Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4574 0 пікір 3 Қараша, 2012 сағат 16:03

Болашақты болжаған кемел еңбек

Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутат 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген болатын. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің дәл сол  1  желтоқсанда сайланып, Қазақстан Республикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басылғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент  күні болып белгіленсе, жалпы мұның әлемде бар үрдіс болып табылатынын айрықша атап көрсеткен орынды.

Сонымен, 2012 жылдың 1 желтоқсаны  елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні ретінде атап өтіледі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шын мәнінде, Елбасының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Төменде Тұңғыш Президент күніне орай жазылған алғашқы материал жарияланып отыр.

Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутат 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген болатын. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің дәл сол  1  желтоқсанда сайланып, Қазақстан Республикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басылғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент  күні болып белгіленсе, жалпы мұның әлемде бар үрдіс болып табылатынын айрықша атап көрсеткен орынды.

Сонымен, 2012 жылдың 1 желтоқсаны  елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні ретінде атап өтіледі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шын мәнінде, Елбасының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Төменде Тұңғыш Президент күніне орай жазылған алғашқы материал жарияланып отыр.

Қазіргі Қазақстан қоғамының қай са­ласына болмасын көз жүгіртсек, түбе­гей­лі өзгерістерді, жаңа белестерге жетелеген жобаларды, әлемдік дода мен бәй­ге­ден жүлде алуды мақсат тұтқан қажырлы ұмтылыстарды көреміз. Білім мен ғы­лымда, экономика мен әлеуметтік салаларда, халықаралық қатынастар мен сырт­қы саясатта діттеген межеге жетіп, ендігі көздегеніміз бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарынан орын тебу екенін бүк­песіз ашық айтатын дәрежеге көтерілдік. Өмір салтымыз бен қоғамдық санадағы осынау жаңа құндылыққа ал­ғаш­қы қадам мемлекеттік тәуелсіздікті жа­риялаған күні жасалса, интеллектуал­дық іргетасы тәуел­сіздіктің алтыншы айында қаланды. Әңгі­ме Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың қаламынан туған «Қазақ­стан­ның егеменді мемлекет ретінде қалып­та­суы мен дамуының стратегиясы» туралы болғалы отыр.

Көлемі бір баспа табаққа жетер-жетпес бұл мақала 1992 жылғы 16 мамырда «Егеменді Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бетінде «Газет ішіндегі кітап» айдарымен жарияланды. Орысша­сын «Казахстанская правда» басты.

Мақала мемлекеттану тұрғысынан кел­генде ғылыми-зерттеу жанрына жата­ды, ел ертеңі жайлы толғаныстары бо­йын­ша Президенттің саяси тұғырнамасын бейнелейді, әлеуметтік-экономикалық мә­селелерді шешуі өтпелі кезең шырға­ла­ңынан шығудың бағыт-бағдарын анық­тай­ды, халықаралық қатынастар ұстаны­мы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Демек, бұл еңбекті саяси-идео­логиялық ізденістің, ғылыми-практи­ка­лық пайымдар мен ұсыныстардың кемел кеніші мәртебесімен қабылдаған жөн. Уақыт өте келе мақаладағы іргелі идеялар нақты жобаларға - «Қазақстан-2030» стра­тегиялық даму бағдарламасына, бәсе­ке­ге қабілетті Қазақстан, интеллек­туал­дық ұлт, «Мәдени мұра», индустриялық-инновациялық даму болашағына айнал­ды, Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына, Ислам Конфе­рен­ция­сы Ұйымына Қазақстанның төраға­лы­ғы­мен дәйектелді. Алайда, Тәуелсіз елі­міз­дің тарихын таразылаған зерттеулерде, күнделікті саяси идеологияда әр жыл­дарғы Жолдаулар, Елбасының салтанатты іс-шаралардағы сөздері жиі аталып, «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегия­сы» лайықты бағасын ала бермейтінін мойындауымыз керек. Интеллектуалдық ізашар еңбектің Қазақстан болашағын дәйектеудегі тарихи маңызын ашуға септесер деген ниетпен қолға қалам алдық.

Мақала шағын кіріспемен басталады. Одан кейін «Қазақстанның дамуының стра­тегиялық мақсаттары мен кон­цеп­туалдық үл­гісі», «Ішкі саясат саласын­да­ғы стратегия», «Сыртқы саясат және ұлттық қауіп­сіздік саласындағы стратегия» атаулы бөлім­дер берілген. Қысқаша қорытынды бар.

Шешімін күткен тарихи міндеттер салмағы мен жауапкершілігі орасан зор екені алдымен ауызға алынған. Кіріспе бөлімнің: «Қиын толғаныстар мен шешімдер, өмірді түбегейлі қайта өзгерту уақыты тағдырдың жазуымен біздің үлесімізге тиіп отыр», деген жолдармен басталуы осыған айғақ-дәлел. КСРО-ның күйреуін бірінші кезекте адам фак­торы­мен байланыстырған автор көптеген адам­дар бүгінде таныс бағдарынан айы­рылып қалған жолаушыдай, дейді.

Мақаланың өн бойында болашақты ғылыми болжаудың, дағдарысқа душар болған қоғамды алға жетелеудің, өркен­деуге апаратын жолдар мен іс-әрекет жүйесін табудың күрделілігі мен өзек­ті­лігі әлденеше қайталанып отырады. Мұнсыз қоғамдық азғындау басталатыны, айтылған сөз айтылған жерде бос сөз болып қала беретіні қаперге салынған.

Саясат саласындағы стратегиялық мақ­сатқа күшті президенттік республика құру жатқызылды. Егер Қазақстанда президенттік билік институты 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілгенін, бүкілхалықтық президент сайлауы тұңғыш рет 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткенін ескерсек, 1992 жылдың көктемінде ұсынылған «күш­ті президенттік республика» идеясы барлық қазақстандықтар ұғымына, таны­мы мен санасына бірден жете қалды деуден аулақпыз. Президенттік билік инсти­тутын толық қалыптастыру үшін Қазақ­стан Республикасының екі Конституция­сын қабылдауға тура келді. 1993 жылғы Конституция Президентті ел ішіндегі және халықаралық қатынастардағы Республика өкілі дегеніне қарамастан Жоғар­ғы Кеңесті Қазақстан Республикасының ең жоғарғы өкілді органы деп жариялады. Осылайша елде «қосбиліктік» ахуал қалыптасты. 1993 жылғы қазан айында Мәскеуде орын алған билік арасындағы жанжал тұсында Қазақстандағы екі билік тармағы текетірестен алыс емес екені айқын байқалды. Ресейдегі конститу­ция­лық дағдарыс Қазақстан Президенті мен Жоғарғы Кеңесі тарапынан өз бағасын алды: екі билік екі түрлі позицияны ұс­танды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өз мәлімдемесінде Ресей президентіне қолдау көрсетсе, Қа­зақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төр­аға­сы С.Әбділдин «Российская газета» басылымына берген сұхбатында Мемлекеттік Дума депутат­та­рын қолдап, Ресей президенті Б.Ельцин саясатын ашық кінәлаған ұстанымын жариялады.

Кейінгі оқиғалар - Жоғарғы Кеңестің екі мәрте тарқатылуы, жергілікті кеңес­тер­дің өзін өзі тарқатуы, заң шығарушы және атқарушы билік органдарының үйлесімді жұмыс ырғағын таппауы - бәрі Президент болжамының дұрыстығын қуат­тады. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақ­стан халқы референдумда респуб­ли­каның жаңа Конституциясын қабылдады. Ата Заңда жаңа мемлекеттіліктің іргелі негіздері қаланып, қоғамдық дамуды ба­ғыт­тауға және реттеуге қабілетті билік жүйе­сі қалыптастырылды.

Қазақстан Республикасы демокра­тия­лық, унитарлық, зайырлы, әлеуметтік, құ­қықтық мемлекет деп жарияланды. Бас­қа­ру нысаны бойынша Қазақстан мемлекеті президенттік республика деп анықталды. 1993 жылғы Конституцияда Қазақстан республика деп жарияланғанымен, оның қандай басқарудағы республика екені айқын емес еді. Бұл мәселе енді Конституция құрылымынан да көрініс тапты. Президент туралы тарау Парламент ту­ра­лы тарау алдында берілді. Бұл - биліктік сатыдағы институттар қарым-қатына­сы­ның, олардың басымдығын анықтайтын нақты көрініс. 1993 жылғы Конституцияда, керісінше, «Мемлекет, оның орган­да­ры және институттар» атты бөлімде Президент туралы тарау Жоғарғы Кеңес ту­ралы тараудан кейін орналасқан еді.

Билікті жүзеге асырудың демократия­лық принципі: республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заң­дар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау прин­ципiне сәйкес жүзеге асырылатынды­ғы­ның нақты көрсетілуі өте маңызды болды.

Енді Президент институты 1993 жыл­ғы Конституцияда берілгендей, биліктің атқарушы тармағына қосақталмай, Қазақ­стан халқының мемлекеттік бірлігін көр­сетіп, оны жүзеге асырады. Конституция­ның III бөлiмiнiң 40-бабына сәйкес Президент - мемлекет басшысы, мемлекетi­мiз­дiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағытын анықтаушы және Қазақ­станды ел iшi мен халықаралық қаты­нас­та көрсетушi ең жоғары қызмет иесi бола отырып, бiрiншiден, халық пен мем­лекет­тiк билiктiң бiрлiгiн бейнелейдi, Консти­туцияның мыз­ғы­мастығының, адам және азамат құқық­та­ры мен бостандықтары­ның нышаны әрі кепiлi болып табылады, екiншiден, мемле­кеттiк билiк тармақ­тары­ның өзара үйле­сiм­дi түрде әрекет етуiн, билiк органдарының Қазақстан хал­қы алдында жауапкершiлiктi сақтауын қамтамасыз етедi.

Президент үш билік тармағынан жо­ға­ры тұрған әділ қазы іспетті әрі соған сай өкі­лет­тіктерге ие. Халық және мемлекет атынан сөй­леуде шексіз құқық Қазақстан Президентіне ғана берілді. Ал Парламент консти­ту­циялық өкілеттігіне қарай, шектеулі түрде ғана халық атынан сөйлей алады. Парламент Қазақстан Республи­ка­сы­ның заң шығару қызметiн жүзеге асы­ра­тын республиканың ең жоғары өкiлдi органы ретінде танылды. Конституцияда өкілді билік құзырына енетін қоғамдық қатынастар мен салалар нақты айқын­дал­ған. Ол Конституцияның IV бөлімі, 61-бабының 3-бөлігінде бекітілді. Бірақ бұл заңдарды тек Парламент қабылда­майды. Президенттің де заң күші бар заң актілері мен жарлықтар шығаруға құқы бар.

Осылайша, 1992 жылғы 16 мамырда түйінделген: «Тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттілігінің дамуы президенттік бас­қаруды іс жүзінде іске асыруды қамта­ма­сыз етумен қатар жүретін болады. Республика Президенті Мемлекет басшысы ретінде тиімді басшылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керек. Үкіметті басқара отырып, ол жоғары атқарушы биліктің жұмысымен байла­ныс­ты мәселелерді шешіп, үкіметте кадр­лық тағайындауларды жүргізіп, үкімет пен оның мүшелерінің жауапкершілігін белгілейді», деген пайым үш жылдан аса бере толық орындалды.

Сөз болып отырған мақалада экономи­ка саласына қатысты тың ойлар мен болжамдар молынан берілген. Оларды екі мәселе бойынша топтастыруға негіз бар. Бірі - экономикалық дағдарысты жою, құл­дырауды тоқтату, екіншісі - эконо­микалық қайта түлеудің жолын бастау, әлеуметтік нарықтық экономика құру. Қай мәселені шешуде болмасын басым­дық елішілік мүмкіндіктерге берілді. Сыртқы фактор, шетелдік инвестициялар экономикаға игі әсер ететіні де бекерге шығарылған жоқ. Ішкі әлеуетке сүйену­дің мынадай артықшылықтары алға тар­тылды: «Біріншіден, іс жүзінде кез келген өндіріс түріне сенімді шикізат негізі болатын пайдалы қазба байлықтардың көптігі. Екіншіден, жерге қатысты рефор­ма­ларды жүзеге асырғаннан кейін Қазақ­станға тіпті дүниежүзілік аренада азық-түлікті экспортқа шығаруда көзге түсуге мүмкіндік беретін ауылшаруашылық жері мен егістіктің кең көлемі. Үшіншіден, жеткілікті мөлшерде дамыған өндірістік потенциалдың және барлық салаларда сауатты жұмысшылар контингентінің болуы. Төртіншіден, әдеттегі күнделікті ұғым шеңберіне сыймайтын, тәуекелді, барлық жаңалық атаулыны қабылдамай­тын тоңмойындық дәстүрлердің өмір сүр­гіштігінен, өкінішке қарай, әзірге мемлекеттік қолдау таба алмай отырған бұрын­ғы жүйе кәдімгідей талап етпеген ғылыми идеялардың мол арсеналы, жаңалықтар мен өнертабыстар».

Президент экономикалық үдерістердің алдағы 20 жыл ішіндегі кезеңдерін дәйек­теуге үлкен мән берді. Оның ойынша, 1992-1995 жылдары меншікті мемлекет иелігінен белсенді түрде алу, оны жекешелендіру және тұтыну рыногын тауарлармен толтыру жүзеге асуы керек. Екінші кезеңде (1996-2005 жылдар) эконо­мика интенсивті дамуға көшеді.

Үшінші кезең 2012 жылмен аяқта­ла­ды, Қазақстанның әлемдік саудадағы айқындамасының нығаюымен және дүние жүзіндегі жаңа индустриялы елдер қатарына кіруімен сипатталатын болады.

Тұтастай алғанда, экономикалық болжам дұрыс болып шықты. Экономиканың интенсивті дамуы 1996 жылы байқалмаса да, 2001 жылдан нақты орын алды. Демек, ауытқу дәлдігі бес-ақ жылды құ­райды.

Кеңестік экономикалық жүйе жұмыс істеуден қалған 1992 жылы оптимизмге толы осынау идеяларды алға тарту үшін кемел білім ғана емес, бет қаратпас ерік-жігер мен жолбарыс жүрек те керек қой.

Сыртқы саясат бойынша түзілген болжамдар мен міндеттер бүгінде толығымен дәлелденді һәм атқарылды. Ресеймен және Қытаймен өзара тиімді достастық қатынас бар, ядролық қару-жарақтан бас тартқан Қазақстан аумақтық тұтастық пен тиіспеушілік кепілдігіне ие болды, сырт­қы экономикалық саясатта «ТМД», «Азия-Тынық мұхит аймағы», «Азия», «Еуропа», «Америка» бағыттары даму үс­тін­де, қалыптасқан шекаралардың бұзыл­мауы жөнінде іргелес мемлекеттермен ресми келісім-шартқа қол жетті, беделді халықаралық ұйымдар мен бизнес ал­пауыт­тары елімізбен санасып отыр. Осы­дан 20 жыл бұрын алыс шетелге шыққан Президенттің ұшағына жанар май құюдың әлемдік ережесін де білмейтін біздің дипломаттарымыз бүгінде АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан сияқты ірі-ірі мемлекеттермен кез келген тақырыпқа келіссөздер жүргізуге даяр.

Президент еңбегінде жас мемлекет Қазақстанның әлемдік үдерістерге жас­қан­бай, кемел парасатпен кірігуі керектігі міндеттелген. Осы орайда барлық ұлттық бағ­дарламаларды АҚШ-тың тәжірибесі бо­йын­ша Қазақстан Республикасының же­ке­леген заңдары түрінде хаттау қажет­тілігі ай­тылды, жедел экономикалық өсу стра­те­гиясын ойдағыдай жүзеге асырған Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань, Гонконг сияқты елдерден үлгі алуға шақырды, Қазақстан өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі Пәкс­тан­дағыдан, Тайлан­д­та­ғыдан, Түркиядағы­дан, Ирандағыдан тө­мен деуімен бойдағы намысты жаныды. «Ғылым, жаңа технологиялар мен басқару, интеграция, дүние­жүзілік шаруашылық бай­ланыстары сала­сындағы мегатенден­ция­лардың күшеюін ескере отырып, Қа­зақ­станның жаңа жағ­дай­ға өтуі мерзімін 15-20 жылға дейін қыс­қартуға болады», деген ой-түйін бо­лашаққа кемел бой­лаудың озық үлгісі екен. Интеллектуалдық ұлы ізденіс күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған ин­но­ва­ция­лық іс-әрекетпен толыққандықтан, таңғажайып нәтиже­лермен көмкерілгені рас. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде жан ба­сына шаққандағы жиынтық өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе ұлғайса, Малайзияда - 2 есе, Сингапурде 4 есе өскен екен, ал бізде ол 16 есе көбейді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­дық салтанатында Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, «дүние жүзі та­рихында ешбір мемлекет азаттығының алғашқы 20 жылында осыншама қарқын­ды өрлеу үлгі­сін көрсете алған емес».

«Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының страте­гия­сы» тәуелсіздік тәжірибесі мардымсыз әрі қиын-қыстау кезеңде жазылды. Онда­ғы кейбір болжамдар мерзімінен ерте орындалып жатса, екіншілері әлі өз кезегін күтуде. Мәселен, Н.Назарбаев ұлттық валютаны енгізу экономика дағдарыстан шыққаннан кейін немесе тұрақтанған соң жүзеге асырылады, дей келе, экономи­ка­ның тұрақтануын күтпей-ақ ұлттық валю­таны енгізуге қарай қадам жасау мүм­кіндігін жоққа шығармады, яғни екіұдай позицияда тұрғанын байқатты.

20 жыл қария тарих үшін қас-қағым сәт қана. Үш ғасырға жуық жат қолына телмірген Қазақстан үшін 20 жыл ғасырларға бергісіз уақыт болып шықты. Білгенімізден білмегеніміз көп 1992 жылы-ақ алдағы кезеңді бейбітшілік пен жасампаздық үдерісіне айналдыруға болатынын кемелдікпен дәйектеген Нұрсұлтан Назарбаевты қалайша тәңірдің таңғажайып құбылысы мен сыйы демейсің!

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА,

саяси ғылымдар докторы, профессор.

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 580
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 314
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 325
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 336