Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық 4494 4 пікір 10 Маусым, 2022 сағат 14:04

«Құзғын» келе жатыр...

Қазақстан мен Түркия арасында соққы жасаушы дрондарды алу бойынша келісім жасалды деген нақтыланбаған ақпарат өткен жылы шықты. Араға уақыт салып, Түркиялық БАҚ бірнеше мәрте "Қазақстанға Anka дрондарын әне жеткіземіз, міне жеткіземіз" деген мәлімет таратты. Қазақстан бұл ақпараттарды не растамады, не жоққа шығармады. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барып, екі күндік іс-сапар барысында Қазақстанда соққы жасаушы дрондарды шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасасты. Зауыттың қашан және қай жерде салынатыны әлі нақты белгілі емес.

Түрік қорғаныс өнеркәсібі мамандары дрондарда қолданылатын отандық зымырандар қатарын кеңейтуде. Türk Havacılık ve Uzay Sanayii (TUSAŞ) UAV бас директорының орынбасары Өмер Йылдыз Анадолы ақпарат агенттігіне осы уақытқа дейін 36 дана Anka дронының жалпы ұшу уақыты 120 000 сағаттан асқанын айтады.

Оның айтуынша, Түркияда жасалған соққы беретін дрондар шетелде үлкен сұранысқа ие. "Туниспен жасалған қорғаныс келісімшарты аясында жақын арада бұл елге соңғы екі Anka ұшу аппараты жеткізіледі. Қазақстанның қажеттіліктеріне арналған Anka ұшқышсыз ұшатын аппараттары 20 маусымда жөнелтіледі" дейді ол.

"Малайзия қарулы күштерінің қажеттіліктері үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу бойынша тендерге өтінім қарастырылуда. Өтініш 1,5 жылдан астам қаралды. Бастапқыда тендерге 12 компания қатысып, екеуі қалды. Менің ойымша, мүмкіндігіміз зор. Шешім тамыз айында жарияланады, бұл Anka дрондарының алу бойынша болады деп үміттенеміз", - деді ол. Осы сөздері арқылы Түркия дрондарына деген сұраныстың орасан екенін білсек болады.

Йылдыз Аnka-ның максималды ұшу салмағының 1700 келі екенін еске салды. Дрондар аяздан және найзағайдан қорғау жүйелерімен жабдықталған. Йылдыздың айтуынша, TUSAŞ-тың Anka және Aksungur дрондары SAR радары арқылы теңіздегі миналарды анықтай алады. Яғни тек қана әскери мақсатта емес, іздеу және барлау мақсатында да қолдануға болады.

Йылдыз бұрыннан қолданылған MAM-L және MAM-C шағын зымырандарымен бірге Anka UAV үшін арнайы ауыр "Құзғын" зымыраны жасалғанын атап өтті. "Құзғын" зымыраны басқаларға қарағанда ауыр, оның салмағы 100 келіге дейін жетеді.

Орталық Азия елдерінің ішінде Түркіменстан мен Қырғызстанда "Байрақтар" соққы жасаушы дрондары бар. Ал Қазақстан Түркия дрондарын алатын аймақтағы үшінші ел болмақ.

Abai.kz

4 пікір