Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3333 4 пікір 18 Мамыр, 2022 сағат 14:29

Ресей тағы кімдерге агрессия көрсетуде?..

Ресейдің Украина жерінде бүлік салғанына үш айға жуықтады. Әлемнің өркениетті елдерінің барлығы дерлік Путиннің іс-әрекетін айыптауда. Батыс пен АҚШ Ресейді экономикалық қысымға алып, оқтын-оқтын санкция салып жатыр. Дәл қазір Ресей жер шарындағы оқшау елге айналып барады. Соған қарамастан Путиннің айылын жияр түрі көрінбейді. Керісінше Укринаны қойып, басқа елдерге азуын көрсете бастады.

Соғыс басталғалы бері Ресей Украинадан  өзге кімдерге агрессия танытып отыр? Аз-кем шолу жасадық…

Швеция мен Финляндияға қарсы агрессия

Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруге ұсыныс тастауы сол-ақ екен, Мәскеу саясатшылары аттың басын ағытты кеп...

Финляндия Ресеймен құрлықта шекараласса, Швеция суда шекараласып жатыр. Бұл елдер көп жылдар бойы ұстанған әскери бейтараптық саясатынан бас тартып, 15 мамыр күні ресми түрде НАТО құрамына қосылуға ниет білдірді. Ал бүгін ресми түрде өтініш берді.

Себеп: Ресейдің Украинаға басып кіруі. Бұл елдердің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп- қатерді түбегейлі өзгертті және дәл қазіргі жағдайда оны қамтамасыз етудің жолы – НАТО-ның әскери-саяси блогының бөлігі болу деп санайды.

Финляндияның бұрынғы премьер-министрі Александр Стуббтың айтуынша, Ресейдің Украинамен соғысы елді «ұлттық оянуға» алып келді.

«Соғыс басталғанға дейін бірнеше апта бұрын финдердің 50%-ы НАТО-ға кіруге қарсы болды, ал 20%-ы қолдады. Соғыс басталғаннан кейін бұл көрсеткіш бір түнде өзгеріп шыға келді. Халықтың 50%-ы алянсқа кіруді қолдап, 20%-ы қарсы болды», - дейді Стубб.

Мәскеу екі елдің іс-әркетін қате санап, Финляндияға электр энергиясын жеткізуді тоқтатып тастады. Осылайша Кремль тарапынан кезекті қоқан-лоқылар жалғасын тапты.

Ресей Сыртқы істер министрлігі: «Финляндия билігі елдің НАТО-ға мүшелігін қолдай отырып, өз аумағын «Ресей Федерациясымен әскери қақтығыс алаңына айналдырады», - деп мәлімдеді. Мәскеу «әскери-техникалық және басқа сипаттағы жауабын беретінін» айтты.

«Ресей өзінің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіптерді тоқтату үшін әскери-техникалық және басқа сипаттағы қарсы шаралар қабылдауға мәжбүр болады», – делінген Ресей СІМ хабарламасында.

Роскосмос корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин болса «Сармат» ядролық қаруымен қорқытты. Таяуда Мәскеуде өткен ҰҚШҰ елдерінің саммитінде Владимир Путин Ресейдің Финляндия мен Швециямен араздығы жоқ екенін айтты, бірақ «екі ел аумағындағы әскери инфрақұрылым кеңейіп, НАТО-ға кіруге жақындағанына Мәскеу үнсіз қарап отыра алмайды» деп ескертті.

Молдованың Приднестровье аймағы

25 сәуірде Молдованың Приднестровье аймағында үш бірдей жарылыс болды. 90-жылдары Ресейдің қолдауына ие болған сепаратистердің бас көтеруімен бұл аймақ Молдавадан бөлініп, жеке мемлекет болуыға ұмтылған. 1992 жылы аймаққа Ресей «бітімгершілік күшін» кіргізді. Қазіргі күні Приднестровьеде Ресейді 2 мың сарбазы, әскери техникасы бар (ресми). Украинадағы соғыс басталғаннан кейін сарапшылар Ресей бұл аймақты Украинаның батысынан шабуылға шығу үшін пайдаланады деген болжам айтты. Соңғы жарылыстар мен террорлық әрекеттер сол себепті іздеу «амалы» болуы да ғажап емес.

26 сәуірде азаматтарға үндеуінде мойындалмаған республиканың басшысы Вадим Красносельский алдын-ала мәліметтер бойынша террористік шабуылдардың ізі Украинаға бастап тұрғанын айтқан. Ал, Молдова президенті Майя Сандудың айтуынша, бұл оқиғаларға аймақ ішіндегі саяси күштердің қатысы бар.

Ресейлік генерал Рустама Миннекаев: «Ресей армиясының Украинаның оңтүстігін бақылауға алуы Приднестровьеге шығуға мүмкіндік береді», - деген мәлімдеме жасаған. Сонымен қатар ол «аймақта орыс тілділер қудаланып жатыр», - деп сөйлеген. Миннекеевтің бұл сөзін Молдова билігі терістеді. Ал, Приднестровьеге халқы Ресейлік генералдың «қандай қысым туралы» айтып тұрғанынан мүлде хабарсыз болып шықты.

Грузияны ядролық қарумен қорқыту

Ресей Грузиядағы  «Лугара» зертханасы АҚШ-тың қару-жарақ өндіретін биозертханасы деп санайды. ММХҚИ әскери-саяси зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Михаил Александров: «Осы зертхананы Ресейлік инспекторлардың тексеруінен өткізбесе, онда Ресей оларға зымыран соққысын жасауға толық құқылы», - деген болатын.

«Грузияға тікелей ескерту керек. Біз инспекторларымызды осы нысандарға жіберуді талап етеміз, егер олар бас тартса, біз зертханаларды жойып, соққы беретінімізді айтуымыз керек. Украинаға жасап жатқан «арнайы операциямыздың» қасында Грузияға жіберетін бір-екі ракетамыз түкке тұрмайды, тіпті ешкім байқамай да қалады. Батыс, әрине, әдеттегідей, айғайға басады. Оның керегі не? Олар Ресейге қарсы биозертхана неге салады? Салудың қажеті жоқ еді!»,- деді ол.

Ресейліке БАҚ 2011 жылы Ричард Лугар атындағы Тбилиси зертханасы ашылғаннан бері орталықта химиялық немесе биологиялық қару, сондай-ақ, қауіпті вирустардың штамдарын жасау туралы қауесеттерді таратумен белсенді түрде айтылып келеді. Жалған қауетсеттерді Ресейдің ресми тұлғалары да бірнеше мәрте айтқан. 2018 жылдың соңында Грузия Денсаулық сақтау министрлігі зертханаға әлемнің 17 елінен сарапшылар шақырды. Сарапшылар қорытындысы бойынша зертхананың бейбіт мақсатқа жұмыс істейтіні айтылған. Соған қарамастан Ресей тағы да «америкалық биозертхана» деген жалған мәлімдемесінен бас тарқан жоқ, керісінше өршітіп отыр.

Айжан Темірхан

Abai.kz

4 пікір