Сейсенбі, 17 Мамыр 2022
Жаңалықтар 4990 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 09:58

Бала бағып баюға бола ма?

Жекеменшік балабақшаларға мемлекет оң көзқарас танытпай келеді

«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей». Адам баласының кейін қандай тұлға болып қалыптасатыны, оның мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады екен. Бұл ретте ата-анасы күні бойы жұмыстан босамайтын, үйдегі теледидардан көретін құбыжық кейіпкерлерге толы мультфильмдерге қарап өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі туралы оптимистік тұрғыда ойлаудың өзі пессимизмге жетелейтін сынды. Ата-әже институты өткен заманның еншісінде қалып бара жатқан тұста Елбасының «Балапан» бағдарламасын енгізгені игілікті қадам болды. Әсіресе сәбиіне жеке күтуші жалдауды қалтасы көтермейтін, мемлекеттік балабақшалардағы ұзын сонар кезекке жетуді арман қылған ата-аналар үшін бұл ақжолтай жаңалық еді. «Балапанның» арқасында бастау алған жекеменшік балабақшалар саны Атырауда 11-ге жетті. Басқа өңірлермен салыстырғанда аз, әрине, бірақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлағатты орынның санынан бұрын сапасы маңызды.

Лицензиясы жоқ сала

Жекеменшік балабақшаларға мемлекет оң көзқарас танытпай келеді

«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей». Адам баласының кейін қандай тұлға болып қалыптасатыны, оның мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады екен. Бұл ретте ата-анасы күні бойы жұмыстан босамайтын, үйдегі теледидардан көретін құбыжық кейіпкерлерге толы мультфильмдерге қарап өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі туралы оптимистік тұрғыда ойлаудың өзі пессимизмге жетелейтін сынды. Ата-әже институты өткен заманның еншісінде қалып бара жатқан тұста Елбасының «Балапан» бағдарламасын енгізгені игілікті қадам болды. Әсіресе сәбиіне жеке күтуші жалдауды қалтасы көтермейтін, мемлекеттік балабақшалардағы ұзын сонар кезекке жетуді арман қылған ата-аналар үшін бұл ақжолтай жаңалық еді. «Балапанның» арқасында бастау алған жекеменшік балабақшалар саны Атырауда 11-ге жетті. Басқа өңірлермен салыстырғанда аз, әрине, бірақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлағатты орынның санынан бұрын сапасы маңызды.

Лицензиясы жоқ сала

Бизнес бала тәрбиесіне де келіп жетті. Қалтасы қалыңдау отбасылар­дың балаларын жинап алып, білім мен тәрбиеге баулимын десеңіз де, ешкім қолыңыздан қақпайды. Тіпті мемлекеттік бағдарламаның аясын­да біраз көмекке де ие бола аласыз. Мысалы, қазір жекеменшік бала­бақ­­шаларға бұрынғыдай лицензия алып жұмысты бастау міндетті бол­май қалды. Яғни ешқандай лицен­зиясыз жеке кәсіпкер немесе жауап­кершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, жұмыс істей беруге мүм­кіндік бар. Бұл - мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің санын кө­бейту мақ­сатында жасалған жеңіл­діктің бірі. Енді жекеменшіктегі бала­бақ­шаларға аттестациядан өту, мемлекет­тік ак­кре­­дитация алу, жо­ғары санатты педа­гогикалық кадр­лармен қамтама­сыз етілу де міндетті емес. Елбасының «2020 жылдарға қарай елде бала­бақ­шамен қамтыл­маған бірде-бір бала болмауы тиіс» деген сөзінен кейін жолға қойылған бұл мәселе­лердің пайдалы тұстары бар да шы­ғар. Бірақ, біздің ойы­мызша, әңгі­менің төркіні ұрпақ тәр­биесіне келіп тірелетін тұста осынша жеңілдіктің ауыр салдары болуы ықтимал. Мұны Атырауда алғаш болып жеке балабақша ашқан Сәуле Отарбаева да айтады. «Бала­бақша - қасиетті орын, - дейді ол. - Өйт­кені бұл жер­де елдің ертеңі тәр­биеленеді. Жеке­меншік балабақ­шаларды лицензия­лаудың жойылуы кәсіпкерлікке кең өріс бе­реді дегені­мізбен, ұрпақ тәрбиесіне кім болса соның арала­сып кету қаупін де туғызады. Біздің балабақ­шада қазір үш топта 64 бала тәрбие­леніп жатыр. Қызмет көрсетудің айлық құны 50 мың теңгені құрайды. Бірақ түптеп кел­генде, түскен қаржы қызмет­керлердің жалақысына, баланың тамағына, коммуналдық қызметтер­ге, материалдық базамен қамтама­сыз етуге жұмсалады. Сондықтан пәлендей пайда көріп отырмын дей алмаймын».

Мектепке дейінгі білім беру саласына енгізілген бұл жаңалықтың көлеңкелі тұсы қайбір жылы Аста­нада мұсылман балабақша­сының бой көтергенінен көрінді. Құзырлы органдардың араласуымен ғана жұ­мысын тоқтатқан мұндай балабақ­шалардың басқа жерлерде де жасырын жұмыс істеп жатуы әбден мүмкін. Сондықтан да лицен­зиялау ісіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл - мемлекеттік дең­гей­де қайта талқылануы тиіс мәселе.

«Мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау тоқтатылғанымен, олар меншік түріне және ведомс­тво­лық бағынуына қарамастан, бес жылда бір рет аттестациядан өтіп тұрады, - деп түсінік берді облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиев. - Ал қайтадан ашылған балабақшаларды аттес­тация­дан өткізу үш жылдан кейін жүргізіледі».

Субсидия беру шешілсе...

Мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесінде мемлекеттің қолдауы болуы - маңызды шарт. «Балапан» бағдар­лама­сының аясын­да мемлекеттік-жеке­меншік серіктестікті дамыту жолға қойылды. Республикалық бюджеттен же­ке­меншік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүзе­ге аса бастады. Бірақ бұл ретте Атырау об­лы­сының көрсеткіштері көңіл көншіт­пейді. «Балапан» бағдар­ламасының орын­да­лысына барлау жасаған облыс прокуроры­ның аға көмекшісі Ләззат Нұрмағамбетова жекеменшіктегі бала­бақшаларға мемле­кеттік білім тапсы­рысын орналастыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен бір тиын да қар­жы қарастырылмағанын айтады. Мұндай тапсырысты қабылдау комиссиялары тек Құрманғазы, Исатай аудандарында құрыл­ған. Ел Үкіметінің жекеменшік балабақша­ларға субсидия беру туралы қаулысы қарау­сыз қалып келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тіктің шеңберінде ай сайын бала­бақша төлемінің бір бөлігін ата-ана төлесе, қал­ған бөлігін жергілікті әкімдіктер өз мойын­дарына алуы тиіс. Егер бұл жағдай тұрақты үрдіске айналса, балаларын жеке­меншік­тегі балабақшаларға бергісі келетін, бірақ материалдық жағдайы мүмкіндік бермей­тін отбасыларға жол ашылар еді.

Балабақша ашамын десеңіз...

Жекеменшіктегі балабақшалар желісі­нің қатарын көбейткісі келетіндерге «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол карта­сы-2020» мемлекеттік бағдарла­малары­ның аясында жеңілдіктер қарас­тырылғанын жоғарыда атап өттік. Әсіресе шағын биз­неспен айналысуды арман қылған ауыл тұрғындары үшін біраз басымдықтар қарастырылған. «Даму» қорының бас ме­нед­жері Рүстем Тұяқовтың айтуынша, бүгін­де жекеменшік балабақша ашуға қатысты «Таза бұлақ» ЖШС мен «Хан Ша­тыр» ЖК-лерінің бизнес жобалары қаралу үстінде екен. Олар «Альянс Банк», «Халық банкі» АҚ-тарынан «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы бойынша несие алу үшін несие комитетінің шешімін күтуде. «Даму» қорының бұл қолдауының нәти­жесінде кәсіпкерлер несиелерінің белгілі бір пайыздық бөлігіне жеңілдік ала алады. Рүстем Тұяқов сондай-ақ облыстық білім беру басқармасына жекеменшік балабақ­шалар ашу жөнінде бизнес-жобаларды қарауға және қолдау көрсетуге дайын екендері жайында хат жолдаған­дарын да айтады. «Балапанның» бұл «ба­зар­­лығы» қалтасынан бұрын ұрпақ қамын күйттейтін ізгі адамдардың бизнес әлеміне енуіне де түрткі болары анық. Шыны керек, бүгінге дейін ашылған облыстағы 11 жеке балабақша жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалып келді. «Мемлекеттік мекемелердің тарапы­нан бізге деген басқаша көзқарастың бары менің көңіліме қаяу түсіреді, - дейді аты-жөнін айтуды қаламаған жеке балабақ­шаның иесі, - біз тек тексерулер кезінде ғана еске түсеміз. Меншік түріміз бөлек бол­ғанымен, «илегеніміз бір терінің пұш­пағы». Сондықтан да әкімшілік кедергілер­дің болмауын қалаймыз».

Аудандарда неге жеке балабақша жоқ?

Бұрын мемлекеттік балабақшаларда коммерциялық топтар жұмыс істеді. Бұл топқа баласын берген ата-ана тамақтан бөлек, қосымша қызметтер үшін ақы төлеп отырды. Ел Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсанда бекітілген №1355 қаулысына сәйкес, коммерциялық топтар жабылды.

Жекеменшік балабақшаға қатысты өңірде қалыптасқан бір жайт - мұндай нысандардың тек облыс орталығында ғана жұмыс істейтіндігі. Аудандардың бірде-бірінде меншік иесі жеке тұлға болып табылатын балабақша жоқ. Ал ауылдарда бала­бақшаға баруды армандаған бала­лар­дың көп екені белгілі. Аудандар­дың мектепке дейінгі мекемелермен қамтама­сыз етілу деңгейі көтерілмей келеді. Об­лыс­тық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиев Мақат ауда­нынан ғана бір ұсыныстың болғанын айтады. Мақаттық жеке кәсіпкер К.Ал­дияров аудандық білім бөлімі мен эконо­мика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жеке балабақшасына мемлекеттік тап­сырыс орналастыру жөнінде өтініш жазған. Оған аталған бөлімдер бұл мақсатта ар­найы комиссия құрылатыны туралы жауап бергенімен, кәсіпкер әзірге құжаттарын тапсырмапты.

- Ауылдық жерден жеке балабақша ашу қиын деп ойлау қате, - дейді Сатқан Ыбырайұлы, - тек кәсіпкерлердің тәуекелі жетпей отыр. Мемлекеттік тапсырыс алу­дан қорықпау керек. Жергілікті әкімдік жанындағы арнайы комиссияға қажетті құжаттарды тапсырсаңыз және бұл іске бел шешіп кіріссеңіз, алынбайтын қамал жоқ.

Алайда билік тарапынан әлі де қолдау мен көмектің болмай отырғанын айтқан жөн.

Жекеменшікте болсын, мемлекеттің қадағалауында болсын балабақшаның міндеті біреу - ұлттың ұрпағына ұлағат нәрін сіңіру. Бесіктен енді шыққан сәбидің санасына ізгілік нұрын құю. Жаңа заман­ның жасампаз жетістіктерімен тәрбиелеу. Бала бағып баюға мүмкін, болар, мүмкін, болмас. Мәселе онда емес. Мәселе - елдің ертеңі, бүгінгі бүлдіршіннің қандай ортада, қандай үлгі көріп өсетіндігінде. Осы орайда, жекеменшік балабақша иелері байлыққа белшеден батуды көздегендер деп емес, кемел елдің келешегін тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүргендер деген көзқараста қарайтын уақыт жеткен сынды...

Автор: Бақытгүл БАБАШ, Атырау

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір