Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 2411 12 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 14:20

Бекең жайлы сөз: Қазақты демократия ғана құтқарады!

«Қанды қаңтар көтерілісі» қазақ қоғамына Тәуелсіз ел атанған өткен  отыз жылға баға беруді талап етті. Бұл Назарбевтың билік жүйесіндегі жеке тұлғалардың саяси еңбегін сарапқа салу дегендік еді. 

Отыз жылдық саяси жүйедегі танымал тұлғалардан азаматтық қоғамның  ашық, еркін талдауына шыққан алғашқы тұлға - Бекболат Тілеуханов болды. Бекболаттың азаматтық болмысын талдау - отыз жылда қалыптасқан тұлғалардың азаматтық тұлғасын терең зерттеуге, әділ тарихи баға беруге бастайды. Әсіресе, тарихи тұлғалардың көзі тірісінде сарапқа салынуы арғы дүниеде таразыға түсіп жазасын алады дегенге көне бермейтін азаматтық қоғам үшін керек.

Авторитарлық жүйеде биліктегілер түптеп келгенде бір адамның командасы болып табылады. Н.Назарбев командасындағыларды үш топқа бөлуге болады.

Бірінші топтағылардың басты ерекшелігі – оларда діни көзқарас әлсіз  немесе жоқ. Назарбаевқа көзсіз табынатындар мен бағынатындар. Екінші топтағылар негізінен діншілдер. Үшінші  топтағылар Құдайдан да қорқатын, Н.Назарбаевқа шартсыз бағынатындар. Бұларда ұлтшылдық нысай, демократиялық сана бар. Жалпы бұл үш топтың орындары бөлек болғанымен Н.Назарбаев билігін сақтап қалуда қосқан үлестері бірдей күшті.

Бірінші топ пен үшінші топ ақиқатының өлшемі Н.Назарбев. Екінші топ ақиқатының өлшемі Алланың  сөзі. Әлмисақтан бері дін мен билік арасындағы келіспеушілік осы бағыну пәалсапасынан туындайтын. Дінді билікке қызмет еттіру үшін дін саясаткерлері түрлі  пәтуалар шығарған еді. Дін ислам тарихында патша Құдайдың жердегі көлеңкесі деген пәтуалар болды. Өткен дәуірде дара билеушілерде өзін Құдаймын деп жариялағандар болды. Қазақстанда танымал дін ұстаздарының бірі Қайрат Жолдыбайұлы патша Құдайдың жердегі көлеңкесі деген сөздің Құранда, шариғатта жоқ  екенін айтса, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл айтылымды терістемейді. Зайырлы демократиялық қоғамда тап-таза саяси шенеулік болған Бекболат Тілеуханов бұл жерде Бас муфти жақта. Бүгінгі дәуірде қоғам зайырлы мемлекет билігіне көшті. Қазақстанда авторитарлық режим үстемдік еткендіктен дін негізінен қалыптасқан саяси жүйені қолдаушы болды. Дін туралы бұлайша тоқталуымыздың себебі жалпы Бекболаттың азаматтық ұстанымының өзегі діни құндылықтан  тұрады. Бекболат Тілеуханов ұлтшыл. Оның көп әйел алуы әйел құмарлық емес. Діни көзқарасы мен ұлтшылдық идеясының айқын көрінісі.

Бекболаттың ең басты кемшілігі оның демократия туралы ойланбайтындығында. Қазақ қоғамы 2005 жылдың басында демократияны талап еткен жас түркілердің саяси саханаға шығуыме екіге  бөлінді. Бекболаттың осынау сәтте ашық мәлімдеме жасап, Н.Назарбаев жаққа шығуына да ең басты себеп санасында демократияға орын жоқтығынан болды. Бұл оның дүмше діншілдігі (діни  пайымдарды ақыл таразысына салып ойланбайтындар) мен заманауи саяси білімінің аздығынан  еді. Бекболат демократия дегеннің Алланың адамзатқа берген ең үлкен сыйы екенін түсінбейді. Жақында ол Түркияда Нартай Аралбайға берген сұхбатында: «Адам тек намаз  оқып, құлшылық  етумен ғана Алланың сүйіктісі бола алмайды. Алла ол үшін пендесін сынаққа салады», - деп айтты. Сыналушыда еркіндік болмаса, ол қалай жауапкершілік арқалайды. Тілеуханов дәл осы түйінге  ақыл салып, еркін ойланғысы келмейді. Алла құдіреттілігі сонда, ол пендесіне еркіндік беруден қорықпайды.

Бекболаттың патшаға қарсы шығуға болмайды деген ұстанымына илана алмайсың. Н.Назарбаевқа қарсы шықпауы Алланың айтқанына бойсынғандық емес. Бекболаттың Н.Назарбаевқ болған  жеке адами позициясын ақтау амалы. Бекболаттың Н.Назарбевқа қарсы тұру - тұрмауы Алланың құзыретінде емес. Бекболаттың өз құзыретінде. Аталмыш бұл сұхбатта Бекболат Н.Назарбаевты ұнату тұрғысынан патша деп бірнеше рет атады. 21 ғасырда демократиялы елміз деген мемлекетте танымал саяси тұлғаның президентті патша деп атауы күлкі туғызады. Бұл Бекболаттың саяси санасы феодалдық табынушылық, орта ғасырлық санада қалғандығын көрсетеді.

Бекболат ұлтшыл. Ол ұлттық өнердің жоқтаушысы. Қазақтың ұлттық өнерін насихаттауда оның еңбегі елеулі. Бірақ, ол осы қазақтардың көңілінен шығатын, сенім артып, үміт күттіретін өнері арқылы қалыптасқан сенім капиталын билік үшін қызмет еттірді. Халықтың сенімімен ойнады.

Қазақстанның қай азаматы болмасын, әсіресе елім, жерім деп жүргендердің азаматтығын таразылайтын үш сұрақ бар. 2011 жылы Жаңаөзен қырғынында қайда болдың, не дедің? 2016 жылғы жер сатуға қарсы халықтық қозғалыста не айттың, кімді қолдадың? «Қанды қаңтар» көтерілісіне қалай қарайсың?

Дін исламда бір адамды жазықсыз өлтіру адамзатты өлтірумен бірдей дейтін пәтуа бар. Исламға берік Бекболатта осы қанды қырғында үн шықты ма? Қазақ халқы жер ана, жерімізді шетелдіктерге сатпаймыз деп  шулағанда: «Жер ана десеңдер жерге дәрет сындырмаңдар», - деген сөзімен есте қалды. Патшасына жалтақтап, жанын жеген шын сөзін айта алмады. «Қаңтар көтерілісі» езілген халықтың ашу-ызасынан болды деумен бірге, демократияны суқаны сүймейтін пәлең билікті жамандағандар себеп болды деп қояды. Бұдан біз Бекболаттың адами болмысын толық көре аламыз.

Бекболаттың азаматтық тұлғасының бұлай қалыптасуының өзіндік себептері бар. Ол табиғатына біткен дарыныме өнер қуды. Дауысқа біткен дарыны құныттап, білім қууға жар бермеді. Білімді қазақтың дәстүрінен, тарихынан ғана алды. Түптеп келгенде жалаң өнер иесі болып қалыптасты. Шешен тілі болды. Бұл оның көп жерде білімді көрінуіне себеп болды. Ең күшті құдіретке арқа сүйеу де өзін күшті сезіндірді. Бұндай ситуация оған өзін бәрін білетін адам санатында санауға әкелді. Бірақ бір қоғам қайраткері, саясаткер болу үшін жалаң діни білім мен жалаң өнер иесі болу зайырлы мемлекетте жеткіліксіз екендігі белгілі. Бұндай жетерсіздік Бекболаттыақыры тұйыққа тіреді. Санасын дағдарыс жайлай бастады. Өзі ерген  саяси жүйенің  қазақ қоғамын қайда апара жатқанын уақыт өте келе сезді. Балшыққа батып бара жатқанын түсіне бастады. Бұл дүниеде өзін құтқара алғанымен, онсызда адам ақылы жетпейтін бақи дүниедегі сұрақтан қалай құтылатынына ақылы жетпеді. Жас ұлғайды. Кенетқатты  ауырды. Бұл ауру оған өлім есігін көрсетті. Бұл оның аузымен үнемі айтқанмен түпкі санасында бұлыңғырлана бастаған бақилық санасын қатты түртті. Ол шұғыл оянды. Шұғыл шешім жасады. Ластанған саясаттан безді. Депутаттықты қазақ халқы үшін қызымет ететін трибунал деп келген ол депутаттықтан қашты.

Бекболат Тілеуханов өнерімен қазақ халқына қызмет етті. Мойындау керек. Онда қазір тек халқының алдында айтып бұлдана алатын өнері ғана қалды. Бұны өзі де ашық мойындап отыр.

Қазақ қоғамын тек демократия ғана құтқарады. Сондықтан саясатқа араласатын әр қазақ Уинстон  Черчильдің: «Демократия жақсы нәрсе емес, бірақ адамзат қоғамы демократиядан басқа адамзатты құтқаратын нәрсе ойлап тапқан жоқ», - деген сөзін төріне жазып, іліп қоюы керек.

Ескерту: Матариалдың мазмұны редакция ұстанымын білдірмейді. Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы.

Ағыбай Әкбәрұлы

Abai.kz   

12 пікір