Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Арылу 6401 31 пікір 8 Маусым, 2022 сағат 14:38

Үш тілді қатар оқыту кімнің идеясы? Оны кімдер қолдаған?

Қазақстанда білім бағдарламасына тағы өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл бірінші сыныпта үш тілді, қазақ, орыс және ағылшын тілін қатар оқытуға байланысты. Осылай деп білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Ол бірнеше тілді білу артықшылық екенін, бірақ бастауыш сыныптарға келгенде, зерттеулер жүргізгеннен кейін, бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді меңгеру қиынға соғатынына көз жеткізгенін айтады.

Министр Аймағамбетовтің мәлімдемесі

«Мәселе дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселе бойынша шешім қабылдадық және бірінші сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектептерде бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгеруі, яғни алдымен өз ана тілінде оқу мен жазуды меңгеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектептерге келсек, 1-ші сыныпта орыс және мемлекеттік тілдер, 3-ші сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Әдістемелік тұрғыдан алғанда бұл орынды, мұндай зерттеулер мен ұсыныстар жасалып қойған. Сондықтан біз оны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Үш тілді бірінші сыныптан бастап оқыту бағдарламасы 2016 жылы енгізілген болатын. Сол кезде бағдарлама қазақ қоғамының қарсылығына ұшырады.

«Әуелі бала ана тілін жетік меңгеріп алуы керек», «Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршін үш тілді қатар оқыса, өз тіліне шорқақ болады», «Сауатын ана тілінде ашсын, содан кейін шет тілдері оқытылсын» деген пікірлер айтылды. Осы пікірлердің тобықтай түйінін қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың айтқанымен берсек: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз», - деп жазып кеткен ғалым.

Үш тілділік идеясының авторы - Нұрсұлтан Назарбаев

Жалпы үш тілділік идеясы туралы алғаш рет бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында ХІІ құрылтайында айтқан болатын.

Экс-президент 2007 жылғы халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Кері кеткен статистика

«Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс», - деді Назарбаев.

2020 жылы әлемнің түрлі елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын English Proficiency Index зерттеуінің нәтижелері жарияланды. Қазақстан әлемдегі 100 елдің ішінде 92 орынға ие болып, ағылшын тілін ең төмен деңгейде білетін елдердің қатарында тұрды. Ал, 2021 жылы 112 елдің ішінен 96 орынға бір-ақ түсті.

Үштілділікке қарсы шыққан депутат - Алдан Смайыл

Назарбаевтың жолдауынан кейін елде үштұғырлы тіл саясатын іске асыру шаралары басталып кетті. Ақырында бұл бірінші сыныптан бастап қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар оқытуға алып келді.  Үш тілділік бағдарламасы дайындалып жатқанда, сол кездегі Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бұл жобаға қарсы шықты.

«Ағылшын тілі 3-ші сыныптан бастап енгізілуі тиіс. Егер алты жасар бала бірінші сыныпта үш тілді үйренсе, онда тіл, рух және адамгершілік жағынан біз одан рухани мүгедек жасап шығарамыз. Әлемнің ешбір елінде 1-ші сыныпта немесе 2-ші сыныпта шетел тілін оқытпайды. Жапонияда шет тілін оқуды 6-шы сыныптан бастайды. Олар дұрыс істемейді деп қалай айта аламыз? Үш тіл дегенді қайдан алдыңыздар? 6 жасар бала үш тілді меңгере алады деген қорытынды жасап берген адам бар ма?.. 1-ші сыныптан бастап, қазақ тілі әдебиетпен біріктіріліп бес сағат оқытылады, жоғарғы сыныптарда қазақ тіліне сағаттар аз бөлінген. 5-ші сыныпта орыс және ағылшын тіліне қарағанда, қазақ тілі мен әдебиеті жеті сағатқа аз оқытылады. Қазақ тілін орыс тілі мен ағылшын тілінен аз оқыту туралы тапсырманы кім берді? Бастауыш сыныптан соң бала қазақ тілін біліп шыға ма, ағылшынды ма?», -  деген еді Алдан Смайыл.

Үштілділікке қарсы шыққан депутат - Мұрат Бақтиярұлы

Өткен аптада ғана Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы үш тілділік бағдарламасын сынға алды.

«Әрине, жастардың ағылшын тілін білуі – уақыт талабы. Бірақ ойлау, сананы дамыту жүйесі әлі толық қалыптаспаған бірінші сыныптағы, балабақшадағы қазақ бүлдіршіндеріне бірден үш тілді оқытудың қажеті қанша? Қазақстаннан басқа әлемнің ешбір мемлекетінде үш тіл бірдей оқытылмайды. Шет тілін білу сауаттылықтың негізгі көрсеткіші емес, әлемдік ғылымды игеруге қажетті құрал ғана. Ал шынайы сауаттылық - бұл өмірді білу, таңдаған мамандықты терең меңгеру және өмірлік сұраныстарға жауап бере алатын дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру. Сондықтан ел президенті Тоқаев шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауы бойынша 5-ші сыныптан бастаған дұрыс және тиімді» ,- деген пікір білдірді.

Сенатор бұрыннан үш тілде оқыту жобасын зерттеп жүр. Ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқылатынын анықтап, екі тіл 1-ші сыныптан 4 елде, 2-ші сыныптан 5 елде, 4-ші сыныптан 12 елде оқытылатынын айтқан еді.

«Біздің балаларымыз бітпейтін реформалардың тәжірибе алаңына айналды. Соңғы 30 жылда Қазақстанның білім беру жүйесі 10 миллионнан астам адамды қамтыды. Біз өскелең ұрпақтың өзіне сенімсіз болып өскені үшін де жауаптымыз. Жастар тұлға ретінде, маман ретінде қалыптаса алмаса, жауапкершілік біздің мойнымызда», - деді депутат.

2016 жыл. «Forbes.kz» сайты. «Үш тұғырлы тіл» деген халыққа зиянды сол кездегі министр Ерлан Сағадиевтің бағдарламасын қолдаған бизнесмендердің тізімін жариялаған. Дәлірек айтсақ, елдегі бір топ терең қалталы кәсіпкерлер мектептерде 1-ші сыныптан бастап үш тілде оқыту туралы бастаманы қолдайтындарын айтып, арнайы мәлімдеме жасаған. Үш тілділікті қолдаған кәсіпкерлер мына кісілер:

Айдын Рақымбаев,

Айгүл Жайлаубекова,

Андрей Лаврентьев,

Анатолий Побияхо,

Арманжан Байтасов,

Бауыржан Жамалов,

Берік Қаниев,

Ғалымжан Есенов,

Гауһар Қапарова,

Дәурен Жақсыбек,

Елдар Әбдіразақ,

Ерлан Қожасбай,

Исламбек Салжанов,

Кеңес Рақышев,

Мехмет Кемал Шетинели,

Махмұд Шадиев,

Марат Шотбаев,

Сидик Хан,

Талғат Ақсамбаев,

Тұрсын Алагөзов.

Мемлекеттік тіл мен орыс тілі қатар оқытылатын, кез-келген қызметке кірер кезде мемлекеттік тілді ғана білу жеткіліксіз саналатын елде үшінші шет тілін білуді 6 жасар балаға міндеттеу ауыр екенін министрлік ұғынып отыр. Ендігі кезекте іске кірісу ғана қалды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

31 пікір