Жұма, 26 Сәуір 2024
Бүгінгі сатира 3038 1 пікір 30 Мамыр, 2022 сағат 12:18

Біз ұялмаймыз!

Күнде вермишель жей берген соң, әйелім: «Қашан байып кетеміз?» - дей берген соң, алдыма қора-қора қой келді, қысқасы, миыма керемет ой келді. Әйелім, бала-шағаммен кешке «Апыр-топыр» тойханасына бардық.

Есік алдында тұрған бір әйел: «Сіздер кімдер боласыздар?» - деп сұраған еді, «Құдалар жақтанбыз!» - дей салдым. Әйел ым қағып еді, бір жігіт зуылдап отырып, бізді төрге отырғызды. Қашанғы вермишель жей береміз? Ой, рахаттанып тойдық! Той басталмай тұрып, алдымызды жылан жалағандай, шайтан шашын тарай, бізге тілін шығарып қарағандай етіп тастадық. Әйелімнің шайнаңдаған аузы маңдайына шығып кеткендей екен, әрең тоқтаттым. Екі баламның тойып тамақтанғаны осы шығар?  Даяшы қыз алдымызға екінші мәрте жал-жая, қазы-қарта әкелді. Әйелім пакетін ыңғайлап жатыр еді, қолынан ұстай алдым. - Әлі ерте, - дедім мен. - Салайық та, қашайық, - Ерте кетіп қалғанымыз ұят емес пе? - Біз ұялмаймыз! - деді әйелім.

Пакетке салып, дастарханнан түк қалдырмаған әйелім, тысқа шығып кетті. Шылым шегетін болып, кейіндеу мен де шықтым. Құдай өзі кешірсін, бұл той соттың баласының үйлену тойы екен. Үйге барып, рахаттанып тойдық. Енді мен тойханалардың тізімін жасай бастадым. Полиция бастығының елу жылдық мерей тойына шақырмаса да, шатымызды шапаттап, жетіп бардық! Бұл жолы пакет емес, рюкзак, шабадан алып бардық. Нағашым органда істеп, зейнетке шыққан. Соның формасын киіп бардым. «Коллективтенбіз» деп қоямын. Бұл жолы да жайпап барамыз. Қолмен емес, еңкейіп алып, ауызды салатын болдық. Жем жеуге келген аттар сияқты. Қайтеміз енді, айлығым ештеңеге жетпейді, қымбатщылық қылғындырып барады. Көңілім жайланып, ұртым майланып, коньяктан да ішіп отырмын. Бір кезде, асаба ұжымдастарды ортаға шақырды.  Сөз кезегі маған келді.

- Мына бастығымыз обшым, оңбаған адам! - дедім мен. Асаба аң-таң. - Қойыңыз, деп қояды. - Дейді біреулер. Ал мен сенбеймін! - Тілек айтыңыз! - деді асаба. - Бастық істі жабу үшін пара алады, қарамағындағылардан ақша жинаттырады деп жатады біреулер. Көре алмайды ғой! Мен сенбеймін! - Ағасы, тілек? - Давно сотталып кететін адам дейді біреулер. - Тілек? - Тезірек түрмеде отыруына тілектеспін. Мұндай топастармен «Жаңа Қазақстан» құра алмаймыз! Дрельмен бетін тесе алмайсың, беті қалың! Тек туыстарын қызметке алып жатыр! «Аманат» партиясынан шығарып тастау керек! - дегенімше, күзетші жігіттер маған қарай жүгіріп келеді екен, «Қатын, қаштық! деп дауыстап, ирелеңдей жүгіріп, тойханадан атып шықтым. Әйелімнен де озып кеттім. Балаларым менен озып кетті. Содан, бір жер үйдің ауласына кіріп кеттік, түн ішінде. Бір ағаштың басына қалай өрмелеп кеткенімізге де, таң қалдым.  Күзетшілер келіп, алма ағашын сілкіді, топ-топ түсіп қалдық. Әйелім тойдан алып үйренген ғой, құлап түсерде бір алманы жұлып алып, жерде жеп жатыр. Мен кешірім сұрап, балаларым жылап, ботадай боздады. Күзетшілер «Дардай адамсыз, ұялмайсыз ба?» - деп кетіп қалды. Негізі, біз ұялмаймыз, келесі күні прокурордың тойына барамыз.

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір