Сенбі, 4 Мамыр 2024
Билік 2003 11 пікір 9 Қазан, 2022 сағат 13:12

Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін атом энергиясынсыз қамтамасыз ету мүмкін емес

Жаһандық турбуленттілік жағдайында кез-келген мемлекеттің табысты даму траекториясы сол елдің энергетикалық қауіпсіздігіне байланысты. Бүгінде энергетикалық соғыстар негізінен мұнай мен газ төңірегінде өршіп тұр. Бірақ болашақта ядролық энергетиканың бірінші орынға шығатыны анық.

Дегенмен бұл мәселе стратегиялық жағынан немесе елдің егемендігін сақтау тұрғысынан алып қарасақ та, елеусіз қалып келеді. Осылайша әлемдік коньюнктураға тәуелсіздігі жете бағаланбай отыр. ХХІ ғасырдың ортасында осы салада өз құзыреттілігін дамытумен қатар, заман талабына сай келетін атом электр стансаларын салып, инженер кадрларды жеткілікті мөлшерде дайындай алған мемлекеттер алға шығады. Мысалы, осы саланы өздігінен ілгерілетіп, дамытқан Франция алға қадам басып көзге түсті. Осы елдің Президенті Э. Макрон ұсынған энергетикалық секторды жаңғырту жоспары ұзақ мерзімдік сипатта.

Айтпақшы, Еуроодақтың басқа елдерімен салыстырғанда Франция мұнай мен басқа да дәстүрлі энергия көздерін жеткізуге аса тәуелді емес. Бұл мемлекеттің энергетика саласын модернизациялауды көздеген бүгінгі бағдарламасында атом және жаңартылатын энергия көздеріне ерекше мән берілген. Ал бұл Франция экономикасына жаңа мүмкіндіктер беріп, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруы мүмкін. Энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу Париждің қауіпсіздігін нығайтып, халықаралық аренадағы орнын да айшықтай түседі. Бұл сала бойынша Түркия мен Өзбекстанның болашағы зор. Қазақстанның бұл жағынан біршама артта қалғанын мойындауымыз керек. Мысалы, көрші Өзбекстан қазірдің өзінде қуатты және негізгі атом электр станцияларын салып жатыр әрі Ресейдің қолдауына ие болған Ташкент өз жағдайын біртіндеп жақсарта алды. Осылайша Ресей жергілікті мамандарды дайындап, заманауи технологияларды ұсынады.

Бұған қоса, мұндай ынтымақтастық екі жаққа да өте қолайлы. Мүмкіндігін мүлт жібермеген Ташкент бұл саладағы белсенділікті күшейтіп, өзінің егемендік, бәсекелестік артықшылықтарын пайдаланды деп айта аламыз. Атом электр стансаларынан келетін арзан энергия еліміздің экономикалық дамуына жол ашып, заман талабына сай өндіріс орындарын құруға да серпін береді. Ғалымдар күллі Еуразия құрлығында атом энергиясына қажеттілік артады деген пікірде. Демек, Қазақстан да заман сұранысына сай бейімделіп, қамдануы тиіс. Әлбетте, Қазақстан көршілерінен артта қалмауы керек. Өйткені аймақтың экономикалық әлеуеті артып, көшбасшылыққа қойылар талап күшейіп келеді. Бірақ бұл жерде мәселе өзара бәсекеде емес, мемлекеттердің өздерінің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуында екенін айта кету керек.

Сарапшылар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өз зерттеуінің нәтижелері мен болжамдарын жария етті. Осыған сүйенсек, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіне түсетін максималды ауыртпалық 2035 жылы қазіргі 15,8-ден 23 ГВт-қа дейін артады. Электр қуатын тұтыну 113,9-дан 153 кВтсағ-қа дейін көбейеді. Сонымен қатар, қазір жұмыс істеп тұрған жылу және су электр стансаларындағы турбиналық жабдықтардың жағдайы мәз емес. Бүгінде бұл қондырғылардың әбден тозығы жеткені анықталды. 2020 жылы 25-50 пайызға тозған жабдықтардың үлесі 8 пайызды құраса, тозу деңгейі 75 пайыздан асқан қондырғылардың үлесі 52 пайызға жетті. Демек, жағдай жыл өткен сайын нашарлай бермек. Энергетикалық жабдықтардың тозуы салдарынан 2035 жылға қарай қуаттылығы 8,1 ГВт-қа дейінгі бірқатар қондырғылардың істен шығуы ықтимал.

Бұл қуат тапшылығының орнын толтыру үшін кем дегенде екі блоктан тұратын, қуаттылығы 1000-нан 1400 МВт-қа дейінгі АЭС салу қажет. Бірақ бұл алдағы он жылдың үлесіндегі жоспар. Ал ұзақ мерзімді перспективада алып қарасақ, атом энергиясының маңыздылығы мен оған қажеттілік одан әрі арта түседі. Сондықтан стратегиялық тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстан үшін жалғыз атом электр стансасының аздық етуі әбден мүмкін. Сондықтан, бұл саланы жоспарлы түрде дамыту керек. АЭС құрылысы кезінде инновациялық технологияларды дамыту мәселесі де ескерілуі тиіс. Осылайша ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық әлеуетті одан әрі арттыра түсу қамтамасыз етілгені жөн. Сол себепті, елдің қажеттілігін қазіргі мүмкіндікпен немесе алдағы екі-үш жыл бедерімен қарастыру ағат түсінік болады. Мұндай қателікке жол бермес үшін, кемінде ондаған жылды қамтитын жүйелі стратегия құру қажеттілігі туындап отыр. Мәселеге осы қырынан зер салсақ, көмірсутегі ресурстары қаншалықты тиімді болса да, ядролық энергиясыз энергетикалық қауіпсіздікті стратегиялық тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкін еместігі анық.

 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1036
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 912
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 681
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 766