Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 2539 0 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 15:36

Алаштың жоғын жоқтаған

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

2019 жылы шілде айында ақын, журналист, саясаттанушы Талғат Ешенұлының мұрындық болуымен «Жебеу» РҚБ -нің құрылтайшылары Талғат Мамырұлы, Сабыржан Мұқаметқанұлы және мен сол кездегі ҚР Президенті аппаратының бірінші орынбасары Дарқан Калетаев мырзаның қабылдауында болдық.

Қашанда мұрнына су жетпей жүретін кәсіпкер Сабыржан Мұқаметқанұлы бауырымыз сол күні Алматыға қайтып кетті де, қонаға қалған Т.Мамырұлы екеумізді ертесі кеште Талғат Ешенүлы курустас досының көлігімен әуежайға жеткізіп қойды. Орта бойлы, денесі тығыршықтай, көп сөйлемейтін, жүзі жылы, әрқашан сабырлы, маңғаз қалпынан жаңылмайтын Болатбек Төлепбергенұлымен осылай танысқан едім.

Кей адаммен күнде кездесіп, сөйлесіп жүрсең де іштесіп кете алмайсың. Енді бір адамдар болады, бір көргеннен көне танысыңдай араласып, сыйласып, сырласып жүре бересің. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы бір аталы сөз Болатбек сияқты азаматтарға қаратылып айтылса керек.

Кейін Болатбек жұмыс орнын Алматы қаласына ауыстырып, «Шалқар» радиосының директоры болып келген соң, тіпті де жақын араласып кеттік.

1966 жылы құрылған «Шалқар» радиосы тек ана тілінде әуе толқынында ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна болғандықтан әлемнің елуге таяу елінде тарыдай шашырап жүрген қандастар үшін орны ерекше болды. Сарғайған сағынышын әсем ән тыңдап басса, құлазыған көңіл-күйін күмбірлеген күй тыңдап дамылдатты. Атамекенде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде естіп, шетелде кіндігігеннен өрген ұрпақтарының санасына ұлттық кодты екті. Бізде оннеше жылдан бері Қазақ көші бағытында жұмыс жасап жүргендіктен, осы тақырыпта және руханият әлемі туралы тікелей эфирге шығып, толғандырып жүрген ойларымызбен бөлісетін болдық. Осы барыста сыпайы мінез, сараң сөзімен көздеген тақырыбына қарай жетелей отырып, барымызды қопарып алатын журналистік шеберлігіне риза болсақ та, өзінің көміліп жатқан қазына екенін бізге байқатпапты. Отыз жылдан бері бізде талайды көрдік қой. Эфирге шыққанда ісіп-кеуіп, еліріп отыратын, сұқбатқа шақырған адамы далада қалып өзін-өзі дәріптеп, содан ләззат алатын, келсін-келмесін ұйқасқа құрылған сөз тізбегін сапыра беретін журналисттерге етіміз өліп, көзіміз үйреніп кетті. Оны десеңіз «мен ананы әйттім, мынаны бүйттім, мен болмасам қазақтың күні қараң қалады», - деп ұлттың атынан сөйлейтін, тіпті шімірікпей ұлттың қамқор әкесі болып, есіретін популистер армиясы қалыптасты.

Көктем айының алғашқы күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы кітапханасында Болатбек Төлепбергенұлының елу жасқа толуына орай ғылыми-фрактикалық конференция өтті. Осы конференцияда сөз алған мүйізі қарағайдай ғалымдар мен ақын-жазушылардың баяндамасын, сөзін естіп қайран қалдық? Үндемей жүріп, осынша жұмысты қалайша атқарып тасталған деп.

Қазақ руханиятының қаймақтары болған Асанәлі Әшімов, Илия Жақанов сынды тұлғалардың кіндігі кесілген Жамбыл облысы Сарысу ауданында 1974 жылы шыр етіп өмірге келген қара бала 1991 жылы сол ауылдағы орта мектепті күміс медалмен аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында жүріп «Өркен», «Жас Алаш» газеттерінің ұстаханасынан шығады. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі болады. «Зерде» және «Жалын» журналдарының бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарады.

