, Президентіміз бәрін біліп отыр екен. Соған риза болдым. Жұрт болып қолдасақ, Әділетті Қазақстанды, сөз жоқ, құрамыз.

Сол үшін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз деңгейінде орындалсын десе, халықты қоя тұрып, алдымен Президент Әкімшілігі, Үкімет және министрліктер алдымен өздері Президенттің сөзіне құлақ сауды үйренулері керек болып тұр!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір