Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Не көріп жүрсіз? 2387 20 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 12:21

Қаралы қаңтарға басқаша сипат беру кімге тиімді?

Биылғы жылғы қаңтар айының алғашқы күндері бүкіл қазақ халқының есінде еліміздің тарихындағы ең бір қайғылы кезең ретінде қалатыны сөзсіз. Осы бір сын сағатта еліміздің болашағы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі таразыға түскені де бәрімізге аян. Ел басына күн туған сол күндері Президентіміз қысылтаяң уақытқа сәйкес батыл шешімдер қабылдамағанда келешегіміз не болары бұлыңғыр еді. Сол кездері Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз, тағы басқа қалаларда не болып жатқанын теледидар арқылы көріп отырып, біз Қазақстан халқы негізінен мемлекет басшысының қабылдаған шешімдерін толық қолдап отырдық.

Бүгінгі күні, сол қайғылы оқиғаның бастан кешіргенімізге жарты жылдан аса уақыт өткенде, Қазақстан халқының бір бөлегі қаңтар трагедиясына басқаша сипат беріп, шындықтың ауылынан алыстай бастаған сияқты. Әрине кез-келген мемлекеттің өткен тарихында, әр түрлі факторлардың әсерімен, оны бұрмалаушылық фактыларының болатынын біз білеміз. Қазақ халқы да үш жүз жылдан аса Ресейдің қол астында болған кезде өткен тарихымыз толығынан теріс айналдырылып, асылдарымыз мен ардақтыларымызды, хандарымыз мен батырларымызды ұмытқан болатынбыз.

Бірақ қаңтардың қанды оқиғасының өткені күні кеше ғой. Бәрі көз алдымызда, еске түссе әлі күнге дейін денеміз түршігеді. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын. Еліміздің билікке оппозициядағы кейбір саяси тұлғалары, белгілі медиа ресурс иелері, құқық қорғаушылар, блогерлер бүгінгі күні қаңтар айындағы қанды оқиғаны былай суреттеп жүр. Ол күндері Қазақстанның көптеген қалаларында бейбіт шерулер өтіп жатты. Содан қорыққан билік сол бейбіт шеруге қатысушыларға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді деп, қысқасы осы трагедияның бар жауапкершілігін Президентіміз оқаевтың мойнына ілгісі келетін сыңайлы. Әрине біз бәріміз білеміз өткен жылдың желтоқсаны мен осы жылғы қаңтар айының басында Маңғыстау өңірінде басталған бейбіт шеру еліміздің бірқатар өңірлерінде қолдау тапқанын. Бірақ орыс ағайындар айтқандай «мухи отдельно, котлеты отдельно» қарайық. Шынында қаңтар айының бесінші жұлдызының бірінші жартысына дейін шерулердің бейбіт түрде өткені рас. Бірақ ол күндері қалалардағы тәртіпті сақтау мақсатында шыққан полиция, республикалық ұлан қызметкерлері де қарусыз шығып еді ғой. Оған бүкіл республика жұртшылығы куә. Ал қаңтардың бесі күні түстен кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Қалаларға белгілі бір күштердің басшылығымен баскесер бұзақылар мен лаңкестердің үлкен топтары кірді. Мүмкін жиырма мың емес он мың немесе бес мың болар, мүмкін шет елден емес, өзімізде іште дайындалғандар болар, бірақ бесі күні түстен кейін жоғарыда аталған қалаларда қан-майданның басталғаны факт. Президент мырза да «за что купил, за то и продал». Ол сол күні тек Мәсімовтың берген ақпаратын халықтың назарына жеткізді. Оны да түсінуге болады, дәл сол кезде онда басқа ақпарат көзі болған жоқ. Қаңтардың бесі мен оны арасындағы болған жағдайларды айтып жатудың қажеті жоқ деп есептеймін. Оны барлығымыз көрдік. Атыс-шабыс, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қарусыздандырып, ұрып-соғу, қорлау, әкімшілік ғимараттарына, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің офистеріне, қару-жарақ сататын дүкендерге, әуежайларға шабуыл жасау, оларды тонап, өртеу, машиналармен әкеліп лаңкестерге қарулар тарату, осының бәрі көз алдымыздан өткен жоқ па? Әлде мұның бәрі елес пе немесе мүмкін біз оларды түсімізде көрген шығармыз. Немесе Қазақстан телеканалы бізге батыстың блокбастерін көрсетті ме екен. Жоқ, мұның бәрі шындық, оны бәріміз өз көзімізбен көрдік. Осы кезеңде Президенттің қабылдаған шешімдері сол қысылтаяң уақыттың талабына сай төтенше шешімдер деп ойлаймыз.

Әрине жағдай тынышталғаннан кейінгі полиция және ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тұтқындалғандарға қарсы жасаған шектен тыс азаптау, қорлау сияқты фактылері жөнінде әңгіме басқаша. Олардың бәрі мұқият тексеріліп, кінәлілер тиісті қатаң жазаларын алуы қажет. Бұл жөніндегі Президенттің пікірі де бізге белгілі. Ең алғашқы сигналдар алғаннан кейін-ақ Президент адам құқығын қорғау омбудсмені мен белгілі тәуелсіз адвокаттарға бұл мәселені бақылау мақсатында үлкен өкілеттер бергенін білеміз.

Қаңтар оқиғаларының ең басты трагедиясы, ол осы күндері қаза болған адамдардың мәселесі. Сөз жоқ бұл орны толмас қайғы. Сол күндері біз, бүкіл Қазақстан халқы, сол шаҺидтердің жақындарымен бірге аза тұттық. Бірақ бұл жерде де әлі беті ашылмаған ақтаңдақтар бар. Ол, сол күндері қаза болған 238 адамның қаншасы бейбіт адамдар, ал қаншасы лаңкестер және солардың қаншасы құқық қорғау қызметкерлерінің қолынан, ал қаншасы лаңкестердің қолынан қаза тапты. Бүгінгі күнге дейін біз әлі бұл мәселенің анық-қанығын білмейміз. Осы мәселеге қатысты тағы бір айтайын дегенім, ол сол қысылтаяң күндері қала тұрғындарының өз өмірлері мен балаларының, жақындарының өмірі үшін жауапкершілігі. Біз бәріміз білеміз сол күндері Қазақстанның бірнеше қалаларында, әсіресе Алматы қаласында, коменданттық жағдай жарияланып, теледидардан әрбір жарты сағат сайын тұрғындарға қаладағы жағдайдың ушығып тұрғанын, көшеге аса қажеттілік болмаса шықпау туралы хабарлама таратылып отырды. Бірақ соған қарамастан кейбір тұрғындар өздерінің, жақындарының өмірлерін тәуекелге салып, орталық алаңға машинамен қыдырып келулерін қалай түсінуге болады. Әсіресе кішкентай Айкөркемнің әкесінің, алтыншы ма әлде жетінші қаңтарда барлық балаларын машинаға тиеп алып, лаңкестер ойран салып жатқан қаланы аралап жүргенін қандай жауапкершілікке сидыруға болады. Сол кісілердің машиналарының маңдай әйнегінде бұл машинада бейбіт адамдар отыр деп жазылмаған болар.

Айтылғандарды қорытындылай келе айтарым, оппозициядағы саясаткерлер, журналистер, блогерлер болсын, әсіресе қоғамда белгілі бір пікір қалыптастыратын В.Н. Борейко, Г.Х. Ерғалиева, Г. Бажкенова сияқты белгілі тәуелсіз медиа канал иелері болсын, қаңтар оқиғаларына талдау жасау кезінде біржақты болмай, тек шындықты негізге алса дейміз. Сол күндері мемлекетімізді барлық күштік органдарының басшылары сатып кетіп, Президенттің жалғыз қалғанын, сол кезде ол тек қана халыққа ғана сүйенгенін біз ұмытпауымыз қажет. Президентіміз ол күндері өз өмірінің де ұстараның жүзінде тұрғанына қарамастан еліміздің болашағын, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауды жеке басының жауапкершілігіне алды. Әрине Президентті сүттен ақ, судан таза, періште деуден аулақпыз. Ол кісінің де жіберген қателіктері жетерлік болар. Мемлекетті басқару оңай шаруа емес. Егер біз еліміздің, халқымыздың болашағын ойласақ, мемлекетіміздің басшысының атқарып жатқан істеріне түсіністікпен қарап, сынасақ та тек әділдікті негізге алсақ деген ниет.

Сәмет Ықласұлы Байқоңыров

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 486
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 252
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 279
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 269