Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жауап 1705 4 пікір 4 Желтоқсан, 2023 сағат 13:15

Шора ма, әлде шура ма?

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Немесе жас зерттеушіге пайдалы кеңес

Жуық арада «QAZAQSTAN TARIHY» порталында ізденімпаз жас ғалым Әділет Ахметтің «Татарлар өткен ғасыр басында Шал ақынды жақсы білген» (21.11.2023 ) атты мақаласы жарық көрді. Көп ұзамай аталған интернет жобасының бетінде автордың «Қазан татарларын таң қалдырған кітапты жазған Жаманқұл ақын кім» (29.11.2023) дейтін тақырыппен екінші жазбасы да жарияланды. Алаштану бағытында біршама ізденістерімен танылып қалған зерттеуші ініміздің жазбаларына көзім түссе, қалт жібермейтін оқырманның бірімін. ФБ желісінде көзге шалынған мәнді дүниелердің бірі болған соң қызыға оқып шықтым.

Екі мақалада да әдебиетсүйер қауымға ой саларлық мәселелер көтерілгені құптарлық. Дегенмен, тәп-тәуір оқылатын мақалалардың мазмұнында «әттеген-ай» дегізетін тұстары да баршылық екен. Жас ғалымдарға сабақ болар деген оймен солардың бірнешеуіне тоқталуды жөн санадым. Көзге бірден түскені - тақырыптар тым шұбалаңқы.

Әділет Ахмет ініміз алдымен Шал ақын Құлекеұлы жөнінде 1928 жылдан 1998 жылға дейін қазақ тілінде жарияланған түрлі оқулық, хрестоматия, энциклопедия, т.б. жинақтар мен зерттеу мақаларын тізбелей келе: «Бүгінгі біздің жазбамызға арқау болып отырған дерек осы аталғандардың қай қайсысынан да ертерек һәм құндырақ болып отыр» деп тұжырымдайды. Біріншіден, бұл арада автор Шал ақын өмірбаянынан алғаш дерек келтіруші Шоқан Уәлиханов екенін, ғалым еңбектерінде ақынның қазақ халқы мен хандар шежіресін арқау еткен көлемді жыры болғандығы туралы жан-жақты мағлұмат берілгендігін қаперге алмаған.

Екіншіден, ф.ғ.д. Ж.ТІЛЕПОВТІҢ жетекшілігімен М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ ғалымдары әзірлеген «ШАЛ ҚҰЛЕКЕҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. ЗЕРТТЕУЛЕР» атты кітап (Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазған – С.Қосанов, Т.Әлібеков) 1999 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан жарық көрді. Автор бұдан да хабарсыз секілді.

Үшіншіден, әділет «Шора» журналы «шура» деп те аталып жүр. Шора нұсқасымен атау дұрыс. Қазақ, татар және ноғай тілінде шора батырдың есімі «о» мен дыбысталатыны талассыз» деп журналдың атауына түзету енгізбек болады. Мүлде орынсыз пікір дер едім. Өйткені, «шора» сөзі ескі қазақ тілінде – әскер, топ, қызметші, жолдас деген ұғымдарды береді. Ал «шура» болса татар тілінде – «кеңес» деген ұғымға ие. «Шура» журналынан басқа Ресей түркілері 1907 жылдары «Шура-и ислам» (Ислам кеңесі) ұйымын құрғаны мәлім. Бұл ұйымның жұмысына біздің алаш қайраткерлерінің өкілдері де қатысқанын білеміз. Кейін татар зиялылары «Милли шура» - «Ұлттық кеңес» қозғалысын дүниеге келтірді.

Төртіншіден, автор «Шура» журналының бас редакторы «белгілі оқымысты Ризаэтдин Фахретдиновтың бүркеніш аты – дәрдмонд» деп жазыпты. Бұл да қате. Себебі, «Дәрдманд» деген лақаб есімнің шын иесі «Вакыт» газеті мен «Шура» журналын өзінің жеке қаржысына шығарушы татар халқының классик ақыны – Закир Рәмиев болатын. Орал тауларында алтын кеніші, Орынбор мен Орскіде зауыт-фабрикасы, сауда үйлері бар кәсіпкер ағасы Шакир Рәмиев екеуі түркі-татар әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосты.

Бесіншіден, жас ғалым тағы бір тұста: «Н.Наушабаевтың Орталық ғылыми кітапханадағы сирек кітаптар қорынан табылған еңбектерін зерттеп отырып, біз ақынның нағашы атасы әйгілі Шал ақын екенін тұрақтандырғанбыз» деп жазады. «Шал ақынның жиені - Наушабаев кім еді?» деп аталатын мақаланы да оқыдық. Анығында, Нұржанның анасы Қадиша Шал ақынның қызы емес, шөбересі болып келеді. Демек, Нұржан ақын – жиеншар, яғни Шал Құлекеұлы оның арғы, түп нағашысы деген сөз. Оның үстіне, бұл екі тұлғаның туыстық жайын бұдан бұрын бірнеше ғалым жазған, зерттеу жинақтарында жарияланып, әдебиет тарихында қатталған тақырып. Оны мен «тұрақтандырдым» деудің өзі ғылыми этикаға жата қоймайды.

Негізі, жас зерттеушілер алдыңғы буынның еңбектерге назар аударумен қатар, тақырыпқа байланысты тарихи кезеңдік тұлғалар мен атауларды мұқият тексеріп алғаны жөн. Кейде бірді бірге соғып, қисынсыз жаза беруге абай болған абзал. Әсіресе, алаш қаламгерлеріне қатысты материалдарды әбден зерделеп алмай, жалпыға жария қылуға асықпаңыздар. Мәселен, «Шал ақынның еңбектерін әлдебір мұра жинақтаушы М.ШОРМАН, Ә.ДИБАЕВ, М.КӨПЕЙҰЛЫ...» деген тұста біраз ДӘЛСІЗДІК бар. Айналайын інім-ау, атақты Мұса Шорманұлы туралы «әлдебір мұра жинақтаушы» деген тіркесті оқырман қалай қабылдайды. Мұса – Арқадағы қарадан шыққан алғашқы аға сұлтанның бірі, шынжыр балақ, шұбар төс, заманының заңғар тұлғасы. Мына жерде М.Жүсіп Көпейұлы, Ә.Дибаевтардың замандасы Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов тұрса, жарасар еді. Шындығында, ақындар мұрасын жинаушы мұса шорманұлы емес, оның баласы, алаш азаматы – Сәдуақас.

Әділеттің екі мақаласына ортақ тағы бір кемшілік – автордың дәлелденбеген, дерексіз тұлғалар мен дәйексіз сілтемелерге сүйене беретіндігі. Тілеуке Құлекеұлының «Шал» атануын ол «Сегіз жасында сері атанған Мұхамметқұнапияның Сегіз сері атанғаны секілді» деп сипаттаған. Ойланып көріңізші, 8 жасында қазақ баласы қалай сері атануы мүмкін? Ол – мұрнының суы кеппеген ойын баласы емес пе? Әлде, серілік құру деген жасы жетпеген бала да, шаға да айналысатын сонша жеңіл дүние ме?

Жаманқұл ақын туралы екінші мақаласында Әділет тағы да Сегіз сері, Нияз серілерге жүгінеді. Оның тапқан деректерінде «Жаманқұл Дәндібайұлы - Сегіз сері, Нияз серілердің шәкірті ретінде көрсетіледі».  Бұдан әрі Ұшқын Сәйдірахман деген автордың «Қазақтың суырып салма әнші-ақыны Нияз сері жайлы не білеміз» атты мақаласынан үзінді келтіреді:

«Жаманқұл Дәндібайұлы әнші-ақын өзінің ұстазы – Сегіз серіге шығарған жоқтауында былай дейді:

Салдық құрған ұстазым,
Ниязды ертіп қасына.
«Гауһартасты» шығарған,
Он сегіз кәміл жасында», – деп бір деректің басын көрсетеді.

Білуімше, қазақ поэзиясында «суырып салма әнші-ақын» деген ұғым жоқ! Суырып салма өнер – айтыс ақындарына ғана тән қасиет. Өлеңді талдап көрейік. Бір шумақ жырдың «Салдық құрған ұстазым» деп келетін алғашқы тармағындағы «ұстаз» деген ұғымның өзі ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана, онда да Абай секілді бірен-саран жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларында қолданыла бастаған. Оған дейінгі ғасырлардан жеткен поэзиялық туындылардың ешбірінде «ұстаз» сөзі ұшыраспайды. Соның өзінде көбінесе, «молла», «мұғалім», «ахун», «ишан» деген сықылды атаулар белсенді қолданыста болғаны мәлім.

Осы орайда «Он сегіз кәміл жасында» дейтін соңғы жыр жолына назар аударайық. «Он сегіз кәміл жасында» - қисынды ма? Ол замандарда қазақ ақындарының аузынан шыққан, қағазға түскен «Қырықта кәміл толарсың» деген тәмсіл сөзді жиі оқып, еститін едік. Алайда, елдің сөзін ұстаған жырау-шешендер 18 жастағы бозбаланы «кәміл жасында» демеген. Он сегіз былай тұрсын, «Жиырма бестің кезінде // Жігіт пенен қыз да мас» деп пайымдаған елдің баласымыз. Қазіргі кеңестік жүйеден келген «кәмелет жасы» - ер жету мен бой жетуді білдіргенмен, кемелдікті – кәміл жасты айқындай алмайды.

Қысқарта айтқанда, Сегіз серіге қатысты ертеректе Қ.Биғожин жинап, әр түрлі қолжазба орталықтарына, жеке адамдарға таратқан сенімсіз деректер мен өлеңсымақтарға сілтеме жасау – ғылым адамына абырой әпермейтіні талай рет дәлелденген. Бұл орайда Қожаберген, Сегіз сері, Нияз сері, Салғара, Жанқиса, Мұсайын, т.б. ақын, жырау, әнші серілердің мұрасына байланысты М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ-дің мүйізі қарағайдай 20 шақты ғұламасы қатысқан һәм оларды теріске шығарған 3 бірдей Комиссия қортындысы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұрынғы-соңғы 3 мәрте қабылдаған Қаулы-шешімін назардан шығармаған абзал. Таратып айтқанда, ЖОО-ға және орта мектепке арнап оқулық жазушы педагогтер де, зерттеуші ғалымдар да мемлекеттік жоғары өкілетті мекемелердің заңнамалық құжаттарын орындауға міндетті деп ойлаймын. Оның үстіне мұндай былыққа белшеден батқан сенімсіз әрі болымсыз материалдар мақаланың шырқын бұзып, шырайын кетіретінін әрдайым ұмытпаған дұрыс. Менікі – шын жанашырлық, арғы жағын әдебиетші ғалымдардың патша көңілдері білсін!

Автор осы мақаласында: «Жаманқұл Шалдан жасы үлкен, тым құрығанда замандас (15 жас айырмасы бар) ғұмыр кешкен тұлға болады. Шал ақын (1743-1819) жылдар арасында дәурен сүргені белгілі. Ендеше Жаманқұл ақынның туғанына қазір шамамен 400 жылға жуықтады деген сөз», - деп бір тұжырымдайды. Бұдан кейін тіптен шарықтатып:

«Бұл деректер арқылы Жаманқұл ақынның қазаққа ғана емес, ескіше ортақ жазу қадім яки шағатай жазуында тым ертеде-ақ кітабы шығып, сол арқылы татарларды да мойындатқан, өзі Шал ақыннан да ертерек өмір сүрген дүлдүл жыр иесі болған деп болжауға негіз бар» деген қортындыға келеді. Жарқыным-ау, сонда Жаманқұл ақын Абылай заманынан да арыда өмір сүрген кісі ме еді? Абылай ханның өзі 310 жасқа биыл толып отырған жоқ па?! Осы жерде сәл аялдашы, інім. «Шағатай жазуы» деген жоқ, ғылымда «шағатай тілі» деген түсінік қана бар. Ал баспа ісі, матбуғат дегеннің өзі татарстанда ХІХ ғасыр басында ғана пайда болды. Осыдан 400 жыл бұрын өмір сүрген ақын қалайша кітап шығарды екен? Абсурд емес пе? Сірә, бұл жағын да жан-жақты ойланып, «Шурадан» алған аз ғана деректі шынайы ғылым тұрғысынан қайта бір қарастырғаның артық болмас, Әділет інім.

PS. Айтпақшы, Шал ақынның аталған журналда жарияланған бір шумақ өлеңінің толық әрі көлемді нұсқасы 1999 жылғы басылымда жарық көрді. Болашақ зерттеулеріңе сәттілік тілей отырып, ағалық кеңесін аямаған – Серікбай Қылышбайұлы, ақын, түркітанушы, ф.ғ.к.

Abai.kz

4 пікір