Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Ақмылтық 2902 10 пікір 22 Тамыз, 2022 сағат 11:51

Жалқы және жалпы жауапкершілік

Өткен аптада Украина президенті Зеленскийдің мына бір бастамасы дүниені дүр сілкіндірді де, бұған дейін соғысқа қатысты бірегей де ортақ көзқарас ұстанып келе жатқан проукраиндық қауымдастықты қақ жарды: ол Еуроодақты ресейліктерге виза бермеуге шақырды.

Оның пайымдауынша, Украинаға қарсы ашқан соғыс үшін саяси жауапкершілікті тек ресей басшылығы ғана емес, бүкіл халық бөлісуі тиіс, сол кезде шетелге шыға алмай қалған жұртшылық Кремльге соғысты тоқтату туралы талаптарын қоя бастайды.

Рас, басында бұл бастама біраз қарсылық тудырғаны рас. Біреулер адам құқының халықаралық стандарттарын меңзесе, екіншілері «Путин бастаған бәлеге қарапайым халықтың нендей қатысы бар?», «Кремльдің басқыншылық саясатына қарсылық танытқандар да өз елінен безіп жатыр емес, олар не істемек?» деген сауалдар қоя бастады. Осы іспеттес сынды естіген Зеленский «олай болса, соғысқа қарсы боп, шет ел асқан ресейліктерге «босқын» деген тиісті мәртебе берілсін» деген уәж айтты.

Өз басым, Зеленскийдің осы бастамасын қолдаймын!

Оның мынадай себептері бар.

Біріншіден, шынымен де соғысты дереу тоқтатпаса, болмайды. Қаншама адам қырылып жатыр, осылай жалғаса берсе, Украина экономикасының аяққа тұрып кетуінің өзі неғайбыл: Батыс оған үнемі көмектесе бермейді ғой, оның өзінің проблемалары шаш етектен. Бұған дейін жарияланған санкциялар ұзақ мерзімде ғана өз нәтижесін беретін сияқты. Мұнай мен газға телініп қалған ресей экономикасы сұмдық санкциялар жарияланса да, Батысқа осы екі байлығын әлі де сатып, күніне шамамен бір миллиард доллардай пайда тауып, бұрынғыдай байлыққа кенелуде.

Екіншіден, мұндай қадам Еуроодақтың өз шекарасының маңындағы соғысқа көзқарасын біршама өзгертер еді. Алғашқы кездегі әумесер Кремльге «әй!» дейтіндей әупірім бүгінде сезілмейді. Қылышын сүйреп қыс келеді, сол себепті ресейлік қуат тасығыштарға зәру елдер өз ұстанымынан түпкілікті айнымаса да, соғысқұмар режимге жұмсара бастаған сықылды. Мұның өзі Кремльдің қолтығына су бүркіп, оны одан сайын ешіртіп жіберетіні түсінікті. Осындай кезде Зеленский ұсынып отырғандай тосын да тиімді бастамалар ауадай қажет.

Үшінші себепті басты себеп деп атар едім: XXI ғасырдағы соғыстар тізіміне енген осы қырғынды тоқтатар бірнеше күш бар.

Бірі – соғысты бастаған жақ, яғни, Мәскеу. Бірақ, 24 ақпандағы шешімінің қате болғанын сезде де, әбден қасарысып алған Путин алған бетінен қайтпайтындай.

Екіншісі – Киев, ол үшін ол капитуляция жариялап, жеңілгенін мойындау керек. Бірақ ондайға масқара қадамға бұл күндері біртұтас ұлт ретінде бірігіп, рухтанған, орасан зор күшке ие болған украин халқы бармайды! Ол халық өліспей, беріспейді, өйткені олар Ресей секілді басқа елдің жерін басып алған жоқ, өз жерін, өз Отанын қорғап жатыр!

Үшіншісі – Біріккен ұлттар ұйымы секілді ресми құрылым. Өкінішке орай, бүгінде бұл ұйым мүлдем қауқарсыз, қолында халықаралық қақтығыстарды реттейтіндей механизмі жоқ.

Төртіншісі - «ұжымдық Батыс». Бірақ өз басым одан соғысты тоқатайын деген батыл да біржақты ниетті көріп отырған жоқпын.

Бесіншісі – ресей билігінің өз ішіндегі либерал, бейбітшіл күштер мен соғыстың зардабын әбден шегіп, шетелдегі байлықтары мен қызықтарынан айрылып, мүсәпір боп қалған олигархтар. Олар сарай төңкерісін ұйымдастырып жіберәден де тайынбайды. Ол да мүмкін.

Алтыншысы – Калининград пен Сахалин, Чукотка мен Дағыстан арасындағы аумақты алып жатқан деревняларда тұрып жатқан қарапайым халық. Иә, оның дені «ұлыресейлік шовинизм» кеселіне шалдыққан, ресейлік ресми пропаганда уымен әбден зомбиланған. Бірақ, мәскеулік бір досым айтқандай: «Путинді ресейлік оппозиция емес, ертеңгі күні шетелден жеткізілуі тоқтаған памперс пен тампакс іздеп алаңдарға шыққан әйелдердің өзі-ақ төңкеріп тастайды!». Сол үшін ертеңгі күні кез келген ресейлік азамат шетелге шыға алмайтындай жағдай жасалса, соның түпкі себебі Путин бастаған соғыс екенін ұғына бастар еді.

Сөйтіп, ресей халқы Путиннің жалқы жауапкершілігімен қатар, өзінің ұлт ретіндег жалпы жауапкершілігін сезініп, соғысқа қарсы мықты қозғалыс пайда болып, мына қанитөгіс қырғын тоқтар еді!

Басқаша амалын мен әзірше көріп отырған жоқпын!

Әміржан Қосан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар