Сенбі, 27 Сәуір 2024
Саңлақ 2516 0 пікір 7 Қараша, 2022 сағат 14:34

Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия


ІІІ ЧЕМПИОНАТ. 1938 ЖЫЛ. ФРАНЦИЯ

Чемпион – Италия
Күміс жүлдегер – Венгрия
Қола жүлдегер – Бразилия

Америка құрлығынан Бразилия мен Куба ғана келді

Үшінші чемпионат та әлемнің үздік командаларының басын түгел қоса алмады. Британдықтардың әлі де ФИФА-мен қарым-қатынасы онша емес еді, Уругвай бастаған Оңтүстік Америка елдерінің де осыдан төрт жыл бұрынғы өкпесі сол күйі жазылып үлгермеген болатын. Ал әу баста чемпионатты ұйымдастыруды Буэнос-Айреске сеніп тапсыруға ыңғай білдірген Халықаралық федерация жеме-жемге келгенде кезектің ретін бұзып, турнирді қатарынан екінші рет Еуропада өткізу туралы шешім қабылдаған соң, ол бойкотқа Аргентина да қосылды.

Азаматтық соғыстың жалыны шарпып жатқандықтан, күшті командасы бар Испания чемпионатқа қатыса алмады. Бұл длп додасында сондай-ақ тұңғыш рет оны ұйымдастырушы ел (Франция) мен сол уақытта әлем чемпионы атанып тұрған құрама (Италия) іріктеу ойындарынан босатылып, финалдық турнирге бірден жолдама алды. Тағы үш команда – Бразилия, Куба және Индонезия (ол кездегі атауы – Голланд Үндістаны) қарсыластары ойнаудан бас тартқан соң бірде-бір іріктеу ойынынсыз-ақ финалистер қатарына қосылды.

Іріктеуден іркілмей өткендердің де бәрі бірдей Францияға жете алған жоқ: Латвияны ұтып, финалдық турнирге барғалы отырған Австрияны фашистік Германия жаулап алды. Сөйтіп, чемпионаттың шешуші бөлігіне 15 команда қатысты.

Австрияның бес үздік ойыншысымен күшейсе де, Германия құрамасы Швейцариядан ұтылып, 1/8 финалдан әрі аса алмады. Жеребе бойынша қарсылассыз қалған Швеция ширек финалға бірден жолдама алды. Чехословакия Голландияны қосымша уақытта ғана тізе бүктірді. Куба мен Румынияға тіпті қосымша уақыттың өзі аздық етті: 3:3 есебімен тең түскен олар тағы бір кездесу өткізіп, күтпеген жерден «Бостандық аралының» командасы жеңіп кетті (2:1). Бір қызығы, Куба құрамасының қақпасын екі ойында екі түрлі қақпашы қорғады және екеуі де мамандардан өте жоғары баға алды.

Жалаңаяқ соғылған гол

Жалпы, сүреңсіз ойындарға толы болған ІІ чемпионатпен салыстырғанда, бұл турнирде қызықты матчтар жеткілікті болды. Футбол жылнамашылары әсіресе Бразилия – Польша кездесуі туралы тәптіштеп баяндайды. Бірінші тайм поляктардың үстемдігімен аяқталса (3:1), кездесудің екінші бөлігінде тура сондай есеппен бразилиялықтар басым түсті (негізгі 90 минуттың қорытынды есебі 4:4). Қосымша уақытта қарсыластарынан бір доп артық соққан (жалпы есеп 6:5) латынамерикалықтар ширек финалға шықты. Бұл ойында поляк шабуылшысы Эрнест Виллимовски қақпаға төрт доп енгізіп, финалдық турнирлер тарихында тұңғыш покерге қол жеткізді. Кейінгі жылдарға дейін жылнамашылар «бразилиялық Леонидас та төрт гол соқты» деп жазып келген еді, таяуда сол дәуір туралы деректі фильм түсірген итальян телевизияшылары шын мәнінде даңқты «қара жауһарға» телініп жүрген голдардың бірін Перасионың енгізгенін дәлелдеді. Яғни бұл ойында Леонидас «небәрі» үш голдың авторы атанған. Оның бірін шабуылшы өзінен асыра шалқалай теуіп енгізсе (Бразилияда бұл тәсілді «бисиклета», яғни «белесебет» деп атайды), тағы бірін тіпті... жалаңаяқ соғыпты: өйткені ойын барысында Бразилия құрамасының бірнеше футболшысының бутсысы жыртылып, киюге жарамай қалғандықтан (жаңбыр құйып тұрған болатын), төреші оларға жалаңаяқ ойнай беруге рұқсат еткен-ді.

Дегенмен маман біткеннің назары бұларда емес, Италия құрамасында еді. 1934 жылы тұңғыш рет әлем чемпионы атанған команда сол жеңісті жолын әрі қарай жалғастырып, төрт жыл бойы ешкімнен ұтылмаған болатын. Ұлттық және олимпиялық құрамаларды қатар жаттықтырған Витторио Поццо бас командаға 1936 жылы Берлин Олимпиадасын жеңіп алған жастарды көптеп тартты: олардың ішінде «сиқырлы сілеусін» атанған қақпашы Альдо Оливьери, қырағы қорғаушылар Пьетро Рава мен Альфредо Фони, ойын тізгінін өз уысынан шығармайтын дирижер Микеле Андреоло, шабуылшылар Сильвио Пиола, Джино Колаусси, Пьеро Пазинати және Амедео Бьяватиді айрықша атап өтуге болады. Бірақ буын алмасу процесі «Скуадра адзурраның» деңгейі мен қуатына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Сондықтан да оны тізе бүктіру өзгелерге нағыз уайым болды.

«1938 жылғы команда – бір-бірін түйсік арқылы түсінетін керемет ұйымшыл, біртұтас ұжым еді» деп жазды кейін журналистикаға ауысқан Поццоның өзі. Осы чемпионаттың алтын жүлдесінен басты үміткер Италия екенін жұрттың бәрі мойындады. Алайда әлем чемпиондары ойламаған жерден бірінші сатыда-ақ сүріне жаздады. Норвегиямен кездесудің 100-секундында-ақ италиялық Пьетро Феррарис есеп ашқанымен, матч соңында қарсыластардың шабуылшысы Брустад таразы басын теңестірді. Сосын Брюнилдсен қақпашымен жекпе-жек шығып еді, Оливьери өз командасын құтқарып қалды. Ал қосымша уақытта италиялықтардың сұрмергені Пиола шешуші голдың авторы атанды.

Финалға жеңімпаздар пойызбен барды

Ширек финал ойындарының көпшілігінде бір команданың басымдығы айқын байқалып тұрды. Францияға келгелі алаңға шықпай, әбден тыныққан шведтер Румыниямен екі күн сілкілесіп, сілесі қатқан Кубаны жүндей түтті (8:0). Бірте-бірте бабына ене бастаған италиялықтар алаң иелерінен үстемдігін айқын аңғартты, ал Венгрия Швейцариядан басым түсті. Тек Бразилия мен Чехословакия ғана бірін-бірі жеңе алмай, екі күн бойы алысты. 1:1 есебімен тең аяқталған алғашқы ойын футболдан гөрі төбелеске көбірек ұқсап кетті. Венгр төрешісі Херцка дөрекілігі үшін чех Ржиханы, бразилиялықтар Зезе Просепио мен Машадоны алаңнан қуып шықты. Аталған екі бразилиялықтың «арқасында» аяғы сынған чех шабуылшысы Неедлы көпке дейін ет қызуымен ештеңеге мән бермей, алаңнан кетпей қойды (ол уақытта ойыншы алмастыруға рұқсат етілмейтін). Тек ойынның 51-минутында ғана оны зембілге салып, бірден госпитальге алып кетті. Матч біткен соң оның артынан қақпашы Планичканы да жіберуге тура келді. Ол аз болса, Кошталек пен Перасио бір-бірінің аяғын жарақаттап, екеуі де ойыннан шығып қалды. Не керек, әйтеуір ойын біткенде алаңда Бразилияның 8, Чехословакияның 7 футболшысы ғана «аман» қалған болатын.

Араға 48 сағат салып, командалар қайта тоқайласқанда чехословактардың алдыңғы құрамынан тек 6, ал Бразилиядан бар-жоғы 2-ақ адам (қақпашы Валтер мен Леонидас) шықты! Латынамерикалықтардың қосалқы ойыншылары басымдау екен, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Жартылай финалдың бірінде венгрлер шведтерден айқын басым түсті. Ал Марсельде өткен Италия – Бразилия матчының өзінен гөрі оның айналасындағы оқиғалар қызық болды. Бразилиялықтар өздерінің жеңісіне өте сенімді болғаны соншалық, финалдық матч ойналатын Парижге алдын ала... авиабилеттер сатып алып қойыпты! Сөйтсе, ел астанасына ұшатын бұл рейс жалғыз ғана екен. Ұтылған команда үшінші орын үшін ойынды Бордода өткізеді. Ал жартылай финалда Италия ұтып кетсе ше? «Ұшақ билеттеріне қайсымыз ұтсақ, сонымыз ие болайық» деген өтінішпен бразилиялықтардың орналасқан жеріне барған итальян командасының бас бапкері Витторио Поццомен ешкімнің сөйлескісі де келмейді.

Бразилиялықтардың өздерін қарсылас құрлы көрмей отырғанын білген «Скуадра адзурра» ойыншыларының намысы қозып, «менменсіген немелердің әуселесін көріп алайық!» деп ширығып шыға келеді. Нәтиже белгілі. Тас-түйін боп жұмылған италиялықтар өте ұйымшыл ойын көрсетіп, қарсыластар қақпасына қатарынан екі гол соқты. Матч бітуге үш минут қалғанда ғана Ромео бір қарымта доп енгізді. Қызық болғанда, пенальти тебер жауапты сәтте (екінші гол) Джузеппе Меаццаның шолақ дамбалының бауы үзіліп кетіпті. Сонда да саспаған италиялық аңыз-адам сол қолымен киімін түсірмей ұстап тұрып, оң қолымен допты 11 метрлік нүктеге қояды да, гол соғады!

Ал бразилиялықтардың үздік шабуылшысы Леонидас бұл кездесуді... алаң жиегінде отырып тамашалады. Себеп? Оны әр дерек көздері түрліше түсіндіреді: біреулері «ол алдыңғы ойында жарақат алған еді» дейді, екіншілері «Бразилияның бас бапкері Адемар Пимента финалға шығатынына өте сенімді болғандықтан, Леонидасты сол шешуші ойынға сақтап, әдейі тынықтырған болатын» дейді. Қайсысының рас екенін кім білсін.

«Не жеңіс, не өлім!»

Сөйтіп, бразилиялықтар Парижге не өздері ұшқан жоқ (олар Бордоға баруы керек қой), не италиялықтарды ұшқызбады. Поццоның жігіттері финал өтетін шаһарға, амал жоқ, пойызбен кетті. Ал ол кездегі пойыздар дәл бүгінгідей жайлы емес еді. Мәселен, 22 футболшы орналасқан вагонда жататын орын... бесеу-ақ екен! Сол «бақытты» бесеуден басқалары Франция астанасына он сағат бойы отырып барған. Олардың араға бір жарым тәулік салып, алаңға қайта шығуға тиіс екенін ойласаңыз, «Скуадра адзурра» бапкерлері мен ойыншыларының көңіл-күйін көз алдыңызға елестете аласыз.

Бірақ мұндай қиындықтарға қарамастан финалда Италия құрамасы өзінің ең үздік ойынын көрсетті. Алдыңғы шолуымызда біз 1934 жылы аталмыш команданың әлемдік футболдың алтын тәжін тек өлермендікпен тартып алғандай болғанын әңгімелеген едік. Ал бұл жолы италиялықтар шын мәнінде доп додасындағы ең күшті құрама болды. Барлық матчтарда олар қарсыластарынан әлдеқайда басым түсіп жатты. 30-жылдардағы әлемнің үздік ұжымдарының бірі – Венгрия құрамасы да оған қарсы тұра алмады. Нәтижеде даңқты бапкер Витторио Поццо өз командасын қатарынан екі рет әлем чемпионы еткен тұңғыш маман ретінде тарихта қалды. Жаттықтырушы ғана емес, шабуылшылар Джованни Феррари мен Джузеппе Меацца және қорғаушы Эральдо Мондзельо да екі дүркін әлем чемпионы атанды. Италия –  қатарынан екі рет алтыннан алқа таққан тарихтағы алғашқы команда.

В.Поццо – футбол тарихындағы тұңғыш әлемдік деңгейдегі бапкер еді. Сол кезеңдегі итальян ойыншылары Поццоның футболды өте терең түсінетін сұңғылалығын ғана емес, қарамағындағы әр жігітке әкедей қамқор қасиетін баса көрсеткен. Солай бола тұра ол қажет кезінде қатқыл мінез де таныта білген, ақыл үйретпек болғандарды дереу өз орнына қойып отырған. Тіпті 1934 жылғы чемпионат финалының алдында «Алтынды тек Италия ұтып алуы керек!» деп шарт қойған диктатор Бенито Муссолинидің өзіне бапкер «Егер біз футболды Чехословакиядан гөрі жақсы ойнасақ, онда міндетті түрде жеңеміз, ал қарсыластан басымдығымызды байқата алмасақ, онда екінші орында қалуға тура келеді» деп тайсалмай жауап берген.

Париждегі финалдық ойын басталар алдында да Поццоның қолына ұлттық федерацияның өкілі Муссолинидің қолы қойылған бір хат әкеп тапсырыпты. Онда екі-ақ ауыз сөз жазылған екен: «Не жеңіс, не өлім!». Демек, италиялық футболшылар финалда тек жеңіс үшін ғана емес, өз өмірлері үшін де айқасқан тәрізді...

1938 жылғы чемпионат – ұйымдастырушыларға әжептәуір табыс (5 миллион франк) әкелген тұңғыш турнир еді. Футбол жарысы бұл кезде әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып, ірі де маңызды спорттық оқиғаға айнала бастаған-ды. Бұған дәлел – ІІІ чемпионат барысын жалпақ әлемге жария ету үшін жаһанның әр алуан елінен 615 журналист келіп жұмыс істеді.

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 15 команда қатысты.

18 ойын өткізілді, 84 доп соғылды (орта есеппен 4,67 гол).

1/8 финал

Швейцария – Германия – 1:1 (қосымша матч 4:2), Куба – Румыния – 3:3 (қосымша матч 2:1), Чехословакия – Голландия – 3:0 (қосымша уақытта), Франция – Бельгия – 3:1, Венгрия – Индонезия – 6:0, Бразилия – Польша – 6:5 (қосымша уақытта), Италия – Норвегия – 2:1 (қосымша уақытта)

Ширек финал

Италия – Франция – 3:1, Швеция – Куба – 8:0, Венгрия – Швейцария – 2:0, Бразилия – Чехословакия – 1:1(қосымша матч 2:1)

Жартылай финал

Венгрия – Швеция – 5:1,  Италия – Бразилия – 2:1

3-орын үшін матч

Бразилия – Швеция – 4:2

Финал

Италия – Венгрия – 4:2

19 маусым. Париж. «Коломб» стадионы. 60 000 көрермен. Төреші Капдевиль (Франция).

Италия: Оливьери, Фони, Рава, Серантони, Андреоло, Локателли, Бьявати, Меацца, Пиола, Феррари, Колаусси.

Венгрия: Сабо, Полгар, Биро, Салаи, Сюч, Лазар, Шаш, Винце, Шароши, Женгеллер, Титкош.

Голдар: Колаусси, 6-минут (1:0), Титкош, 8 (1:1), Пиола, 16 (2:1), Колаусси, 35 (3:1), Шароши, 70 (3:2), Пиола, 82 (4:2).

Сұрмергендер: Леонидас (Бразилия) – 8 доп, Женгеллер  (Венгрия) – 6, Шароши (Венгрия), Пиола (Италия) – 5.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір