Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2739 0 пікір 10 Тамыз, 2022 сағат 13:26

Ресей шындықты жасырып әлек

Қырым тағы да ел аузында. Бұл жолы Қырымдағы жарылыс әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. 9 тамыз күні Қырымдағы Новофедоровка ауылындағы әуежай жарылды. Жергілікті тұрғындар сағат 15:20-да кемі 12 жарылыстың болғанын айтады. 

Оккупациядағы Қырымның басшысы Сергей Аксенов бір адамның қаза тауып, 13 адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Сарапшылар Қырымдағы жарылысқа байланысты түрлі болжамды айтуда. Ресей қорғаныс министрлігі бір ғана нұсқа қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Шойгудың сөзіне сенсек, "қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтамаудың салдарынан өрт болған". Әрине бұл болжамға көпшілік, тіпті Ресей халқының өзі күмәнмен қарай бастаған сияқты.

Появилось видео последствий взрывов в Крыму - Korrespondent.net

"Мәскеу" крейсерінің суға батуын "ешқандай да шабуыл емес, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болды" деген еді. Құны млрд долларға жуық крейсер Қара теңіз флотының көшбасшы кемесі (флагман) еді. Ол үш деңгейлі қорғаныс жүйесімен жарақтанды және әуе, теңіз, құрлықтан жасалатын шабуылдарға тойтарыс бере алатын. Ресей солай деп талай мәлімдеді. Алайда "Мәскеу" крейсері теңізде дауыл жоқ сәтте суға кетті. Сарапшылар "Мәскеудің" суға батуы Украина қарулы күштерінің шабуылынан болғанын айтады және нақтылы дәлелдеді. Соққы жасаушы "Байрақтар" дроны "Мәскеудің" қорғаныс жүйесінің назарын өзіне аударған сәтте, зымыранмен қапталдан соққы жасалғаны айтылады. Крейсердің суға батқанын Ресей билігі мойындаса да, ақиқатты қоғамынан жасырып қалды және қаза тапқандарды із-түссіз жоғалғандар тізіміне қосып, жақындарына шындықты айтпады.

Взрыв в Крыму: неудачно покурили на военном аэродроме? - Брестская область новости

Қырымдағы әуежай жайлы да ақиқатты жасырып қалатыны анық. батыс сарапшылары "Қырымдағы әуежайға нақты соққы жасалғанына еш күмән жоқ" дейді. Оған бірнеше себепті келтіреді. Біріншіден жай өртте бір мезетте 12 жарылыс болмайды, тек соққы жасалған сәтте ғана 12 жарылыс болады. Екіншіден мұндай әуежайдағы өрт қауіпсіздігі жоғары деңгейде болады, яғни әуежайдың тұтас өртеніп кетуіне жол берілмейді, өрт басталған сәтте-ақ ауыздықталады. Міне, осы себептерге қарап, "қауіпсіздік ережелерін сақтамау дегенді бастан шығарып тастап, соққы жасалды" деген нұсқаны ғана қалдыру керек.

Эксклюзивное видео взрывов на военном аэродроме в Крыму 09 августа 2022 | НГС - новости Новосибирска

Сарапшылар соққыны немен және қалай жасады дегенді қарастыруда. Бірінші нұсқа ретінде Қырымдағы диверсанттардың әрекеті дегенді келтіреді. Ол бойынша әуежайға диверсанттар кіріп, жарылыс ұйымдастыруы мүмкін. Алайда әуежайдың қорғанысы мықты, сондықтан мұндай қадам сөзсіз атысқа ұласар еді дейді. Екінші нұсқа зымыранмен жасалған соққы. Бұл шындыққа жанасады, тек қандай зымыран қолданды деген сұрақ тұр.

Украинаға Батыс берген HIMARS-тар бар. Алайда оларға ресми түрде әлі 300 шақырымға жететін зымырандар берілген жоқ. Киевке теңізден болатын шабуылдан сақтану мақсатында Гарпун зымырандары жеткізілген болатын. Мамандар "Гарпун блок ІІ" зымырандарымен соққы жасауға болатынын айтады. Сонымен бірге Украинаның өз өнімі саналатын "Гром" зымыран кешені бар. Оның жасалып жатқаны жайлы бірнеше мәрте қорғаныс министрлігі хабарлаған болатын, алайда ұрыс жағдайында көрсеткен емес. Сипаттамасында "Громның" 250-400 шақырымдағы нысандарға соққы жасау мүмкіндігі бары айтылады. Сарапшылар соққы жасалса осы құрылғылардан жасалуы мүмкін дейді.

Украина готовит контракт на поставку ОТРК “Гром” за границу, — директор “Укрспецэкспорт” | Companion UA

Ресей неге соққы жасалғанын мойындамайды? Себебі бұл Ресей әскерінің әуе қорғаныс және зымыран шабуылынан сақтану жүйелерінің тиімсіздігін тағы бір мәрте мойындау болып табылады.

Ресей билігі шындықты жасырып, өтірікті асырып жатқан сәтте, Қырымнан кетушілер (қашушылар) саны артты. Олар Украина әскері жақын аралықта Қырым көпіріне соққы жасайды деген ойда. Киев "мүмкіндік болған сәтте, көпірге сөзсіз соққы жасалатынын" жасырмайды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір