Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әліпби 3398 3 пікір 30 Маусым, 2022 сағат 12:24

«Ұлттық жоба» деген әліпбидің кемшілігі жоқ па?

Ғалымдарымыздың бір тобы Орфографиялық топ әліпбиін жарамсыз деп, оның орнына «Ұлттық жоба» деп аталатын әліпби нұсқасын алуды ұсынып жүр. Ал бұл әліпби ше, кемшіліксіз бе? Талдап көрейік.

1. Жазуға қолайлы ма?

Кестеде «Ұлттық жоба»  мен Орфографиялық топ әліпбиіндегі латында жоқ дыбыстардың таңбалары берілген. (Мұнда А.Шәріпбайдың «Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері», 2017 кітабындағы мәліметтер пайдаланылды). Кестеге назар салсақ, ноқатты әріптердің пайыздық үлесі Орфографиялық топ әліпбиінде 13,6%, ал «Ұлттық жобада» 12% екенін көреміз. Бұл орайда «Ұлттық жобада» й мен у-дың алдындағы і мен ү-нің жазылатынын ескесек, ондағы ноқатты әріптер үлесі 12%-дан көп болатыны түсінікті. Демек, «Ұлттық жоба» да Орфотоп әліпбиі сияқты қолмен жазуға қолайлы емес.

2. Сөздің қате оқылмауы

«Ұлттық жобада» ұ, і дыбыстары латынның u, i әріптері арқылы белгіленген. Бұл әріптердің жаратылыстану-математика пәндері мен медицинада латынша у, и деп оқылатыны белгілі. Соған байланысты «Ұлттық жобада» ұсынылған таңбалау u, i әріптерінің екі түрлі оқылуына соқтырады. Мысалы, uran − ұран, уран;  tire – тіре, тире.

Бұл орайда u әрпімен у мен ұ-ны, ал і әрпімен и мен і-ні қатар белгілеу салдарынан кейбір түркі халықтарының ұ, і-мен айтылатын сөздерінің кейбірі у, и арқылы айтылатын боп ауысып кеткенінің мысалдарын көптеп келтіруге болады. (Тіпті, өзіміздің «музыка» сөзін музыка демей, музыйка дейтініміз де ы әрпін орыс тілінде ый деп дыбыстайтынымыздың салдары.) Демек, «Ұлттық жобадағы» ұ мен і дыбыстарының латынның u, i әріптерімен белгіленуі бұл дыбыстардың жойылуына жеткізбегенмен уақыт өте келе кейбір сөздеріміздің айтылуының өзгеру қаупін туғызады. Ал Орфотоп әліпбиіне келетін болсақ, ондағы ұ мен і-нің латында жоқ әріптермен белгіленуі олар арқылы жазылатын сөздердің қате оқылуын болдырмайды.

3. «Ұлттық жобаны» ұсынушылардың кейбір уәждері жөнінде

Енді «Ұлттық жобаны» ұсынушылардың өз әліпбилерін құрастыруда негізге алған уәждерінің кейбіріне пікірімізді білдіре кетейік.

а) «Қазақтың ұ мен і дыбыстары туысқан халықтарымыздың у, и дыбыстарына балама, сондықтан ұ мен і дыбыстарын латынның u, і әріптерімен белгілеген дұрыс» деген уәжге айтарымыз.

Иә, қазақтың ұ мен і дыбыстарымен айтылатын сөздерін түркі халықтарының басқаларының у, и дыбыстарымен алмастырып айтатыны рас, бірақ біз олардың у, и арқылы дыбыстайтын сөздерінің бәрін бірдей ұ, і арқылы айта бермейміз, кейбірін у, и арқылы да айтамыз. Сондықтан біздің ұ мен і-ні латынның u, і әріптерімен белгілегеніміз басқа түркі халықтарына тиімді де, біз үшін тиімсіз.

б) «Ы мен і дыбыстарының таңбалары бір-біріне ұқсас болуы керек, сондықтан і-ні i әрпімен, ал ы-ны жуан реңкті ɪ әрпімен белгілеуіміз керек» деген уәжге айтарымыз.

Фонетикалық әліпбидегі дауысты дыбыстар кестесіне назар салсақ, ɪ әрпінің тіл алды дыбысының таңбасы екенін көреміз. Яғни, ол жуан реңкті дыбыстың таңбасы емес, керісінше, жіңішке реңкті дыбыстың таңбасы. Ал ы мен і дыбыстарының таңбалары бір-біріне ұқсас болу керек дегенге келетін болсақ, олардың 1929 жылғы латын әліпбиіміздегі таңбалары ь мен i әріптері де, қазіргі кирил әліпбиіндегі ы мен і әріптері де бір-біріне ұқсас емес, бірақ оның қиыншылық келтіріп жүргендігі жөніндегі тұжырымды естіген жоқпыз. Демек, ы мен і дыбыстарының таңбасы ұқсас болуы құптарлық болғанмен, міндетті шарт емес.

г) «Ұлттық жоба» түркі жұртымен жазу ортақтығына жеткізеді» деген уәжге айтарымыз.

«Ұлттық жобаны» жақтаушылар әліпбиімізде 1991 жылы қабылданған «Ортақ түркі әліпбиінің» таңбаларын ғана пайдалануды ұсынып, ол арқылы түркі халықтарымен жазу ортақтығына жетеміз деп есептейді.

Алайда латын негізді әліпбиді бізден бұрын қабылдаған түркі халықтарының әліпбилеріне қарасақ, олардың «Ортақ түркі әліпбиіне» бағына бермегенін аңғарамыз. Тіпті, «Ұлттық жобаны» ұсынушылардың өзі де ә, ң дыбыстарының «Ортақ түркі әліпбиіндегі» таңбаларының орнына басқа таңба алған. Жақсы, оларды да «Ортақ түркі әліпбиіндегідей» қылдық дейік, бірақ соның өзінде де біздікі «Ортақ түркі әліпбиі» бойынша түзіліп, басқалардікі одан өзгеше болса, арамызда қалай бірлік болмақ?!

Сондай-ақ  «Ортақ түркі әліпбиі» шеңберінен шықпау үшін  біздің ұ, і дыбыстарымыз «Ұлттық жобада» u, i әріптерімен белгіленіпті. Бірақ бұл әріптерді туысқан халықтарымыз у, и деп оқиды. Сонда бір әріпті екі халық екі түрлі дыбыстайтын болса, ортақ әліпби пайдаланған болып шыға ма? Әрине, жоқ. Біздіңше, бірдей әріптерді бірдей дыбыстайтын болсақ қана ортақ әліпби пайдаланып отырмыз деуге болады.

Бұл мақалада біз «Ұлттық жобаны» жан-жақты сараптауды мақсат еткен жопыз. Алайда жоғарыда келтірілген мысалдардың өзі-ақ «Ұлттық жоба» нұсқасының да кемшіліксіз еместігін көрсетеді.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

3 пікір