Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 8965 49 пікір 13 Қыркүйек, 2022 сағат 12:24

Армандамасын «ақ ешкі» мен «көк теке»!

«Отандастар Қоры» КеАҚ Президенті
Абзал Сапарбекұлына!

Құрметті Абзал Сапарбекұлы!

Шет жағасын Өзіңіз де естіп жатқан да боларсыз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жасалған «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» бір нұсқасы билік басындағы Ұлтын сүйетін азаматтар арқылы менің де қолыма келіп түсті.

Аталған жаңа «Тұжырымдаманың» төртінші бағытындағы «...Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін кемінде 5 жыл тұру мерзімін ескере отырып, «қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет.» деген тұсы мені шырт ұйқымнан оятты, жағамды ұстатты. Орысша айтқанда, ШОК болдым!

Жаңа «Тұжырымдаманың» дәл осы бағытына сай, ертең Парламет    Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ендігі көшіп келетін қандастарымызға БЕС ЖЫЛСЫЗ АЗМАТТЫҚ БЕРМЕЙТІН Заң жобасын қабылдайды деген сөз.

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйекте жасаған жолдауында осы Көші-қон саласына тоқталып, «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді», - деді.

Міне, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «...түбегейлі өзгередінің» нәтижесі осылай болайын деп тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Жолдауындағы «Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деген тапсырмасы адырам қалған.

Егер, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алу үшін кемінде 5 жыл тұру мерзімі заңдастырылса, онсыз да тоқырап тұрған Ұлы көш тоқтайды!

Ұлы көш тоқтағаннан кейін, бұл тақырыпта «демографиялық және экономикалық үрдіс» пен «жалпыұлттық мүдде» жайлы сөз айтудың қажеті қала ма?!

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев заманында қансорғыш Тимур Құлыбаев 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» шеттен келген қандастарымызға жауып, 2013 жылы дәл осында қоңыз күзде сол кездегі Үкімет басшысы опасыз Кәрім Мәсімовтың тікелей ықпалымен алыстан оралған ағайындарымызға БЕС ЖЫЛСЫЗ АЗМАТТЫҚ БЕРМЕЙТІН пашистік Заң қабылдатқан болатын.

Міне, сол көрініс, сол масқара жағдай 2022 жылдың күзінде,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа, әділетті Қазақстан» құруды бастаған сәтте грамм өзгеріссіз және қайталанып отыр.

Ақордада отырған сол құлыбаевтар пен мәсімовтердің үзілмеген құйрықтары «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспанға «…ұсталғандардың арасында Қытайдан келген қандас ағайындар көптеп кездесті…», – деген сөзді айтқызып, енді «Қасыретті қаңтар» оқиғасын да сол тұзы жеңіл қандастарымызға жауып,  кеше ғана (2019 жылы) «...Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», - деген Қасым-Жомарт Кемелұлының қолымен тағы да  БЕС ЖЫЛСЫЗ АЗМАТТЫҚ БЕРМЕЙТІН пашистік Заң қабылдатқалы жатыр.

Мақсаттары – қандастарымызды, жүйеден бүкіл қазақты Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы қойып, Бекболат Тілеуханның сөзімен айтсақ, «...Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», - деген «құсығын» үш жыл өтпей жатып қайта жұтқызу, сөйтіп абыройын төгу, беделін түсіру. Соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың аяғын құштыру.

Бұл мақсаттарына жету үшін, кешегі «Қасыретті қаңтарда» 230 адамның қанын төксе, бүгін алты миллион қазақты құрбандыққа шалмақшы!..

Армандамасын «АҚ ЕШКІ» мен «КӨК ТЕКЕ»!

«АҚ ЕШКІ» мен «КӨК ТЕКЕ» Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтан құдыретті емес! Маған сеніп қойыңыз, алты миллион қазақтың қарғысы мен сілесі ертең олардың да мүйіздерін қағып, сол алдыңғы екі сұмырайдың аяғын құштырады!

Қандастарымыз ақымақ емес! Олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа басын кесіп алсаң да қарсы шықпайды, қайта Ол кісінің жүргізіп отырған саясатын қос қолдап қолдайды. Жүз пайыз демей-ақ қояйын, тоқсан тоғыз бүтін жүзден тоқсан тоғыз пайыз қандасымыз Қасекең жағында!! Қасым-Жомарт Кемелұлын осындай құйға батыру үшін осындай «Жоба» ұсынған жезтырнақ ХАНЫМДЫ да, оған қарсы бір ауыз сөз айтып, тосқауыл қоя алмаған ынжық МЫРЗАНЫ да жақсы біледі. Білмесе, біз білдіреміз!!!

Құрметті Абзал Сапарбекұлы!

Аталған Қазақстан Республикасы Көші - қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бөлігінде Сіз жетекшілік етіп отырған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамына да біраз міндеттемелер жүктеліпті.

Қандастарымызға БЕС ЖЫЛСЫЗ АЗМАТТЫҚ БЕРМЕЙТІН пашистік Заң қабылдатып қойып, ертең олардың бетіне қалай қарайсыз!

Біз бұндай сорақылыққа мүлде жол бермеуіміз, Аса мәртебелі Президентімізді қорлатпауымыз керек!

Сол үшін, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы көші-қон саласындағы мамандарды, Ұлы көшке мүдделі қауымның өкілдері болып табылатын қайраткер тұлғаларды, қатысты министрліктердің жауапты басшылары мен депутаттарды, сондай-ақ Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин мен Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваны шақырып, тікелей эфмрден таратылатын ашық конференция өткізуді, аталған жаңа ТҰЖЫРЫМДАМАҒА байланысты билік өкілдерінің түсінік беруін, мамандар мен қайраткер тұлғалардың оны талқылауын ұйымдастыруыңызды сұраймын!

Сөйтіп, бұл бассыздықты Парламентке жеткізбей, министрлікте желкесін қимасақ, ертең әлем алдында тағы масқара боламыз!

Ауыт Мұқибек,

Ақын, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

49 пікір