Жұма, 3 Мамыр 2024
1978 7 пікір 20 Қараша, 2022 сағат 09:46

Қазақстанның барлық өңірінде сайлауға дауыс беру өтіп жатыр

Бүгін еліміздің барлық аймағында кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беру өтіп жатыр. Таңғы сағат 8.00 жағдай бойынша, елде 10 033 сайлау учаскесі ашылған, шетелде Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 17 учаскеде дауыс беру басталды. 

Астана уақыты бойынша Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері сағат 8.00 ашылған. Алматы, Астана және Шымкентте 86 учаске таңертеңгі сағат 6.00 ашылды. Елде 12 млн-ға жуық адамның дауыс беру құқығы бар.

Президенттікке кандидаттар учаскелерге келіп, өз дауыстарын беріп жатыр. Оның ішінде Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде дауыс берген Қасым-Жомарт Тоқаев, «Наз» мемлекеттік би театры ғимаратында құрылған №189 сайлау учаскесінде дауыс берген Нұрлан Әуесбаев, Астанада Түркістан көшесінде орналасқан 396 сайлау учаскесіне келіп дауыс берген Жигули Дайрабаев, елордадағы 38-ші көше бойындағы №135 сайлау учаскесінде дауыс берген Қарақат Әбден бар.

Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының бір топ байқаушысы дауыс беру барысын бақылап отыр. Олардың айтуынша, әзірге ешқандай заңбұзушылық анықталмаған.

«Сайлау учаскелерінде таңертеңнен мерекелік көңіл-күй байқалады. Дауыс берушілердің белсенділігі байқалады. Таңертең біз сайлау учаскесіне келгенде адамдардың қарасы көп болды. Бұл азаматтық белсенділіктің белгісі. Сайлау учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Сайлау алдында учаскелер ресми түрде ашылып, әнұран орындалды. Дауыс беру уақытылы басталды», - дейді ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушы Дилрабо Мансури.

Оның айтуынша, сайлау учаскесінде әзірге заңбұзушылық анықталған жоқ.

«Дауыс беру кабиналары тәртіпке сай ұйымдастырылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі және мүгедек жандарға да жағдай жасалған. Сайлауды соңына дейін бақылаймыз», - дейді ол.

Аталған сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сайлау барысын отандық байқаушылардан басқа, 600-ден астам халықаралық байқаушы қадағалап отырғанын айтты.

«Бүгін өте маңызды күн. Әр азамат өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс бере алады. Өз болашағымыз және ел болашағында жақсы өзгерістер керек десек, сайлауға белсене қатысуымыз қажет. Сайлау еліміздің болашақтағы даму бағдарын анықтайды. Бүгінгі науқанға ел ішінде сонымен қатар шетелде де қызығушылық жоғары. Сайлау барысын 600-ден астам халықаралық байқаушы қадағалап жатыр. Одан бөлек, отандық байқаушылар бар», - деді Ерлан Қарин БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, биылғы сайлауда қоғам белсенді.

«Бүгін дауыс беру арқылы әркім өз таңдауын жасайды. Бұл еліміздің болашақ дамуы үшін маңызды. Сайлау – мемлекеттің дамуына өзгерістер әкелетін мүмкіндік. Сондықтан азаматтарды сайлауға белсене қатысуға шақырамын», - дейді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Оның айтуынша, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалған.

«Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды, Президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Біздің еліміз үшін соңғы жылдары оңай болмады. Пандемия ел экономикасы мен халқымызға ауыр тиді. Коронавирусты бәріміз бірге еңсердік. Биыл Алматыдағы қаңтар оқиғасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қазір әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Дегенмен қиындықтарға қарамастан Қазақстан халқының бірлігі мықты», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды.

 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 656
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 428
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 392
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 392