Осы жылдар аралығында Төлепберген бауырымыз еліміздің баспасөз-ақпарат саласында басшылық қызметте жүріп қолынан қаламын тастамапты. 2004 жылы «Көшкен күннің бояуы» атты публицистикалық кітабы жарық көреді. Осыдан бастап ұлт азаттық қозғалыстары мен көтерілістерінің тарихы мен табиғатын негізгі зерттеу объектісіне айналып, Алаштың жоғын жоқтау мен ұлттың «менін» іздеумен дабыра-даңғазаға салынбай, кешенді айналысады.  «Біз білмейтін желтоқсан», «Мәңгі жас Алаш идеясы», «Қасиеттім-Желтоқсан», «Алаш жолы» , «Азаттық аңсаған»  қатарлы жиырмаға таяу жеке кітаптары мен ұжымдық жинақтары жоғарыдағы сөзімізге дәлел болады. Оған деректі фильмдері мен радио хабарларын қоссаңыз үндемей жүріп нардың жүгін белі қайыспай көтерген ғалым-журналистің шексіз сабыры мен жанкешті еңбегіне таңғаласыз, дән риза боласыз.  Осы күнде дін мен дәстүрді, тарих пен шежірені шатастырып әлеуметтік желіде лайк іздеп, кайф қуып шаңдатып отыратын шала сауат, жартыкеш ғалымсымақтар мен жолбике журналисттердің қылығына қараптан қарап тұрып жаның ашып кетеді екен. Әсіресе, «Азаттық аңсаған» деректі повестьтінде 1937 жылы репрессияға ұшыраған Шамақан Жәлік Айтмұрзаевтың немересі Құрманғазы Айтмұрзаевтың 1986 жылғы Кеңес империясының іргесін шайқалтқан желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі болуы сабақтаса, салаласа баяндадады.  Тарихты ғылым деп қарасақ, ол - мемлекет идеологиясына қызмет етуі керек. Сонда ғана ұлт қасіретінің байыбына барып, тереңіне үңіле аламыз. Тәуелсіздіктен кейін санадағы отарсыздандыру үдерісі баяу да болса жүріп жатыр. Демек, автордың отаршылдардың ғасырларға жалғасқан өктем, озбыр саясатының тарихи барысына, сипатына үңілуі, оған қарсы ұлт элитасының қарсылығы -еркіндікке, бостандыққа деген ынтызарлығы қаннан қанға тарап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын анықтап, айғақтап жеткізіп береді. Әрине, Тәуелсіздік аспаннан түскен жоқ немесе М. Горбачев сыйлаған жоқ. Рухы сынбаған, ұрпағы үзілмеген халқымыз бен элитамыз күрес арқылы қолға келтірді. Автор осы қастерлі ұғымды ұрпақтар санасына сіңіргісі келген сияқты әрі ол мақсатына жеткен.

«Еңбегі бардың өнбегі бар» дегендей Болатбек Төлепбергенұлы өзін жарнамалап, насихаттап жатпаса да елі мен үкіметі еңбегін ескерусіз қалдырмапты. 2003 жылы Қазақстан жастар одағының, 2008 жылы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанса, 2009 жылы ҚР-ның мәдениет қайраткері атағына ие болыпты. 2011 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығын қанжығасына байлапты.

«Ақырын жүріп анық басып»  ердің жасы елуге келген Болатбек Төлепбергенұлы қарапайымдылық пен дегдарлықтың қалай болатынын аңғартқысы келгендей арамызда асып-таспай бір ұжымды басқарып,  азаматтық,  адамдық қасиетін жоғалтпай шынайы сый -құрметтің ортасында өмір сүріп жатыр. Мұның өзі алланың шын сүйген пендесіне бағыштаған ең үлкен сыйы боса керек. Жабайы капитализмнен бюрократиялық капитализмге өте шыққанымызда, ақша мен атақ құндылыққа айналған мына алмағайып заманда осындай азаматтың ұлт руханиятының бір саласын ұстап тұруы көңілге медет, жүрекке жылылық сыйлайды.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір