Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 3546 1 пікір 2 Қыркүйек, 2022 сағат 12:30

Роберт Луис Стивенсон. Өлеңдер

Роберт Льюс Стиенсонның бір топ өлеңін ағылшын тілінен аударып назарларыңызға ұсынып отырмыз...


Өсиет

Астында кең аспанның жұлдыз жанған,
Қазыңдар қабірімді сол бір маңнан.
Өмір де, өлім де жатпа маған,
Жалғыз-ақ тілегім бар ойда жүрген;

Жазыңдар қабіріме мынау сөзді:
Жамбасы осында ақыр жерге тиді.
Оралды қайтпай жүрген сол теңізші,
Оралды аңшы дағы құзды кезген.

Саяхат

Есейіп тез аттансам,
Жерлерге алыс бармаған.
Қиырға, сонау шығанға,
Жетсем елсіз аралға.
Үстіне киіп ешкі тон,
Тұрса алдымда Рабинзон.
Аямай төгер күн нұрын,
Кезсем шығыс елдерін.
Алыстан мешіт көрінген,
Құмдағы баулар ішінен.
Араласам базарын,
Жайған алуан тауарын.
Көрсем Қытай Қорғанын,
Өтінде желдің тұрғанын.
Азан-қазан шулаған,
Өтсем қала-қорғаннан.
Көрінбей шеті шалқыған,
Орманы жалын шарпыған.
Құжынап іші маймылға,
Алдымда, міне, Африка.
Жетем Нілге жайнаған,
Жағасын тымсақ жайлаған.
Ұзын сирақ қоқиқаз,
Балығын аулар ала жаз.
Джунглиде тым-тырыс,
Жатыр бұғып жолбарыс.
Тыңдайды түріп құлағын,
Келсін деп жақын құрбанын.
Келеді біреу әріде,
Тербеліп зуза ішінде.
Кезігем құмды далада,
Қираған ескі қалаға.
Таппайсың онда ешбір жан,
Кәрі де жасы қалмаған.
Қыбыр етпейд көшелер,
Естілмейді күлкілер.
Қас қарайса түн жетіп,
Жанбайды жарық жылт етіп.
Барар ем сонда ер жетіп,
Қомында түйе тербеліп.

Дауылды түн

Түнгі аспанды бұлт торлап,
Соққанда дауыл ышқына.
Қарамай түн мен жаңбырға,
Шабады салтат құйғыта.
Оттар сөніп, түн ортасы ауғанда,
Шықты екен қайда бейуақта?

Ағаштар шулап желменен,
Кемені теңіз шайқаса.
Тасырлатып жолменен,
Шабады салтат құйғыта.
Тұяғы жерді жаңғыртып,
Келеді, әне, тағы да.

Оқырманға

Тамашалап анамыз сыртымыздан,
Тұрмаушы ма ед біздерді ойын қуған.
Сен де сондай үңілсең сәл азырақ,
Беттерін кітабымның ашып қарап.
Көресің өзіңдей бір тозық бала,
Асыр сап жүрген ойнап өзге бақта.
Дауыстап шақырсаң да қанша ұзақ,
Қасына бара алмайсың оның бірақ.
Ойынның кеткен түсіп қызығына,
Бұрылып сен жаққа ол қарасын ба,
Шықпайды кітабынан тартсаң қанша.
Жасырмай , жас досым, айтар болсам,
Есейіп баяғыда ол жігіт болған.
Мызғымай жалғыз-ақ қалған бақта,
Қартаймайтын балалық шаттық қана.

Сәбидің түнгі ойлары

Бөлмемнің сөніп жарығы,
Болғанда тастай қараңғы.
Шығады ойнап сан халық,
Күндізгідей ап-анық.

Жауынгер, патша, әмірші,
Асынған заттар әртүрлі.
Не деген сұсты түр дейсің,
Еш жерден күндіз көрмейсің.

Көрмеген ешкім тамашалап,
Циркті көрдім бір ғажап.
Адам мен хайуан қосылып,
Келеді керуен жосылып.

Жылжыды баста біртіндеп,
Тездетті сосын екпіндеп,
Қалмадым бірақ сонда да,
Кіргенше көзім ұйқыға.

Қаңғыбас

Шүкір етем осыған,
Керек емес басқаң ол.
Төбемде күліп көк аспан,
Жатса алдымда даңғыл жол.
Түбінде бұта түнеймін,
Матырып нанды өзенге,
Лайығы осы, ырзамын,
Өзіме тұщы өмірге.

Соқсын тағдыр ерте-кеш,
Бассын ауыр жүгімен.
Аман болса қара жер,
Жүре берем үстімен.
Керек емен махаббат,
Керек емес Байлық та.
Керегі сол жалғыз-ақ,
Жатса жолым алдымда.

Жырлашы

Жырлашы, сонау
теңіз кешкен ұланды,
Болар ма ем соның орнында?
Шаттана күліп, жүр ойнап,
Шулаған теңіз толқында.

Күйкі тірлік қалып артта әдра,
Порт сайын жұтар, сайран сап.
Жастықтың маздар жалыны,
Қайда екен сол бір есіл шақ.

Түсірші еске тағы да,
Жанымның шат күндерін.
Жылт жүректі маздасын,
Еске алып жастық дүрмегін.

Туласа толқын дауыл кеп,
Сабалап нөсер жөнелер,
Бәрі қызық, бәрі шат,
Келмейді-ау, қайтып сол күндер.

Аударған Нағыз Қапшықбай

Abai.kz

1 пікір