Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5576 15 пікір 13 Мамыр, 2022 сағат 15:20

Путин мүйіз сұрап, құлақтан айырылды...

Ресей билігінің Украинаға соғыс ашуының бір себебі Киевтің НАТО-ға кіруге ұмтылуы болатын. Мәскеу оны өз аумағына қауіп деп атап, соғыс ашуға итермелейтін қадамның бірі екенін айтты. НАТО-ның жарғысына сәйкес қандай да бір аумақтық мәселесі бар ел әскери одаққа кіре алмайтыны белгілі. Қырым мен Донбасстағы аумақтық мәселеге байланысты Украинаның НАТО-ға кіре алмайтыны белгілі еді. Соған қарамастан Ресей Украинаға ашық соғыс ашып, басқыншылыққа көшті. 

Путин 2021 жылдың желтоқсан айында НАТО мен АҚШ-қа ультиматум қойды. Кремль НАТО Украинаны НАТО-ға қабылдамау, НАТО-ның 1997 жылғы шекараға дейін қайтуын, шығысқа жылжуын тоқтату мен посткеңестік елдерді НАТО құрамына алмау жайында талабын айтты. Әрине АҚШ пен НАТО елдері бұл ұсыныстарды мүлде қабылдаған жоқ.

12 мамыр күні Финляндия президенті Саули Ниинисто мен премьер-министр Санна Марин НАТО-ға қосылу жоспарын қолдайтынын ашық мәлімдеген болатын. Ендігі таңда өз позициясын ел парламенті білдіруі тиіс. Ал Ресеймен шекаралас аймақта халық өз шешімін билікке дейін анықтағанын және Ресеймен болуы мүмкін әскери қақтығысқа дайын екенін айтады.

НАТО-ға кіруді қолдайтын ел халқы соңғы үш айда екі есе артқан. Бұл Ресейдің Украинаға соғыс ашуымен тікелей байланысты. Helsingin Sanomat басылымының ақпараты бойынша қаңтар айында НАТО-ға кіруді қолдайтындар саны 28%-ды құраса, наурыз айында олардың саны 54%, ал мамырдың басында 73%-ға жеткен. Осылайша, НАТО-ға кіруді қолдайтындар саны күн санап артып келеді.

Финляндия екінші жаһан соғысынан кейінгі ең ірі әскери жаттығуларды бастады. Осылайша ол өз шешіміне нық екенін нақты көрсетуде. Мемлекетте бомбадан сақтану және жасырыну орындары жөндеуден өткізіле бастады. Фин әскерінің саны бейбіт және соғыс кезеңіне байланысты ауытқып тұрады. Кәсіби 12 мың әскер мен жыл сайын 20 мың сарбаз жаттығудан өтеді. Ал соғыс кезеңінде әскер саны 280 мыңға жеткізіліп, қосымша 900 мың резерв жасақтау жоспары бекітілген.

Алайда Ресей Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруі үлкен қауіп екенін ескертіп, әскери және саяси қадамдарға баратынын ескертті. Тіпті ядролық қару қолдану мүмкіндігін де меңзеді.

Сарапшылар Путин Украинаның НАТО-ға кіруін тежеймін деп, керісінше екі экономикалық қуатты елді НАТО-ға итермелегенін айтады. Осылайша Ресей басшысы мүйіз сұрап, құлақтан айырылған сияқты...

Abai.kz

15 пікір