Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3430 19 пікір 18 Қазан, 2022 сағат 12:54

Қытайда Си Цзиньпин дәуірі басталады

2022 жылы қазанның 16 күні Бейжиңде Қытай Коммунистік Партиясының (ҚКП) ХХ съезді басталды. Бұл әлем назарын аударған съезге  ҚКП-ның 96 млн-нан астам мүшесінен таңдалған 2296 өкіл қатысты (олардың ішінде үш қазақ депутаты бар). Күн тәртібінде: ХІХ кезекті Орталық комитеттің есебін тыңдау; ХІХ кезекті Орталық Тәртіп тексеру комитеттің есебін тыңдау; «ҚКП Жарғысын» (өңделген нұсқасын) талқылап қабылдау; ХХ кезекті Орталық Комитетінің және Орталық Тәртіп тексеру комитеті мүшелерін сайлау. 22 қазан күні съезд аяқталған соң өтетін ХХ кезекті 1-пленумда Орталық комитеттің 200-ден астам мүшелерінен Саяси бюро мүшелері, Саяси бюроның тұрақты мүшелері және партияның бас хатшысы сайланады.

Съезд күн тәртібі бойынша бірінші күні Си Цзиньпин ХІХ кезекті Орталық комитеттің қызметінен есептік доклад  жасады. 15 тараудан тұратын баяндамадан ХХ кезекті 1-пленумда Си Цзиньпиннің ҚКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып үшінші кезекке сайланатыны анық байқалады. Неге бұлай айтамыз? Өйткені, кезінде Дэн Сяопин мемлекет басшыларының қызмет мерзімі 2 кезектен немесе 10 жылдан аспайтын тәртіп орнатып, оны ҚХР Конституциясына енгізген болатын. Бірақ Си Цзиньпин 2018 жылы 11 наурызда өткен ХІІІ кезекті Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысына «Конституцияға түзетулер енгізу жобасын» қабылдатып, мемлекет басшысы екі мәртеден артық сайлауға түспейді деген мазмұнды алып тастап, өзінің жалғасты сайлануына заңдық негіз қалады. Содан кейін ҚКП элитасы арасында Сиді қолдаушылар мен оған қарсы тұрушылардың күресі шиеленісіп кеткен-ді. Соңғы кезде мерзімі толған соң Си биліктен толық кетеді, жартылай кетеді немесе орнында қала береді деген болжамдар айтылған болатын. Алайда, Си Цзиньпиннің ХХ съезде жасаған баяндамасынан оның үшінші кезек бес жылға немесе одан да ұзақ уақыт мемлекет басқаратыны байқалды. Сондықтан, оның ел басқару концепциясы мен идеясы негізінде ҚКП-ның болашақ бағдарламасы жасалып отыр.

ҚХР құрылғаннан бері елдін ішкі және сыртқы саясаттары негізінен Мао Цзэдун мен Дэн Сяопиннің концепциясы мен идеялары бойынша түзілген еді. Цзян Цээминь, Ху Цзинтао тек Дэн белгілеген саясатты дамытып, атқарушылар санатына жатады. Ал Си Цзиньпиннің мемлекет басқару ұстанымы ешкім ойламаған бағытта өрбіп отырды. Енді оның ел билеу ұстанымдары мен жетекші идеясы ХХ съезде толығымен қабылданды деуге болады.

ХХ съездің баяндамасында: «Он жылдан бері, біз марксизм-ленинизм, Мао Цзедун идеясы, Дэн Сяопин идеясы, «Үшке өкілдік ету» маңызды идея және Ғылыми даму көзқарасында табанды болып, жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясын жан-жақты тиянақтандырдық»; «Біз жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясын қалыптастырдық, қытайлық ерекшеліктегі социализмнің негізгі стратегиясын анықтадық және оны табандылықпен дамытып, мемлекет басқарудың бірсыпыра жаңа концепцияларын, жаңа идеясын, жаңа стратегиясын ортаға қойып, марксизмнің қытайлануын, заманауилануының жаңа самғауын жүзеге асырдық» деп атап көрсетілді.

«Партияның ХІХ съезінен бергі бес жылдағы партия мен мемлекет істеріндегі зор жетістіктер - Си Цзиньпин жолдасты ядро еткен Партия Орталығының пәрменді басшылығында, Си Цзиньпин жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясының жөн сілтеуінде, бүкіл партия бүкіл елдегі әр ұлт халықтарының береке-бірлікпен күрес жүргізуінің арқасында қолға келді. Партияның Си Циньпин жолдастың Партия Орталығындағы ядролық орнын және бүкіл партиядағы ядролық орнын тұрақтандыру, Си Циньпиннің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм иедясының жетекшілік орнын айқындау болып табылады. Бұның өзі бүкіл партия, армия және бүкіл елдегі әр ұлт халықтарының ортақ арманын аңғартты» ( ХІХ кезекті 7- пленум баяндамасы) деп сипаттады.

«Марксизм – біздің партия құру, мемлекет орнату және партия мен мемлекетті көркейтудің түбегейлі жетекші идеясы. ҚКП-ның негізгі міндеті – бүкіл елдегі әр ұлт халықтарымен ынтымақтасу және оларды бастап социалистік заманауи құдыретті мемлекет құру, екінші жүз жылдық мақсатты жүзеге асыру, қытайлық ерекшеліктегі модернизация арқылы қытай ұлтының ұлы көркеюін іске асыру».

Ал қытайлық заманауилануға (модернизацияға) тоқталғанда «Қытай Компартиясының басшылығындағы социалистік заманауилануында әр елдің модернизация ерекшеліктері болады, әсіресе өз еліміздің жағдайына негізделген қытайлық ерекшеліктер негізге алынады.

Біз жоғары деңгейдегі социалистік нарықтық экономика жүйесін құрамыз, социализмнің негізгі экономикалық жүйесінде табанды боламыз және оны кемелдендіреміз, мемлекеттік меншік экономикасын нытайту мен дамытудан ауытқымаймыз, сондай-ақ мемлекеттік емес экономиканы қолдау мен оларды жетелеуден де ауытқымаймыз».

«Жан-жақты қытайлық ерекшеліктегі дипломатияны өрістетеміз. Біз тіпті де белсенді түрде ашық есік стратегиясын жүргіземіз, «Бір белдеу – бір жолды» бірге құрып, оны халықаралық брендке және мінберге айналдырамыз. Біз қытайлық ерекшеліктегі Ұлы мемлекет дипломатиясын ілгерілетеміз, адамзаттың тағдыры ортақ қауымдастығын құруды да ілгерлете түсеміз.

Біз жаңа типтегі халықаралық қатынас құруды ілгерілетеміз, жаһанды басқару жүйесін реформалау мен құруға белсенді қатысамыз».

«Еліміздегі діндерді қытайландыру бағытында табанды боламыз, белсенді түрде діндерді социалистік қоғаммен сәйкестендіруге белсенді жетекшілік жасаймыз. Біз социалистік заманауи мемлекет құратын болсақ, міндетті түрде қытайлық ерекшеліктегі социалистік мәдениетті дамыту жолында табанды болып, мәдениетімізге сенімді нығайтуымыз қажет» делінген.

ҚКП-ның ХХ съезд докладында қытайлық ерекшелік баса дәріптеліп, саяси күрес пен қауіпсіздік мәселесі негізі орынға қойылған. Сондай-ақ кезінде Дэн Сяопин белгілеген партия тәртіптері өзгертілген. Атап айтқанда: мемлекет басшысының қызметі екі кезектен немесе он жылдан аспау, елді ұжымдық басқару, жеке адамның басына табынбау принциптері өзгеріп, Си Цзиньпиннің Партия Орталығындағы ядролық орны тіктеліп, оның жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясы жетекші идея болып белгіленді; Дэн Сяопиннің партия қызметінің салмағын экономикалық құрылысқа қою принципінен ауытқып, саясатты немесе саяси күресті және қауіпсіздікті, нақтырақ айтқанда билік қауіпсіздігі бірінші орынға қойылды.

Си Цзиньпин соңғы жылдары дәріптеген «ортақ баю» саясатын іске асыру үшін съезд бағдарламасына «табысты бөлу тәртібі, байлықты қордалау механизмдері қалыпқа келтірілді» деп атап көрсетілді. Келешекте қытайлық байлардың дәулеті белгілі дәрежеде қайта бөліске түсетіні сөзсіз, соған орай кедейлердің жари қоюы екіталай дүние.

Халықаралық ортаның қиындауына қарамастан, Қытайдың қазірге дейін қолданып келген қытайлық ерекшеліктегі дипломатиясы, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы және Ұлы мемлекет дипломатиясы жалғаса бермек.

Ендігі жерде Си Цзиньпин ерекшелігіндегі қытайдың жаңа бір дәуірі басталмақ.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Abai.kz

19 пікір