Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Саңлақ 2900 1 пікір 3 Қараша, 2022 сағат 14:48

Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы


Чемпион – Италия
Күміс жүлдегер – Чехословакия
Қола жүлдегер – Германия

Іріктеуге қожайын да қатысты

Уругвайда өткен алғашқы әлем чемпионатын ұйымдастырудағы қиындықтар, оған көптеген күшті еуропалық командалардың қатыспай қалуы ФИФА басшылығын одан сайын мазасыздандырды. Сосын экономикалық дағдарыс кесірінен екінші әлемдік доп додасын ұйымдастырамын дейтін ел табылмай, Жюль Римэ мен оның көмекшілері қатты састы. Ақыры диктатор Бенито Муссолини басқаратын Италия құлшынып шықты.

«Дученің» (итальянша «көсем» деген сөз) футбол турнирін өз фашистік режимінің артықшылығын баса көрсету үшін пайдаланбақ ниетте екенін Римэ, әрине, сезбей қалған жоқ. Дегенмен өзі дүниеге әкелген жарыстың әлдебір саяси мүдделердің құрбанына айналуы мүмкін екенін біле тұра, оны аман алып қалудың басқа лажын таппағандықтан, Муссолинимен мәмілеге келуге мәжбүр болды.

Тұңғыш рет іріктеу турнирі өткізілді. Қызық болғанда, ФИФА алаң иелерінің өзін де іріктеуге қатыстырып жіберді (бұл – тарихтағы бірінші және соңғы мысал). Әйтеуір Құдай оңдап, Италия құрамасы гректерді ұтып (4:0, ал қарымта матч ойналған жоқ), финалдық турнирге жолдама алды. Ал ұта алмаса қайтер еді?

Қалай болғанда да, сұрыптау арқасында 16 үздік анықталды, оның 12-сі Еуропадан еді. Бір қызығы, АҚШ және Мексика командалары арасындағы соңғы іріктеу матчы финалдық турнир басталардан үш күн бұрын... Римде өткізілді (4:2 есебімен америкалықтар жеңді). Жарыс плей-офф жүйесі бойынша өткізілді. Ойын тең аяқталған жағдайда 30 минут қосымша уақыт берілді, жеңімпаз ол кезеңде де анықталмаса, ертеңіне қайта ойнады.

Гол соққанын да білмеген футболшы

Бұл жолы да әлемнің үздік ұжымдарын түгел жинау мүмкін болмады. Футболдың Отаны саналатын Ұлыбритания елдері (Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландия) ФИФА-мен ренжісіп қалғандықтан дүниежүзілік додаларға қатысудан мүлде бас тартқан еді. Әлем чемпионы Уругвай болса, содан төрт жыл бұрынғы тұңғыш чемпионатқа еуропалықтардың бармай қалғанына өкпелеп, Қарт құрлықтағы турнирлерге бойкот жариялады (яғни Уругвай – өз атағын қорғауға тырыспаған тарихтағы жалғыз чемпион). Оған Оңтүстік Американың тағы біраз елі қосылып, Апеннин түбегіне тек Аргентина мен Бразилия ғана ат басын бұрды. Дегенмен олар да онша күшті құраммен келген жоқ, сондықтан ба екен, бірі шведтерден, екіншісі испандықтардан ұтылып қалды.

Мексиканың жолын кескен АҚШ құрамасы да итальян жерінде көп кідірген жоқ: алаң иелерінен ойсырай ұтылып, ауылына қайтты. Әлем чемпионаттарына қатысқан тұңғыш африкалық мемлекет әрі алғашқы ислам елі – Египет футболшылары болса, Венгриядан жеңілді: бұл 1924 жылғы Олимпиадада мысырлықтардан 0:3 есебімен оңбай таяқ жеген венгрлер үшін керемет қарымта еді. Тең дәрежеде өткен Чехословакия – Румыния матчында бельгиялық төреші Лангенус шешуші голдың қалай соғылғанын көрген жоқ: ол бір ойыншымен соқтығысып, құлап қалды да, соны пайдаланған Олдржих Неедлы әріптесінің ойын ережесін бұза-мұза жеткізген пасын мүлт жібермеді. Көмекшісіне сенген бас төреші голды есептей салды.

Ал француздар футбол жылнамасында «вундертим» деп аталатын ғажайып Австрия құрамасына лайықты қарсылас бола алды. Бұл – берілген 90 минут жеңімпазды анықтай алмаған соң қосымша уақыт белгіленген тұңғыш матч еді. Яғни енді жеңу үшін кейде екі тайм да аздық ететін болды.

Айтпақшы, кездесудің 5-минутында қарсыласы Йозеф Смистикпен қатты соқтыққан француз шабуылшысы Жан Николяның миы шайқалыпты. Мұны ет қызуымен байқамаған ол ойынды жалғастырып, 18-минутта есеп ашып та үлгеріпті. Содан кейін басының ауырғанына шыдамай, алаңнан кетуге мәжбүр болған. Бір қызығы, матч аяқталған соң шабуылшы өзінің гол соққанын есіне түсіре алмай, әріптестерінің әңгімесіне еш сенбей қойыпты.

Екі күнге созылған шайқас

Дегенмен чемпионаттың ең тартысты кездесулері ширек финалда болды. Немістер мен шведтердің бәсекесі бір сағат бойы тең дәрежеде өтті. Қас қылғанда, 57-минутта әуелеп келген допқа қатар секірген шведтің қос қорғаушысы Эрнст Андерссон мен Нильс Розен өзара басымен қатты соқтығысып қалды. Алғашқысын дәрігерлер бірден зембілге салып алып кетті, екіншісі де ойынға толыққанды араласа алмады. Қарсылас қорғанысының орта тұсындағы олқылықты шебер пайдаланған неміс шабуылшысы Карл Хохманн қос доп соғып, командасын алға шығарды. Сағы сынған шведтер ойын соңында тек бір голмен ғана жауап берді.

Туринде өткен Чехословакия – Швейцария ойынын тамашалаған 18 мың жанкүйердің 10 мыңы... голландықтар еді. Себебі олар өз командасының 1/8 финалда швейцариялықтарды жеңетініне сенгені сондай, ширек финалға алдын ала билет алып қойыпты! Дегенмен бұл ойын да қызықсыз болған жоқ, шешуші допты чехословактар 83-минутта ғана соқты. Тағы бір тартысты кездесуде венгрлер тәуір ойнағанымен, шабуылда нәтижелілік танытқан Австрия жеңіске жетті.

Бәрінен де екі күнге созылған Италия – Испания матчы асып түсті. Бірінші ойында италиялықтар тіпті біраз уақыт бойы ұтылып жатып, есепті әрең теңестірді. Бірақ қанша тырысса да ұта алмады, өйткені Испания құрамасының қақпасын 33 жастағы Рикардо Самора асқан қырағылықпен қорғаған-ды. Шеберлігі жетпей жатқан соң, алаң иелері дөрекілікке ұрынды. Соның салдарынан бірнеше испан футболшысы жарақаттанып, кездесуді жалғастыра алмады. Ол кезде ойыншы алмастыру деген жоқ еді. Бұл аз болғандай, төреші Барт 88-минутта италиялық қақпашымен жекпе-жек шыққан Рамон Лафуэнтені ешқандай негізсіз ысқырықпен тоқтатты.

Сөйтіп, 24 сағаттан соң командалар алаңға қайта шыққанда, испандықтардың 7 футболшысы (оның ішінде Самора да) сапқа қосыла алмады. Италия құрамасында да 4 жаңа ойыншы шықты. Өкінішке қарай, кешегі дөрекі ойын қайта жалғасты: 10-минутта-ақ испан шабуылшысы Крисанто Бос тұрмастай боп жығылды. Екінші таймда Луис Регейро мен Хасинто Кинкосесті де дәрігерлер зембілге салып алып кетті. Матч тағдырын 12-минутта Джузеппе Меацца соққан жалғыз доп шешті, ал испандықтардың енгізген голын төреші Мерсе көпе-көрнеу есептемей тастады. Біріншілік аяқталған соң еліне барған Мерсені Швейцария футбол федерациясы халықаралық қана емес, ұлттық лига ойындарына да қазылық ету құқынан айырды, бірақ мұның құны испандықтар үшін көк тиын еді.

Жеңіс добы қосымша уақытта соғылды

Жалпы, футбол жылнамашылары алтын жүлдені дәл 1934 жылғыдай өте лайықсыз команданың оған дейін де, одан кейін де алып көрмегенін айтады. Италиялықтар кезінде басқа елдің (негізінен Аргентина мен Уругвайдың) ұлттық құрамасында ойнаған, бірақ арғы тегі Апеннин түбегінен шыққан ойыншыларды да заңсыз пайдаланды. Олар (Луис Монти, Энрико Гуаита, Аттилио Демария және Раймундо Орси) финалдық кезеңнің негізгі кездесулерінде шешуші рөл атқарды. Тіпті І чемпионатта Аргентинаның сапында финалда өнер көрсеткен Луис Монти бұл жолы Италия командасының құрамында әлем чемпионы атанды. Ол – екі түрлі ұжыммен екі рет финалға қатысқан тарихтағы бірден-бір футболшы... Бұдан Муссолини режимінің алдында сол кездегі ФИФА басшыларының да кәдімгідей қалтырап-дірілдегенін байқауға болады.

Бас бапкер Витторио Поццо жігіттерінің жартылай финалдағы және финалдағы кездесулері де осындай сипатта өтті. Шешуші матчта стадионда тек қана италиялықтар отырды. Тиффозилердің өз футболшыларын қошеметтеп қана қоймай, жеңістен басқа нәтиже бола қалса, алаңға жүгіре шығып, кім-кімді де түтіп жеуге әзір отырғаны швед төрешісі Эклиндті қатты үрейлендірсе керек, ол тек алаң иелерінің пайдасына ғана ысқыра берді. Итальян ойыншыларын бұзақылығы үшін алаңнан қуып шығудың орнына, төреші оларға асықпай, байыппен «олай ойнамау керектігін» айтып, ақыл үйретумен болды. Бұл жерде өздеріне жаны ашып, «обал-ау» дейтін біреудің бар екенінен күдерін үзген чехословактар да матч соңына қарай дөрекілікке дөрекілікпен жауап беруге көшті. Ал ойын жағынан олар болашақ чемпиондардан бір мысқал да кем түскен жоқ.

Олардың есеп ашуының өзі қызық еді. 71-минутта Антонин Пучты италиялық Аттилио Феррарис алаң ортасында шалып жықты. Жарақат алған шабуылшыны алаң жиегіне шығарған соң, оның ауырған жеріне ем жасаудың орнына бас бапкер Карел Петру оған... мүсәтір иіскетіпті. Сөйтсе, Чехословакия делегациясында не дәрігер, не массажист жоқ екен. Олардың міндетін жаттықтырушының өзі атқарған. Бір қызығы, жарақатын ауырсынып, тұралап жатқан Пуч мүсәтірді иіскеген соң дереу есін жиып, еңсесін тіктепті де, ойынға қосылып, келесі шабуылда гол соғыпты!

 

Ұтып тұрғанымен қоймай, олар кездесу соңында екі рет есепті еселей түсуге мүмкіндік алды, бірақ 78-минутта қақпашымен жекпе-жек шыққан Иржи Соботканың соққысы маңдайшаға тиді, ал 80-минутта Франтишек Свобода қақпа бағанасын дәл «көздеді»! Чехословак футболы тарихындағы үздік қақпашылардың бірі, аты аңызға айналған Франтишек Планичка алаң иелері бағыттаған әр допты барысша атылып қағып ап, шабуылшылардың төзімін тауысты. Бірақ 81-минутта Орси орындаған ғаламат соққыға ол тосқауыл бола алған жоқ. Тартысты финалдың тағдыры қосымша уақытта шешілді: Анджело Скьявио таяу жерден жеңіс добын соқты.

Жалпы, тарихшылар бұл чемпионаттың футбол өнерінің көз қуантар көркемдігі жағынан өте солғын турнир болғанын жазады. Матчтардың басым көпшілігі өліспей-беріспейтін айқаспен өтті, оның соңы кейде тентектікке де ұласып жатты. Бұған қарамастан ұйымдастырушылардың ұпайы түгел еді. Себебі, біріншіден, олар сол кездегі ақшамен 3 миллион 700 мың лира пайда тапты, екіншіден, Муссолинидің тапсырмасын орындап, чемпион атанды...

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

17 ойын өткізілді, 70 доп соғылды (орта есеппен 4,12 гол).

1/8 ФИНАЛ

Италия – АҚШ – 7:1, Чехословакия – Румыния – 2:1, Испания – Бразилия – 3:1, Швейцария – Голландия – 3:2, Австрия – Франция – 3:2 (қосымша уақытта), Венгрия – Египет – 4:2, Германия – Бельгия – 5:2, Швеция – Аргентина – 3:2.

ШИРЕК ФИНАЛ

Австрия – Венгрия – 2:1, Чехословакия – Швейцария – 3:2, Германия – Швеция – 2:1, Италия – Испания – 1:1, қосымша матч 1:0.

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Чехословакия – Германия – 3:1, Италия – Австрия – 1:0.

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Германия – Австрия – 3:2.

ФИНАЛ

Италия – Чехословакия – 2:1 (қосымша уақытта)

10 маусым. Рим. «Национале» стадионы. 55 000 көрермен. Төреші Эклинд (Швеция).

Италия: Комби, Мондзельо, Аллеманди, Феррарис, Монти, Бертолини, Гуаита, Меацца, Скьявио, Феррари, Орси.

Чехословакия: Планичка, Женишек, Штироки, Кошталек, Чамбал, Крчил, Юнек, Свобода, Соботка, Неедлы, Пуч.

Голдар: Пуч, 76 (0:1), Орси, 81 (1:1), Скьявио, 95 (2:1).

Сұрмерген: Неедлы (Чехословакия) – 5 доп.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар