Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
1156 0 пікір 25 Тамыз, 2022 сағат 16:23

Еліміздегі студенттердің 30 пайызы Алматыда оқиды

Оқу жылы басталысымен республикадағы жоғары және кәсіби оқу орындарына студенттер ағылып келе бастайды. Олардың уайымы да, бас ауруы да – жатақхана алу мәселесі. Әсіресе, еліміздегі танымал жоғары оқу орындары орналасқан ірі қала Алматы студенттердің көп жиналатын мекеніне айналған.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматының өзінде 14-35 жас аралығындағы 700 мыңдай адам адам тұрады. Бұл шаһар тұрғындарының 37 пайызы екен. Еліміздегі студенттердің 30 пайызы Алматыда оқиды. Сондықтан Алматы жастар мен студенттердің қаласы. Ал, мектеп қабырғасынен енді ғана түлеп ұшқан жас талапкерге сабағына қиналмай барып-келу үшін, үлгерімі жоғары болу үшін тұратын жайлы орын керек. Былтырғы оқу жылында жатақхана тапшылығы 32 мың орынды құраған. Алматының 36 жоғары оқу орнында 182 мың студент оқыған. Оның ішіндегі 112 мың білім алушы басқа өңірлерден келген. Ал, биыл оқу гранттарының көптеп бөлінуіне қарай өзге аймақтардан келетін талапкерлер саны 125 мыңға дейін артуы мүмкін. Осыған орай Алматының төрт жоғары оқу орнының жанынан жатақхана салу жоспарланған.  Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты жатақхана құрылысына кіріссе, ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ХАТУ жатақхана салуға дайындық жүргізіп жатыр. Әкім Ерболат Досаев университеттерге құрылыс жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында республика бойынша 89 мың студентке жатақханада орын жетіспейтіні анықталды. Әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жатақхана тапшылығы қатты байқалады. Алматыда 37 мыңға жуық студентке тұратын жер керек болса, елордада 14 мың студентке жатақхана қажет. Атап айтқанда:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15 122 орын; Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 4 500 орын; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде  4 000 орын; Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 3 000 орын; Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде 5 000 орын жетіспейді.

«Студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап жаңа жатақханалар салынып жатыр. Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері 20 ЖОО-да 700-ден астам төсек-орынға арналған 93 нысан, оның ішінде 2022 жылы 1470 төсек-орынға арналған 6 нысан пайдалануға берілді», – дейді вице-министр Талғат Ешенқұлов.

Мәселені біржақты ету үшін қазіргі таңда әртүрлі шешімдер қарастырылып жатыр. Осыған байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақхана тапшылығын шешетін оңтайлы ұсыныстар көтерген болатын.

«Біріншіден, қазіргі таңда «Қаржы орталығы» АҚ жеке инвесторлармен жұмыс істейтін қаржы операторы болып саналады. Бірақ, жеке инвесторлар қазір жатақханалар салу мәселесіне күмәнмен қарайды. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, «Қаржы орталығының» шарттары да инфляцияны көзге алғанда қолайлы емес. Біз «Қаржы орталығымен» бірнеше шартты өзгертіп жатырмыз. Міндеттемелерді 8 жылдан 6 жылға қысқартамыз. Айлық көрсеткіштерді көтереміз, бұл – Қаржы министрлігімен пысықтайтын шаруа.

Екіншіден, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жақсы бір үлгісі бар. Алматыда орналасқан жеке қонақүйлер мен хостелдерді жинап, олармен арнайы келісімшартқа отырып жатыр. Қонақүйлер мен хостелдерге де ыңғайлы. Біз міндетті түрде оларға 100 пайыздық тапсырыс береміз. Олармен қаржы модельдері де түзеледі. Осы жобаны біз қазір бүкіл өңірлік университеттермен пысықтаймыз.

Үшіншіден, әрине, жеке инвесторларсыз бұл мәселе толыққанды шешілмейді. Сондықтан, ірі-ірі құрылыс компанияларымен, өңірлік құрылыс компанияларымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында, басқа да шарттар арқылы өңірлік универсиеттермен бірігіп жатақханалар құрылысын қолға аламыз», - деді министр.

Қазіргі таңда министр Саясат Нұрбектің ұсынысы бойынша, Алматыда жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа дайын хостелдерді, қонақ үйлерді, жеке жатақханаларды іздеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ биыл Қаржы орталығының жобасымен Алматыда 3 жоғары оқу орны аумағында құрылысы жүріп жатқан жатақханалар пайдалануға беріледі. Қаржы орталығы ұйымдастырған жобаның арқасында елімізде 2019 жылы 9 мың 166 орындық 10 жатақхана, 2020 жылы 20 мың 266 студентке арналған 75 жатақхана, былтыр 30 мың 630 орынға арналған 124 студенттер үйі салынған болатын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2240
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2594
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2558
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1687