Жұма, 26 Сәуір 2024
Саясат 21882 16 пікір 14 Қазан, 2022 сағат 11:26

Илон Маск сатылды ма?

Екі алып көршіміз Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесіндегі сүбелі орынын пайдаланып (тұрақты жора) өзге мемлекеттерді Украина мен Тайуан мәселесінде өздеріне жақтас болуға мәжбүрлеуде. Энергия және экономикалық бопсамен шырғалауда. Шекара аттаған алпауыт компаниялардың қожайындары да одан сырт қалмауда. Әлемнің нөмірі бірінші қалталы адамы саналатын Илон Масктың Украина мен Тайуанға ұстанған соңғы позициясы соның айқын дәлелі.

Қырымның иелік құқығын мойындауды қамтыған Масктың «Бейбітшілік келісімі» Украина тарапының ғана емес, оған тілекші болып отырған жаһан жұртының ызасын тудырды. Ал демократиялы Тайуан республикасын Коммунистік биліктің «Бір мемлекет, екі түрлі түзім» басқару жүйесін қабыл алуға үндеуі тура сондай қарсылыққа тап болды. Украина белсенді шабуыл ұйымдастырып жатқан аймақтарда Масктың өзі белсеніп тегін берген «STARLINK» интернет жүйесінің істемей қалуы «Илон Маск сатылды ма?» деген күдікті қоюлатты. Оның 44 миллиард долларға бағаланған Твиттерді сатып алатын күні де ( қазанның 28-і) белгілі болып еді. Қазіргі әлемдік қаржылық нарық шатқаяқтап тұрған сын сәтте ол мұнша көп ақшаны қайдан алуы мүмкін деген сұрақ туындады. Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан «Тесла электравтосының» сатылымы әлемдік нарықтағы сатылымының 30-50 пайызын құрайтыны да сарапшылардың назарын аударды. Өзінің әрекетін әлемнің тыныштығына қам жегендіктен деп түсіндірген Маск ақпарат көздеріне сұхбат беріп, ағынан жарылды. Өз сөзінше интернеттің істемей қалуы техникалық ақаудан болған. Қытай оның Украинаны тегін интернетпен қамтуына наразы болған. Өз аумағында қолданбауға уәдесін алған. Масктың Байденге де өкпесі қара қазандай екен. Озық машина көрмесінде Дженерал Моторс өніміне мініп көрген Ақ үй басшысы Масктың компаниясын елеп шақырмапты да.

Екі көршіміздің жымысқы әрекеттерін бақылап отырған Ақ үй басшысы Байден өткен сәрсенбі күні АҚШ-тың мемлекеттік қауіпсіздік стратегиясын жариялады. Онда Америка президенті: «Ресей еркін әрі ашық халықаралық жүйеге тікелей қауіп төндіріп отыр, халықаралық тәртіпті, заңдарды әдейі белден басуда, Украинаға алып барған жабайы шапқыншылығы соның көрінісі. Ал «Қытай – қазіргі халықаралық жүйені өзгертуді көздейтін, экономикалық, дипломатиялық, әскери және технология әлеуетімен мақсатына жетуге барын салып отырған бірден бір ел» деді. Ол сондай-ақ, арты белгілі болған Ресейге қарағанда диктатура мен сыртқы саясатта ревизионизмді ұштастырып отырған Қытайдың әлде қайда қауіпті екенін, сол үшін Ресейді ауыздықтап, Қытайды алдыға оздырмау – Ақ үйдің алдағы он жылдағы басты нысанасы болатынын жеткізді.

Әйгілі журналист Томас Фридман «The New York Times» газетінде жариялаған «Америка мен Қытайдың чип соғысын қарсы алайық» деген мақаласында Америка Ресей, Қытай екеуімен бір уақытта қатар қақтығысып отыр дейді. «Ресеймен қақтығысымыз жанамалы түрде, бірақ айқын. Украиндарды озық снаряд әрі ақпаратпен қамдап, орыс әскерін кері шегінуге мәжбүрлеп отырмыз. Ал Қытаймен қақтығысымыз сандық технология заманының негізгі өзегі болған полупроводник, чип соғысы. Әлемдегі ең озық чип альянсын жобалау және жасау, нысананы дәл көздейтін ең озық қаруға, ең ақылды заводқа, ең зерек сандық есептеу құралына, кез келген форматтағы құпия кодтарды шеше алатын қабілетке ие болу. Қазірше АҚШ пен серіктестері алдыда болғанымен, Қытай басып озуды көздеуде» деп жазады. Әйгілі Генри Киссинджердің «Ресей, Қытаймен бір уақытта соғыспау керек» деген сөзін еске салады.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

16 пікір