Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2559 0 пікір 21 Қараша, 2012 сағат 13:36

Елбасы Алматыны аралады

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңа көлік инфрақұрылымының құрылысымен танысып, жақында пайдалануға берілген жол айрықтарын көрді. Алматыдағы LG Electronics компаниясына соғып, оның жұмысына баға берді.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңа көлік инфрақұрылымының құрылысымен танысып, жақында пайдалануға берілген жол айрықтарын көрді. Алматыдағы LG Electronics компаниясына соғып, оның жұмысына баға берді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ал­матыдағы өзінің резиденциясында қа­ла әкімі Ахметжан Есімовті қабылда­ды. Кездесу барысында қаланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жаңа жол айрықтарының құрылыс барысы мен метрополитеннің екінші кезеңі туралы сөз болды. А.Есі­мов Қазақстан Президентіне қаланы әлеумет­тік жаңғыртудың келешегі мен бюджет­тік қаражатты тиімді пайдалану жөнінде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы кездесу­дің қорытындысы бойынша қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту және өзекті мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. 
Түстен кейін Елбасы Сайын мен Мұс­тафин көшелерінің қиылысындағы жол айрығын қарап шығып, атқарылған жұмыстарға жақсы баға берді. Алматыда биыл жазда бір мезгілде ірі алты жол айрығының құрылысы басталған бо­латын. Олар әл-Фараби даңғылы - Ро­зыбакиев көшесінің, әл-Фараби - Дулати, Сайын - Жұбанов, Сайын - Торайғыров көшелерінің, Райымбек даңғылы - Мо­мышұлы, Халиуллин - Құлжа трактісінің бойларына салынып жатыр. 
- Алматы қаласындағы жол қоз­ғалыстарын жеңілдету үшін метрополи­тен салынды. Бірақ метроға адамдар әлі үйренбей жатыр. Екінші кезекте көлік­тердің кедергісіз, тоқталмай өтуіне жағдай жасайтын жол айрықтары салынуда. Жылдам салынуда, біразы биыл, қалғаны келесі жылы бітеді. Жолдар біршама же­ңілдеп қалатын болды. Алматыда 200 автобус газбен жүретін болды, жаңа трол­лейбустар, трамвайлар сатып алынды. Осының бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартады. Биылдың өзінде қаланың ауасы тазарып қалғаны байқа­­лады. Осын­дай жұмыстардың арқасында Алматы­ның жағдайы күннен-күнге жақ­саратын бола­ды. Еліміздің ең үлкен, ең әдемі қала­сын­да халықтың тұруына жағ­дай жасалып жатыр. Қаланың ауасын тазар­ту, жасыл желекті көбейту мәселесі, көше­лердің кеңейтілуі бұдан әрі жайлы өмір сүруге мүмкіншілік береді. Сондық­тан қала әкімшілігі істеп жатқан жұмыстар­­дың барлығын қолдаймын. Дұрыс жұмыс істеп, мәселелерді шешіп жатыр деп санаймын, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 
Алматы қаласы әкімінің орынбаса­ры Виктор Долженковтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 10 қазанында Сайын - Жұбанов көшелері­нің бойындағы жол айрығы ашылып, көлік қозғалысы қалпына келді. Бүгінде Жұба­нов және Сайын көшелерінің қиылы­сын­да тоннельдер жасау және эстакада тұр­ғызу жұмыстары жүріп жатыр. 
Эстакаданың ұзындығы шамамен 340 метр, тоннельдің ұзындығы 1 180 метрден астам. Жұбанов көшесі бойындағы қа­жетті жол инфрақұрылымдарын ретке келтіру іске асырылуда.
Қазанның 30-ы күні Сайын-Торайғы­ров көшелерінің бойындағы жол айры­ғында көлік қозғалысы ашылды. Сайын-Торай­ғы­ров көшелерінің қиылысындағы жол айрығында қозғалыстың ұзындығы 660 метрлік ашық тоннельден өтеді. Осылайша, магистральдердің негізгі екі тар­мағы іске қосылды, қалған төртеуінің құ­ры­­лы­сы келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде бұларда электрмен монтаждау, инженерлік желілерді жүргізу, тірек қабырғаларын орнату, тоннельдер, жер асты жүргінші жолдарын салу жұмыстары жалғасуда. 
Жол айрық құрылыстарына үстіміз­­дегі жылы бөлінген 23 млрд теңге толы­ғымен игерілді. Үкімет құрылыстарды жеделдетіп аяқтау үшін қосымша тағы 6 млрд теңге қаражат бөлді. Бүгінде құры­лысы бітпеген жол айрықтарында тоннельді әрлеу, инженерлік желілер мен мо­нолитті коммуникациялық арналар жасау жұмыстары жүргізілуде. Барлық жол айрық құрылыстардың жұмыстары 2013 жылы толықтай аяқталуы тиіс. Бұл жұмыстардан басқа қосымша жолдар жөндеуден өткен. Әкім орынбасарының айтуынша, биыл 222 шақырымнан астам автожолдар жөнделіпті, ал Талғар тракті толық күрделі жөндеуден өткен.
Қала тарихында жол айрықтарын осын­дай жоғары қарқынмен салу бұрын-соңды болмаған. Қалалықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін ауасын тазартып, экологияны жақсарту, кө­лік кептелісін барынша азайту, мегапо­листің инфрақұрылымын одан әрі да­мы­ту­ға қала басшылығы күш салатынын айтты. 
Жол айрығы құрылыстарын көр­геннен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда 1998 жылдың мамыр айында ашылған LG зауытына ат басын тіреді. LG зауыты Орталық Азиядағы электроника мен тұрмыстық техника шы­ғаратын ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Кәсіпорын тоңазытқыш, мұздатқыш, шаң сорғыштар, автоматты және жартылай автомат кір жуғыш машиналар, сон­дай-ақ ұсақ тұрмыстық тех­никалар жа­сау­ға маманданған. Елбасы мұнда өндіріс үрдісі кезінде қолданылатын иннова­ция­лық әзірлемелермен танысып, жабдық­тарды қарап шықты. Компания басшылары Президентке ТМД елдерінде аналогы жоқ негізгі платаларды шығаруға арналған автомат­тан­ды­рылған линияны көрсетті. Соңғы кез­дерде зауытта 420 жа­ңа жұмыс орны ашылыпты, алдағы уақыт­та тағы да қо­сымша жұмыс орындарын ашу көзде­луде. Елбасы зауыттың шығарған өнім­дерін көріп, кәсіпорынның аяқ алысына оң баға берді.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 598
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 337
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 344
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 350